АЛТЫНОРДА
Новости

Гитлерді-желеу, ардагерлерді-қолшоқпар етіп отырған кімдер?

Жарылқап ҚАЛЫБАЙ, «Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам» журналының бас редакторы ©Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)«Аңыз адам» журналына «Гитлер» жайлы материалдар жариялаймын деп басы дауға қалған Жарылқап Қалыбай соңғы уақытта соттан көз ашпай кетті. Сәуір айынан бері Жарылқап Қалыбай мен Гитрлердің төңірегіндегі дау өршімесе, басылмай тұр. Бұған дейін «Алаш айнасы» 13 ардагердің Ж.Қалыбайдың үстінен шағым түсіргені жайлы жазған болатын. Тіпті арызданушылардың бір-екеуінің өз аузынан жазып алған сөздерін де жарияладық. Алайда «Аңыз адам» журналын оқымақ түгілі көрмей-ақ, мән-жайды түсінбей-ақ, Гитлердің атын естіп алып арызданып жүрген ардагерлдердің әрекеті адам айтса сенгісіз.

30 маусым күні «Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам» ісіне қатысты кезекті сот отырысы өтті. Бұл жолы Алматының Алмалы аудандық соты «Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбайға қатысты шешім шығарған екен. Сот бас редакторды оның үстінен шағым түсірген 13 соғыс ардагерлерінің әрқайсысына 1 миллионнан 13 миллион теңге төлеуге міндеттеді. Сондай-ақ Ж.Қалыбайды екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінен жариялы түрде кешірім сұрауға міндеттеген.

Естеріңізге сала кетейік, маусым айының басында 13 ардагер «Жұлдыздар отбасы – Аңыз адам» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбайдың үстінен сотқа шағым түсірген еді. Арызданушылар журнал Адольф Гитлерді «жақсы жағынан сипаттап, фашизмді насихаттады» деп айыптаған болатын. Олар Жарылқап Қалыбайдың соғыс ардагерлері алдында жария түрде кешірім сұрауын және шағымданушы 13 адамның адамның әрқайсысына 5 миллион теңгеден, жиыны 65 миллион теңге төлеуін талап еткен еді.

…«Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбай және меншік иесі «Отбасы» баспасы ЖШС Қазақстан халқы алдында, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен ардагерлерінің алдында фашизмді насихаттағаны үшін кешірім сұрасын. Кешірім мәтіні ҚР БАҚ-тарында жариялансын. «Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбай және меншік иесі «Отбасы» баспасы ЖШС моральдық зиян орнын толтыру үшін Ардагерлер ұйымы республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы қалалық филиалының есепшотына 13 миллион өтемақы аударсын» делінген Алматы аудандық сотының шешімінде. 

Алайда «Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам» журналының бас редакторы соттың шешімін әділетсіз деп есептейді.

Жарылқап ҚАЛЫБАЙ, «Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам» журналының бас редакторы:

– «Әділетсіз сот, әділетсіз шешім. Мен не үшін ешқашан бет-жүзін көрмеген ардагерлерден кешірім сұрауым керек. Менің халықтың алдында да, бұл ардагерлердің алдында да ешқандай кінәм жоқ. Осы менің үстімнен шағым түсіріп отырған ардагерлердің бірде-біреуі журналды оқымақ түгілі көрмеген. Олар қазақша түгіл орысшаны әрең оқиды. Өйткені ардагер деп отырғандары орта жасы 90-дағы қарттар үйінің тұрғындары. Оларды бәз-біреулер саяси қару ретінде пайдаланып отыр. Ардагерлердің атынан сотқа қатысып жүрген Нұртас Ахметов деген заңгер біреулердің «стрелочнигі». Оның артында кімдер тұрғанын мен білемін. Осы уақытқа дейін 3 сот отырысы болды, 13 ардагердің бірі де сотқа қатысқан жоқ. Журналситер оларды іздеп барғанда олармен тілдестірген жоқ. «Алаш айнасына» сұқбат берген П.Протасенко, Мария Целуева деген ҰОС ардагерлері Гитлер туралы жазылған «Аңыз адам» журналын оқымағандарын мойындаған болатын. Мен осы істі аппеляциялық сотқа беремін. Маған жала жапқаны үшін Нұртас Ахметовтың өзін сотқа беремін. Біздің журналға филологиялық сараптама жасағанда ешқандай фашизмнің, экстремизмнің белгілері жоқ екені дәлелденген болатын. Сондықтан мен шағымданушыларға бір тиын да бірмеймін. 

Бүкіл адамзатқа қасірет әкелген Гитлерге қатысты даулы іс «Аңыз адам» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбайдың да, оқырмандарының да жүйкесін жұқартып болды. Гитлерді желеу етіп, ардагерлерді қолшоқпар етіп қазақ басылымының түбіне жеткісі келетіндер кімдер? Жарылқап Қалыбай Нұртас Ахметовтың артында кімдер тұрғанын білемін» деп қалды. Ендеше Қалыбайдың келесі әрекетінен нәтиже күтейік…

Автор: Айнұр Сенбаева

http://alashainasy.kz/society/51991/