Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Ел Парламенті кеше жақсы бастама көтерді. Оған сәйкес, бұдан былай халық қалаулылары заңдарды қазақ тілінде жазуға жан салулары тиіс. Кеше Сенат пен Мәжіліс депутаттары осы 3- сессиядағы соңғы бірлескен отырысқа жиналды.

Сессияжабар жиынның күн тәртібіне жалғыз ғана мәселе шығарылды, ол бойынша биылғы 1 қыркүйекке дейін «парламенттік каникул» жариялау туралы арнайы қаулы қабылдау ұсынылды. Бұған ешбір қалаулы қарсылық танытпады. Осыдан кейін сөз алған Мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыпов заң шығару үдерісінде көптен қордаланған түйткілді проблемаларды ашық жайып салды.

Спикер бір жаға ұстатар жайтты жария етті: Тәуелсіздік жылдарында Қазақ елінің Үкіметі қазақ тілінде бірде-бір заң жобасын жазбапты. Ол ол ма, палата басшысы «заң жобаларының қазақ және орыс тіліндегі мәтіндерінің аутенттілігі», яғни дәлме-дәлдігі де  –  «мәңгілік проблема» са­на­тында қалғандығын қынжыла жеткізді: Үкіметке пысықтау үшін кері жолданған 13 заң жобасының 10-ы дәл осы себептен қайтарылған екен!
– Тәуелсіздік жылдарында 2,5 мыңға жуық заң қабылданды. Бірақ осы 23 жылдың ішінде Үкімет бірде-бір заң жобасының бастапқы мәтінін мемлекеттік тілде әзірлемеген! – деді Қ.Жақыпов. – Ал де­пу­таттар мемлекеттік тілде тек 2 заң жо­ба­сына бастамашылық жасаған. Елбасы айтқанындай, бұл мәселені шуламай, саяси дискуссияға айналдырмай шешуіміз керек.
Оның айтуынша, әлі күнге заңдардың бастапқы мәтіні орыс тілінде жазылады да, артынан қазақ тіліне аударылады. Бір қарағанда, Парламентке заң жобасы екі тілде енгізілетіндіктен, оның еш айырмашылығы жоқтай. Бірақ шынында, олай емес. Заң мәтіндерінің басқа тілде жазылғаны көзге ұрып тұрады: онда орыс тілінен калька-сөздер, тілімізде жоқ сөз орамдары қаптап жүреді, сөйлемдер қазақ түсінігіне сай құрылмайды. Тіпті аударуға тым аз уақыт қалатындықтан, кейбір заң жобаларының мемлекеттік тілдегі мәтіні электронды сөздікпен түсініксіз аударыла салатындығын Әділет министрінің өзі баяндаған болатын. Нәтижесінде, орысша таза білмейтін қазақтар зардап шегеді, мемлекеттік тілдегі мәтінді пайдаланып, заңнан ұтылады.
Мәжіліс төрағасы мемлекеттік тілді жетік меңгерген заңгерлердің, түрлі сала мамандарының тапшылығы мәселесін көтерді. «Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, соңғы 2 жылда қазақ тілінде құқыққа оқыған 4 мың 200 заңгер ЖОО бітірген. Олардың барлығы қайда сонда? Неге мемлекеттік органдар осындай ре­сурстарды пайдаланбайды?» деген спикер бастама тастады: «Біздің депутаттық корпус жеке өнеге-үлгі көрсетіп, мемлекеттік тілде заң жобаларын әзірлеуге кірісе алар еді деп ойлаймын. Бұл қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге ықпал етеді!»
Игі бастама қалаулылардан қолдау тапты. Мәжіліс бұған дейін «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттан қорғау туралы» және оған ілеспе қос заң жобасын қазақ тілінде өзі жазып, мақұлдаған болатын. Жақында Мақта туралы жаңа заң да мемлекеттік тілде түзілді.
– Спикердің тамаша бастамасын қолдаймын, – дейді Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл. – Бұл – тек Пар­ламенттің мақсаты емес, Мемлекет бас­шысының ұстанымы. «Қазақстан – 2050» стратегиясында қойылған міндет-меже және мемлекеттік тілдің мәртебесіне сай шара. Халық депутаттарға сенім артты, ал Парламент тиісінше, тек өзінің ғана емес, бүкіл халықтың ойын білдіреді. Мәжіліс төрағасы заңдарды орыс тілінен қазақшаға тәржімалай салмай, оларды мемлекеттің төл тілінде даярлауға мән берді. Біз заң шығарушы орган ретінде келіп түсетін заң жобаларының мемлекеттік тілде жазылуына және қабылдануына мүдделіміз.
Әрине, «20 жылдан асып кетті, неге осынша уақыт салғырттық танытып ке­леді?» деген сөздер бар. «Бірақ біз әр істе бұлтармай, әрлі-берлі шайқалмай, бірізді қимылдап, жүйелі жылжып келеміз. Қазақстанда бұл мәселені саяси жанжалға, қоғамдық дабырға айналдырмай, шешудің сарабдал саясаты жүзеге асырылуда» дейді депутат.
Айтқандай, палата басшысының мәліметінше, ресми тілде жазылатын құжаттардың да сапасы сын көтермейді екен.
– Өткен кезеңмен салыстырғанда, заң жобалар сапасы біраз жақсарды. Бірақ әзірге кемелдіктің көкжиегі де көрінбейді! – деді Қ.Жақыпов. – 5-ші шақырылымдағы Парламенттің жұмысы барысында Үкімет 267 заңның жобасын енгізді. Оның 43-і белгіленген тәртіпке сәйкес келмеуі себепті кері қайтарылды. Осы 3-ші сессияда Үкімет Мәжіліске енгізген 114 заң жобасының 38 пайызы ғана барлық қойылатын талаптарға жауап берді.
Жалпы алғанда, шымылдығы жабылған үшінші сессия «сахнасында» Парламент 104 заңды қабылдап үлгеріпті. Оның 80-ге жуығына ендігі Мемлекет басшысы қол қойып, күшіне енген.
Өз сөзінде Мәжіліс төрағасы «Үкімет жанынан Ұлттық заңнаманың ғылыми-сараптау институтын» құруды ұсынды.
– Құрметті Кәрім Қажымқанұлы және Үкімет мүшелері, – деді бірлескен отырысқа қатысқан Министрлер кабинетіне қайырылған спикер. – Еліміздегі заң шығармашылығы жұмысының деңгейін халықаралық стандарттарға дейін арттыру, сондай-ақ Елбасы жүктегендей, құқықтық жүйені бәсекеге қабілетті 30 елдің деңгейіне жеткізу үшін бірқатар іс-шаралар кешенін қабылдау қажет. Олар негізінен, заң жо­баларының 90 пайызына бастамашылық жасайтын Үкіметтің заңнамалық қызметінің сапасын арттыруға бағытталуы шарт, – деп түйді Қабиболла Жақыпов.

Айхан ШӘРІП

http://aikyn.kz/articles/view/52522

Рубрика: