Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов бастаған қазақстандық делегация Мысыр Араб Республикасынан оралды. Каирде өткен Ислам ынтымақтастық ұйымының XII саммитінде Е.Ыдырысов ислам әлемін­де қалыптасқан жағдай: қанды қақтығыстар мен саяси шиеленістерді шешудің «қазақстандық» жолын көрсетіп, бірқатар бастамаларымыз­ды жариялады. Ұйымға мүше 57 мемлекет ол ұсыныстарды қолдады.

 

Саммит Қазақстанның бастамаларын қолдады

Бүгінде мұсылмандар арасындағы көптеген текетірестер, көп жағдайда сырт­қы күштердің ықпалымен болатын­дығы белгілі. Халық осыны жете түсінбей жата­ды. Сондықтан елдің білімін барынша кө­тер­ген абзал. Ал жұмыссыздық мәселесін шешудің арқасында қоғамның тұрақтылы­ғы мен  тыныштығын сақтауға болады. Саммит барысында Е.Ыдырысов барша мұсылман үмбетіне Қазақстанның Президенті Н.Назарбаевтың осы идеясын жеткізуге тырысты. «Ел ішіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін, ең алдымен, қарапайым халықтың қажеттілік­терін ескеру керек. Ислам әлеміне даму мен  жаңғырудың жаңа стратегиясы қажет. Ал жаңғыру процесі кезінде жасампаз еңбек үшін тиісті жағдай жасалуы шарт. Халықтың энергиясын дұрыс арнаға бағыттаған дұрыс. Әйтпесе, кез келген ұлт жалған лозунг пен ұрандардың құрбанына айналады», – деді министр. Осы сөздер Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет басшыларына ой салды. Саммит кезінде олар Қазақстанның барлық бас­та­маларын тағы бір мәрте қарап, бұған дейін айтылған ұсыныстарға қолдау біл­дірді.

Ерлан ЫДЫРЫСОВ, ҚР сыртқы істер министрі:

– Негізі, Қазақстанның Ислам ын­ты­мақтастық ұйымының сыртқы істер министрлері кеңесінің төрағалығы кез­інде біз біраз ұсыныстар жасаған бола­тынбыз. Ұйымға мүше мемлекеттер оның барлығын сол кезде және осы жолғы саммит кезінде қолдады. Оның ішінде Ислам ынтымақтастық ұйымы­ның азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі штаб-пәтерін Астанада құру, сол жерде ұйымның аймақтық өкілділігін ашу, Адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссияны жасақтау, Орталық Азия бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеу сияқты нақты ұсыныстар бар. Биыл Қазақстанда біз адам құқықтары мәсе­ле­сі бойынша арнайы отырыс өткізіп, Орталық Азия және Ислам ынтымақтас­тық ұйымына мүше мемлекеттер үшін инвестициялық форум ұйымдастыра­тын боламыз. Жалпы, осы жолғы сам­мит­­ке қатысушы елдер біздің біраз ұсыныстарымызға қолдау білдіріп, оның барлығын қорытынды құжатқа енгізді. 

Шынымен де, Ислам ынтымақтастық ұйымының XII саммитінде Қазақстанның біраз ұсыныстары қолдау тапты. Атап айт­қанда, Ядролық қару-жарақсыз әлем дек­ларациясын қабылдау, Орталық Азияда ядролық қару-жарақсыз еркін аймақты құру, Ислам ынтымақтастық ұйымының азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі институты­ның штаб-пәтерін Астанада ашу, Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық байланыс­тарын дамыту туралы ұйымның іс-шаралар жоспарын іске асыру сияқты бастамалар сам­миттің қорытынды коммюникесіне енді. Сондай-ақ Ислам ынтымақтастық ұйымы­на мүше мемлекеттер «G-20», Астана эко­но­микалық форумы және EXPO-2017  сияқ­ты халықаралық шараларға белсене қаты­суға ниет білдірді. Осының бәрін Е.Ыд­ы­рысов Мысыр, Ауғанстан, Индонезия, Иран, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан және Түркияның сыртқы істер министрле­рімен өткізген кездесулер кезінде кеңінен талқылап шықты.

Каирде көрген-білгеніміз…

Африка құрлығындағы ең ірі шаһар – Каир халқының саны 17-19 млн деп ай­тыл­са да, ол жерде тіркелмеген және күн­делікті жұмысқа келетіндерді есептегенде, адам саны 29 миллионға дейін барады. Көше­де бірде-бір бағдаршам жоқ.

Бізді таңғалдырған тағы бір жайт, жергілікті халық баспананы өз қолымен салады. Әлбетте, 29 млн адамның барлы­ғы­на баспана салып беру қиын. Содан болар, қала басшылығы бұл мәселені жер­ді жаппай сату арқылы шешіп отыр. Алайда жер учаскесін сатып алып, жалғыз коттедж салуға болмайды. Ол жерде кәдімгідей көпқабатты тұрғын-үй бой көтеруі шарт. Әрбір азамат пәтерді өз қолымен салады, я болмаса, арнайы құрылысшылар брига­дасын жалдап, үйдің қабырғасын құйып, төбесін жабады. Каирлықтар, көбінесе, құрылысшылардың көмегіне жүгінеді. Ондай құрылыс нысандарының нақты «мерзімі» жоқ: тапсырыс түскен сайын бір қабаттың үстіне тағы бір қабат құйылып, пәтерлер салына береді.

Каирде тұратын халықтың 90 пайызы – мұсылмандар, оның ішінде сүнниттер.  Мысырлықтар қыз-келіншектерге телміріп қарағанды ұнатпайды. Біз қаланы аралап жүрген кезде, делегация құрамында бол­ған бір оператор көлік кептелісін түсіремін деп бейнекамерасын терезеден шығарып еді, дәл жанымызда тұрған мәшинеден ер адам атып шықты. Айқай-шу көтеріп, доқ көрсете бастады. Сөйтсек, бізбен қатарла­сып тұрған көлікте хиджаб киген екі қыз отыр екен. Жаңағы еркек бізді сол қыз-келіншектерді түсіріп жатыр деп ойлаған болуы керек, өзіне «жақтас» іздеп, мәши­не­мізді төңкеріп кете жаздады. Абырой болғанда, көлік кептелісі сейіліп, барлығы өз жөнімен кете барды.

Жалпы, Мысыр халқының бүгінгі жағ­дайы мәз емес: жұмыс аз, халықтың әл-ауқаты төмен. Ал екі жылға созылған ре­волю­ция «жұдырықтың үстіне жұдырық» болып, халықтың қабырғасын қайыстыр­ды. Осының салдарынан туристер ағыны азайып, ел экономикасы құлдырай баста­ды. Оны біз Мысыр пирамидаларына бар­ған кезде байқадық. Бұл жерде жол нұс­қаушы қызметкерлердің саны турис­терден екі есе артық. Ал түйе мінген бәдәуи­лер мен кәдесый ұстап жүрген алыпсатар­лар әрбір туристі қаумалап, кез келген жолмен ақша шығарып алуға тырысады. Олардың біреуі Мысыр халқының өз жеріне турис­тер­дің көптеп келген кезін сағына еске ала­тын­­ды­ғын жеткізді.

Автор: Арман АСҚАР, Астана – Каир — Астана

 

http://alashainasy.kz

Абай ОМАРОВ (коллаж)

 

Рубрика: