Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Қазақстанда судьяларға көпшілік алдында «саясат соғып», мемлекеттің ұстанымына қайшы келетін пікір айтуға заңмен тыйым салынады. Олар сондай-ақ әлі үкімі заңды күшіне енбеген істер бойынша да енді журналистерге түсініктеме бере алмайды.
Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің кешегі жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанның сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» жаңа заңның жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл құжат судья жолын таңдағандар үшін бірқатар жаңалықтар ала келмек.

– Жобада облыстық сот төрағалары мен сот алқасы төра­ғалары лауазымдарына канди­даттарда судьялық өтілінің болуы міндеті 5 жылдан 10 жылға дейін арттырылады, – деді Жоғарғы соттың Азаматтық және әкімшілік істері жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы Еліс Әбді­қадыров. – Бұл жалпы судьялық корпустың кадрлық құрамының сапасына оң әсерін тигізеді.
Жаңа заң жоба «төраға қыз­метінің кадрлық резервінің» үс­темділігін арттырады екен. Бас­қарушы сот лауазымдарына, егер босап жатса, ең алдымен, солар ие болады. Яғни жергілікті және басқа соттардың төрағалары мен алқа төрағалары қызметіне үміт­керлерді іріктеу барысында осы «кадрлық резервте» тұрған канди­даттарға басымдық беріледі.
Бұл заң өмірге жолдама алған соң, тағы бір құрылым түңлігін жаңадан түруі мүмкін. «Облыстық және оған теңестірілген соттар­дың, сондай-ақ Жоғарғы соттың қызметін жетілдіру мақсатында олардың құрамында жеке орган құру ұсынылады» деді Е.Әбді­қадыров. Ол орган құзырына «тез арада шешуді талап ететін, сот жүйесінің қызметіне қатысты ұйымдастыру мәселелерін шешу жөніндегі функциялар жатқы­зылады».
Заң жобасында судьяларға сот шешімі әлі заңды күшіне енбеген істер бойынша жұртшылық алдында өз пікірін айтуға тыйым салатын норма жазылып отыр. «Жұртшылыққа жария түрде мәлімдемелер немесе ескертпелер жасаудан бас тарту – енді судья­лар­дың міндеті, өйткені ол сот төрелігі мүдделеріне, оның тәуел­сіздігіне және турашылдығына нұқсан келтіруі мүмкін» деп түсіндірді Жоғарғы сот өкілі.
Ол ол ма, осы заң жобасы қа­был­данғаннан кейін, судьяларға егер онысы «мемлекет саясаты­ның негізгі бағыттарына сәйкес келмейтін болса», мемлекеттік саясат, қызмет бабы мәселелері бойынша әйгілі түрде өз пікірін айтуына рұқсат етілмейді. «Билерді» тағайындауға жұрт­шылық та араласуы ықтимал. Осы жобада облыстық соттар жанында консультативтік-кеңес­ші органды – «Қоғамдық кеңесті» құру көзделіпті. «Оның қоры­тындылары рекомендациялық сипатта болады. Бұл түзету судья лауазымдарына кандидаттарды іріктеудегі қоғамның рөлін күшейту мақсатында енгізілуде» деді Жоғарғы соттың алқа төрағасы. Бірақ қалаулылар бұл кеңестің қажеттілігіне күмән келтіріп отыр. Оның үстіне заң жобасында кандидаттарды ірік­теуге атсалысатын осы құрылымға қоғамнан адамдардың қандай критерийлер бойынша таңдап алынатындығы көрсетілмеген.
Сонымен бірге алда «Сот академиясының маманданды­рылған магистратурасын бітірген адамдар сот лауазымына тұруда біліктілік емтиханды тапсырудан босатылатын» болады. «Бұл нендей қажеттіліктен туындауда?» деп сұрады депутат Виктор Киянский.

– Біз осылайша Сот акаде­миясында оқитын магистрант­тарды судьялық лауазымдарға тұруын ынталандырғымыз келе­­ді, – деді Еліс Әбдіқадыров. – Себебі талдау көрсеткендей, олардың көбісі оқуын аяқтаған соң, басқа кәсіпті таңдайды.
Мәжіліс кешегі жалпы оты­рысында парник газдарын шы­ғарғаны үшін айыппұл салуды биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін шегеретін заң жобасын да бірінші оқылымда құптады.
Жалпы, Жер бетіндегі ауаның шектен тыс тез жылуын тоқтату мақсатында әлем елдері парник газдарын бөлуді азайтуға міндет­теме алған болатын. Киото хат­тамасына жуырда Қазақстан да қосылды. Әйткенмен негізінен Кеңес кезінде іске қосылған, ес­кірген технологиялармен жұмыс жасайтын отандық зауыттарға және өндіріс орындарына жо­ғарғы жаһандық талаптарға жауап беру қиынға соғуда. Олар осыны айтып, көптен бері Үкіметке «қыңқылдап» жүрген.
Ақыры мемлекет шағымға құлақ асып, қолданыстағы Әкім­шілік құқық бұзушылық ко­дексінің жауапкершілікті қарас­тыратын 243-1-бабына «кері күш» (обратная сила) беруге келісті. Яғни парник газдарын ауаға квота мөлшерінен асыра шығар­ғандар тек 2014 жылдың 1 шілде­сінен кейін жазаланады. Ал 2013 жылы өнеркәсіптік кә­сіпорын­дарға осы үшін салынған айып­пұлдарды құзырлы органдар өн­діріп алудан бас тартады. Бұл отандық өндіріс үшін үлкен жеңіл­дік әкелуге тиіс. Өйткені тіпті толық емес мәлі­меттер бойын­ша, тек энер­гетикалық салада ол айыппұлдар сомасы – 208 миллиард теңгеден, ал мұ­най-газ секторында – 30 мил­лиард теңгеден асады!
Сондай-ақ енді салынатын айыппұл мөлшері 10 айлық есеп­тік көрсеткіштен 5 АЕК-ке дейін азайтылып отыр. «Еуропа кезінде 40 евродан бастаған» дейді эко­логия министрі Нұрлан Қаппаров. Оның айтуынша, Қазақстан бұл істе тағы посткеңестік кеңістіктегі елдердің алды болып отыр. Ресей парник газдарын шығару бойын­ша өз өндірісін шектеуге кіріс­пепті де.

 

Айхан ШӘРІП

http://www.aikyn.kz/news/view/44096

 

Рубрика: