АЛТЫНОРДА
Новости

Кальян шегіп, құрыққа түспеңіз

Астана ішкі істер департаменті әкімшілік полициясының қызметкерлері «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» атты ұлттық коалициямен бірлесіп қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салынғанын түсіндіру мақсатында рейдтік шаралар жүргізді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Шараның негізгі мақсаты қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салған заңның бұзылуына жол бермеу, сонымен қатар «қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салынатыны туралы» қаулының талабын түсіндіру.

–Рейдтік шараларды жүргізу барысында темекіні арнайы белгіленген жерлерден тыс жерлерде шегу фактілері анықталды. Сонымен қатар көңіл көтеру мекемелерінің әкімшілеріне, сондай-ақ ол мекемеге ке­лу­шілердің арасында қоғамдық орындарда темекі шегуге ғана емес, кальян шегуге де тыйым салынатынын түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», – делінген бейсенбі күні тара­тылған хабарда.

Еске салсақ, Қазақстанда қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салу 2009 жылы қазанда күшіне енді. Заң бойынша қоғамдық тамақтану пункттерінде (барлар, дәмханалар, мейрамханаларда), кинотеатр­ларда, театрларда, концерт, көрермендер жә­не көрме залдарында, спорт аренала­рында және басқа да жаппай демалысқа арналған жабық ғимараттарда, оның ішінде түнгі клубтар мен дискотекаларда, мұра­жай­ларда, кітапханаларда, дәрісханаларда, автокөлік салондарында, темір жол, авто­мобиль және су вокзалдарында, мемлекет­тік органдарда, мекемелерде, жұмыс орны болып табылатын бөлмелерде, үйлердің кіреберістерінде темекі шегуге тыйым салынады. Пойыздарда, әуежай ғимарат­тарында арнайы белгіленген орындарда ғана темекі шегуге рұқсат етіледі.

2013 жылғы 14 наурыздан бастап мем­лекеттік бас санитарлық дәрігердің қау­лысымен қоғамдық орындарда да кальян шегуге тыйым салынады. Бұрындары ҚР ДСМ мемсанэпидқадағалау комитеті каль­ян түтікшелерін, ондағы сұйықты және сұйық құйылған құтыны, шегетін қоспа­ларды тексергенде оларда ішек және көкірің таяқшаларының, жылтырауық ста­филоккок, ашытқы мен қышыма қотыр таяқшаларының барлығын анықтаған.
Сондықтан арнайы қаулы шыққаннан кейін кальян шегуге тыйым салынғанын түсіндіру мақсатында жүргізілген рейдтік шараларды қолдау қажет.

http://www.aikyn.kz