Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

bb6ec4c181db9e7bca510a619c881b13Абай ОМАРОВ (коллаж)

Қазіргі таңда әлем жұртшылығын шөлейттену процесі алаңдатып отыр. Және бұл мәселе жылдан-жылға өзектілігін арттырып келеді. Айтақырға айналған жерді көргенде кезінде аталмыш алқаптардың келбеті жайнаған көркем өлке болғанына сенгіңіз келмейді. Әрине, мұндай келеңсіз көрініс табиғи құбылыс салдарынан орын алады дегенмен, адамзат баласының сондай жат әдеттері осындай жағдайға алып келді. Қазақ еліндегі шөлейттену дегенде ең алдымен Арал теңізінің тағдыры ойға оралары анық. Өткен ғасырдың 70-жылдарына дейін теңіз табаны тартылып, соның салдарынан 2,5 млн гектар жер жасыл желек өспейтін айтақыр болды. Ілгеріде толқыны жағаға соғып, айдыны көз ұшында тұратын көркем өлкенің қас қаққандай қысқа уақытта сұрқай көрініс басына түсті. Әрине, оның залалы жайлы талай мәрте айтылды да, баспасөз беттерінде қаншама мәрте жарық көрді. Ендігі әңгіменің ауаны «біз шөлейттену процесіне қаншалықты қарсы тұра аламыз» деген сауалға жауап іздеу болып тұрғаны белгілі. Оған қарсы тұрмасақ, алдағы уақытта оның жалғаса беретіні баршаға аян.

Бүгінгі таңда теңіздің құрғаған таба­ны тұзды шөлге айналып, өзге жақ­тан келген сырткөз бен жергілікті жұрттың да жан жарасы болғанын көріп отырмыз. Бұл мәселе тек біздің елімізді ғана емес, бүкіл әлем жұрт­шы­лығын да алаңдата бастады. Солардың қатарында неміс ғалымдары ұсынған «Орманды сақтау және қорын молай­ту» жобасы да бар. Германия қаржысы бойынша жүзеге асырылып жатқан жоба негізінде құлазыған қу далаға айналған аталмыш алқаптың біршама бөлігіне сексеуіл мен сарсазан секілді ағаштар егіліп жатыр. Соның арқа­сын­да қылтанағы көзге түспейтін құла дүзге жан бітіп, бұл жерлердің табиғи жағ­дайы біршама жақсарып қалды. Дүниежүзілік банк пен Қазақстан ара­сындағы ортақ жоба ретінде қолға алынған игі іс қай уақытқа дейін созы­лады? Бұл әзірге белгісіз.

Бүгінгі күнге дейін бұл алқаптар бойынша 14,5 мың гектарға сексеуіл тұқымы себілді. Сондай-ақ сексеуіл көшеті 12 мың гектардан астам алқап­қа отырғызылды. Қазір сол жерлерге бара қалсаңыз, жасыл желегі жай­қа­лып тұрған аймақ көзіңізге түседі. Шын­ды­ғын айтқанда, бұл тірлікті жоқтан бар жасау десек те артық емес. Өйткені миллион гектардан астам жердің бар­лы­ғына осындай тірлік жасап шығу мүмкін бе? Оған қаншама қаржының көзін табуға тиіспіз?

Сонымен қатар мұндай ауқым­ды жұмысты атқарып шығуға уақыт же­те ме? Ғалымдардың айтуынша, әбден сортаңға айналған алқаптан ұшқан тұзды шаң ауаға тарап, климаттың жайсыз күйге түсуі мен жайылымдық жер­лер­дің азып-тозуына алып келеді. Мұндай табиғи құбылысқа жол бермеудің басты амалы ретінде ғалымдар оған сексеуіл мен сарсазан егуді қолға алып отыр. Дегенмен оның өзіне қаржының тапшылығы қолды байлап, істі ілгері бастыруға өз кедергісін кел­тіріп отыр.

Байкенже АХМЕТОВ, Қызылорда облыс­тық табиғи ресурстар және табиғат пай­да­ла­нуды реттеу басқармасының бөлім бас­шысы:

– Егіліп жатқан көлем өте аз. Ғалым­дар зерттеуіне қарасақ, қазіргі еккеніміз 100 мың гектарды құрағанның өзінде, бұл жерлердегі құмды, шаңды, тозаңды және ұшқан тұзды тоқтату үшін сек­сеуіл­ді 100 жыл егіп шығуымыз керек. 

Айта кетерлігі, сексеуіл егілген алқап­тар­дың табиғатына қайта жан бітті. Сек­сеуілді жерлерге аң мен құс келді. Сонымен қатар Қазақстан Үкіметі теңіз табанын түлеткен сексеуілді кесуге біршама жылға дейін тоқтау салып отыр. Жалпы, аталмыш жоба 2008 жылдан бері жүргізіліп келеді. Осының нәтижесінде орманшылардың техникалық құрал-жабдықтары біршама жаңарып қалды. Олар бұрынғыдан әлде­қай­да жетілдірілген соқалар мен ауыр көліктер алды. Соның нәтижесінде жолы ойқы-шойқы аймақтарға ешбір қиын­дық­сыз жетіп, сексеуіл алқабын тезірек жай­қал­туға мүмкіндік туды. Алайда аталмыш жобаның алдағы уақытта жалғасын табуы әзірге басы ашық мәселе.

Шөлейттену тек Арал өңірінің түйткілді тақырыбына айналып отырған жоқ. Бұл қиындық кең-байтақ даламыздың барлық қиырында да кездеседі. Ғалымдардың айтуынша, еліміздің шамамен 75 пайызға жуығы экологиялық тұрақсыздығы жоғары аймақтардың қатарына жатқызылады. Оған қандай антропогендік жағдайлар әсер етті? Бізде орманды жоспарсыз кесу оқиғалары жиі кездеседі. Сонымен қатар мал азығы мен отынға бұталар мен жар­тылай бұталарды шабудың, орман мен да­ла өрттерінің, жүйесіз рекреацияның, топы­рақ жерасты суларының улы заттар­мен ластануы және өзге де жағдайлардың орын алуынан туындайды.

Қолдағы деректерге сүйенсек, кейінгі 40 жылдың ішінде қылқан жапырақты орман­дардың өнімділігі 7 пайызға төмен­деп кетіпті. Одан бөлек майқарағай ағаш­та­рының ауданы 13 пайызға азайған. Бұрынғы жылдарда орманды алқаптары сыңсып тұратын Кенді және Оңтүстік Алтай орманды алқаптарында ағаштардың жұтаң тартып бара жатқаны көрініс беріп отыр. Өкініштісі, кезінде Алматының атын айдай әлемге шығарған алмалы алқаптар ауданы 24 пайызға қысқарғаны да көп­ші­лік­тің көңілін күпті етіп отырған жайы бар.

Ғалымдар еліміздегі 26,6 млн гектар алқап күшті және өте күшті шөлейттенгенін айтады. Республиканың 34,8 млн гектарын жайылымдар құрайтын болса, оның 5,6 млн гектары өте қатты жұтап кеткен. Және бұл жағдай жыл өткен сайын күрделене түсуде. Жалпы алғанда, Қазақ­стан­ның 5 млн гектар аумағында шабын­дық жерлер бар. Шөлейттену салдарынан олардың да аумағы азайып бара жатқаны жасырын емес. Соның кесірінен ол жер­лерді улы өсімдіктер басып, бұталардың көбеюіне алып келуде. Сондай-ақ шал­ғын­ды өсімдіктердің ресурстық қана емес, суды реттейтін рөлі толық немесе жартылай жойылуы көрініс беруде.

Оразхан АЙДАРОВ, география ғылымы­ның кандидаты:

– Бүгінгі күні әлемде топырақтың құнар­лы қабатының жоғалу қаупі басым болып тұр. Соңғы жарты ғасыр­дан бері төрткіл дүниеде 800 млн гектардан астам алқап құлазыған қу дала кейпіне еніп кетті. Мұндай көрі­ніс, негізінен, Африка құрлығына тән. Бұл құрлықтағы Сахара шөлі оңтүстікке қарай 650-700 шақырымға жыл­жы­ға­нын ғалымдар айтып жүр. Ғалым­дар­дың болжауынша, Африканың оңтүстік бөлігіндегі 60 млн адам басқа аудан­дарға көшуі әбден мүмкін. Сондықтан шөлейттену процесіне бейжай қара­ға­нымыз дұрыс болмайды. 

Кезінде қазақ жерінің көп бөлігі жасыл желегі жайқалған көркем өңірлер болғаны белгілі. Тіпті Сыр бойының өзі сырттан кел­ген тамсана қарайтын тамаша аймақ­тың бірі болғанын тарихтан білеміз. Алайда табиғаттың бермесін тартып аламыз деген пейілмен қаншама зиян келтірдік. Шөлейт­тену жағдайы соның бір көрінісі екенін жа­сыра алмайтынымыз айдан-анық.

Автор: Әділжан ҮМБЕТ, Қызылорда облысы

 

http://alashainasy.kz/main/44771/

Рубрика: