Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Ақ пен қара айқасқан мына жалғанда пайда емес, арды ойлап, адамгершіліктің ақ босағасынан бір адым да аттап кетпейтін адамдар бар, бірақ аз. Ондай жандар тіпті алтын мен күмістің үстінде отырса да, соның соқыр тиынына тиместен, қара нан мен қара суды қанағат қылып отыра беретініне күмәніңіз болмасын. Шыны керек, қазір қазақ қоғамы ең бірінші сондай адал, сөзі мен ісі бір, адамгершілікті ту еткен ақсақалға шөліркеп отыр. «Е, ондайлар қалды дейсің бе?» дейтін дәрежеге жеткеніміз өтірік емес. Расында, қазақта сондай ақсақалдар қалды ма? Қалса, қайда? Сүйінші! Біз дәл қазір жалпы көрерменге бар даусымызбен «Мұса ақсақал келе жатыр!» деп жар салғалы тұрмыз. Қадірлі оқырман, біз сіздерге сиясы әлі кеппеген «Бір кем дүние» кинотуындысының ақжолтай хабарын жеткізіп отырмыз. 

Алла берген жалғыз ұлын өсіріп, өз ризық-несібесін ғана теріп жеп әдемі қартайған ақсақалдың ендігі бар арманы – немере сүю, ал ең ұлы мақсаты – қажы­лықты өтеу. Әрине, қаражат керек, онда да ол қандай қаражат деңізші, біреудің бергені не қарызға алған емес, яғни онда ешкімнің қиналысы, ешкімнің көз жасы болмауы шарт. Сол үшін Мұса ақсақал ертоқым жа­саса, қабырғасы – қара кемпірі сиырын сауып, сүтін сатады.

 

 

Оразхан СӘДУАҚАСҰЛЫ, Мұса ақсақал рөлінде:

– Шынымды айтсам, киносценарийді оқып шыққан соң ең бірінші «мына жігіт­тер мені рөлге алса, жақсы болар еді» деген ой туды. Неге десеңіз, мен Мұса ақсақалға ғашық болып қалған едім. 

Қазақта Сәбира Майқанова, Әмина Өмір­зақова сынды ана образының жарқын үлгілері бар. Осы қатарға енді жаңа бір үлгі кеп қосылғандай. Қажып, шаршап, тиыннан ақша құрай алмай жүрген отағасын бір ғана көзқарасынан түсініп, «Шал-ау, үмітіңді үзбей, ұлыңа барып қайтсаңшы…» деген бір-ақ ауыз сөзімен дем беру – қазақтың ғана түсінігі мол аналарына тән қасиет. Біз­дің кейіпкер, Мұса ақсақалдың жары сол үдеден шығады.

Шолпан СІРГЕБАЕВА, Нұржібек апа рөлінде:

– Бұрын өзім Әмина сынды аналары­мыздың театрда не кинода ойнағанын көріп отырып,«мен осы кісілердей нағыз ана образын жасай алар ма екенмін? Сондай халге жетсем ғой, шіркін!» деп актриса ретінде армандайтынмын. 

Алайда «ұлыңа барып қайтсаңшы» деген сөзге құлақ асып, қаладағы ұлының есігін қаққан ақсақал сол жолы неге немере сүйе алмай жүргендігін түсініп, сонымен қатар жалғыз тұяғы ұлынан тірідей айыры­лып қайтып еді. Дәлірек айтқанда, күдікті ақша үшін. Өзі өмір бойы адалдыққа тәрбиелеген ұлының үйінен бір шабадан ақша тауып алса, кез келген әке түңілмей ме? «Ендігәрі әке деуші болма мені» деген ең ауыр үкімін айту Мұса ақсақалға өзін өзі өлтіргенмен тең екені сөзсіз. Жүзінде тіршіліктің табы да қалмай, құр сүлдерін сүйрете кіріп келген отағасының бар қайғысын сол сәтте апамыз көрерменге өзінің көзқарасымен керемет жеткізе білген.

Жалғас ТОЛҒАНБАЙ, Мұса ақсақалдың көршісі рөлінде:

– Бір күні маған  фильмнің продюсері Орынбасар қоңырау шалып, осы рөлді ұсынды. Неге екенін, әйтеуір, ә дегеннен-ақ ішім жылып сала берді. Қазақта мынадай сөз бар ғой: «Айға да жеттік, бірақ қазір көршінің есігін қақпайтын болдық», – деген. Ал бұл фильмде мен сомдайтын Жомарт көрші Мұса ақ­сақал­ға сырын да айтады, әкесіндей жақсы көреді, құрмет тұтып, ол кісінің адалдығы мен ақылдылығын арқа тұтады.

Азамат САТЫБАЛДЫ, Мұса ақсақалдың ұлы Қайрат рөлінде:

– Орыстың Михалков деген режис­сері бар, өнерде өзін мойындатқан нағыз талант. Соның айтқаны бойынша, кино үш нәрседен тұрады: біріншісі – сценарий, екіншісі – сценарий, үшіншісі – тағы да сценарий. Маған сценарий бірден ұнады. Халыққа өте жақын. 

Орынбасар БАЛТАБАЙҰЛЫ, фильмнің продюсері:

– Біз бұл туынды арқылы «нағыз қазақ ақсақалы қандай болу керек?» деген сұраққа жауап іздедік. Ойландық, қай жерде жүрсек те, басқаларға бай­қат­пай, әр қарияның бойынан осы бір қасиетті іздей жүрдік. Өзіміз ауылда өстік қой, сондықтан сирек те болса, бая­ғының сөзімен, ісімен елді жұмылған жұдырықтай етіп ұстайтын ақсақалдары­ның соңғы тұяғын көрдік, онымен қоса, кітаптардан оқығанымыз бар, осы ретте соның пайдасы тиді. Біз сондай бір ешкімнің ала жібін аттамайтын адал, дүниені тек табан ақы, маңдай термен табатын ақсақалды шығарғымыз келді. Енді оның шын бағасын көрермен берер. 

Киноны көрген адамның бас-аяғы бір жарым сағат ішінде Мұсадай ақсақалды жақсы көріп қалмауы мүмкін емес. Сон­дықтан ол кісі өзі барынша ұмтылған қажы­лық сапарына қол жеткізсе деп тілеумен болады. Әсіресе атамыздың Иқрамды киіп көріп, бейне сол сәт өзін Меккеде жүр­гендей сезініп, бәйбішесімен екеуінің бала­ша қуанған сюжеті көрген жанды бей-жай қалдырмасы анық. Сондай-ақ фильмнің ең әсерлі тұсы – мешіт ішіндегі әке мен ұл арасындағы диалог. Алайда бір «әттеген-айы» – фильмнің ең шешуші тұсында кейіпкер образының толық ашылмай қалғандығы. Жауын астында өзінің өткен өмірінде жіберіп алған қателігімен бетпе-бет қалған қарияны көрсету арқылы режиссер, бәлкім, ақсақалды сол жауынмен бірге күнәдан арылғандай етіп көрсетуге ұмтылған шы­ғар. Бірақ ол соншалықты күнә дегенге кел­мейтін еді… Мүмкін, бір кем дүние деген сол шығар?

 

P.S.

Наурыздың 7-сінен бастап Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе қалаларының барлық «Кинопарк» желілерінде көрсетілетін «Бір кем дүние» көркем фильмін көруге асығайық!

http://alashainasy.kz

Рубрика: