Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

лллШынын айтқанда, бұл – өте күрделі мәселе. Сырттан 4-5 пайызбен жеңіл қарыздарды күреп тұрып алған банктер, оны елдің ішіне 20-25 пайызбен жұртқа үлестіргені бүгінгідей көз алдымызда. Солай олар байыды да.

Жалғыз баспанасын ипотекалық несиеге алғандардың басым бөлігі оны жаба алмай, зар илеуде. Олар  екінші деңгейлі банктердің есік алдын тоздырып,  алған  несиелері бойынша негізгі қарыздың 50-70 пайызын, сонымен қатар өсімақы мен сыйақылық пайызды  жауып тастауды сұрауда.

Шынын айтқанда, бұл – өте күрделі мәселе. Қайтарылуы қиындық тудырып тұрған ипотекалық несиелер сонау 2006-2008 жылдары алынған қарыздар. Сырттан 4-5 пайызбен  жеңіл қарыздарды күреп тұрып алған банктер, оны елдің ішіне 20-25 пайызбен жұртқа үлестіргені бүгінгідей көз алдымызда. Солай олар байыды да. Заман  өмірбойы осылай «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған замандай» болып тұрады деп ойлап қалған жұрт та ертеңін ойламай,  оңды-солды таратылған  несиеге суатқа бас қойған жылқылардай лап  берген болатын. Алды-артын ойламай, алдағы он-он бес жылына  шолу жасап, өздеріне-өздері есеп бере алмаған жұрт бүгінде  жалғыз баспанасынан айырылып қалу қаупімен күн кешуде. Яғни, ішкендері ірің, жегендері желім. Бұған кім кінәлі,  қарыз алушының  болашақтағы төлем қабілетін зерттемей несие берген банктер ме, әлде өзінің шамасын білмей, басын қамытқа тыққан жұрт па? Бұл сұраққа нақты жауап беру мүмкін емес.

– Бұл жерде ипотекалық  несиесін жаба алмай, қарызы басынан асып кеткендерге  дұрыс ақыл айтып, жөн көрсете қою мүмкін емес. Себебі ипотекалық несиенің  негізгі  қарызының жартысына жуығын  жауып тастауға банктердің құлықты емес екендігін түсіну де керек. Кезінде берілген  қарыздарды бүгінгі  банктердің акционерлері не үшін біз жабуымыз керек  деп те ойлайды. Өздеріңіз білесіздер,  2006-2008 жылдардағы қаржылық дағдарыстан кейін банктердің акционерлері де өзгерді. Бұл мәселеде бір ғана болар-болмас  үміт бар,  Үкімет кепілдікке қойылған жалғыз баспанасы барларды сол отырған пәтерінен  шығарып тастамаудың амалын қарастыруы тиіс. Ал қарыздарының 50-70 пайызын жапқызып тастауға Үкімет те, басқа да  бұйрық бере алмайды.  Өйткені ол банктердің  өзінің қожайындары бар. Егер банк қожайындары  қарыз иелерімен ортақ бір келісімге келіп, мәселені шешіп жатса жақсы, олай болмаған күнде  ешкім де араға түсе алмайды, – дейді  белгілі қаржыгер, экономика ғылымдарының докторы Ғалым Байназаров.

Өтіп бара жатқан жылдың тамыз айында проблемалы борышкерлер  12 банкке «Екінші деңгейлі банктер мен  қоғамдық бірлестіктер арасындағы ынтымақтастық  туралы меморандумға» қол қоюды ұсынғаны белгілі. Ондағы негізгі талап, жоғарыда айтып кеткеніміздей,  несие бойынша негізгі қарыздың 50-70 пайызын, сонымен қатар бұрынырақта қосылған өсімақы мен  проблемалық несиелер бойынша сыйақыларды  жабу болатын. Бұл ұсынысқа  12 банктің жартысынан азы ғана келісім беріп, ертеректе берілген ипотекалық несиелерге өзгерістер енгізуге ыңғай танытқан сыңайлы. Бұған да  шүкіршілік дейтіндей жағдай. Себебі олардың да  бізге ешкім  бұйырып, төбемізден тоқпақтап  бұйрық бере алмайды, сондықтан қасарысып, өз  алатынымды аламыз деулері әбден мүмкін еді. «Нұрбанк», «Цеснабанк» және «Сбербанктің» еншілес банкі. Борышкерлердің жағдайын түсініп, қалай болғанда да қашпаған сиырдың уызын күтіп отыра бергеннен ештеңе шықпайтынын, беретіні жоқ адам жоқ қаржыны  бәрібір тауып бере алмайтынына мойынсұнған банктердің бұл қадамы шынында да  сүйсінерлік екенін айта кеткен ләзім.

Қалған банктердің көңілінен  меморандум пункттерінде көрсетілген талаптар шықпаған. Оларды да жазғыра алмайсыз. Олар кезінде берген  несиелерін  келісілген  күйінде қайтарғанды жөн санайды.

– Банктер мен Үкіметті кінәлай беру де жөн емес. Себебі  банктер несиелерді халықтың депозиттеріндегі қаржыдан берді. Яғни, ол халықтікі, оның тең жартысынан көбін жауып тастай алмайды. Бұл арада  ипотекалық несие борышкерлерінің алға тартар бір ғана мәселесі бар. Ол – Үкімет 2006-2008 жылдары банктерді сырттан алған қарыздарынан құтқарды, бізді де құтқарсын. Бір жағынан қарағанда  бұл талап та қисынды секілді көрінуі мүмкін. Мемлекеттің коммерциялық  банктерге қол ұшын беруінің  негізгі себебі –  оларды банкроттықтан құтқарып қалу болды. Егер сол жылдары  банктер банкрот болып кетсе, қазақстандықтардың депозиттердегі  қаржысы күйіп кетер еді. Ал халық банктерді емес, алдымен мемлекетті  кінәлайтынын белгілі. Өздеріңіз білесіздер, «ВалютТранзитбанк» банкрот болып, онда депозиті барлар күні бүгінге дейін  қаржыларын қайтара алмай, ел Үкіметін кінәлауда. Екіншіден,  қарыз берген шетелдіктер де қарызын қайтара алмай,  банкрот болып кеткен банктерді емес, мемлекетті кінәлайды. Олар үшін  қарызды Қазақстан банктері алды, яғни жауапты Қазақстан республикасы беруі керек  болып есептеледі. Осының бәрін ойластыра келе Үкімет  комбанктердің сыртқы қарыздарын қайта құрылымдауға қол жеткізіп, олардың 46 млрд доллар қарызын  бүгінде 11 млрд-қа дейін түсіріп берді. Сонымен бірге  оларға капитал құйды. Нәтижесінде, бүгінде  БТА Банк, Альянс банк, Темірбанк мемлекеттің  иелігінде. Ал Қазкомбанк пен Халық банкі  мемлекеттен алған қарызын қайтарып үлгерді. Ипотекалық несиені көп берген де  мемлекеттің бүгінгі иелігіндегі банктер. Олар үшін  борышкерлердің талабымен келісу  ауырлау екенін де сөз жоқ. Аталған банктер алдымен мемлекеттің құйған қаржысын қайтарып беріп, оның ықпалынан шығуға ұмтылады. Себебі олардың бүгінгі қожайыны – Үкімет. Ал Үкімет  несиелердің тең жартысын  жабу үшін құйған капиталының тең жартысын қайтара алмайды деген сөз.

Сондықтан бұл жерде бұған кінәлі қайсысы, борышкерлердің талабы заңды ма, жоқ па деген сауалға нақты жауап жоқ,  дейді сарапшы-қаржыгер Ілияс Исаев.

«Халықты  баспанамен қамтамасыз етіңіздер» атты қоғамдық ұйымның төрағасы Сұлубике Жақсылықованың айтуынша, Халық банкі барлық ипотека бойынша проблемалық борышкерлердің қосылған үстеме сыйақылық пайыздарын  жауып, тек негізгі қарызды қалдырған. Ал БТА Банк пен Қазком болса, бүлк етпейтін көрінеді.  Оларды  мәжбүрлеудің мүмкін еместігі жайында жоғарыда сарапшылар өз пікірлерін білдірді.

Халықты кінәлап, «Ннеге алды-арттарыңды  ойламай,  қарызға батасыңдар? Енді өздерің түскен ордан өздерің шығыңдар» деп қарап отыруға да болмайтыны белгілі. Шынын айтқанда,  жаппай несие беру гүлденіп тұрған жылдары халық та нарықтың талай тұзағы болатынын білмеді. Көбі нарықтық сауатсыздықтың құрбаны болып кетті десе де болады. Ұлттық банктің бұрынғы басшысы Марченко  Халық банкінің төрағасы болып жүрген кезінде-ақ ипотекалық несие жүйесі тек қалталы адамдарға арналғанын, оған қарапайым  адамдардың  қатысуының қажеті жоғын айтып, талай рет  шырылдағаны есімізде. Обалы не керек, ол тіпті өзінің де  ипотекаға тәуекел жасай алмағанын, қаржысын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» жинақтап жатқанын айтып,  халықты аталған банкке шақырған болатын. Ол жылдары жұрт оның бұл сөзіне мән бермеді ме, әлде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін» жарнамалап жүр деп ойлады ма, әйтеуір оның сөзіне ешкім құлақ қоймағаны рас.  Оның үстіне  ол банкке кемінде үш жыл қаржы салу керек, ал мына банктер  несиені бірден береді де, бірден баспаналы боламыз деген ой халықты алды-артына қаратпай алып кетті. Толқынға ілесе жөңкілген баспанасыздар баспаналы болуға ұмтылды. Нәтижесін бүгін көріп отырмыз. Бұл тек халықтың жаппай экономикалық сауатсыздығының ғана емес, банктердің де тек табыс табуға  ұмтылып,  алдағы уақытта не болатынына болжам жасай алмайтын мешеулігінің  көрінісі еді. 2005-2006 жылдары тәуелсіз сарапшылар тарапынан алда әлемдік қаржы дағдарысы келе жатқаны  жайында тала рет ескертулер де айтылғанын білеміз. Ондай ескертулер мен болжамдар біздің газетімізде күн құрғатпай жарияланып тұрды да. Өкінішке қарай,  оған құлақ асқан банктер де, халық та болмады.

Қарашаның 3-інде болған Мәжілістің жалпы отырысында  Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов: «Екінші деңгейлі банктердің қайтпай жатқан қарыздарын басқаратын еншілес ұйымдар құрылады. Ұлттық банк қарызды қайтару жолында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Проблемалық несие қорын, банктердің күмәнді активтерін тапсыратын еншілес ұйым құру секілді жұмыстар атқарылады. Банктерді осы жұмысқа тарту керек. Сондай-ақ, жыл соңына дейін қайтарымсыз қарызды кешіруге ынталандыратын салық жеңілдіктері енгізілген» деп мәлімдеді. Бірақ ол қордаланған қарызды бұл мекемелер қандай жолмен қайтаратынын ашып айтқан жоқ. Проблемалы  активтер проблемасын шешетін қорлардың құрылғанына да біраз уақыт болып қалды. Әйтсе де олар әзірге нақты бір  келісімге келе алмауда. Банктердің көпшілігі  портфелдерінде кепілдікке қойылған нысандарды  бүгінгі нарықтың емес, оларды кепілге алған кездегі бағамен сатқылары бар. Ал бүгінгі нарық болса,  арзандаған қазіргі бағамен алғысы келеді. Нәтижесінде тек банктер мен  ипотекалық несиелер борышкерлері ғана емес, банктер мен проблемалы активтер проблемасын шешетін қорлар арасында да текетірестер жүріп жатқаны байқалады.

Сонымен,  борышкерлер қойып отырған талап қаншалықты заңды деген сауалға жауап берудің өте күрделі екеніне көз жете түседі. Бұл жерде тек келісім, банк қожайындары мен борышкерлер ортақ мәмілеге келе отырып, екі жаққа да соншалықты залалын тигізе қоймайтын ең оптимальді шешімге тоқтауы тиіс.

Мұхаммеджанова Алма

http://www.aikyn.kz/articles/view/35336

Рубрика: