Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

photo_56156Ауыр атлетика қазақ үшін соңғы Олимпиадада алтынды «күреп» алған спорт түрі болды. Бұған дейін спорттың бір ғана түрінен бір Олимпиадада төрт алтын алып көрмеп едік. Кеңес Одағының тұсында да бір спорттың түрінен үш алтыннан артық алмағанбыз…

Юрий Зайцев, Виктор Мазин, Анатолий Храпатый сынды тарланбоздарымыз Олимпиада алтынымен апталған спорт түрінен Лондон Олимпиадасында төрт алтын медаль олжалап, бөркімізді аспанға атқанбыз. Ешкімге ұқсамайтын тума талант Илья Ильин Бейжің және Лондон Олимпиадаларында теңдессіз болғанын білесіздер. Лондон төрінде, сондай-ақ сырттан әкелген үш қызымыз да сенім үдесінен шығып, еліміздің мерейін өсірген.

Екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған Илья Лондондағы ерен жетістігінен кейін 94 келі салмақтан 105 келіге ауысатынын мәлімдеді. Бірақ чемпион жігітіміз өзіне демалыс жариялап, зілтемірді біразға дейін көтермей жүрді. Ал биыл жаттығуға қайта кірісті. Өйткені қараша айында Алматыда әлем чемпионаты өтеді. Батыр жігітіміз осы додада топ жаруды көздеп отыр.

Ильяны биыл біз Алматыдағы Анатолий Храпатыйды еске түсіруге арналған турнирде көрдік. Ол бұл жарыста 105 келіден ауыр салмақта 424 келіні бағындырып, екінші орын алды. Бұл салмақта бірінші орынды Ибрагим Берсанов иеленді. Оның көрсеткіші – 429 келі. Аса ауыр салмақта топ жарған Ибрагим Берсанов 429 келі жинап, қоссайыста, жұлқа және серпе көтеруде Қазақстанның рекордын жаңартты. Ильин әлі де спорттық бабына толық ене қоймаса да, алғашқы көрсеткіші өзінің де, өзгелердің де көңілінен шыққан сияқты.

– Спорттан екі жыл қол үзгенімді ескерсек, бұл жарыс мен үшін сәтті өтті деуге толық негіз бар. Дегенмен Алматыдағы әлем чемпионатына дейін біраз уақыт бар. Қателіктерден қорытынды шығаруға жеткілікті деп ойлаймын. Азия ойындарына қатыспаймын. Мен үшін бастысы – өз жерімізде өтетін әлем чемпионатында топ жарып, алтын медаль алу, – дейді чемпион.

Жақында Илья өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «серпе көтеруден 242 келі көтеріп, жеке рекордымды жаңарттым» деп жұртпен өз қуанышын бөлісіп жатты. Бұл — әрине, жаттығуда көтерген салмағы. Алайда шынайы шындық қой.

Ал былтырғы Польшаның Вроцлав қаласында өткен әлем чемпионатына жерлесіміз қатысқан жоқ. Ол біріншілікте 105 келі салмақта 1991 жылы туған өзбектің Руслан Нурудинов деген толағайы топ жарды. Руслан – ала тақиялы ағайындардың арасынан шығып тұрған тұңғыш әлем чемпионы. Өзбекстанда ауыр атлетикадан бұрын-соңды чемпион шықпаған екен.

Жаңа чемпион – Өзбекстанның Әндіжан облысы Ханабад қаласының тумасы. Польшада ол үш бірдей алтынға қол жеткізді. Жұлқа көтеруде – 190, серпе көтеруде 235 келіні оңай еңсерді. Осылайша қоссайыс қорытындысы бойынша 425 келімен чемпион атанды. Ал күміс жүлде алған ресейлік Давид Беджанян одан 20 келі кем көтерді. Негізі, Беджанян осал зілтемірші емес еді. Ол бұдан бұрынғы әлем біріншілігінде 105 келіге дейінгі салмақта серпе көтеруде әлем рекордын жаңартқан (238 келі). Ал өзбек батыры осы рекордшының өзін «шаңына» ілестірмей кетті.

Осы жеңісінен кейін Нурудинов:

– Серпе көтеруде басты қарсыласым Беджанян болатынын алдын ала білдім. Ол дәл осы серпе көтеруде әлем рекордын жаңартқан. Ал жұлқа көтеруде чемпионат қожайыны, поляк Бартломея Бонкамен сайысқа түсуге тура келді. Бонка Олимпиада ойындарындағы жұлқа көтеру сайысында менен озып кеткен. Бұл жолы есе қайтардым. Енді келесі әлем біріншілігінде міндетті түрде рекорд жаңартуға тырысамын. Жыл сайын бәсекелестік артып келеді. Әрі бұл чемпионатта Олимпиада лицензиялары сарапқа салынады. Сондықтан тізгіндерін тартып жүрген таланттардың барлығы сынға түседі, – депті.

Алматыда Ильяның жаңа салмақтағы басты қарсыласы өзінен үш жас кіші осы өзбек спортшысы болатын тәрізді. Естеріңізде болса, Ильин Лондон Олимпиадасында 418 (185+233) келіні көтеріп, өз салмағында рекорд та жасаған. Бірақ біздің Илья жұлқа көтеруде аса қарымды емес. Ал Нурудинов Қазан Универсиадасы мен Польшадағы әлем чемпионатында 190 келіні қиналмай көтерді. Сондай-ақ серпе көтеруде өзбек баһадүрі Польшада 235 келіні көтеріп, Ильиннің Лондондағы көрсеткішінен асып түсті. Егер Илья жаттығуда көтерген 240 келіні әлем чемпионаты кезінде де бағындырса, онда қорқатын дәнеңе де жоқ.

Біздің батыр 94 келі салмақ дәрежесінің өзінде 105 келідегі көп зілтемірші көтере алмайтын салмақтарды еңсерген.

Ендеше, 105 келінің қызығы мен шыжығы әлі алда. Қызықтың көкесі Алатау баурайындағы әлем чемпионаты мен Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарында болайын деп тұр. Біз өз спортшымызға сенеміз. Орыс пен украинның Ивановтарынан озғанбыз, өзбектің Нурудинові кедергі бола ала ма екен, әсте?!

Автор: Бек Төлеуов

Толығырақ: http://alashainasy.kz/sport/ilinge-ozbektn-nurudinov-kederg-bola-ala-ma-54186/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі

Рубрика: