Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Ғылым мен ілімге бет бұрып, Қазақстанның дамуына сүбелі үлес қосып жүрген ғалымдардың саны да күн санап артып келеді. Мәселен, соңғы жиырма жылда 20 мыңнан астам қызметкер ғылымның даңғыл жолына түсіп, елдің әл-ауқатын арттыруға еңбек етуде. Ғылыми кадрлардың арасында мұндай серпіліс бұрын-соңды болған емес. Бұл жөнінде «Қазақстан – 2050» стратегиясы: білім-ғылым-инновациялыар» атты республикалық форумда Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлімдеді.


Аталмыш жиынға Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, «Астана Экспо – 2017» Ұлттық компа­ниясының басқарма төрағасы Талғат Ермегияв және Қазақстанның ғылыми әлеуетінің дамуына үлес қосқан ғалымдар қатысты. Форум аясында пленарлық отырыс, ESI-2013 ғылым мен техника жетістіктерінің республикалық көрмесі, дөңгелек үстел, сондай-ақ бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Ғылым мен техника жетістіктерінің көрмесіне «ЭКСПО-2017»-ге бағытталған 12 иннова­циялық жоба, еліміздің іргелі және қол­данбалы зерттеулері бойынша 36 жоба көрсетілді.

Ал пленарлық отырыста Қазақстан ғылымының өзекті проблемалары сөз болды. Қазіргі таңда елімізде 20 мыңнан астам адам қызмет ететін 345 ғылыми ұйым жұмыс істейді. Соңғы он жылда ұйымдардың саны 26 пайызға артса, қызметкерлер саны 38 пайызға өсіпті. Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов жастардың ғылымға бетбұрыс жасап, зерттеу жұмыстарына ден қой­ғанын ерекше атап өтті. «Бүгінде 1500 студент ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады 2012 жылы 35 жасқа дейінгі ғалымдардың үлесі 38 пайызға артса, 45 жасқа дейінгі ғылыми қызметкерлер жалпы қызметкерлердің 56 пайызын құрап отыр. Бұл ғылым саласының жасарып бара жатқанын білдіреді» деді Бақытжан Тұрсынұлы. Ғылымның да­муына бөлінетін қаржы да артып келедi. Мәселен, соңғы екі жылда салаға бөлін­ген қаржы 2,3 есе артыпты. «2013 жылы ғылымға бөлінетін қаржы одан әрі арта түседі» деп сендірді министр.

«Ғылым туралы» жаңа заңды іске асырудың екінші жылы аяқталды. Осы екі жылда ғылым саласында бірқатар жүйелі өзгерістер орын алған. Мәселен, жоғары оқу орындарында ғылымды жылдам дамыту бағыты қолға алынып, жүзеге асырылып келеді. 2010 жылы жо­ғары оқу орындарының ғылыми жоба­лар­ды жүзеге асыру үлесі 33 пайызды құ­раса, өткен жылы бұл көрсеткіш 67 пайыз­ға теңестірілген. Сондай-ақ жаңа заңның негізінде ғылыми жобаларды іріктеудің жаңа жүйесі іске қосылды. Осы уақытқа дейін жобалардың 4 кон­курсы өткізілсе, алғаш рет ғылыми жо­баларға халықаралық сараптама жа­салған. Бұл іске әлемнің 60 елінен 600 шетелдік сарапшы қатысты. Нәтижесінде, ұлттық ғылыми кеңестер 2 мыңнан астам ғылыми жобаларды іріктеді. Әлем демекші, Қазақстан ғылымының даму шекарасы да кеңейіп келеді. Бақытжан Жұмағұлов ғалымдардың ғылыми еңбек­терінің халықаралық рейтингті басы­лым­дарда жарық көруін де тілге тиек етті. «Өткен жылдың ішінде халықаралық басылымдарға жарияланған мақалалар саны 478-ден 11143-ке артқан Бұл біздің ғалымдарымыздың әлемдік ғылымға қосқан үлесі деп білемін» деді министр. Сондай-ақ Бақытжан Жұмағұлов барша ғылыми қызметкерлерді ғылыми даму­дың жаңа міндеттемелерімен таныс­тырды. Ең алдымен еліміздің білікті ғалымдарын біріктіретін ғылыми орта­лықтардың деңгейі мен абыройын арт­тыру көзделіп отыр. «Енді ғылыми орта­лықтар «Қазақстан – 2050» стратегиясын дамытуға сүбелі үлес қосады» деген министр қоғамдық-гуманитарлық бағыт­тағы ғылымды, оның ішінде саяси һәм экономикалық саладағы ғылымды да­мыту керектігін баса айтты. Сонымен қатар жоғары оқу орындары секторын дамыту да – негізгі міндеттердің бірі. «10 инновациялық бағыттағы жоғары оқу орындары анықталып, мақсатты түрде қаржыландырылуда» деді министр. Жаңа заңға сәйкес, ғылыми университеттерді құрылымдау жұмысы басталып та кетті. Сонымен қатар Бақытжан Жұмағұлов Жасыл экономикаға өту Қазақстанның ғылым саласының дамуының жаңа бір сатысы екенін де атап өтті. «Астанада өтетін «ЭКСПО – 2017» көрмесі еліміздің жаңа, технологиялық «жасыл» бағытына көшуiне септігін тигізеді» деді Бақытжан Жұмағұлов.

Ал жиында сөз алған Алматы қала­сының әкімі Ахметжан Есімов оңтүстік астанада 9 мыңға жуық ғылыми қыз­мет­кер еңбек ететінін айтты. «Қазақстанда 149 жоғары оқу орны бар болса, соның 46-сы Алматыда орналасқан. Алматыдағы жоғары оқу орындарында 160 мыңнан астам студент оқиды. Ондағы профессор-оқытушылар құрамы 17 мыңға жуық» деді қала әкімі. Ахметжан Есімов ша­һардағы ғылымды дамыту бағыттарын да атап өтті. «Оның біріншісі – «Алатау инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы. Екіншісі – тау-шаңғысы курорты мен Алатау ауда­нындағы өндірістік аймақты құру жұ­мысы. Үшіншісі – экологиялық мәсе­лелер. Қалалық әкімдік бұл бағыттар бойынша ғалымдардың ұсыныс-тілек­терін қабыл­дап, бірлесіп жұмыс істеуге дайын» деді шаһар басшысы. Сонымен қатар Есімов мырза оңтүстік астананың мүшкіл халге түскен экологиялық жағ­дайын да тілге тиек етті. Экологиялық мәселені рет­теуде қала басшысы ғалым­дардың ақыл-кеңесіне жүгінетінін айтып, шаһардың жасыл қорын дамыту керек­тігін де баса айтты.  Пленарлық жиыннан соң Қазақстан ғылымының дамуына үлес қосқан ға­лымдар төсбелгімен, Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, министрдің алғысхатымен марапат­талды.

Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ

http://www.aikyn.kz/

 

Рубрика: