Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Германияның Нюрнберг қаласына дүйсенбі күні тікелей рейспен жетті. Сол күні кешкісін жаттығу жұмыстарын өткізіп, дайындықтарын пысықтады.

Нюрнбергте күн суық екен. Тіпті әр жер­де жұқалтым қар да жатыр. Сүйектен өте­тін ызғарлы суық желін айтсаңшы…

Дүйсенбі күні таңертең Германия құ­ра­масының ойын қарсаңындағы бас­па­сөз жиыны өтті. Ал кешке қарай Қазақ­стан құрамасы журналистерге арнап дәс­түрлі баспасөз жиынын өткізді. Бұл бас­қосуға Мирослав Беранек ұлттық құра­маның үз­дік ойыншыларының бірі Генрих Шмидт­галь мен жасыл алаңға жиі шықпайтын Ва­лерий Коробкинді ерте келіпті.

Газетіміздің осы саны жарыққа шық­қанша, Германия – Қазақстан кездесуінің де нәтижесі белгілі болады. Бес сағат уа­қыт айырмасы бұл ойынның нәтижесін бү­гінгі санымызға тәптіштеп жазуға еш мүм­кіндік бермейді. Өйткені Нюрнбергтегі бұл ойын біздің уақытпен түн ортасынан ауған­да басталды. Сондықтан баспасөз жиы­нына атүсті ғана тоқталып өткеніміз дұ­рыс болар.

Біздің бас бапкер де, екі футболшымыз да кездесудің оңай болмайтындығын баса айтты. Қарқыны жоғары «неміс мәшине­сі­не» төтеп беру қиынға түсетіндігін де тілге тиек етті. Жасыл алаңдағы 11 футболшы­мыз тізе қоса қимылдап, бір-біріне сүйеу бол­маса, оларды тұсаулап ұстау мүмкін емес ек­ен­дігін де жасырмады. Мирослав Бе­ра­нек «доп көбінесе неміс футболшыла­рын­да болады ғой, соған дайын болуымыз ке­рек, тым ерте гол жіберіп алмасақ, әлде­қайда жеңілдеу болады» деп ақтарылды да.

Осыдан екі жыл бұрын «Германия фут­болшыларын бесінші жылдамдықта, ал біз­дің құраманы үшінші жылдамдықта ой­найды» деп сипаттаған Мирослав Беранек дәл қазір «неміс мәшинесінің» жылдам­дығы арта түсті деген пікірде екен. Сондай-ақ біздің құрама осылай екі ойынды қатар өткізсе, өз қарамағындағы футболшы­лар­ды осы екі ойынға бөліп, тым болмаса бі­реуінде көңілге қонымды нәтиже көрсетуге тырысатын Мирослав Беранек: «Астанада ұтылдық, енді тартынар жайымыз жоқ, бар­лық күш-жігерімізді ертеңгі ойында жұм­сауымыз керек» деді.

Неміс журналистері тек Шмидтгальге сұрақ қойды. Олар Генрихтің Нюрнбергке жақын жерде тұратындығын ескеріп, осы ойынға ата-анасы мен достарының келе­тіндіктерін білді.

Бұдан соң біздің құраманың матч қар­саңындағы жаттығуы өтті. Әу баста фут­бол­шыларымыз ресми ойын өтетін ста­дион­да жаттығуы керек болған. Бұл – қа­лыптасқан дәстүр. Басқа елге қонаққа барған команда ресми ойын өтетін ста­дион­да бір күн бұрын жаттығып, сонда доп теуіп көріп, оның жасыл желегіне бой үйретуі тиіс еді. Алайда Қазақстан құрама­сы жаттығу жұмысын Нюрнбергтің орта­лық стадионында емес, жан-жағы ашық басқа алаңда өткізді. Мұның сырын тү­сін­бей, «неге өз құқығымызды пайдала­нып, ойын өтетін стадионда жаттықпады­ңыз­дар» деп, Қазақстан футбол федерациясы­ның құрама командалар департаментінің директоры Владимир Нидергаусқа жү­гіндік.

– УЕФА-ның бекіткен регламенті ой­ынша, егер ауа райы температурасы 0-ден төмен болса, онда қабылдаушы команда қонаққа келген қарсыласын стадионға кір­гізбеуге құқы бар. Мұндай жағдайда жаттығу жұмысы басқа жерде өткізіледі. Өйткені қазір күн өте суық. Қазір алаң ие­лері стадионды ертеңгі матчқа әзір­леуде. Оның жасыл желегі ерекше күтімге алын­ған. Жасыл желектің астындағы жы­лыту жүйелері де іске қосылған. Ұшқындап жау­ған қар астынан жылытылып тұрған көгалға тиісімен, бірден еріп кетеді. Әрі құрғап үлгереді, – деп түсіндірді бізге бар­лық жас мөлшеріндегі құрамалары­мыз­ға бас-көз болып жүрген маман.

Германия тарапының лауазымды қыз­меткерлері де стадионның қазіргі жағдайы өте жақсы екендігін, қара суыққа қарамай, ертеңгі матчтың өтетіндігін, яғни кейінге шегерілмейтіндігін айтып, қобалжудың қажет еместігін жеткізуде. Қар көп жауса, оны қолмен тазалайтын адамдарының да ұйықтамай, дайын тұрғандығын баса айтты.

Даладағы қоршаусыз жасыл алаңның өзінде жаңбырға ұқсас ұшқындап жауған ұнтақ қар жерге түскен бетте бірден еріп кетіп жатыр. Қолымызбен ұстап көріп едік, шөбі тықыр жасыл алаң өте сызды, топы­ра­ғы тоңазып, жиектері мұз болып қатып жатыр. Бұл – астында жылыту жүйесі жоқ ашық алаңның жағдайы. Бәрінен бүйірден соққан суық жел ыңғайсыз болды. Әйтсе де, Қазақстан құрамасы түн қараңғысында биік бағана басындағы шамдар жары­ғы­мен жаттығу жұмыстарын толық өткізді. Жат­тығу жұмысын тура ойын өтетін түн қараңғысында бастап, аяғына дейін үзі­ліссіз өткізіп шықты. Содан бапкерлер құ­ра­мы футболшыларымызға ызғарлы да­лада су да ішкізбей, бірден қонақүйге алып кетті.

Бұл күн қызықты кездесумен аяқталды. Жаттығу жұмысынан кейін футболшылар орналасқан қонақүйде «Ярыш» клубының алғашқы капитаны Юнус Нигматуллиннің жиені ұлттық құрама футболшыларына жеңіс тілеп, жүрекжарды лебізін білдірді. Ұлттық құрама да Рамиса апайға құрмет көрсетіп, команда капитаны Қайрат Нұрдәулетов пен бас бапкер Мирослав Беранек кішігірім сыйлықтарын табыс етті. Қазір Бонн қаласында тұратын Рамиса апай күйеуімен осы матчқа арнайы келіпті. Ақкөңіл Рамиса апай жаны қалмай, қолы­нан келген көмегін көрсетуде. Тіпті бізге тілмаш болып, көп көмек көрсетті. Сондай-ақ ұлттық құрама жігіттерінің намысын жанып, батасы мен тілегін аямады (Рамиса апай жайлы сәл кейінірек толығырақ жазамыз).

Автор: Нұрғазы САСАЕВ, Нюрнбергтен арнайы «Алаш айнасы» үшін

 

http://alashainasy.kz/sport/41371/

Рубрика: