Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

massaget.kz фото«Жұрттың алды болсаң көз тиеді, соңы болсаң сөз тиеді» демекші, кейінгі кездері елдің ерекше назарына іліккен әнші Қайрат Нұртастың басы даудан бір арылмай-ақ қойды. Қайраттың суреті бар афишаларды көрсек, «әйтеуір тыныштық болса екен» дейтін болдық. Қайраттың жолын кес-кестегісі келетіндер ел алдында оның беделін түсіргісі келе ме, неде болса, «жағымсыз пиар» белең алып кетті. Жұрттың бәрі талқылап жатқан «Қайраттың дауына» «Алаш айнасы» да үңіліп көрген еді.

 

Қайрат Нұртас қандай да бір салтанатты шараға қонақ ретінде шақырылыса, оның тыңдармандары әншінің жеке концерті өтетіндей жиналады. Сондықтан тыңдарманы көп, үлкен-кішінің ерекше ықыласына бөленген жұлдызды әнші көптеген салтанатты іс-шараларға, концерттерге, тойларға жиі шақырту алады. Әншінің анасы Гүлзираның айтуынша, Қайрат шамасы келгенше өзінің тыңдармандарының көңілін қалдырмау үшін ұйымдастырушылармен келісімшарқа отырып, келіскен жерге барады.

Бұл жолы да әнші Алматыдағы МСKZ жаңа музыкалық арнаның ашылу салтанатына қонақ ретінде шақырылған. Алайда ұйымдастырушылар соңғы сәтте аталған іс-шараның өтетін орнын Балуан Шолақ спорт сарайынан қарапайым мейрамханаға ауыстырып тастаған. Осы жағдайға байланысты әншінің фанаттары өздерінің наразылығын білдірген. Салтанатты шара басталатын уақытта әншінің тыңдармандары спорт сарайының алдына жиналғанда олар ғимараттың алдындағы хабарламаны көреді. Онда мерекелік шараның басқа жерге ауыстырылғаны жазылған.

Кейіннен белгілі болғандай, ұйымдастырушылар тиісінше билет сата алмаған. Сондықтан шараны спорт сарайынан мейрамханаға ауыстырыпты. Алайда жиналған қауым мейрамханаға сыймай қалды. Өйткені зал 300 адамға ғана арналған, ал сатылған билет саны 700. Осы кезде көрермендер де, продюсерлер де ұйымдастырушыларды таба алмады.

Қайрат Нұртастың анасы бұл жағдайды әдейі арандату деп санайды. «Ұйымдастырушылардың бәрі қашып кетті, ешкім оларды таппай қалды. Бізден басқа ешкім жоқ. Олар бізге ұшаққа билет алып бермекші болған. Менің түсінгенім, бұл Қайратқа қарсы ұйымдастырылған арандатушылық. Халықтың алдында ұятқа қалмау үшін біз өзіміз ұшаққа билет алып, ұшып келдік», дейді Гүлзира Айдарбекова.

Алайда спорт сарайындағылардың айтуынша, ұйымдастырушылар МС KZ музыкалық арнасының ашылуына байланысты әншінің қатысуымен өтетін концерттік шараның бұл жерде өтпейтінін алдын ала білген. «Олар 4-іне дейін жалға алу құнын төлеу керек болған. Содан кейін ғана біз оларды кіргізу керекпіз. Олар 2-сі күні бас тартты. Сондықтан біз өткізілетін шараның мұнда болмайтынын хабарладық», дейді спорт сарайының директоры Серік Қанағат.

Ең қынжылтатыны, көптеген мерекелік шараларды ұйымдастырушылар әншінің беделіне нұқсан келеді-ау, сонша ақшаға билет сатып алған қарапайым халыққа обал-ау дегенді ойларына да алмайды, тек өздерінің қара бастары мен қалталарының қамын ғана ойлайды. Осы жолы арнаның арбауына түскен әнші де, жианлған қауым да кімге кінә тағарларын білмей дал болып қалды. Қайта Қайрат өзінің абыройын одан әрі түсіріп алмау үшін де, халықтың наразылығын одан әрі күшейтпеу үшін тар жерде қиналса да 2 сағат ән шырқады. Сондықтан Қайрат танымал әншіге лайық күтілмей қалдым, құрметке ие бола алмадым, ұйымдастырушылар сөзінде тұрған жоқ, алдандым демесе, негізінен халықтың алдында абыройын түсірген жоқ. Ыңғайсыз жағдайға түссе де рейтингісін тағы бір сатыға көтерді.

«Қайрат Нұртас түшкірсе де хит» деп пародист Олжас айтпақшы, бүгінде Қайраттың аты аталса, жарнама.

 

«Мәссаған, мен алдандым!»

Атағы жер жаратын әншілер алаяқтарға жақсы табыс болды. Неге десеңіз, соңғы кезде ауыл-аймақтарда, шағын қалаларда халықтың жақсы көретін әншілерінің әдемі суреттерін афишаға салып, «бәлен» күні концерті болады деп жариялап, жалған билеттер сатып, ақшаны жинап алғаннан кейін концерт те, әнші де, ақша да жоқ, қарапайым халықты тақырға отырғызып, әншіні жаманатты ететін алаяқтар көбейген.

Белгілі әнші Роза Әлқожа жақында осындай оқиғаға тап болыпты. Талдықорған маңындағы аудан орталықтарының біріне Розаның атынан біреулер барып, аудандық мәдениет үйімен концерт өткізу туралы келісімшарт жасасып, билеттер беріп кетеді. Біраз уақыттан кейін сатылған билеттердің ақшасын барып алады. Ал концерт жақындағанда әлгі алаяқтар телефондарын өшіріп тайып тұрған. Осы оқиғадан кейін мәдениет үйінің басшылығы Розаның өзіне хабарласады. Әрине, әнші концерт туралы білмейді де.

Дәл осы секілді оқиғалай талай әншінің басынан өткен. Сондай-ақ кейбір алаяқтар әншілермен келісімшарт жасасқанда қаламақысын, жол ақысын, көрсетілетін қызмет түрлерін түгел өз мойындарына алатындарын айтып, әншінің келісімін алғаннан кейін тура концерт болатын күні сөздерінде тұрмайтындары жиі кездеседі. Бұған ашуланған әншілер концерт беруден бас тартады. Ал ортада қарапайым халық зардап шегеді. Осындай жағдайға 2011 жылы Ақтөбеде концерт берерде Әлішер Кәрімов тап болған еді.

Осы орайда еліміздің түкпір-түкпіріндегі мәдениет ошақтарына «сақ болыңыздар!» дегіміз келеді. Әншінің атынан келген продюсердің алаяқ емес екеніне көз жеткізуге тырысыңыз, келісімшарт жасасуда әншінің мөрін сұраңыз.

Жалпы атақты адамдарды пайдаланып табысқа кенелу барлық елдерде бар алаяқтық түрі. Тіпті атағы жер жарған Мадонна секілді әншілер де талай алаяққа алданған көрінеді.

Мамандардың айтуынша, өзінің бағасын білетін өнер иелері кез келген іс-шараға шақырту алғанда ұйымдастырушыларға алдымен өздерінің талаптарын қояды. Мысалы, атақты ресейлік әнші Филипп Киркоров қай жерге барса да оны жол полициясының инспекторлары күтіп алады, ол ұшақ трапынан түсе сала ақ лимузинге отырады, өзінің жанындағы музыканттарына мерседес маркалы автобус сұрайды. Ең қымбат қонақүйлердегі президенттік нөмірлерге ғана тоқтайды. Ол өзінің ішіп-жейтін асына қатты мән беретінін соншалық, жеке аспазын ертіп жүреді екен.

Ал біздің елдің әншілері, өнерпаздары әлі мұндай құрметке ие бола алмаса керек, біз бір әншінің немесе белгілі адамның атағы сәл шығып бара жатса аяғынан шалып, оның сүрінгеніне мәз боламыз. Жәйі келсе, әншіңді де, қалың халықты да алдап соғамыз!!! 

http://alashainasy.kz/culture/52223/

Рубрика: