Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында белгілі ақын, драматург Иран Ғайыптың «Фатима» атты қасіретнамасының тұсаукесері болды. Туындының режиссері еліміздің еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Ахманов.


Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов сынды арыстары­мыз­дың жүрегінің төрінен орын алған Фатима анамыздың тағдыр жолы тай­ғақ тым. Қазан төңкерісі, нәубетті ұжым­дастыру, зұлматты ашаршы­-лық, репрессия зобалаңы, сұрапыл соғыс. Қазақ халқы тарихының ең ауыр парақтары, тар жол, тайғақ кешу кезеңдері – осы. Әр жылдың осындай қасіреті бірінің соңынан бірі ілесіп келіп отырды. Кезегімен келген әр нәубет өзінің құрбандығын алып кетті. Фатима да бұл жылдары талай жақындарынан, қызы Фаридадан айырылады. Күн құрғатпай, қуғын­даудың ызғары білініп, шолақбел­сен­ділер сүйген жары Біләл Сүлеевтің мойнына құрық салды. Жарынан ойда жоқта қол үзіп қалған Фатима 1932 жылы ақын Ілияс Жансүгіров­пен отасады. Көп ұзамай КГБ-ның қылбұрауы оның да мойнына ора­лады. Сойқанды 1937-де Ілиястан айырылған Фатима «Халық жауының әйелі» ретінде Семейге жер аудары­лып кете барады. Ауыр да қиын жыл­дарды еңсеріп, бес баласымен Алма­тыға әрең жетіп, Мұхтар Әуезовпен кездеседі. Екеуі отау құрып, енді ты­ныш өмірді бастаймыз дегенде со­ғыстың суық хабары жетеді. Көп кешікпей, тұңғыш перзенті Жәні­бектен қара қағаз келіп, ана жүрегіне тағдыр тағы да тырнағын батырады. Ал қиын кезде демеу болған жары Мұхтар да бейбіт өмірдің бақытты шақтарын ұзақ сезіне алмайды. Со­ғыстан кейін де талай қудалауды көр­ген жазушы 1961 жылы мезгілсіз қай­тыс болады. Қойылымда бүкіл қазақ халқының қабырғасын қайыстыр­ған осындай қиын кезеңдер көрініс тапқан.

Image

Өткел бермес тереңнен, асу бер­мес асқардан тауы шағылмай өткен асыл ананың тағдырына осылайша бүкіл қазақ халқының тарихы сый­ғыз­ған спектакльдің жұрт көңілінен шығары сөзсіз. Ақ өлеңмен өрілген қойылымның суреті, әуені биік тал­ғаммен таңдалғаны көрініп тұр. Жанды суреті мен әр көрініске сай таңдалған музыкасы көрерменді Мұхтар мен Ілиястардың заманына тасымалдап ала жөнеледі. Бір сөзбен айтқанда, көрермен спектакльге то­лығымен еніп, бір уақыт театрда отыр­ғанын ұмытып кетеді. Арыстары­мыз басынан өткерген сойқанды за­манның ауыртпалығын көтере ал­маған көрерменнің көзіне еріксіз жас келеді.
Қойылымды сахнаға шығармас бұрын режиссер біраз дайындалған екен. «Спектакльді сахналауға шама­мен бір жылдай уақыт кетті. Тарихи тұлғалардың образын ашу үшін олар­дың өмірін толық зерттеу керек бол­ды. Содан үш арысымыздың өмір­баянына үңіліп, Фатима Ғабитова­-ның күнделіктерімен таныстық. Бұл орайда Мұрат Әуезовтің жазбалары көп көмектесті. Осындай ізденіс жұ­мыстарынан кейін ғана спектакльге кі­рістік. Фатима апамыздың тағдыры өз алдына бір бөлек. Ал сол кезде ол секілді қаншама аналарымыз болды. Олар да сүйген жарынан, перзенті­-нен айырылды. Бұл қасіретнамада сол кездегі қоғам құбылыстары көрі­ніс табады. Жалпы, Фатима анамыз­дың тағдыры жастарымызға үлгі бо­лады дегенге сенемін. Бұл спектакль жас­тарды отбасын қадірлеуге, қиын­дыққа мойымауға жетелейді» дейді Мұрат Ахманов.

Ал анасы жайлы қойылымның көңілінен шыққанын айтқан Мұрат Әуезов: «Фатима анамыздың тағдыры аса ауыр. Ол таза, нәзік, махаббат үшін жаралған адам еді. Бірақ ХХ ғасыр оны еркелетпеді. Шындығын­-да, бұл ғасыр осында отырған бар­лы­ғы­ның аталары мен ақ жаулықты ана­­ларына қаталдық танытты. Осын­дай қиын кезеңдерді басынан өткер­ген адамдар үшін бұл қойылым рухани демеу болары сөзсіз. Бұл бір Фатима шешейдің тағдыры емес, бүкіл қазақ халқының тағдыры. Қойылым менің көңілімнен шықты. Сахнадан Жә­нібек, Азат, Үміт, Ильфа, Болат сынды аға-әпкелерімді көріп қуанып қалдым. Авторға да, режиссерге де айтар ал­ғысым шексіз. Суретші қызымыз бен театр ұжымына мың да бір рақмет!» деп, алғысын білдірді.

Өмір шындығынан еш алыстай қоймаған спектакльдің соңы Фатима анамыздың:
…Ғасырмен тең қасіретті бір күнім,
Сұрапылды қара қошқыл көк тайғақ,
Тағдырымның мұзы үстімен сырғыдым.
Кейде күліп, кейде жылап, егіліп,
Тоқтамастан, әлі сырғып келемін.
Қара көзден ыстық жасым төгіліп,
Тағдыр мұзым еріген сәт – өлемін»
деген өлеңімен аяқталады. Иә, бұл туындыны әрбір күнінің ауырлығы бүтін бір ғасырмен теңескен анала­рымызға соғылған ескерткіш деуге болады.

Сабина ЗӘКІРЖАНҚЫЗЫ

http://www.aikyn.kz

Рубрика: