Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Грекия премьер-министрі Антонис Самарас тағы да қарыз сұрап, қарыз беруші «үштіктің» басшыларымен кездеспек. Ол Еуроодақ, Еуропалық орталық банк және Халықаралық валюта қорының басшыларын елге қосымша 2,8 миллиард еуро қарыз беруге көндірмек. Қарыз берушілер осының алдында Грекиядағы экономикалық реформалардың жетістігіне көздері жетсе ғана қарыз беретіндігін мәлімдеген болатын.
Грекия үкіметінің жоспары бойынша, 2015 жылға дейін экономиканың бюджеттік саласында 150 мың жұмыс орны қысқаруға тиіс. Сонымен бірге, жекешелендіру үрдістері жандандырылуы керек. Ел тұрғындары үкіметтің қатал үнемдеу шараларына құрылған экономикалық реформаларына үзілді-кесілді қарсылық білдіруде. Үстіміздегі жылдың 13 наурызында Грекияның бюджет саласы еңбеккерлері кең көлемдегі қарсылық акцияларын бастады.

Франция бюджетінде де тапшылық бар

Франция президенті Франсуа Олланд жақында ел бюджетінің тапшылығы белгі­лен­ген межеден біршама жоғары болатындығын мәлімдеді. «Біз қанша тырысқанымызбен бюджет тапшылығы 2013 жылы ІЖӨ-нің 3,7 пайызы деңгейінде болады», деді Олланд. Осыдан он ай бұрын, яғни Франсуа Олланд президент орынтағына отырарда 2013 жылы бюджет тапшылығы 3 пайызға дейін төмендейді деп мәлімдеген. 2011 жылы бюджет тапшылығы 5,2 пайызды құраған болатын.
2012 жылдың қорытындысы бойынша нақты цифрлар әлі жарияланған жоқ. Алайда, үкімет қазірдің өзінде бюджет тапшылығы ІЖӨ-нің 4,5 пайызын құрайтындығын жоққа шығармайды. Франция экономикасы 2012 жылы әлсіз өсу динамикасын көрсеткеннен кейін, Олланд үкіметі бюджет тапшылығын төмендету жолындағы қатал үнемдеу шараларынан бас тартты. Бұл әлсіреген экономикаға одан әрі нұқсан келтіретіндігін алға тартқан болатын. Ал Француз билігінің салықты өсіру және жұмыс орындарынан қысқарту шараларынан бас тартуы Еуропалық одаққа және Германия мемлекетіне ұнамайды.

Жастар арасындағы жұмыссыздықпен күрес

Испания жастар арасында белең алған жұмыссыздықпен күресу үшін 3,5 миллиард еуро қаржы бөлмек. Бұл туралы жақында елдің премьер-министрі Мариано Рахой мәлімдеді. Осы мақсат үшін жасалынған арнайы жоспар 100 баптан тұрады және 4 жылға арналған. Бұл жоспар бойынша, жастарға және жастарды жұмысқа қабылдаған компанияларға арнайы салық жеңілдіктері қарастырылған. Жұмыссыздыққа қарсы шараларға бөлінген қаржының үштен бірін Еуропалық одақ бермек. Қаржының бір бөлігі білім беру саласын жандандыруға жұмсалмақ. Рахойдың айтуынша, бұл шаралар миллиондаған жас испандықтардың жұмыспен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік береді.
«Дағдарыс салдарынан туындаған жаппай жұмыссыздықтан жастар Испаниядан кетіп жатыр. Ең өкініштісі, жастардың ең белсенді де білікті топтары елімізді тастап кетіп жатыр. Бүгінгі біздің басты міндетіміз – қайткен күнде де оларды қорғап қалу. Біз қолынан іс келетін жас испандықтардың өз мүмкіндіктерін өз елінде толық ашуға жағдай жасауымыз керек», дейді премьер-министр. Испаниядағы жастар арасындағы жұмыссыздық бүгінде бұрын-соңды болып көрмеген деңгейге жетіп отыр. Елдегі 18 бен 25 жас аралығындағы әрбір екінші қыз бен жігіт жұмыссыздық биржасына тіркелген. Өткен аптадағы демалыс күндерінде Испанияның ондаған қалаларында жұмыссыздыққа қарсы ереуілдер болып өтті. Ереуілге қатысушылар үкіметтің отставкаға кетуін және бюджетті шөміштен қысып, қатаң үнем жасауға негізделген экономикалық реформаларды тоқтатуды талап етуде.

Мұнай-химия зауыттарына жабылу қаупі төнуде

Батыс мемлекеттерінің Иран экономикасына қарсы жасаған қысым шаралары елдегі жағдайды ушықтырып жіберді. Өз өнімдерін экспортқа шығару мүмкіндігінен айырылған көптеген мұнай-химия зауыттары жабылып қалу қаупінің алдында тұр. Иран мұнай өнеркәсібі министрінің орынбасары Абдолхуссейн Баяттың айтуынша, Батыс елдерінің экономикалық санкциялары елдің экспорттық әлеуетін тұқыртып отыр. «Біз үкіметтен 520 мың тонна мұнай-химия өнімдерін экспорттауға рұқсат сұраған едік. Алайда, 300 мың тонна экспорттауға ғана рұқсат алдық. Бұл біздің барлық өндірістік шығындарымызды жаба алмайды», деді ол сөзінде.
Иран мұнай өнеркәсібі министрі Ростам Гасеми жыл басында елдің 70 жаңа мұнай-химия зауытының құрылысын салуды жос­парлап отырғандығын, бұл өз кезегінде өндіріс көлемін жылына 60 миллион тоннадан 100 миллион тоннаға дейін өсіруге мүмкіндік беретінін айтқан болатын. Батыс мемлекеттерінің экономикалық санкциясы Иранның бұл мақсатын жүзеге асыртпай тастайтын түрі бар. Егер Иран экономикалық санкцияларды айналып өтетін жаңа экспорттық бағыттарды таппайтын болса, онда елдің мұнай-химия өнеркәсібі толық тұралап қалуы мүмкін.

Қытай Coco-Cola корпорациясын айыптайды

Қытай Coco-Cola корпорациясын шпиондық әрекеттер жасады деп айыптап отыр. Жергілікті жерлердегі зауыттардың логистері картографиялық деректер жинауды желеу етіп, құпия нысандардың карталарын жасамақ болған. Өз кезегінде Coco-Cola компаниясы жұмыс істейтін барлық елдерде қолданылатын жалпыға бірдей деректерді пайдалану тәсілдерін қолданғандығын айтып ақталуда.
Юньнань провинциясының география­лық бюросы Coco-Cola корпорациясына қарсы тексеру жұмыстарын бастады. FinansialTimes-тың мәлімдеуінше, қытайлық ведомство бұл тексеру жұмыстарының қо­рытындыларын құпия түрде ұстап отырған көрі­неді. Coco-Cola корпорациясы болса, тексеру органдарымен тығыз байланыс­та жұмыс істеуде. ҚХР-дың Ұлттық радиосында сөйлеген сөзінде Юньнань бю­росының атқарушы директоры Ли Миндэ «кейбір адамдар ақпарат жинап, оны кейбір шетелдік арнайы қызмет органдарына беру арқылы баю мақсатын көздейді», деп атап көрсетті. Оның айтуын­ша, заңсыз түрде картографиялық деректер жинау оқиғасына қатаң жаза қолдану керек. Қытай шенеунігі АҚШ ұшақтарының 1999 жылы Бельградтағы ҚХР елшілігін бомбалағандығын және бұл оқиға олардың карталарының дұрыс болмағандығынан орын алғандығын айтып ақталмақ болғандығын мысалға келтірді. «Картографиялық ақпарат жат пиғылдағы қарсы жақтың қолына түсуі мүмкін. Сондықтан, мұндай ақпаратты алуға жан-жақты тыйым салынуы қажет», дейді Миндэ.

Қытай шахтасында 21 адам қаза тапты

Синьхуа ақпарат агенттігінің хабарлау­ынша, ҚХР-дың оңтүстік-батысындағы көмір шахтасында орын алған апаттан 21 адам қайтыс болды. Оқиға 12 наурыз күні кешкісін Гуйчжоу провинциясының Мачанг шахтасында көмір мен газ жарылысының салдарынан орын алды. Сол сәтте жұмыс істеп жатқан 83 шахтердің 58-і құтқарылып үлгерген. Құтқарушы топ басшысы хабарлағанындай, шахтадан 21 адамның мүрдесі табылған. Ал қалған 4 шахтер әлі күнге дейін іздестірілу үстінде.
Әртүрлі жарақатпен түскен жұмысшылар саны 20-ға жеткен.
Сонымен қатар, 11 наурыз күні орын алған Хэйлунцзян шахтасындағы жерасты апатынан кейінгі құтқарушылар тобының жұмысы жалғасуда. Шахтадағы 25 адамның 7-еуі құтқарылған, қалған 18 адам іздестірілу үстінде.
Ақпан айында Қытайда жерасты апаттарынан адам өлімі азайғандығын RadioFreeAsia хабарлаған еді. 2012 жылы апаттарда 1384 шахтер көз жұмса, бұл көрсеткіш 2011 жылмен салыстырғанда 30 пайызға аз. Осыған қарамастан Қытай көмір өндіру шахталарындағы апаттар салдарынан қаза болғандардың саны бойынша дүние жүзінде жетекші орында қалып отыр.

Биыл әлемде мұнайға сұраныс азаяды

Халықаралық энергетикалық агенттік (ХЕА) осымен екінші рет 2013 жылға арналған әлемдегі мұнайға деген сұраныс болжамын тәулігіне 60 мың баррельге азайтып, тәулігіне 90,6 миллион б/т-ге дейін төмендетті, деп хабарлайды ХЕА-ның баспасөз орталығы. Сөйтіп, ХЕА-ның күткеніндей әлемдегі мұнайға деген сұраныс 2012 жылмен салыстырғанда 820 мың б/т-ге дейін өседі. Әлемдегі мұнай жеткізу көлемі ақпан айында 90,8 миллион б/т-ге дейін артқан. Бұл негізі­нен ОПЕК-ке мүше елде де мұнай өндіруді арттыру есебінен болып отыр.
ОПЕК-ке кірмейтін елдерде мұнай өндіру көлемі тәулігіне 60 мың тонна баррельге дейін қысқартылып, қаңтар айымен салыстырғанда 54,1 миллион б/т-ны құрады. Осылай бола тұрса да, Солтүстік Америка­ның көрсеткіштерінің өсуіне байланысты жылдық өсім 600 мың б/т-ны құрады. ХЕА үстіміздегі жылы картельге кірмейтін мемлекеттерден мұнай жеткізу көлемі тәулігіне 1,1 миллион баррельге артып, 54,5 миллион б/т-ны құрайды деп болжауда. Жақында ОПЕК 2013 жылы әлемдегі мұнайға деген сұраныс тәулігіне 89,7 миллион баррель болатындығын мәлімдеді.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».

Рубрика: