Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

0c19a8718e47073340af10e5caac6226Абай ОМАРОВ (коллаж)

Үйге жақын жерде тұрған сауда орталықтары­ның біріне барған сайын кіреберісте тұрған шыны жәшіктерге еріксіз қарап қоямын. Ауру-сырқауға тап болған кішкентай балалардың суреті бар ондай жәшіктердің бәрі қайырымдылыққа арнал­ған. Тұрғанына біраз уақыт болды, бірақ анда-санда ғана  «жомарт» жандардың 200 теңгелік қағаз ақша­ла­ры көрініп қалатыны болмаса, тиын-тебеннен басқа ештеңе түспейтін сияқты. Қазақстандық­тар­дың қаншалықты қайы­рым­ды екенін осыдан-ақ байқауға болатындай.

Иә, ондай қобдишаға бәріміз де ақша салып жүрміз. Бірақ қағаз ақша емес, көп жағдайда, тиын-тебен – cол жердегі сау­да-саттықтан қалған ұсақ ақша. Бар­лы­ғымыз да солай істеп жүрген жоқпыз ба? Ондайда шақа ақша сыңғырлап қорап­ша­ның түбіне түскен кезде айналадағы кісілердің бәрі қарап қалады. Біз болсақ, үлкен бір шаруа бітіргендей іштей «сауап» алып, кетіп бара жатамыз. Түк те емес! Ашы­ғын айтсақ, ол ақша емге зәру бала­ның дәрі-дәрмектеріне де жетпейді. Бір айлық тамағынан да артылмайтын шығар, сірә. Біз баласын емдеу үшін ақша іздеп жүрген ата-аналардың біреуіне хабарл­а­сып та көрдік. Оның айтуынша, сауда орта­лықтарында тұратын қайырымдылық жәшіктеріне бір айда тек 2-3 мың теңге ғана түседі. Ал баланың ем-домына 200 мың еуродай ақша қажет. Ауыр халде жатқан Еркін мен Ерасыл атты қазақтың балалары да бар. 1,5-3 жасар оларды Қытайда емдеу керек. Ол үшін 20 мың дол­лар ғана жиналса болғаны. Бірақ оның өзін жинай алмай отырмыз.

Жә, көшеде отырып қайыр сұрайтын кедей-кепшік пен мүгедек жандарға тиын-тебен беруге болатын шығар. Оны да бер­ген кезде сол адамдардың түріне қарап, ішім­дікке жұмсамаса екен деп іштей тілеп жа­татынымыз дұрыс. Құп, ондай садақа­ның есебі болса, бола берсін. Алайда тағ­дыр тәлкегіне тап болып, сан алуан сырқат­пен ауырған балаларға келген кезде тиын-тебен санап отырудың өзі ұят сияқты. Дегенмен біз санап береміз. Себебі ақ­шаны аяймыз. Теледидардан көмекке зәру балаларды көрсеткен кезде де ол нәрес­те­лерді қатты «аяп» отырамыз. Сол сезімнің ұзаққа созылатыны сонша – «байғұс бала, ақша  аударып беру керек еді» деп отыр­ған­да экранның астына шыққан байланыс телефондары мен банк есепшоттарын жазып алып үлгермей қаламыз… Шынын айтсақ, ол мәліметтерді жазып алуға үл­гер­мегендей боламыз. Сосын «Туф-ф-ф, кішкене ұстап тұрмады ма?» деп өзімізді жұбатып қоятынымыз тағы бар.

Сөз жоқ, бүгінде қайырымдылыққа жа­қын жүрген кәсіпкер-меценаттар мен сан алуан ұйымдар бар. Біз соларға әбден үйреніп қалған сияқтымыз. Біле білсек, Қазақстанда жомарт кәсіпкерлер де көп емес. Біз болсақ, дүкенде тұрған жәшікті көр­сек те, көрмегендей боламыз я болма­са теледидарға шыққан нәрестеге көмекте­се алмай жатсақ: «Менің ақшам неменеге жетеді? Байлар бар ғой, солар көмектесетін шығар», – деп өз-өзімізді ақтауға тырыса­мыз. Ал қымбат киім-кешек я болмаса зер­гер­лік зат алған кезде ақшаны аямай­мыз ғой, шіркін. Дәмхана мен сыраханада отырған кезде де ақшаның құны білінбей жатады. Осындайда бір «отырысты» қыс­қар­тып,  бір-екі мың теңгені сол қайырым­ды­­лық­қа қиюға болады ғой. Одан еш ұтылмаймыз. Бір адам 1000 теңгеден салса, мың адам бір миллион теңге жинап береді ғой. Оның өзі науқас нәрестенің біраз қажеттілігіне жетеді. Баланың құлантаза жазылып шығуына да жағдай жасап беруге болады. Кім біледі? Сол бала болашақта қазақтың маңдайына біткен жұлдызы болатын шығар…

Жанна МОШҚАНОВА, қатерлі ісік ауруына шалдыққан Виталий Ким жанұясының жақын жолдасы:

– Шынын айту керек, бүгінде кәсіпкер­лер­­ге қарағанда, қарапайым халықтың қа­­йы­рымдылығы басым болып тұр. Біз талай рет жеке кәсіпкерлерден көмек сұра­дық. Бір­ақ нәтиже жоқ. Сондықтан өзіміз сан алуан акциялар мен концерттер өткізіп, ақша жи­наймыз. Әлбетте, жәшіктердің ор­наласқан же­ріне қарай ақша да әрқалай тү­седі. Құ­дай­ға шүкір, қазір біз қатерлі ісік ауруы­на тап болған кішкентай Виталийді Гер­мания­да қаратып алуға жететін ақша жи­надық. Енді  емделіп,  жазылып кетсе  жақ­сы болар еді.

Алпамыс ЖАНЖІГІТОВ, Астана қаласының тұрғыны:

– Мен өзім көптеген елді шарлап шық­тым. Сонда бір байқағаным, көшеде қайыр сұрайтын кедей-кепшіктің өзі өмірге риза, үнемі көңілді жүреді. Себебі ол ха­лық­тың көмегіне сеніп, бүгін аш қалмайты­нын біледі. Ал қайырымдылыққа арналған жәшіктер үлкен мұражайларда да тұрады. Өнер мен мәдениетке жанашыр азаматтар оған ақшаны аямай салады. Сөйтіп, білдей бір мұражай тек қайырымдылықтан түскен ақшаға ғана күн көреді. Бізде әлі күнге де­йін ондай мәдениет қалыптаспаған. Тумы­сы­нан ауру болған балалардың тағдырына түсі­ністікпен қарау қажет қой. Себебі тағ­дырдың бұндай соқпағына кез келген адам тап болуы ықтимал. 

Бәлкім, біз бәрін мемлекетке жүктеп қоятын баяғы кеңестік психологиядан шы­ға алмай жүрген болармыз. Ол дәуреннің күні келмеске кетті. Ал қазіргі нарықтық за­манда моральдық бет-әлпетімізді сақтап қалу аса маңызды. Осы тұрғыда бір-бірі­міз­ге қайырымды болуды ұмытпайық. Әсі­ре­се кішкентай балалардың өміріне атүсті қара­май барынша көмек беруге тыры­са­йық. Қазір – қасиетті Рамазан айы. Бұл – ра­­қым, сабыр айы. Жақсылықты, қайы­рым­­ды мейлінше көп жасайтын ай. Ел аза­маттары қайырымдылық өзі үшін де қа­йыр­лы еке­нін тек оразада ғана еске ал­май, жыл он екі айда да сауапты істерге ұмтылса дейміз.

Автор: Арман АСҚАР

 

http://alashainasy.kz

Рубрика: