Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Грекияда үкімет басына солшылдар келгелі бері Еуроодақтан маза кетіп отырғаны рас. Мәселе неде? Бұл билік басына жаңадан келгендердің ұстанған саясатына қатысты болып отыр. Ендігі жағдай қалай болмақ? Бұрынғы берілген қарызды түгел қайтару керек пе?

Жоқ әлде  қайтадан келісімшарт жасала ма? Мүмкін,  Грекияның қазіргі ауыр жағдайын түсініп, Еуропадағы одақтастар қарыздың бәрін кешіре ме?

2010 жыл Грекия  ауыр жағдайға тап болып, елде дефолт орын алған кезде Еуроодақ елдері, Еуропаның Орталық банкі мен Халықаралық валюта қоры ресми Афиныға алғашқы, сосын екінші несиесін берді.  Алайда  осы «үштіктің» берген қарызын қайтару Грекияға оңайға соқпайды. 240 миллиард доллар  қарыздың 22 миллиард евросын Грекия осы айдың аяғына дейін аталған «үштікке» қайтарады. Бірақ елде  жағдай қазір өте қиын. Өзі әупірімдеп  зорға өмір сүріп отырған грек үкіметі осы қарызды кешіру туралы мәселе көтеруде. Бірақ  ресми Афинының бұл ұсынысына Еуроодақ елдері қалай қарайды? Ол жағы әлі ашылып айтылған жоқ. Қазіргі таңда Грекия­ның сыртқы қарызы 412 миллиард евроға жетіп отыр. Берешек ақшаның 60 пайызы еуропалық дағдарысқа қарсы қорларға тиесілі, қалған басты донор елдер – Германия, Франция және Италия болып отыр. Ақшаның 10 пайызы халықаралық валюта қорына берілуі керек.  21 пайызы басқа қаржы ұйымдарына қайтарылады, қалғандары әртүрлі шетелдік банктер болып отыр.

Жағдайдың қиындығын сезінген Грекияның қаржы министрі Еуропа елдерін аралап жүр.  Лондон мен Римде болған қаржы министрі енді бар үмітті Германиядан күтетінін де жасырмады. Мақсат – берілген қарызды жұмсарту немесе мүлде қайтарымсыз сипатқа көшіру. Алайда неміс билігі кезінде Грекияға берілген қарыз қай­тарылуы керек деп санайды. Оны жұмсартуға да мүдделі болмай отыр. Тіпті билік басына келген солшылдар пар­тиясының төра­ғасы «егер  одақтастар біздің ай­тып отырған талабымызға көнбесе, ондай жағдайда Еуроай­мақтан шығымыз» деп те сес көр­сеткен. «Алайда бұл талап орында­лады деуге сену қиын. Өйткені оған көне қоятын Еуроодақ елдері жоқ. «Алмақтың да салмағы бар» деген осы. Негізі, қарызды қайтару­дың мерзімі тағы да ұзартылатын шығар. Десек те, елдегі күрделі жағдай халықтың психикасына қатты әсер етіп жатқанын орын алып отырған  тосын оқиғадан анық байқауға болады. Америкалық және еуропалық ғалымдар соңғы 5 жылда Грекияда суицидтің жиі болып жатқанын айтады.  Зорға күнін көріп отырған мемлекеттің жайы осылай адамдардың жүйкесіне  де әсер етуде. Банктен алған несиесін қайтара алмай, өзіне-өзі қол салғандар көбейіп барады. Ғаламдық дағдарыс басқа Еуропа елдерімен салыстырмалы түрде қара­ғанда гректерге қатты зардабын тигізді. Жұмыс орындары жабылды, жағдай қиындаған соң, үкімет азамат­тарға әлеуметтік жәрдемақы төлеуді тоқтатты. Әсіресе, өзіне-өзі қол салу оқи­ғалары 2012 жылы күрт артты.  Өлім ер адамдың арасында көбейді. Мұны да түсінуге болар, өйткені ерлер – отбасының асыраушысы. Нәзікжанды­лардан гөрі қиын­дыққа төзімсіздеу келетін ерлердің жүйкесі қы­сылтаяң уақытта осылай морт сынуда.

Сонау 2008 – 2010 жылдағы дағ­дарыстан кейін тағы да осын­дай қиыншылыққа ұшыраған Грекия­ның алдағы жағдайы қалай болмақ? Еуроодақ тағы да қарызды қайтару мерзімін соза ма? Жоқ әлде өз талап­тарын жұмсарта ма? Енді ол жағы жақын уақыттарда анық­та­лады. Ал  ең алаңдайтыны,  Грекия халқына қиын тиіп тұр.

http://www.aikyn.kz/articles/view/64761

 

Рубрика: