Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

1. Қанаудың көкесі

Соңғы кездері «жинақтаушы зейнетақы қорлары үмітті ақтамады» деген сөздер жиі айтылып, жоғары жаққа нақты ұсыныстар түсіп жатыр. Назар аударарлық тұс – бұл жерде «жүйе дұрыс емес, мемлекеттік құнды қағаздар пайдалы болмай шықты» деген дәйектердің айтылуы. Ал біз «қорлардың үмітті ақтамағанын» қолдасақ та, «мемлекеттік құнды қағаздар пайдалы болмай шықты» дегенге мүлде қарсымыз. Сөзімізді нақты мысалдармен дәлелдейік. «Салымшының (Алушының) 01.01.1998 жылдан бастап 01.01.2013 жылға дейінгі кезең үшін міндетті зейнетақы жарналары есебінен жеке зейнет­ақы шотынан (ЖЗШ) үзінді көшірме» деп тас төбесіне жазылған «ГНПФ» жинақтаушы зейнетақы қорының Қазақстан азаматына берген нақты құжаты біздің қолымызда бар.

Сол құжаттың соңында былай деп «тайға таңба басқандай» жазылған: «12.03.2012 жылдан бастап Қор инвестициялық кірістен 12% және зейнетақы активтерінен айына 0,0375% мөлшеріндегі комиссиялық сыйақы шамасын бекітті». Осылай деп жазылған құжаттың бұл сөйлемнің жоғарғы жағында тағы да мынадай нақты дерек берілген: «01.01.2013 жылғы жинақталған зейнетақы қаражатының жиынтығы 1 529 747.57 теңге инвести­циялық табысты (шығысты) қоса алғандағы 343 308.31 теңге».

Біз бұл арада сөздер мен сөйлемдердің қателігін әңгімелеуден аулақпыз. Десек те, болашақ зейнеткерді алдаусыратқан «12% және 0.0375%» деген нақты сандарға көңіл аудартуды жөн көрдік. Өйткені осынау пайыздық мол қосымша кіріс көлемі ешқашан да 343 308.31 теңге болмайды. Иә, ол 1 529 747.57 теңгенің сонша мөлшердегі жылдық үстемесі екені анық. Міне, салымшыны алдау дәл осы жерден басталған. Қарап отырсаң аңқау халыққа жинақтаушы зейнетақы қоры жарылқаған болып көрінеді. Ал шын мәнінде мүлде олай емес.

Өйткені салымшы 1998 жылдан бері қорға ақша аударып келеді ғой. Демек, әр жылдың соңында қорға түскен зейнетақы салымшысының жиынтық қаржысына инвестициялық үстеме қосылып тұруы тиіс. Салымшы зейнетақы қорына 2004 жылдың 26 ақпанынан бастап үздіксіз міндетті төлем аудартып тұрған. Олай болса 12 пайыздық үстеме 8 жыл қатарынан қосылып тұрмай ма? Бұлай болған жағдайда зейнетақы қорының салымшысы ешқандай өкпелемес еді. Ал біздің нақты мысал жағдайында қорға түскен салымшы қаражатына жыл сайын шамамен 1,5 пайыз ғана үстеме қосылған болып шығады. Иә, 12 пайыз емес, бар-жоғы 1,5 пайыз ғана. Ендеше қор басшылығы 12 пайыз дегенді не үшін қолданған? Әрине, аңқау халықты алдау үшін.

Жоғарыда біз «мемлекеттік құнды қағаздар пайдалы болмай шықты» деген пікірге мүлде қарсымыз дедік. Себебін байқаған шығарсыздар, Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет ретінде шаңырақ көтергеннен бергі кезең ішінде шығарған құнды қағаздарының бірде-бірі 1,5 пайыздық үстемеге мөлшерленген жоқ. Иә, зейнетақы қорлары «өмір сүре бастағаннан бері» Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық банкі талай-талай құнды қағаздарды шығарып, айналымға қосты. Бірақ солардың ең төменгі үстемесі 6 пайыз болғаны белгілі. Егер зейнетақы қорының жетекшілері осы бар-жоғы 6 пайыздық табысы бар құнды қағазға қаражат салды деп алғанның өзінде қарапайым салымшының бақандай 4,5 пайыз мөлшеріндегі табысын жеп кетіп тұр ғой. Бұған неге көңіл аудармаймыз?

Біз жинақтаушы зейнетақы қорларының қаражатын пайдаланатын алаң, яғни инвестициялық жобалар аз табысты болды дегенге толық қосыламыз. Бірақ олар бар-жоғы 1,5 пайыздық табыс берді дегенге мүлде келіспейміз. Демек, жинақтаушы зейнетақы қорларының жүйесі мен жұмыс істеу тәртібі көңіл көншітпесе де қор иелерінің табысты бөліске келгенде адал болмағанын көруге міндеттіміз. Әншейінде кәсіпкерлерді тексерістерден көз аштыр­майтын Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес полициясы бұған неге көңіл аудармайды?

Қаржы ұйымдарының қызметін бақылаушы агенттіктің Ұлттық банк құрамына енгеніне біраз болды. Бұған дейін олар дербес қызмет атқарған. Жаңа құзырға ие болғанда агенттік басшылығы тиімді жұмыс істейді деп ойлаған едік, үміт ақталмағандай. Үмітті ақтауға талпынса мұндағы лауазымды тұлғалар құнды қағаздардан ең кемі 6 пайыздық кіріс түсірген жинақтаушы зейнетақы қорының иелері өз салымшыларына неліктен бар болғаны 1,5 пайыз жылдық үстеме береді деген мәселемен неге айналыспаған? Ескерте кетейік, жылына 5 пайыздан үстеме алғанның өзінде қорытынды пайыздық мөлшер сегіз жылда 40 пайызды құрайды ғой. 12 пайыз қайдан шыққан? Айтқандай, ол азаматтар мен азаматшалар да жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары ғой.

Яғни мен осы мақалада мысалға алған деректер мен дәйектерді айғақтайтын нақты құжатты олар да жыл сайын алып тұрады. Демек, олар бұл мәселеге дер кезінде көңіл бөлмесе, не бұл арадағы шикілікті көре алмайтын өз ісіне лайық емес адамдар, не жинақтаушы зейнетақы қорының басшыларымен ауыз жаласқандар деп ойлаймыз ба, қалай? Екі жағдайда да лауазымды тұлғалар «алғыс ала алмайды». Себебі өз ісіне лайық болмаса ол орында неге отыр?

Қорыта айтқанда, жинақтаушы зейнетақы қорлары құзырлы мемлекеттік тексеруші органдардың білгір мамандары айналысатындай іс істеп келгені айдан анық. Алдағы уақытта жинақтаушы зейнетақы қорларын қалай қайта құрылымдаймыз, ол – мүлде бөлек әңгіме.

Ал мына мысалда тайға таңба басқандай айқын көрініп тұрған «жемқорлық» заңға сай ма деген сұраққа құқық қорғаушы қызметтер жауап іздейді деп үміттенейік. Өйткені қарапайым қазақстандық салымшылардың 10 миллиардтан астам долларға бағаланатын қаражатын пайдаланып, алаяқтар байып, ал ақшаның негізгі иелері инфляция құрбанына айналып жатса, бұған көзжұма қарауға болмайды. Тағы да ескертеміз, кінә жүйеде немесе мемлекеттік құнды қағаздардың аз табыстылығында емес, «суық қолда» екенін мемлекеттік құзырлы органдар көретін кез келді.

Елбасымыз таяуда өткен бір жиында «қылмыскерлерді халық алдында жазалау керек» деп ескерткен болатын. Міне, осы ескерту бір нәтиже береді деп үміттенейік те, мақалада айтпақ ойдың келесі бөлігіне ауысайық.

2. Қалай қайта құрамыз?

Иә, жинақтаушы зейнетақы қорларын қайта құрған дұрыс. Оны бірыңғай орталықтандырылған мемлекеттік қызмет түріне көшіреміз бе, әлде мемлекет қордың басты акционерлерінің бірі ретінде жұмыс істей ме, ол жағын шешу жоғары биліктің құзырындағы іс. Ең бастысы, «ештен кеш жақсы» дегендей, жинақтаушы зейнетақы қорларының қазіргі жұмысы мүлде тиімсіз болып тұрғанын түсіндік. Сондай-ақ қорлардың жұмысын мемлекеттің ұдайы назарда ұстауын өндіріске енгізу керектігін де білгендейміз. Бәлкім, содан да шығар қорларды қайта құрамыз деп жатырмыз. Иә, бұл іс көп ұзамай бір шешімін табады деп сенейік те, көп болып шешетін игілікке бір пайдасы тиер деген үмітпен өз ұсынысымызды назарға ұсынайық. Сонымен, егер жинақтаушы зейнетақы қорларын қайта құрылымдай қалсақ, мына төмендегі ұсыныстар ескерілсе екен дейміз:

1) Жинақтаушы зейнетақы қорларының қаражатын тек бір арнада пайдалану – аса қауіпті. Себебі біз үміт еткен «жалғыз арна» түрлі себептермен кедергіге тап болса, нағыз қатер сонда төнеді. Ал капитализм әрқашан да «дағдарысты» болатыны айдан анық. Сондай-ақ дағдарыстардың жиілігі соңғы 30 жыл ішінде мүлде қысқарған. Сол себептен де жинақтаушы зейнетақы қорларының қаражатын инвестициялық екі қоржынға бөлген сенімдірек. Біріншісінде, міндетті түрде берері мол, бірақ қайтарымы ұзақ күттіретін өндірістік экономикадағы инновациялық жобаларға ақша құйсын. Бұл, бәлкім, бүкіл қордың 60 пайызын иемденетін ең үлкен қоржын болар. Екіншісінде, қысқа мерзімді жобаларға инвестиция құю керек секілді. Мұның өзін екіге бөліп тастаған жөн. Оның алғашқы бөлігінде мемлекеттік құнды қағаздар қарастырылса, екінші бөлігінде жекеменшік банктерге депозиттік салымдар құю жөн секілді. Қазір банктеріміз депозиттерге 9,5 пайыз мөлшерінде жылдық үстеме беріп жатыр. Бұл, әрине, қанағаттандырады.

2) Ипотекалық жүйеге және жылжымайтын мүлік саудасына қор қаражатын жолатпау. Бұл өйткені мүлде сенімсіз жоба күйін сақтап келеді. Ал Қазақстанда бұл сала мүлде тиімді емес. Өйткені нақты өндіріспен айналысып жүрген аграрлық саланың өзі мемлекеттің субсидиясымен күнін әзер көріп жүр. Жалпы, дүниежүзінде аграрлық салаға субсидия бермейтін мемлекет жоқ шығар. Алпауыт АҚШ, дамыған Еуроодақ мемлекеттері аграрлық саласын субсидиямен асырап отырғанда, теңіз жолынан мүлде алыс Қазақстан бұл бағыттан пайда таба алмайды. Соған сәйкес ипотекалық құрылыс та пайдасыз болмақ.

3) Жинақтаушы зейнетақы қорларының қаражатын мол қайтарыммен сенімді түрде беретін нысандар Қазақстанда жоқ дегенге мүлде келісе алмаймыз. Сондықтан ең сенімді және ең табысты инвестициялық жобаларды на­­­зарға ұсынбақпыз. Олар мыналар:

а) Энергетикалық нысандар. Экономикасының нақты өсімін қамтамасыз ету үшін Қазақстан энергетикалық өндіріске үздіксіз инвестиция құятын ел. Электр энергиясы – әлемдегі ең өтімді тауар. Ол біздің жақын көршілерімізге де қажет тауар. Демек, алдағы уақытта салынатын жылу электр орталықтары мен атом электр стансасын салуға жинақтаушы зейнетақы қорларының қаражатын негізгі инвестициялық көз ретінде пайдалануға болады. Ескерте кетейік, электр энергиясының көлемі де, тарифі де әлі талай өседі. Сондықтан да ол тиімді.

ә) Тасымал саласы. Қазақстан экономикасын еселеп өсіретін ел екені даусыз. Демек, натуралды өндіріс өнімін тасымалдаушы жақтар қуаты артады. Оны арттыру үшін инвестициялық қаражат керек. Міне, осы қаражат жи­нақтаушы зейнетақы қорларынан алынса, нұр үстіне нұр.
б) Транзиттік тасымал инфрақұрылымдарын жасақтау инвестициясы. Транзиттік тасымал әрқашан да өзін-өзі ақтайтын және мол қайтарымды, сенімді сала.

в) Туризмді дамыту саласы. Қазақстан – ел ішіндегі тыныштығымен әлемді ерекше қызықтырып тұрған санаулы мемлекеттердің бірі. Ал бұл біздің елде туристік индустрияның дамуына берік негіз. Туризм әрқашан да таза та­бысты сала.

г) Ядролық отын өндірісі мен осы саладағы ғылыми-зерттеу жобалары да аса мол және қайтарымды, сенімді инвестициялық нысан болары сөзсіз.

ғ) Ғылым. Қазақстандағы ғылыми салалардың ішінде Кеңес Одағы кезінде-ақ тиімді жұмыс істеген институттар баршылық. Бұлар – қолданбалы химия және фармацевтика саласы. Міне, осы салаларға құйылған инвестиция сенімді әрі табысты болмақ.

«Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» демекші, негізгі түйінді айтатын жоғарғы билік екені даусыз. Біздікі тек ұсыныс қана. Ең бастысы, жинақтаушы зейнетақы қорларындағы мол қаражат қазір не салымшысына, не мемлекетке пайда келтірмей жүргенін түсіндік. Ендігі қайта құрылымдауда сол қателіктер қайталанбаса екен деп тілейік.
Таңшолпан БЕКБОЛАТ

http://ult.kz/kz/article/view?id=1096

Рубрика: