АЛТЫНОРДА
Новости

Иранда Роуханиді қаралайтын фильм шықты

Иран президенті Хассан Роухани. Фильмде Роухани — Иракпен ымыраласқан «бітімгер», «Шайтанның қаруына» қол жеткізу үшін америкалық тұтқындарды босатып жіберген «мәмілегер», еуропалықтарға жағыну үшін Иранның ядролық бағдарламасын «қателесіп» тоқтатып қойған «келісімпаз».

Бұл шынайы фактілер ме, әлде Иран президентінің өткен өміріндегі оқиғалардың өңін айналдыру әрекеті ме?

«БОЯМАСЫЗ БЕЙНЕ»

Жақында Иранда жарық көрген «Мен Роуханимін» атты деректі фильмде елдің қазіргі президентінің 1980-1990 жылдардағы саяси әрекеттері баяндалады. Фильм авторлары «Роуханидің ешбір боямасыз объективті портретін сомдауды мақсат еткендерін» айтады.

Сәуірдің 27-сі күні деректі фильмнің режиссері Массумех Набави жартылай мемлекеттік Mehr ақпарат агенттігіне сұхбат беріп: «Жұрттың көбі президентті дұрыс танымайтын сияқты, бұдан түсініспеушілік туады ғой» деді.

Фильмді жұртқа белгісіз Shafagh multimedia group продюсерлік орталығы түсірген, ал оны таратумен елдегі аса ықпалды орган – Ислам революциясы сақшылары корпусымен байланысы бар дейтін компаниялар айналысып жатыр.

Осыған қарап, бұл туындының шынайылығына күмән туады. Роуханидің жақтастарының айтуынша, деректі фильмде Иран президенті туралы жалған ақпарат беріліп, тарихи фактілер бұрмаланған.

Тегеранда тұратын саяси сарапшы, профессор Садедх Зибакалам Etemad басылымына сәуірдің 28-і күні шыққан мақаласында фильмді «Роухани қарсыластарының моральдық азғындауының белгісі» деп атады.

«Фактілерді бұрмалаудың негізгі әдістерінің бірі – оқиғаны кіріспесіз және қорытындысыз беру немесе контексін көрсетпеу» деп жазады Зибакалам.

Деректі фильмде «Роуханидің қатаң саясатты қолдайтын революционер болып жүріп, кейіннен Ислам республикасы жауларымен ымыраласуға дайын тұратын прагматик саясаткерге айналғаны» баяндалады. Бұған қоса, ол Ислам республикасының негізін қалаған Аятолла Рухолла Хомейнидің өсиетіне немкетті қарайтын адам ретінде сипатталады.

ВИДЕО: «Мен Роуханимін» фильмі

«ЖҰРТТЫ РОУХАНИДЕН ЖИРЕНТУ»

Фильм авторлары Роуханиді жақтайтын, яғни либерализмді көбірек қолдайтындар мен консерваторларды оған қарсы қоюды мақсат тұтқан сыңайлы.

Өткен айда Тегеран университетінде фильмнің тұсаукесері өтті. Ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, бұл фильм CD форматпен де таратылып, интернетке де жарияланған.

Фильмдегі деректерге қарағанда, сол кездегі парламент спикері Акбар Хашеми Рафсанжани сол кезде Иран үкіметінің сыртқы істер жөніндегі кеңесшісі болған Хассан Роуханиден АҚШ президенті Рональд Рейганның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Макфарлейнмен өтетін келіссөздерге қатысуды өтінген.

​Келіссөздер АҚШ-та Iran Contra деп аталып кеткен даулы іс төңірегінде жүргізілген. АҚШ қару эмбаргосына қарамастан, 1980 жылдардың ортасында Иранға қару-жарақ сатқан. Оның есесіне Тегеран Ливанда кепілге алынған америкалықтарды босатуға көмектесуі керек болған. Қару сатудан түскен ақша Никарагуаның социалистік үкіметімен соғысып жатқан Contra жасақтарына жөнелтіліп отырған.

Иран парламенті спикері Әли Ларижани.Иран парламенті спикері Әли Ларижани.

Иранның лауазымды тұлғалары мен Макфарлейннің және АҚШ қауіпсіздік кеңесі өкілдерінің арасында мұндай құпия келіссөздердің өткендігі құжат жүзінде расталған және оған Роуханидің қатысатыны күні бұрын келісілген.

Алайда Иран парламентінің спикері Әли Ларижани фильмдегі бұл фактілерді жоққа шығарды. Сәуірдің 27-сі күні берген сұхбатында спикер: «Олар президентті Макфарлейн ісіне қатысты деп айыптаған. Бұл – шылғи өтірік» деді. Оның айтуынша, «бұл келіссөздерде Роуханидің ешқандай рөлі болмаған, бұл кездесулерге шын мәнісінде кімдердің қатысқанын жұрттың бәрі біледі».

«ЖАУМЕН ДОСТАСҚАН РОУХАНИ»

Фильмде «Хомейни Иракпен арадағы ұрысты тоқтату туралы келісімге үзілді-кесілді қарсы болып отырған кезде Роухани Иракпен бітімге келу жөнінде астыртын келіссөздер жүргізіп жатқан» деген дерек айтылады.

Фильм 2013 жылы билікке келгелі байсалды саясаткер ретінде танылған Роуханиді армиядағы әйелдерге хиджаб киюді міндеттейтін заңды бекітуге үлес қосқан керітартпа консерватор етіп те сипаттайды.

Армияның түрлі бөлімшелерінде қызмет ететін әйелдердің арыз-шағымдарына қарамастан, «бұл істе қатаң позиция ұстандым» деген Роуханидің сөзі дәйек ретінде келтірілген.

"Басидж" милиция жасағының мүшесі стадиондағы жұртқа доқ көрсетіп тұр. (Көрнекі сурет)«Басидж» милиция жасағының мүшесі стадиондағы жұртқа доқ көрсетіп тұр. (Көрнекі сурет)

Бұған қоса фильмде 1999 жылы, Иранның жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болып тұрған кезінде Роуханидің студенттер көтерілісін басып тастау үшін ел ішінде жаман аты шыққан «Басидж» халық жасағын пайдаланғаны туралы айтылады.

Фильм авторлары «Роуханидің 1999 жылы шілденің 14-і күні үкімет жақтастарының алдында тұрып сөйлегені шеруді тоқтатуға себеп болды» дейді. Фильмдегі дауыс «Иранның болашақ президентінің архивтерден жұмбақ жағдайда алынып тасталған осы бір аса маңызды сөзі үкімет пен халықтың бүлікті басуда ауызбіршілік танытқанын айғақтайтынын» айтады.

РОУХАНИ «ҚАТЕЛІГІ»

Фильмде Роуханидің саяси карьерасының басқа да маңызды тұстары сөз болады. Мәселен, ол реформашыл президент Мұхаммед Хатамидің қарамағында жұмыс істеп жүрген кезінде Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздерді басқарады. 2003 жылы Роухани Еуропа Одағы елдерімен келісімге келіп, соның нәтижесінде Тегеранның уран байыту бағдарламасы біраз уақытқа тоқтатылған.

Фильмдегі мәтінді оқыған диктор: «Иран қателік жасағанын кейін түсінді. Бірақ тым кеш түсінді. Иранның ядролық жұмыстары 21 айға тоқтап қалды, бірақ бұл ерікті түрдегі кідірістің өзі МАГАТЭ-нің Иранға қарсы қарар қабылдауына тосқауыл қоя алмады» дейді.

Иран президенті Хассан Роухани Ұлттық әйелдер форумында сөйлеп тұр. Тегеран, 20 сәуір 2014 жыл.Иран президенті Хассан Роухани Ұлттық әйелдер форумында сөйлеп тұр. Тегеран, 20 сәуір 2014 жыл.

Роухани бір сағаттық фильмге қатысты тікелей пікір айтқан жоқ. Бірақ Роуханиге жақын ақпарат көздеріне сілтеме жасаған Иран ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, ол «деректі фильмнің кейбір тұстары шындыққа сай келмейді» деген пікір айтқан.

Сәуірдің 29-ы күні Иранның мемлекеттік телеарнасынан тікелей эфирде сұхбат берген Роухани: «Біздің жетістіктерімізді көре алмайтындар үкіметті өз жолынан жаңылдыру үшін өтірік пен өсек таратып жатыр. Біз конструктивтік сынды қабылдаймыз. Өсек-аяң таратушылар Иранның ұлттық мүддесіне қарсы жұмыс істеп жатыр. Көп достарым сұрақ қойып, телефон шалып, хат жазып жатқан соң ғана [үкіметке] күйе жағып жүргендер жөнінде жауап берейін деп шештім» деді.

Роухани билікке келгелі бері қатаң саясатты қолдайтын консерваторлар оны «Батыстың қысымына шыдамай, либералдық құндылықтардың жетегінде кетті» деп айыптап келеді.

(Гүлназ Эсфандияридің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей).

http://www.azattyq.org/content/iran_documenting_rohani/25370102.html