Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

1926 жылдың бірінші маусымында өмірге Норма Джин Мортенсон келді, ал 1962 жылдың бесінші тамызында дәуір нышаны Мэрилин Монро әлемді біржола тастап кете барды. Соңғысының жарыққа шығу тарихы қалай болып еді? Кез келген киносүйер қауымның осы сұрақты қоюы заңдылық. Ендеше, жауап бізден.

Мэрилин Монро 50 жылдардың нағыз жарық жұлдызы болса, бүгінде қалың көпшілік жалықпастан айта жүретін әдемі аңыз. Біздің заманымызда осындай танымалдылыққа ие болған қыз баласы жоқжәне бола алатындығына күмәніміз бар. Оған бәрі де табынды, жігіт атаулы да, әйел қауымы да шексіз сыйлайтын.

Жұлдыз 1956 жылы Лос-Анджелесте дүниеге келіп, Нью-Йорктегі актерлік студияда білім алады. Өмірде де, өлімнен кейін де ел назарынан қалмаған Монроның ғұмыры жетістікке толы болса да, өте қысқа және ауыр. Американың нышаны, миллиондаған еркектің қол жетпес арманы, миллиондаған әйелдің қызғанышын оятқан сұлу актриса биік шыңға ғажайыптың арқасында көтерілгенімен, трагедиялық мүсін болатын. Сәтсіз некелер мен бірнеше аборттар, режисерлерге жақсы көрінуге тырысумен өткен еңбекке толы ғұмыр оған бақытсыздық сыйлады. Сырты бүтін, іші түтін…

Бұл трагедияның тереңіне ену үшін ең алғашқы сабақтарға, яғни, Норма Джинның балалық шағына тоқталу қажет болады. Кедейшілік, надан ананың бітпейтін қояншықтығы, өгей әкенің аяусыз зорлығы… Мұның бәрінің куәгері болып, жалғыздық пен мұңды құшқан қыздың жасы небәрі сегізде еді. Кішкентайынан «тышқан» деген мазақ сөзден зәбір шегіп өскен Мэрилин өзіне «Мені бүкіл әлем танитын болады» деп уәде береді. Ол уәдесінде тұрды.

Шебер Табиғат мінсіз дене мен аршыған жұмыртқадай аппақ жүз бермегенде, Монроның тағдырының қалай құрылатындығын болжау мүмкін емес. Қыздың жастық шағын да ауыз толтырып айта алмаймыз.Бейсболист Джо Ди Маджиомен құрған отбасы көп уақыт өтпей жатып-ақ мәресіне жетті. Жалғыздықты серік еткен Монро сәндік салондарды, кастингтерді тоздырумен болды.

 Беверли-Хиллздегі шағын ғимараттың есігі жиырма минуттан бері қағылып тұр. Ақыр соңында есіктің арт жағынан дөрекі дауыс естілді:

— Сізге не керек болып тұр?

— Менің гүлім бар… бір минут… Норма Джин Беккер үшін. Достары оны туған күнімен құттықтағалы отыр.

Көптен күткен есік те ашылды, шабарман есінен танып қала жаздады: табалдырықта әлемнің ең танымал әйелі Мэрилин Монро тұр. Жас жігіттің әсеріне назар аудармаған Монро:

— Бұл жерде ешқандай Норма Джин Беккер жоқ. Оның достары да жоқ. Және ешқашан болмаған.

Ол осы бір сөздерден кейін есікті тарс жапты да, үлкен бөлмеге қарай өтті. Қолындағы стақанды вискиге толтырып, айнаға қарады да: «Туған күніңмен, Мэрилин. Бақытты бол», — деді. 

Монроға киноға түсу туралы ең алғашқы ұсыныс 1947 жылы жасалынды. Мансап жолын енді ғана бастаған актриса «Опасные годы» атты фильмнің эпизодынан жылт еткен болатын. Кейіннен «Скудда-У! Скудда-эй!» (1947), «Дамы из кордебалета» (1949), «Шаровая молния» (1950) сынды фильмдерден кішігірім рөлдер бұйырды. Жас актриса елдің өсегі мен сынына іліне бастады. «Все о Еве» атты фильмдегі Мисс Косуэллдің рөлін сомдап шыққан Монро көп жетістіктерге жетіп, танымалдығы арта түсті.

Солай бола тұрғанмен, көрермен оны актриса ретінде емес, жай ғана сұлу, жеңсікқұмар әйел ретінде қабылдады. Мұның бәрі де уақытша екен. «Любовное гнездышко» (1951), «Давай поженимся» (1951), «Мы не женаты» (1952), «Можно входить без стука» (1952), «Джентльмены предпочитают блондинок» (1953), «Как выйти замуж за миллионера» (1953) атты фильмдер оның даңқына даңқ қосып, кино өнерінің шыңына жеткізіп, «кино патшайымы» атандырды. Монроның суреттері басылмаған журнал қалмады, оның жеке өмірі елдің минут сайын айтатын өсегіне айналды.

1956 жылы Мэрилин америкалық жазушы Артур Миллермен отбасын құрды. Осы сәтте оның шығармашылығы тоқырауға ұшырап, қажырлы еңбекпен жеткен бар жетістігі ғайып болғандай көрінді. Құлағысы келмеген жарық жұлдыз өзінің имиджін барынша өзгертіп, театралдық студияларда сабақ ала бастайды. Жаңа картиналардан көрінгісі келетіндігін айтып, сұхбаттар береді. Нәтижесінде актриса жаңа мелодрамаларға, комедияларға шақыртулар алып, «Нет лучше бизнеса, чем шоу-бизнес» (1954), «Через семь лет после свадьбы» (1955), «Принц и хористка» (1957), «Некоторые любят погорячее» (1959), («В джазе только девушки») фильмдерінен көрінді. Мэрилин түскен соңғы фильм «Неприкаянные» (1961) деп аталады. Осы фильмде актриса өзін тапқандай болды.


Өкінішке орай, Мэрилин Монро «дүниеге келген» кезде бұл атты иемденіп жүрген әйелдің өлімі жақындаған еді. Кәріліктің таяп қалғандығы туралы тынымсыз ойлар, Артур Миллермен болған ажырасу оқиғалары (1961), жұмысқа деген көңіл толмаушылық актрисаны күйзеліске ұшыратып, ішімдікке, есірткіге, ұйықтататын дәрілермен достасуға апарып соқтырды.«Өзіне қол жұмсау» туралы нақты дәлелдер жоқ болғандығымен,барлығы да осы пікірге келіп тіреледі. Актрисаның өлімінің алдында ел аузында сенатор Роберт Кеннеди екеуінің арасындағы байланыс туралы қауесет тарап жүретін. Мэрилинді соңғы сапарына шығарып салуға жақындарының арасынан екінші күйеуі Джо Ди Маггио ғана келді.

Мэрилин Монро өлімінен кейін де елдің назарын аударуды тоқтатқан жоқ. Америкада, Еуропада оған арналған өте көп кітаптар мен мақалалар жарық көрді. Экранда оның шығармашылығына арналған «Мэрилин»(1963), «Прощай, Норма Джин!» (1976),  «Мэрилин: нерассказанная история» (1980), «Последние дни Мэрилин Монро» (1985), «Мэрилин Монро: что кроется за легендой» (1987) атты бірнеше фильмдер түсірілді. Бұл туындылардың авторларының бәрі де өмірден түсініксіз өткен әйелдің жан дүниесіне үңілуге, «М.М» феноменін түсінуге тырысып бақты.

Оның төрт он жылдық бойы әлем назарынан тыс қалмағандығы «М.М»-ның жай ғана сұлу әрі тартымды актриса болып қоймай, қайталанбас құбылыс болғандығын танытады. Және Мэрилин Монроның мың-мыңдаған актрисаларға үлгі болып, кино әлеміне зор жаңалықтар енгізгенін бүкіл әлем мойындайды.

Суреттер: marilyn-monroe.spb.ru

Дайындаған. Айгерім Сматуллаева

http://massaget.kz/madeniet/persona/10841

 

Рубрика: