Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

2e7a5e7a604f1e6a63e520b3628161cbКәуап, яғни шашлық ел-жұрттың әсіресе, ерте көктемнен қара күзге дейін жиі аңсары ауатын жеңсік асы. Сол себепті кәуап даярлап сатушылар соңғы кездері күрт көбейді. 

Тіпті ағайын-туыс, дос-жаран жиналып, табиғат аясына шыққанда да кәуап дайындау бүгіндері үйреншікті әдетке айналды. Білегін сыбанып, ыстық түтінге кәуап ыстауға кірісетіндердің бәрі бірдей үшбу тағам түрін дайындаудың технологиясын ақи-тақи меңгерген кәнігі шебер деу әбестік болар.
Батыс Қазақстан облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қада­ғалау департаменті басшысының орын­басары Алтын Орынғалиеваның мәлі­метіне қарағанда, кәуап дайындап сату нысандарының жұмысы ҚР Үкі­ме­тінің 2011 жылдың 10 желтоқсанындағы №1665 қаулысымен бекітілген «Қоғамдық тамақтану нысандарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талап­тар» негізінде реттелуі тиіс. Бұл талаптар бойынша ең бастысы, кәуап сатылатын орынның су және кәріз жүйесіне қосыл­ған мекенжай алаңы, тағамның қауіп­сіздігін қамтамасыз ететін технологиялық талапқа сай құрал-жабдықтар мен ыдыс-аяқтар жиынтығы болуы тиіс. Сондай-ақ кәуап дайындаушы мен сатушы жеке бас һәм өндіріс гигиенасын қатаң сақтауға міндетті. Яғни тамақ өнімдерін тасымал­даумен, тиеп-түсірумен айналысатын адамдар медициналық тексерістен өтіп, гигиеналық тұрғыдан өте сауатты болуы қажет. Әрине, күнделікті жұмыстары тамақ өнімдерімен тікелей байланысты тұлғаларда жеке медициналық кітапша болуы керектігі екібастан белгілі жайт. Бұған қоса, кәуап тура сатылардың ал­дында ғана ысталып (дайындалып), сонымен қатар аталмыш тағам түрі тұтынушыға тек бір мәрте ғана пайдала­нылатын ыдыс-аяқпен ұсынылуы шарт. Оның үстіне, кәуап дайындау үшін пайдаланылатын ет күнілгері ветеринар­лық-санитарлық сараптамадан өтіп, оның микробиологиялық-химиялық құрамы мұқият тексерілуі шарт. Мұндай термиялық тексерістен өтпеген ет мамандардың пікірінше, трихинеллез, токсоплазмоз, бұқа немесе шошқа таспақұртын жұқтыруы әбден кәдік. Ал С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің про­фессоры, медицина ғылымының док­торы, аймақтық диагностикалық орта­лықтың клиникалық-диагностикалық зерт­ханасының меңгерушісі Салтанат Қалимолдаеваның мәліметіне қарағанда, Қазақстанда кең тараған малдан һәм мал өнімдерінен адамға жұғатын дерттің бірі – бруцеллездің кәуаптан жұғуы да ықтимал. Осы ғалымның дерегіне сенсек, бруцеллезге шалдығу жөнінен Қазақстан қазіргі кезде әлем бойынша Қырғызстан мен Испаниядан кейін үшінші орында көрінеді. Кеңес одағы кезінде мал атаулы бір жылда міндетті түрде екі мәрте вакцинациядан өтетін. Бүгіндері еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) мүшелікке ұмтылуда. Ал ДСҰ-ға мүше елдерде вакцинациядан өткен мал етін сауда-саттыққа шығаруға болмайды. Профессор Қалимолдаева елімізде бруцеллезге шалдығудың жиілеуін негізінен, ДСҰ-ға өтуге әзірліктің кү­шеюіне орай Қазақстанда төрт түлікті вакцинациялаудың доғарылуымен байланыстырады. Демек, біздіңше, ел-жұрттың ветеринариялық мәдениетін күрт көтеру күн тәртібіне шұғыл қойылуы тиіс мәселе болса керек. Тағы бір мықтап ескерер жайт, көшелердегі жабайы жайма базарлардан айран-сүт, май-қаймақ, ет-балық сықылды ветеринарлық-сани­тарлық тексеруден өтпеген азық-түлік түрлерін алуды ел-жұрттың өзі үзілді-кесілді доғарғаны ләзім.

 

Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ, Батыс Қазақстан облысы

 

http://www.aikyn.kz

Рубрика: