АЛТЫНОРДА
Новости

Гаухар ҚАСПАҚОВА, әнші: Сәбилі болғаннан кейін әр мерекені есте қалатындай етіп өткізгің келеді

Наурыз мерекесі қарсаңында барша қазақстандықтар бес күн демалады. Шыны керек, бұл күнді кейбіреулер әдеттегі демалыс ретінде өткізеді. Сіздің ойыңызша, осы күндерде мерекелік көңіл-күймен жүру үшін не істеу керек?
– Менің ойымша, бала тәрбиесінен бастаған дұрыс бәрін. Біз балаларымызға әр кез осы күннің маңыздылығын, ерекшеліктерін айтып отыруымыз керек. Өнердің ішінде жүргендіктен шығар, өз басым бұл мерекені ерекше күтемін.

 

Наурыз мейрамы сіз үшін қаңтардағы жаңа жыл сияқты отбасылық мерекеге айнала алды ма? 
– Менің ойымша Наурыз мерекесі дәл тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағыдай тойланбайды. Яғни, бұл мерекені тойлау деңгейі төмендеп бара жатқандай көрінеді. Сондықтан да шығар, ол кей жағдайда ерекше дайындықпен өтпейді. Өз басыма келетін болсам, ата-бабаларымыздан келе жатқан ұлттық мереке болғандықтан Наурызды барынша жақсы дайындықпен қарсы алуға тырысамын. Ел қатарлы наурыз көжемізді дайындап, бауырсағымызды пісіріп, отбасымызбен отырамыз. Балаларымның бұл мерекені сезінгенін, құрмет тұтқанын қалаймын.
– Бұл күні әр үй наурыз көже жасайды. Жалпы наурыз көже жасауда өзіңіздің ерекше әдісіңіз бар ма?
– Ерекше рецепт жоқ. Ата-бабаларымыздан қалған рецепт бойынша дайындаймын. Наурыз көжеге тоғыз түрлі дәм қосамын. Оның ішіне міндетті түрде жылқының сүрленген қазысы мен жаясы, айран, маш, тағы сол сияқты дақылдар кіреді.
– Наурыз мерекесін ұлттық киіммен қарсы алу міндетті деп есептейсіз бе?
– Әрине жағдай келіп тұрса, төл мерекемізді неге барлық жағынан ұлттық нақышта қарсы алмасқа? Айта кетейін, мектепте оқып жүрген шағымызда ауылда Наурыз мерекесі ерекше тойланатын. Біз далада асылып жатқан еттің иісін иіскеуге, алтыбақан тебуге, түрлі ұлттық ойын ойнауға әуес болып өстік. Өкінішке қарай, бүгінгі балалар оның барлығын сезініп жатқан жоқ.
– Бұл мерекеде қандай сыйлықтар жасаған дұрыс деп ойлайсыз?
– Әрине сыйлықтың жаман, жақсысы болмайды. Шын көңілмен сыйланған сыйлықтың қай-қайсысы болмасын мерекелік сыйлық болып есептелінеді. Өзім мейрам қарсаңында қызыма домбыра сыйға тарттым.
 Наурыз мерекесі қарсаңында әншілермен бас қосатын немесе ауылға барып аунап-қунап қайтатын отбасылық дәстүрлер жоқ па?
– Ондай дәстүр бар. Балаларым демалысқа шығып, өзім де басқа тірліктерден бір уақ қол үзіп мейрамда ауылға барып қайтамыз.
– Есіңізде ерекше қалған наурыз мерекесі бар ма?
– Мен үшін әр наурыз мейрамының орны ерекше. Әр жылда бұл мереке әртүрлі өтеді. Сәбилі болғаннан кейін әр мерекені есте қалатындай етіп өткізгің келеді екен. Соған әрекет жасаймыз жылда.
 Көктем шыға ағаш отырғызатын әдетіміз бар. Соңғы рет қашан тал отырғыздыңыз, есіңізде бар ма?
– Ол жағы есімде жоқ екен. Бірақ мен жыл сайын көктем шыға есігімнің алдына әртүрлі гүлдердің көшеттерін отырғызамын. Бұл да отбасылық дәстүрдің ішіне кіреді.
 Мерекеге қатысты тілегіңізді айтсаңыз?
– Барша қазақстандықтарды наурыз мерекесімен құттықтағым келеді. Мереке әр шаңыраққа құт, береке, бірлік, татулық алып келсін. Өсіп келе жатқан ұл-қыздарымыз иманды, ибалы, ұлтжанды болса екен деймін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Н.МАМЫРБЕК

Халық сөзі