АЛТЫНОРДА
Новости

Индиго оқушылар дегеніміз кімдер?

Индиго оқушылар дегеніміз кімдер?Тылсым күш иелері ғана көре алатын аура барлық адамда бар. Оны бақсы-балгерлер, ерекше сезімтал адамдар ғана байқай алады. Аураның көлемін, формысын, түсін, жарығын өлшеуге арналған құралдар бар. Соңғы кездері ғалымдар мен балгерлер көк түсті аурасы бар адамдардың көбейіп кеткендігін айтуда. Әңгіме индиго түсті аура жайында болып жатыр.

80 жылдардың басында Америкада бұл феномен ерекше құбылыстардың қатарына кірген еді. Тіпті, соңғы жылдарда АҚШ-да дүниеге келген 90% балалардың индиго болып дүниеге келетіні анықталған.

Олар өзгелерден өзін жоғары ұстайтындығымен, «патша тағының» өзіне арналғандығын сезінетіндігімен ерекшеленеді. Олар өздеріне сенеді. Еш уақытта өздерін түсірмейді. Құдды өздері туралы тірі жан иесі білмейтін құпияны ашқандай.  Осыған орай, ұстаз Айжан Такирова өз пікірімен бөлісті: «Анасы 4 жасар баласынан бұл дүниеге не үшін келдің?» – деп сұрады. Бала: «Сізді жақсы көру үшін», — деп жауап қайтарды. Индиго балалардың ақыл-парасат деңгейі өте жоғары, жасы үлкен адамдарша пайымдай алады. Кейде ата-аналарынан да ақылды болады. Сырт көзге оларды осылай тәрбиелегендей көрінуі мүмкін. Мысалы, отбасылық қарым-қатынасты нығайта түсуде басымдылық танытады».

Олар табиғатынан кемел тұлға болып жаратылғандарына сенеді. Қиындыққа тап болғанда абыржып, артынша үнсіз қалады. Үнемі өзгелердің түсіністікпен қарамайтынына ашуланады. Жалғыздықтан шаршайды. Алайда еш уақытта өзгеге жағымпазданбайды. Ешкімнің жетегіне ермейді. Өзіне қарсы келген атақты адамдарды мойындамайды. Өзі ұнатпайтын іспен оларды айналысуға мәжбүрлеу өте қиын. Олар кезекте тұрғанды, бір нәрсені күткенді ұнатпайды. «Оралу» фильмінде индиго балаға мысал жақсы келтірілген.

Адамдар балалар кішкентай кезінде қалағанымызды сомдауға болатын саз балшықпен тең деп ойласа, индиго балалар жастайынан өзін-өзі жан-жақты дамытып үлгереді. Оларды өзгерту мүмкін емес. Сынға, ескерту сөзге назар аудармайды. Егер индигоға үлкендер қысым жасай беретін болса, олар қорғануға кіріседі. Есіңізде ме? Олар үшін ереже жоқ. Тіпті, өзін сүйреп сыныптан шығармақшы болған ұстазды қатты балағаттап, ұрып жіберуі мүмкін. Немесе жақсы көрген адамына ерекше ықылас танытып, оны барынша асқақтата алады.

Сыныпта отырған 30 баланың әрқайсысына жеке көңіл бөлуге көп ұстаз үлгермейді. ХХІ ғасырдағы тынымсыз тіршілікті ескерсек, ата-аналардың да баласын қадағалауға уақыттары бола бермейді. Сол себепті, Ли Кэрролл мен Джен Тоубердің «Индиго балалар» кітабынан алынған үзінді олардың шын болмысын өзгелерден оңай ажыратуға көмектеседі деген үміттемін.

Ли Кэрролл мен Джен Тоубер «Индиго балалар»:

Жеке тәжірибемде ата-аналардың баланы қалай тәрбиелеуге болатындығы туралы сұрақтарды көп естідім. Олар білетін тәсілдер жүзеге аспайды екен. Бұл адамның заман талабына сай өзгеріп отыратындығымен байланысты. Сондықтан, осы дүниеге ерекше мақсатпен келген индиго балалар туралы айтып бергім келеді.

Индиго балалар бұл әлемге кішкентайынан байқала бастайтын ерекше талантқа ие. Олар ұнатқан пәнін жоғары деңгейде меңгереді. Өзіңізбен жасты адамдай қарым-қатынас жасап, құрметтей білсеңіз, сізге ілтипатын білдіріп, ішкі сырын ақтаруға дайын тұрады. Бізге «аспан әлемі» жіберген хабарды түсіндіргісі келеді. Өкінішке орай, біздің санамыз бұл хабарды түсінетіндей дәрежеге жеткен жоқ. Олар ақиқат пен өмірдің мәнін іздеуге көмектеседі. Индиго балаларды өзгелерден көзі арқылы ажыратуға болады. Тұңғиық көздерінде данагөйлік байқалады.

Индиго балалар – жаңа психологиялық мінез-құлыққа ие жаратылыс. Осы қасиеттері ата-аналарының оларды тәрбиелеу тәсілін өзгертуді талап етеді. 10 жастан аспаған 90% бала индиголар қатарына кіреді.

Құрдастарыңыздың ішінде индиго балалар бар ма? Олардың мінез-құлқы туралы не айтасыз?

Сурет: ©Қанат Бейсекеев

http://massaget.kz/okushyilarga/jogargyi_syinyip/25516/