Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

    Қазақ халқының өткен өміріне көз жүгіртсек, өнер адамдарының орны кейде мемлекет, қоғам қайраткерлерінен де жоғары тұрғандай көрінеді. Кейде тіпті мемлекетіміздің ірі қайраткерлерінің өмірі сөз болғанда, ол сол заманда өмір сүрген өнер адамдарының, тұлғаларының өмірімен сабақтастырыла әңгімеленіп жатады. «Шәмші Қалдаяқов – ән патшасы» атты роман-эсседен көптеген таныс фамилияны іздеген себебіміз сол еді. «Мәдениет» телеарнасындағы сұхбатқа белгілі жазушыларымыз Молдахмет Қаназ бен кітап авторы Еркінбай Әкімқұловты шақырдық. Газеттік нұсқа «Халық сөзіне» ұсынылды. 
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Молдахмет аға, негізі өнер адамдары туралы кітаптар оқылымды болады. Бірақ біз соған жете мән бермейміз. Жазсақ та кіршіксіз таза кейіпкер қылып жазамыз. Қызықты өмірдің кітапқа түскенде қызықсыз болып шығатыны содан. Олар туралы бұқаралық ақпарат құралдары көп жазады. Атаулы, арнайы журналдар да жетерлік. Журналистер бұл тақырыпты жақсы меңгеріп алды. Алайда неге екені белгісіз, кітап шығарғанда бәрі де үлгілі болуы керек деген ескі идеологиядан алыстай алмай жүрміз. Осыған не дейсіз?  
Молдахмет ҚАНАЗ: Бұл сөзсіз қажет нәрсе. Шәмші туралы айтатын болсақ, Шәмшінің өмірі қызық, күрделі, қиын тағдыр. Дарынды, талантты, көзге көрініп жүрген адамдар туралы түрлі-түрлі әңгімелер бар, жасыратын ештеңесі жоқ. Бізде Кеңес одағынан қалған ескі дәстүр әлі сүлдерін сүйретіп келеді. Кітапқа түскен адамдардың барлығын әдемі ғып шығарғымыз келеді. Шаң тигізбей, «ойбай, өйткен жоқ еді, бүйткен жоқ еді» деу бекер. Өмірде болған тіршілігін бұрмаламай, халыққа анық жеткізуіміз керек. Бұл жөнінде Ерекең көп жұмыс істеген, қазір өзі де тарқатып айта жатар. Бұл кітап маған ұнады, халықтық кітап деп есептеймін өзім.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Ереке, кітапты жазар алдында өнер адамдары туралы шығармаларға да көз жүгіртіп өткен шығарсыз. Осы кітапты жазуға қалай келдіңіз? 
Еркінбай ӘКІМҚҰЛОВ: Шәмші туралы жазу менің ойыма кеше, бүгін ғана келген жоқ. Сонау 1959 жылы «Лениншіл жас» газетіне қызметке барған кезімде, бірінші мақалам «Шәмшіні консерваториядан неге шығарып жібереді?» деген тақырыпта болған. Консерваторияның әкімшілігін сынап жаздым. Сөйтіп Шәкеңді консерваторияға қайта оқуға алған. Содан кейін 33 жылдай бірге қатар жүрдік. Әдебиетте бірінші жақпен жазылатын да шығарма болады. Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ батыры» атты романы мәселен, Қайырғали Смағұлов жөнінде бірінші жақпен жазылған. Мүмкіндігінше мен де кейіпкердің атынан сөйлегенді жөн көрдім. Өйткені басқаша айтсаң, жұрт сенбейді. Ал Шәкеңнің өмірі менің алақанымда деуге де болады. Сондықтан маған оны жазу қиынға түскен жоқ.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Менің айтайын дегенім, белгілі өнер адамдары туралы кітаптарымызды қайта саралап көретін кез келді. Мысалы, Сара Латиеваның Күләш Байсейтова туралы «Бұлбұл» деген кітабы бар. Осы «Кітапхана» бағдарламасында талдаған кезімізде бұл кітапта біраз шындықтың айтылмай қалғанына көзіміз жеткен. Сосын Ілия Жақанов, Әшірбек Сығай, Қали Сәрсенбайлар өнер адамдары туралы жақсы жазып жүр… 
Еркінбай ӘКІМҚҰЛОВ: Шәрбәну Құмарова Шара Жиенқұлова туралы жақсы кітап жазды. Сосын Ахат Жақсыбаев Иса Байзақов туралы роман жазды.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Бірін айтып, бірін айтпай отырмыз ғой. Осылардың көбі деректі шығармалар. Ал өнер адамдары туралы көркем шығармалар аз, тіптен жоқтың қасы деуге болады. Қарап отырсаңыз, өмірлері аңызға толы. Небір қиыннан қиыстырған кітаптарыңыз ондайлардың қасында жіп есе алмай қалады. Осылар неліктен көркем кітапқа айналмайды?
Молдахмет ҚАНАЗ: Жеке адамның қо-ғамдық деңгейде әсер ететіні болады. Сосын жеке адамның өнер адамы есебінде өзінің ауқымында, мүмкіншілігінде қалғандары да болады. Мен айтар едім, Ерекең бірінші жақтан баяндағанда өзінің алдына Шәмшінің жеке адам есебіндегі, өзінің кім екендігін халыққа жеткіземін деген мақсат қойған. Артыққа бармаған. Өйткені Шәмші бүкіл қоғамға әсер еткен жоқ. Қоғамның айнасы, қоғамның сүзгісі болып көрінді. Ал бүкіл қоғамға әсер ететін кейбір тұлғалар бар. Ондайлар көркем шығармаға келеді. Бұл – деректі дүние. Шәмшінің басынан талай оқиғалар өткен. Біз мөлдіреп тұрған талантты қайдан табамыз? Осы арқылы да біз Шәмшінің өзін танып отырмыз. Оразбек Бодықов қасында болған адам ғой. Былай қарап отырсаң, Дон Кихот пен Санчо сияқты. Екеуінің де жұмысы жоқ. Жаман қызыл «Москвичті» мініп алып, барам деген жеріне барып жүрген. Сырттан қараған адамға ол дені сау адам емес. Өйткені Кеңес өкіметінің тәртібі бойынша бір жерде жұмыс істеуің керек, галстугың болуы қажет. Тәртіпті бұзбау керек. Бірақ екеуі сол тәртіпке бағынбады.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Шәм-ші Қалдаяқовтың әр жерде сөйлеген сөзін радиодан, сақ-талып қалған мұрағаттардан естіп, көріп жүрміз ғой. Мына кітапта Шәмші ағамыз өзінің аузымен айтып, баяндап отырғандай, сөйлеу мәнері, стилі толық сақталғандай көрінеді. Сіз мұны таспаға түсіріп алып жаздыңыз ба, әлде?
Еркінбай ӘКІМҚҰЛОВ: Жоқ, көп жыл бірге жүргеннен кейін сөйлеу мәнері, тіпті мимикасы да есте сақталып қалады ғой. Шынында өзінің бойында ерекше талант бар екенін сезген-ау деймін. Оны көбіне білдірмейді, қарапайым, кішіпейіл адам. Бірақ күндердің күнінде осындай болып шығарын сезген екен, қазір ойлап қарасам.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Ал кітабыңыздың басында көп ойланбастан мал дәрігері болып кететін жері бар ғой. 
Молдахмет ҚАНАЗ: Иә, құлағы қалқиып қаңғалақтап Ташкентте оқып жүргенде Жамал Омарова бара қалады. Өзі мал дәрігері болғысы келмейді, есіл-дерті ән. Ал сол жерде Жамал Омарова кездеспесе, ауылда көркемөнерпаздар үйірмесінде жүрер еді. Мал дәрігері болып, аудандық дәрежеде қалып қоюы мүмкін еді. Осының бәрі кездейсоқ сияқты, бірақ арғы жағында заңдылық тұр.
Еркінбай ӘКІМҚҰЛОВ: Енді тағдыры солай болып тұр ғой. Әйтпесе, консерваторияны бітіруі керек еді. Бірақ шығарып жіберді. Дубовский деген музыка теориясынан берген бір қатал адам болған. Соған жөнді тапсыра алмаған Шәкең. Одан кейін тағы бір себептермен біреулерге жақпай қалған. Содан кейін консерваториядан шығарып жіберіп отыр. Мұның бір қасіреті сол – оқымаған, оқытпаған. Екі рет түскен, әйтпесе. Советтік заманның қисық нәрсесі деуге болады, осындай адамды Композиторлар одағының мүшелігіне қабылдамады ғой.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Мысалы үшін, Жәнібек Кәрменов екеуінің журналистика факультетіне оқуға барғаны туралы қызық оқиғасын алайық. Бір үйге қонаққа баған кезде Жәнібек Кәрменовпен танысады. Содан әңгімеден әңгіме шығып, Жәнібек Кәрменов: «Болса да, болмаса да екеуіміз музыканың оқуын оқи алмай жатырмыз. Мен өткен өмірімде біраз училищелерді оқығанмын», – деп, біраз оқу орындарының атын тізіп береді. «Екеуімізді бәрібір өнер институтына қабылдамайды. Оданда журналистика факультетіне барып түсейік, журналист болған адам жаман болмайды. 
Бір кәдемізге жарар бұл мамандық. Темірбек Қожекеевке барайық», – деп, екеуі журналистика факультетіне келеді. Сонда Темірбек Қожекеев қалай қарсы алады? Әңгімеден бұрын ілулі тұрған домбыраны алып, «ән айтып беріңдер» деп, Жәнібек Кәрменовке ән айтқызады. Содан кейін бұлар өздерінің өтінішін айтқан кезде, екеуін бірден оқуға қабылдайды. Өмірде қиыншылықпен қатар адамдардың көмегін, жақсылықтарын да көп көрген адам ол. Бағанағы, өзіңіз айтып отырған, Композиторлар одағына мүше болмай қалғаны халықтың арасында көп әңгіме болды емес пе кейін. Шәмші Қалдаяқов өз әріптестерінен таяқ жеп жүргендей, содан теперіш көріп жүргендей айтылатын әңгімелер көп. Соны мына жерде Шәмші ағаның өзінің аузымен сіз тәтпіштеп айтқан екенсіз. Оқырманға, көрерменге ойтамызық болсын, таратып айыңызшы осы жерді. 
Еркінбай ӘКІМҚҰЛОВ: Ол Шәкеңнің үлкен арманы болды ғой. Соншалықты таланты бола тұра, оған: «КСРО Композиторлар одағының жарғысында консерватория бітірмеген адамды мүшелікке қабылдамайды» деген. Кейіннен Тілендиевті де қабылдамады. Ол кісі консерваторияны бітірген, бірақ дирижер факультетін бітірген. Шындығына салса, Тілендиев опера жазған адам. Соны қабылдамайды. Неге? Ол кездегі жарғы солай болып шыққан. Соның өзі Шәкеңе үлкен қиянат болды.
Молдахмет ҚАНАЗ: Ақкөңіл адам соның барлығын түгелдей жанына ауыр қабылдайды ғой. Ондай қиыншылықты философиялық түрде түсінбейді ғой. Содан ауырсынады, көңіліне келеді. Мысалы, Асқар Сүлейменовтің жалғыз-ақ құжаты болды, Жазушылар одағының мүшесі деген. Бірақ ол Сүлейменов болып қалды ғой.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Осы мәселе мына кітапта Шәмші Қалдаяқовтың өз аузымен айтылады. Қарап отырсаңыз, бір жазба қалдырып кеткендей, жасаған баяндамасы қағазға түсірілгендей құдды. «Ілияс Омаровтан кейін мәдени-ет саласына басшы болып, Жексенбек Еркінбековтің келген кезі еді», – дейді. Ол кезде Композиторлар одағын Еркеғали Рахмадиев басқарады екен. Ол кісінің жамандығынан да емес, Композиторлар одағының пленумында жарғыны алға тартып: «Сіздерді қалай мүшелікке қабылдаймыз?», – дейді.  «Қонаев сізге көп жақсылық жасады», – деп Шәмшіге қатты шүйлігеді. «Сол жақсылықтарды ақтап алыңыз, соған лайықты болыңыз», – деп сөгеді. Композиторлар одағына мүше болғаннан бұрын солай сөккені Шәмші Қалдаяқовтың жанына батып кеткен болуы керек. Пленумға жиналған композиторлардың барлығы «Шәмші сөйлей ме екен, не айтар екен?» деп, елеңдеп отырады ғой. Сонда Шәмші Қалдаяқов шығып сөйлейді, өзінің болмысы, табиғаты осы жерде жақсы көрінеді: «Барлығыңызға басымды иіп, сәлем бердім», – деп амандасады. Қазақы болмыс, ешқандай ресмилік сақталмаған, еркін, ойындағысын ірікпей айтатын қалпы.  Содан кейін: «Кеңес өкіметі орнаған соң Құрманғазының атына консерватория бердік. Кенен, Естай, Шашекеңдерді Композиторлар одағының мүшелігіне қабылдадық. Шындап келген-де, олардың мұрындарына дипломның иісі де бармайды. Ал опера жазған атақы дирижер ағамыз Нұрғиса Тілендиевті одаққа неге алмайсыздар? – деп, өздеріне қарсы шабады. – Устав, жарғы деген не ол? Тәуке ханның «Жеті жарғысынан» әдірем қалсын, – дейді тағы. – Устав, устав дегенше, «өзіміз қолдан шығармай, уыстап ұстап отырмыз» деп айтпайсыздар ма?!», – деп шаншылып-шаншылып сөйлейді. Осы эпизодтар Шәмші ағамыздың өзінің аузынан жазылынып алды ма, әлде мұрағаттан іздеп тауып алдыңыз ба? 
Еркінбай ӘКІМҚҰЛОВ: Бірге өмір сүргеннен кейін оның сыры белгілі ғой. Бәрін өзі айтып берген болатын.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Өнер адамдарының бәріне ішкіш деген сөз қосамжарласып жүреді. Шәмші ағамызға да қосамжарласа айтылып жүрген әңгіменің бірі, осы ішімдікке жақын болды деген сөз. Мына кітапта сіз оны жасырмаған екенсіз. Біраз нәрсе айтылыпты. Соның жайы қалай болған өзі? 
Еркінбай ӘКІМҚҰЛОВ: Шәкеңнің ішкені өтірік емес. Кейін 1973 жылы ақпан айында тоқтатты ол.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Шәмші ағамыздың өзінің жанына да қатты батқанын байқаймыз. Себебі мына жерде Сағыныш деген журналист қызбен кездеседі ғой. Сонда әлгі қыз: «Сіз осы ішімдікті қойсаңыз қайтеді? Қазақтың маңдайына біткен керемет талантсыз. Талантыңызды қор қып жібермеңіз», – деген сияқты әңгімелер айтады. Сонда Шәмші ағамыздың ішімдікке көзқарасын, жанының қалай қиналатынын, барлығын өзінің тағдырымен астастырып, өте жақсы жазған екенсіз. Кітапта ішімдік, серілік деген мәселелерге көбрек тоқталып кеткен екенсіз. Шәмші ағамыз өткен өміріндегі кезеңдерде қия жолда қисайып кеткен жерлерін жұқалап отырып, өзі әңгіме қылады мына кітапта. 
Молдахмет ҚАНАЗ: Ішімдік пен шығармашылық адамы бір-біріне жақын. Оған оғаштанып, шошып, үрке қараудың керегі жоқ. Оны табиғи нәрсе деп қабылдауымыз керек. Бірақ шекарадан өтіп кетпеу зор күш кейбіреуге. Твардовский ішкіш болған. 10-20 күн орманның арасындағы бір селоға барып жақсылып ішіп, бәрін жауып, жайғастырып, содан кейін жұмысын істеген. Шолохов та солай болған. Енді жәй адам мен шығармашылық адамының күйзелісінің арасында көп айырмашылық бар. Жалпы бұқара оны түсіне бермейді.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Мына роман-эсседе Шәмші Қалдаяқов ішімдіктің денсаулыққа, ұлтқа зиян екенін, табиғатымызда, болмысымызда жоқ нәрсе екенін жақсы айтқан екен. Ереке, Шәмші Қалдаяқовтың өмірдегі еркін жүрістері туралы айтылып жүрген аңыздар, бағанағы өзіңіз аузынан жазып алғанмын деген әңгімелермен, екеуі жапсарластырыла әңгімеленеді. Мысал үшін, мені Сағыныш деген әйелзатымен қандай қарым-қатынаста болғаны, соның негізінде қандай ән туғаны кішкене елеңдетіп қойды. Сіз өзіңіз әңгімелеп беріңізші осы арасын. Бір жағынан халыққа танымал композиторды алақанына салып, әлдилеген ұлттың құрметі деуге де келеді. Екінші жағынан өнер адамының миға сиымсыздау біртүрлі махаббаты сияқты ма, қалай? 
Еркінбай ӘКІМҚҰЛОВ: Бұл – ұлы композитор. Бір адаммен, кішкентай ғана отбасымен шектеліп қалатын болса, Шәкеңдегі өнердің бәрі жалған болып шығар еді.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Сағыныш деген атты өзгертіп алған шығарсыз?
Еркінбай ӘКІМҚҰЛОВ: Өзгерткем жоқ, өз аты солай.
Молдахмет ҚАНАЗ: Соны мен де сұрайын деп отыр едім.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Өмірде болған ба?
Еркінбай ӘКІМҚҰЛОВ: Өмірде болған, бар. Хабарласып тұрады, осы кітаптың шыққанын да біледі. Бірақ бір ғажабы, Шәкең араласып жүргенде, оның жолдасы да аман болатын. Тірі кезінде «Жақсыгүл» деген әні дүниеге келеді. Жаңағылардың отбасына Шәкең бата береді, содан кейін Жақсыгүл деген қыз дүниеге келеді. Бұл жәй нәрсе емес. Көркем шығарма ғып жазатын болса, бұл жері Абайдың Тоғжанға ғашық болғаны сияқты нәрсе. Бар нәрсе ғой, әдебиетте қалуы керек. Біздің жеңгеміз де олардың араларындағы қатынасты білген. Қалайда Жақсыгүл деген қыз келді, қазір аман-есен. Бизнесте істейді, Сағыныштың өзі журналист.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Тағы да бір Шәмші ағамызға телініп жүрген әңгіме, елдің арасында көп айтылып жүр, ол – Шәмші Қалдаяқов баспансыз болған, өмірінде көп қиыншылық көрген деген сияқты сөздер. Сол әңгіме қазір кейбіреулердің шамына тие бастағандай. Тіпті бірлі-жарым жерлерден оқып қалдым, «Шәмші Қалдаяқовтың жағдайы жақсы болған, ол Қонаевпен кездескен, бүкіл жағдайы жасалған» деген сияқты. Осы әңгімелер де мына кітапта айтылады екен. Сіз бұрмалаған жоқсыз ба? Өмірде болғанын болғандай ғып бердіңіз бе? 
Еркінбай ӘКІМҚҰЛОВ: Болғанын болған-дай ғып бердім. Шәкең консерваториядан шығып қалып, қиналып жүргенде жеңгеміз Жәмиләмен танысады ғой. Жәмилә мамасы-мен бірге кішкентай, қуықтай екі бөлмеде тұрады екен. Жәмиләмен танысқаннан кейін үйіне шығарып салады. Содан кейін аралары жақындай береді. Содан алғашқы жылы Шәкең Жәмиләнің үйінде тұрады. Осы бірінші Алматы жақта тұрған. Кейіннен таланты байқалғаннан кейін Дінмұхаммед Қонаев шақырып алып, қамқорлық жасайын дейді. Сәбира Майқанова, Асанәлі Әшімов, Фарида Шәріпова, Ыдырыс Ноғайбаевтарға үй берген кезде Шәкеңе де үй беріледі ғой. Тельман Жанұзақовпен көрші болады. Кейіннен денсаулығына байланысты Алматыда тұра алмайтын болды. Сөйтіп оған Жамбылдан үй салып бермекші болды. Мәшине берді. Сонда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Бектұрғанов деген кісі өте мықты адам болған, ол кеткеннен кейін қалды бәрі.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Мұндағы әңгімелердің барлығында Шәмші Қалдаяқовтың өзінің өміріне қатысты көбірек сөз қозғайтындай болып көрінді. Шығармашылығына аса тереңдеп бара қоймайтын секілді. Неліктен олай істедіңіз?
Еркінбай ӘКІМҚҰЛОВ: Енді Шәкең өзінің шығармашылығы жөнінде еш жерге пікір айтпаған. Елдің бәрі шығармаларын мақтайды, ал Шәкеңнің өзі мақтайтын болса, ол мақтаншақтық боларын жақсы білген. Соны келтірдім. Жалпы Моцарттан бастап бәрін білген, теориялық білімі көп болған. Бірақ оны айтпайды. Қажет деп есептеген жоқ өз басы. Соны айтатын болсақ, көркем әдебиет құсап кетер деп ойладық. Деректі дүниелер болғаннан кейін ол жағына көп бармадым.
Молдахмет ҚАНАЗ: Осының бір қуана-тын жағдайы, Шәкеңді айтып отырғанда өнер адамдарының талайымен кездесеміз. Мінез-құлықтары да көрініп қалады. Мысалы, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Жамал Омаровадан бастап, көптеген өнер адамдары көрініп отырады. Оның кейбір жақтарын жұрт білмейді, қазір сағынады.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Мына кітапта қанша пайыз шындық, қанша пайыз қосқан әңгімелер бар? 
Еркінбай ӘКІМҚҰЛОВ: Дұрыс. Енді мұның бәрі кәдімгі таспаға өз аузынан жазып алғандай дегенге келмейді. Маған «Жас Алаштағы» Әмірхан Меңдеке, тағы да басқа жігіттер: «Ереке, осының бәрін өз атымен баяндағанда, қалай соның бәрін шындыққа саясыз?» дегендей болды. Мен айттым: «Қолымнан келгенше шындығын жаздым. Ертең осы тақырыпты жазатын адамдар негіз алсын, сүйенсін деген ойда болдым» деп едім: «Дұрыс» деді.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Өнер адамдары туралы әңгіме болған кезде олардың басындағы кейбір жайттарды жасырып, жабулап қоятын әдетіміз бар. Сөздің басында Молдахмет ағамыз айтқандай, жақсы, идеалды адам сияқты көрсеткіміз келеді. Ал, қарап отырсақ, шетел бар, басқа дүние бар, солардың өнер адамдары бар, өміріндегі кейбір көлеңкелі жақтары болады, жан дүниесіндегі күйзелістер, құбылыстар болады, соларды шығармашылығымен қатар әңгімелеп отырады. Кітап жазып, кино шығарып жатады. Соның барлығы шығармашылық адамының насихаты сияқты жұмыс істейді. Біз де қазір осындай заманға келе жатырмыз. Біздің өнер адамдарымыздың басында да   талай күрделі жағдайлар бар. Оның барлығы қаламға сұранып тұрған жайттар десек артық емес. Мына «Шәмші Қалдаяқов – ән патшасы» атты роман-эссе де осы бағытта жазылған. Ұлы композитордың өміріне қатысты сұрақтарға біршама жауап беретін оқылымды дүние болып шығыпты. 
      «Халық сөзіне» дайындаған – Балжан МҰРАТҚЫЗЫ 

 http://www.halyksozi.kz

Рубрика: