АЛТЫНОРДА
Новости

Кашафутдин кім болған?

Өткен жылдың аяғында Мәжілістің экс-депутаты Мұ­рат Кәрімов бастаған бір топ қоғам қайраткері Қараған­ды облысындағы Қарқара­лы ау­данының әкімі Х.Мақсұтов мырзаға үшбу хат жолдап, қа­зақ елінің қалыптасуы үшін аса зор еңбек сіңірген азаматтың бірі Кашафутдин Шаһмар­дан­ұлының есімін ұлықтау мақ­сатында бір мектеп пен көшеге оның атын беру туралы ұсы­ныс-тілектерін білдірген-ді.


Image

Сонда Кашафутдин Шаһмар­данұлы деген кім? Ол ел-жұр­тына қандай мұра қалдырды? Бүгін біз осындай сұрақтарға нақты жауап іздей отырып, газет оқырмандарын Каша­футдин Шаһмарданұлымен жан-жақты таныстыруды жөн санадық.  Біз Кашафутдин Шаһмар­данұлы туралы қандайда бір дерек табу мақсатында «Қазақ энциклопедиясы» бас редак­циясынан 2002 жылы басылып шыққан «Ұлттық энциклопе­дияны» парақтадық. Сөйтіп, энциклопедияның төртінші томынан Кашафутдин Шаһ­марданұлының өз заманын­да жастарды оқу-білімге үнде­ген өлеңдер мен қиссалар жаз­ған, соңына өшпестей із қалдыр­ған ақын екендігі туралы біраз мәліметтер таптық. Одан соң қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихында Кашафутдин ақын­ның шығармаларын зертте­ген ғалым бар-жоғын іздестірдік. Ақынның өмір жолы мен ар­тына қалдырған баға жетпес бай мұрасын біраз жылдан бері зерттеп жүрген ғалымның бірі, филология ғылымда­рының кандидаты Зейнолла Салқынбаев екендігін анық­тадық.

Ғалымның айтуынша, ХІХ ғасырдың аяқ шені мен ХХ ға­сырдың бас кезінде қазақ әде­биеті мен өнерінің дамуына татар-башқұрт зиялылары­ның көп ықпал еткені анық. Себе­бі ХІХ-ХХ ғасырда Орта Азия­­да­ғы ағартушылық бағыт­тың басы-қасында көзі ашық қа­­зақ зиялыларымен қатар, баш­құрт-татар оқығандарының тұрғаны тарихтан белгілі. Егер кәрі «тарлан» – тарихқа көз жүгіртсек, сол кезеңдегі «Уә­зифа» және «Ғалия» медресе­лерінде бүкіл түркі халықтары өкілдерінің өнер-білімге үй­ренгені ақиқат. Тағы бір ар­тықшылығы, ХХ ғасырдың екінші жартысында ескіше сауат ашқандардың арасынан орысша оқып, өмірге өзгеше көзқараспен қарай бастаған азаматтардың да болғанын жа­сыруға болмайды. Зиялы қа­уымның осындай бір шоғыры ескі хадим оқуына үзілді-ке­сілді қарсы шықты. Олар ха­дим оқуының өмір сүруге пайдасыз екенін тап басып, түсіне білді. Сөйтіп, көкірек көзі ашық, зиялы қауым өкіл­дері дінмен қоса, дүниенің тылсым күшін танып-білуге үйрететін жаратылыстану пә­нін игеру қажеттігін білім қу­ған жастарға жан-жақты уа­ғыздай бастады. Олар бұ­рын­ғы усул-хадимнің орнына, усул-хадис әдісімен білім алуды жолға қоя бастады.

– Егер зерделеп қарасақ, сонау бір жылдардағы усул-жадит әдісімен оқытудың басы-қасында өз заманының ғұламасы Шаһабуддин Мар­жанидің тұрғанын айқын аңғарамыз. Ал дәл осы адамнан ілім-білім, тәлім алған Каша­футдин Шаһмарданұлы секіл­ді парасатты, озық ойлы, оқыған азаматтың қазақ әде­биеті мен мәдениетіне, халық­тың әлеуметтік дүниетаным­дық әлеміне ықпалы өте зор болды. Әсілінде, ұлты татар немесе башқұрт ақындары­ның қазақ тілінде шығарма жа­зып, ұлттық әдебиетіміздің дамуы­на үлкен үлес қосқан деректері аз емес. Мысалы, Қарқара­лы өңірінде өмір сүрген атақты Бекметевтер өз заманында Қа­зақстанның қоғамдық және экономикалық, мәдени өмі­ріне белсене араласқан. Тіпті қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлерін, тілін жетік мең­герген татар-башқұрт зиялы­лары көптеген игілікті істерге ұйытқы болумен қатар, қар­жы­лай көмек те көрсете білген. Мысалы, Халиулла Бекметев­тің інісі Мұхамед-Мақсұт Бекметев Қазақстандағы әлеуметтік теңдік жолында­ғы қозғалысқа белсене аралас­-қан. Халиулла аға сұлтан Құ­нанбай қажымен дос болған және жиі араласып тұрған. Қа­лада мешіт, медресе сал­ды­­рып, осы аймақта кен көз­дерін ашуға зор еңбек сіңір­ген. Құ­нанбай қажы Қарқаралы­да мешіт салдырарда оның жо­басы мен салынатын орны жө­нінде Бекметевпен ақыл­да­-сып, оның пікірлеріне құлақ асқан. Бөренеден шегесіз қию­ластыра салынып, халық ара­сында «Көк үй» атанып кет­кен, Құнанбай қажы салдырған мешітке кезінде Абай жиі ба­рып тұрған. Кеңестік кезең­де бірнеше ондаған жылдар бойы қараусыз қалған қажы­ның мешіті тәуелсіздік алған соң қайта жөнделіп, халыққа қызмет ете бастады. Ал бүгін әңгіме өзегіне айналып отыр­ған ХІХ ғасырда өмір сүрген ағартушы-ұстаз, ақын Ка­ша­футдин Шаһмарданұлының есімі шындығында, бүгінгі­нің оқырмандарына соншалық­ты таныс емес. Өйткені ақын­ның шығармалары негізінен, діни бағытта жазылғандықтан, кеңестік кезеңде жұрт көзінен тасада қалып, тек мұрағат сө­релерінен ғана орын алған­ды­ғында. Бұған қоса, Кашафут­дин ақынның өлең-жырлары араб әрпімен жазылып, транскрипцияға түспе­ген­дік­тен, қазақ әдебиетінде жете зерттелмеген.

Жалпы, Кашафутдиннің қаламынан туған 100-ден ас­там еңбек жарық көрген. Ұлт­тық кітапхана мен Ұлттық ғылым академиясының кітап­­ха­на қорында ақынның 27 кітабы әлі күнге сақтаулы дейді зерт­теуші ғалым Зейнол­ла Сал­қынбаев.
Ғалымның пікірінше, К.Ша­һмарданұлының шы­ғармалары сан-салалы, сон­дай-ақ ол – қазақ даласына білім нұрын себуде күш-жігерін аямай еңбек еткен азамат­тардың бірі. Демек, ақынның атын ұлықтаудың еш сөкеттігі жоқ.

– Кашафутдин өлеңдері­­-нің көпшілігі негізінен, ол өмір сүрген заманға тән назира­гөй­лік дәстүрде жазылған. Бір ерекшелігі, ол өз шығарма­ларында шығыстық үлгідегі қисса-дастандарды жаңа маз­мұн мен ерекше пішінге енгізе отырып, өзінше жырға қосқан. Сондықтан да Каша­футдинді татар-башқұрт, қазақ әдебиет­терінің төл перзенті реті­нде қарастырған заңды. Ақын­ның назирагөйлік бағытта жазыл­ған шығармаларының бірі – «Нұрбатыр» қиссасы. Бұл шы­ғарма жазылуы жағынан қа­зақтың «Алпамыс», «Қобы­ланды», «Ертарғын» тәрізді жырларына жақын келеді. Сонымен қатар Кашафут­дин өзінің діни-ағартушылық бағыттағы шығармаларын­да жастарды ілім-білімге ұмты­луға үндеумен қоса, олардың жақсыдан үйреніп, жаман­нан жиренуіне бағыт-бағдар сілтей білген ақынның бірі. Әсіресе, оның «Махулат» деген шығар­масының өз заманында аса зор маңызы болғанын айтқанымыз жөн. Сондықтан ақын Ка­шафутдин Шаһмардан­ұлы­­ның есімін ұлықтай отырып, оның есімі Қарқаралы қаласы­н­дағы мектептің біріне беріліп, осын­дағы бір көше ақын есімімен аталса, нұр үстіне нұр болмақ. Сондай-ақ ақын шығармала­рын қайта бастырып шыға­рудың да еш артықшылығы жоқ. Өйткені ол қазақ жаста­рының болашағын ойлаған асыл азамат еді, – дейді фило­ло­­гия ғылымдарының кан­ди­-даты Зейнолла Салқын­баев.

Дерек-дәйек:

Кашафутдин Шаһмарданұлы, әл-Минзәләви Ас-Сөлеки әл- Қарқаралы (1864, Башқортстан, бұрынғы Уфа губ., Минзәлә уезі, Нәркей болысы, Сөлек а. – 1920) – ақын. Ұлты – башқұрт. Шаруа отбасынан шыққан. Ауыл имамынан тәлім алып, 1883-1892 ж.ж. Қазан медресесінде оқыды. 1982 ж. Уфада медресеге мұғалім болуға рұқсат алып, Семей өлкесі, Қарқаралы қ. Құнанбай қажы мешіті жанындағы медреседе оқытушы болып жұмыс істейді. К. – діни-ағартушылық бағыттағы ақын. Шығармаларының негізгі желісі – жастарды өнерге, білімге шақырып, дін жолын танып-білуге үндеу болды. Ол Ы. Алтынсаринның ізімен «Кел, балалар, оқылық» атты өлең жазды. 1897 ж. қазақтың 400-дей мақал-мәтелін «Ахуал» деген атпен бастырып шығарды. Ақынның «Махулат» (1897), «Манзурат» (1897), «Мінез» (1899), «Оқы, намаз» кітабы (1898), т.б. еңбектері оқу-білім, тәрбие, дін, ғылым мәселелеріне арналған. Ақын шығармаларын үш түрлі сипатта қарастыруға болады: автордың төл шығармалары, шығыстық үлгідегі қиссалары, халықтық фольклорды жинауы. Соның ішінде ағартушылық бағыттағы еңбектерінің жас ұрпақты ұлттық дәстүрде тәрбиелеудегі орны ерекше. К.-нің 27 кітабы Орт. ғыл. кітапхананың қолжазба қорында, Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар қорында сақтаулы.

(«Қазақстан». Ұлттық энциклопедия. Т-4. Алматы, Қазақ
энциклопедиясының бас редакциясы, 2002 жыл, 446-бет.)

Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ

http://www.aikyn.kz