Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Қоғамға танымал саясаткер, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің арманы не? Елорданың ендігі даму бағыты қалай өрбиді? Қазақтың бас қаласына ағылған елге тосқауыл қойыла ма?
Астанадағы ең басты мәселе — баспана жайын түпкілікті шешудің жолы табыла ма? Міне, орталықтың тұрғындарын ғана емес, өзге де өңірдегілерді жиі мазалайтын маңызды сауалдарға кеше Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов жауап берді.
Осы орталықта кейінгі жарты жылдың ішінде барлық аймақ жетекшілері баспа­сөз мәслихатын өткізуді дәстүрге айнал­дырған еді. Кеше ұйымдастырылған әкім­дердің соңғы брифингіне 65 бұқаралық ақпарат құралынан 125 журналистің қа­тысуының өзі-ақ, елорданың ел өмірін­дегі ерек­шелігін білдірсе керек. Сонымен қалабасы Иманғали Нұрғалиұлы әдет­тегідей алды­мен орталықтың эконо­микалық екпінінен хабар беретін қызықты цифрларды мә­лімдеді.
Былайғы жұрт астаналықтардың ай­лы­ғы жоғары деген сөзді жиі қайталайды. Алайда дәл қазіргі кезде астаналықтардың орташа жалақысы өткен жылға қарағанда 15 пайызға артып, 165 мың теңгеге енді жетті. Сырттағы елдің елордаға қарап елеңдеп, екі қолға бір күрек табу үшін алыс­тан ат арылтып келетіндігі бар. Өйт­кені өзге жаққа қарағанда орталықта жұ­мыс мол деп ойлайтындығы белгілі. Ра­сын­да да, тек ағымдағы жылдың өзінде 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашы­лыпты.

Дегенмен оның 12 мыңы шағын және орта бизнес саласына тиесілі. Жалпы, бас қалада биз­нес бұрынғыға қарағанда қарқын ала түссе керек. Атап айтқанда, тек биыл шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың нәтижесінде олардан өндірілетін өнімнің көлемі алғаш рет 1 трлн 100 млрд теңгені құрапты. Индустрия­лық-инновациялық даму бойынша жалпы ба­ғасы 87 млрд астам теңгені құраған 19 ин­вес­тициялық жобаның жұмысы жолға қойы­лып, үш мың адам тұрақты кәсіп тапқан. Кә­сіпкерліктің еңсе көтеруіне орай аталған са­ладан шаһар қазынасына 600 млрд теңге са­лық түсіп отыр. Республиканың ортақ қа­за­нына қаржы құятын донор өңірлердің төрт­тігіне кіретін Астана 2015 жылы ол жаққа 7,5 млрд теңге аудармақшы. Ал 2016 жылдан бас­тап соманың көлемін 17,3 млрд теңгеге кө­тер­мекші.
Жақсы өмірге жұрттың барлығы қызығады. Бәлкім, содан шығар биылғы жылы Астанаға ағыл­ған халықтың қарасы тіптен қалың. – Жыл сайын сырттан келушілердің есебінен қа­ла тұрғындарының қатары 50 мың адаммен толығатын еді. Ал биыл 80 мыңға көбейіп отыр, – дейді Иманғали Тасмағамбетов. Мә­се­лен, Халыққа қызмет көрсету орталықтары жыл басынан бері басқа облыстан көшіп келген 101 мың 283 азаматты тіркеуге қойса, есесіне, 22 мың 747 адамды тізімнен шығарған. Айыр­ма 78 мың. Әрине, мұның барлығы орта­лық­та әлеуметтік ахуалды күрделендіріп, жаңа проблемаларды көлденең тартары анық.
Расында да, ресми мәліметке қарағанда елор­дада 6 жасқа дейінгі 110 мың сәби бар екен. Ал кейінгі төрт жылдың өзінде 80 ба­ла­бақ­ша соғылғанның өзінде, барлық бөбек­жай­лардың сыйымдылығы 32 мың орынды құ­райды. Сондықтан да әкімдік 2014 жылы 10 мектеп пен 14 балабақшаны іске қосуды жос­пар­лап жатыр. Жалпы, 2020 жылға дейін тағы да 100 бөбекжай салу жобасы бар. Олай ет­песке тағы болмайды. Тек биылдың өзінде ша­һарға мектеп жасындағы 5 мың бала кел­ген. Бұл дегеніңіз қосымша 5 мектепті қажет ете­тіндігі сөзсіз. Айтпақшы, таяуда үкіметтік дең­гейде елордаға ағылған елді тоқтату жайы кө­терілгені белгілі. Орталықтың халқын 1 мил­лионнан асырмауды жоспарлаған биліктің мұндай қадамы ел ортасында әлеуметтік ки­кілжіңдерді де тудыруы әбден мүмкін. Өйткені қалаға келтірмеудің жолы ретінде «тіркеуге алыну үшін осында 5 жыл тұру керек» деген та­лап тіптен орынсыз екендігі көрініп тұр. Тас­мағамбетов күрделі жайтты тағы да ойла­нып шешу керектігін жеткізді.
– Астананың ең өзекті мәселесінің бірі – жер мен баспана, – деген қала әкімі келесі қиын­дықтың жайын тарқатты. – Елорданың жал­пы аумағы бүгінде 71 мың гектар. Мұның 14 мың гектары кезінде жекеменшікке тара­тылып кеткен. Алайда ауқымды аймақты 10 жыл бұрын алса да игермеуіне байланысты мә­селе көтеріліп, Елбасының тапсырмасымен прокуратура тексеріп жатыр. Әзірге оның екі мың гектары мемлекеттің қорына қайтарылды. Қалғандары да өз шешімін табуы тиіс. Егер ол учаскелерді иеленгендер инвестиция салып, мезгілінде игермесе, міндетті түрде мемлекетке алынады. Ал Астананың аумағынан 10 со­тық жер телімін алуға тілек білдірушілердің қа­тары 100 мыңнан асып түсті. Бас жоспарға сәй­кес 2025-2030 жылға дейін беруге мүмкіндік бар жер­дің көлемін 10 сотықтан есептейтін бол­сақ, тек 15 мың адамға арналған. Бұл 15 мың учас­ке­ні халыққа қазір де бөліп беруге бо­лады. Бі­рақ та  бұл жер телімдерінде жол жоқ, құ­быр­лар тартылмаған. Мұны тарту үшін қо­сымша 150 млрд теңге қажет. Бізде әзір ондай қаржы жоқ. Оның үстіне қаладан 30 шақырым­дық қашықтықта жеке үй салуға жер беруге тыйым салу туралы Елбасының тапсырмасы бар. Өйткені қалаға жақын жерлерге үй салынып, ауылдар пайда болып жатыр. Бірақ бұл ауылдарда не жол жоқ, не электр қуатымен қамтамасыз етілмеген. Ең бастысы, бұл жер­лерде жұмыс орны жоқ. Сондықтан барлығы қалаға келіп жұмыс істеуге ұмтылады. Осын­дай қолайсыз шағын ауылдарда өмір сүру және тұрғындарды орналастыру тіптен тиім­сіз.
Бұл қалабасының жерге қатысты жауабы. Ал көпқабатты үйлерге келер болсақ, елордада өз талаптарына сәйкес іріктеуден өтіп, тұрғын үй кезегіне тұрғандардың өзі 28 мың адамды құ­райды. Бұдан бөлек әкімнің мәлімдеуінше, жалпы елордада 175 мың адамның пәтерге мұқтаждығы бар. 2013 жылдың өзінде 1 млн 200 мың шаршы метр пәтер пайдалануға бе­рілген. Жалпы, 15 жылдың ішінде 12 млн  шар­шы метр баспана таратылып, 18 мың отбасы яғни 60 мың адам жаңа жайға қо­ныс­танған. Аталған бағытта үкіметтік деңгейде қабылданған бағдарлама бар. Ендігі пәтермен қамту жайы сол талаппен жүретін болады. Бұдан бөлек әкімдік қала аумағындағы әбден ес­кіріп, құлауға айналған ескі үйлерді бұзу жөніндегі пилотты жобаны да жүргізуде. Соған сәйкес 2020 жылға дейін 1 млн шаршы метр тұрғын үй соғылып, оның 250 мыңына апат­ты баспананың иелері көшіріледі. Үсті­міздегі жылдың өзінде 314 пәтерлі 3 тұрғын үй тапсырылған. 2017 жылы тағы да 228 ескі үйді сырып тастап, 3519 отбасыға жаңа баспана сыйлау жоспарға енгізіліпті.
Астананың өзі өркениеттің орталығына айналғанымен қаладан қарға адым жерге шық­саңыз, сұрқай көріністегі ауылдарға енетіндігіңіз шындық. Не жолы, не суы жоқ, не мектеп пен ауруханаға жарымайтын елді мекендерді дамыту үшін Үкімет елорданың іргесіндегі екі облыспен келісімге келіп, осы төңіректегі 80 ауылды қаланың есебіне қосты. «Астананың 60 шақырым қашықтықтағы 80 ауылда 156 мың адам тұрады. Алайда олардың кейбірі Қарағанды облысына, ал кейбірі Ақмола облысына қарайды. Өкінішке қарай, аталған ауылдарды қазір коммуникациямен, жолмен, әлеуметтік мәселелермен, яғни ба­лабақшамен қамтамасыз ету менің құзырымда емес. Бұл екі облыстың шаруасы. Мен оларды ысырып тастап отырған жоқпын, өйткені ауылдарда тұратын халықтың барлығы Аста­нада жұмыс істейді. Көбісі қалада балаларын оқытып, денсаулық сақтау мекемелерінде ем қабылдайды. Сондықтан бұл бағытта арнайы бағдарлама қабылданды. Қазір бұл ауылдарда халық саны 156 мың болса, орта есеппен 250 мыңға дейін өсуіне жағдай жасалады. Ал қа­лаға нақты қосылған 20 ауыл бар. Осыдан үш жыл бұрын мәслихат қабылдаған шешімге сәй­кес, аталған ауылдардың күрделі мәселе­ле­рін шешу назарға алынды. Бүгінде 6 ауыл­да­ғы мәселелер толықтай шешілді, ал басқа­ла­рында қаражатқа байланысты жұмысымыз жүріп жатыр» дейді Иманғали Тасмағам­бетов.
Брифинг барысында әріптестер белгілі әкім­нің белгісіз қырлары да қозғалды. Жеке ар­маны, қайда тұратындығы, әлеуметтік ахуа­лы сұралды.– Жеке арманым – балаларым мен немерелерімнің аман-сау өсіп, жетілгенін көру. Ал мемлекеттік қызметкер ретінде ата-ба­­балар армандаған тәуелсіздіктің мәңгілікке жал­ғасқанын қалаймын, – деген Тасмағам­бетов, жеке тіршілігін де жасырмады. – Әкім­дердің жалақысы жалпы бір ғой, яғни 650 мың теңге кө­лемінде аламыз. Астанада жұмыс іс­теп жат­қа­ныма бес жыл болды. Келген кездегі маған тиген «Audi» маркалы қызметтік көлік­пен жүремін. Сондай-ақ «Lexus» маркалы жол тал­ға­майтын көлік бар. Елордада пәтерім бол­ған, алайда қызмет ауыстырып келгенде үш жыл бойы жер үй жалдап тұрдым. Алматыда үйім бар, соны сатып осында жеке үй салып алдым.
Мүмкіндікті пайдаланған тілшілер соңғы кездері әкімдіктен ақпарат алдыртудың тым күрделеніп кеткендігін де жеткізіп үлгерді. Әрбір ескертпеге мұқият қарайтын әкім Жаңа жыл­дан соң әр ай сайын барлық басқарма бас­шыларын бір кабинетке жинап, журна­листермен жолықтырып, сауалдарына жауап бергізетінін жеткізді.

Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ, Астана

 

Рубрика: