Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Ақсарбас! Қазақ бұл сөзді текке ауызға ала бермейтінін білетін біз де анау-мынауға «ақсарбастай» бермейтініміз анық. Бірінші рет  «Біржан сал» көрерменге жол тартқанда осылай жар салсақ, содан бері енді ғана қайталағалы отырмыз. Сонымен, ақсарбас! Алматыда Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Ахмановтың режиссерлігімен көрнекті драматург Иран-Ғайыптың «Фатима» қасіретнамасының тұсауын кесті.

 

Каренинаны қырық орап алатын қазақ әйелдері


Белі қылдырықтай болса да құмыр­сқа­ның ылғи таудай жүк арқалап жүргенін кө­реміз. Бұл бір кездейсоқтық па, әлде Тә­ңір­дің пендесіне тағылым алсын дегені ме, әйтеуір, құмырсқа да, әйел заты да бір іс­пет­ті. Толстойдың «Анна Каренинасы» жа­зыл­ғаннан бастап күні бүгінге дейін қан­ша­ма тілде, қанша елде, қаншама туынды тү­рінде әлемді шарлағанын ескерсек, біз­дің де сол уақыттан бері бір ғана әйел тағ­ды­­рын арқау ете отырып, көп нәрсені жет­кіз­­бегенімізге таңғалуға болады. Та­­ри­хымызға үңілсек, ел басына күн ту­ған­да етігімен су кешіп кеткен ер атаулының ар­­тында қалып, ошағының отын, аза­ма­ты­ның атын өшірмей, ауыр қиындық пен қыл­бұрау қиянатты қасқая қарсы алған қа­зақ әйелдері жетерлік, ал солардың ішін­де Фатима Ғабитованың жөні тым бө­лек. Себебі ол – бір емес, үш бірдей ұлты­мыз­дың ұлы тұлғасының ұрпағын өсіріп, мұ­раларын сақтап қалған асылтекті әйел, алтын құрсақ ана. Үшеудің бірі – Алаштың ардақты ұлы, кезінде еліміздің білім саласына білікті басшылық жасаған Біләл Сүлеев, екіншісі қазақтың құлагер ақыны Ілияс Жансүгіров болса, енді бірі – ұлы Мұқаң, Мұхтар Әуезов.

Ана мен бала арасын жалғаған – өнердің құдіреті

16 жасар Фатиманың алғаш балаң ма­хаб­баты оянған кезінде жыр киесімен сыр­ласуынан басталатын қойылым біртіндеп күр­делене түседі. Ағартушы ғалым Біләл Сүлеевпен отасу… бірақ қатыгез тағдыр, сұрқия саясат небары он шақты жыл ғана отасуға мұрсат беріп, НКВД-нің жымысқы жендеттері бір-ақ сәтте Біләлдей асыл азаматты алып кетеді. Біләлдің барында-ақ Фатимаға ғашықтығын жасырмай,

 

«Мен айналдым көзіңнен

Жаутаңдаған жаным-ай»,

 

– деген жыр жолдарын хатпен жолдап жүретін қазақтың біртуар ақыны Ілияс қиын-қыстау кезде ғашығын өз қанатының астына алады. Өзі репрессия басталған тұс, көп ұзамай Ілияс та «келместің кемесіне» мініп кете барады. Нақақтан кеткеніне налыған азаматтың ақырғы сөзі: «Ұлттың сөзін айттым ба, айта алмадым – арманым сол болған-ды…» Фа­тима тағы қайғы арқалап, екі бірдей азаматтың бес перзентін құшқан күйі қала береді. Айта кету керек, ұлт қасіретін арқалаған осындай әйел бейнесін сомдау оңай емес, алайда Ақбота Қаймақбаева ол жауапкершіліктің үдесінен шыға білді. Оны басқа емес, Фатима мен ұлы Мұқаңның перзенті Мұрат Әуезовтің өзі бағалап, актрисаға алғысын айтты.

Мұрат Әуезов, мәдениеттанушы ғалым:

– Бүгінгі жағдайым ерекше. Өйткені тол­­ғанып тұрмын. Ал бұл толғаныс бү­гін өмірге келген туындының сәтті шық­­қан­дығының дәлелі деп білемін. Ең әуелі, шығарманы жазып шыққан Иран-Ғайып бауырымызға алғыс айт­қым келеді. Себебі бұл – үлкен және де өте қиын тақырып. Ана­мыз қазақтың ХХ ғасырдағы тарихи тағ­дырын ба­сы­нан, жү­регінен өткерген адам ғой. Ашар­­шы­лық, репрессия… Со­ның бар­лы­ғы жай­лы анамыздың өз күн­де­лігі бар, яғни кезінде өз өмірін, өз көңіл кү­­йін  жаза отырып, ол кісі қазақ та­ри­хын­­дағы аса мәнді даталарды хатқа тү­сір­ген. Сол күнделігі бар, сондай-ақ анамыздың қа­зақтың біртуар аза­мат­тары, яғни өз жар­ла­рымен жазысқан хат­тары бар – барлығы топтастырылып, қазақ және орыс тілдерінде кітап болып шық­ты да. Неге екен, әйтеуір, мен ана­м­ыздың өмірі театрда қоюға, кино етіп шығаруға келмейді деп ойлаушы едім. Ал бүгінгі оқиға менің сол күдігімді толы­ғы­мен сейілтіп қана қоймай, кө­ңі­лімді тол­қы­тып, көзіме жас алды­рып тұр­ған жайы бар. Менің анам болған­дық­тан емес, жалпы, бұл өзі бір жеке адамның тағдырына бүкіл ұлттың тари­хын сыйдырған жаңа, тың дүние болып шығыпты. Ендеше, бұл тақырып ен­дігіде киноға да арқау бола алады. Ме­ніңше, бұл – қазақ өнері үшін үлкен олжа. Ұлы ойларға жетелейтін көптеген ұтымды шешім таба білген режиссерге де басымды иіп алғыс айтамын.

Сәтті қойылым алдымен сәтті шығар­ма­дан туатынын ескерсек, «Фатимада», ең бі­рін­ші, Иран-Ғайыптай драматургтің, содан соң Мұрат Ахмановтай режиссердің, содан соң осы ретте еңбектенген күллі актерлер қа­уы­мының маңдай тері бар. Әсіресе көбіміз мағ­лұматтың аздығынан біле бермейтін Бі­ләл Сүлеевтей ағартушы, асыл азаматтың бей­несін біздің көз алдымызға келтірген Рус­лан Ахметовтің еңбегін ерекше атап өтуі­міз керек. Ілияс – Бейбіт Қамаранов та сыршыл ақын, терең ойлы қайраткерді жақсы алып шықты. Ал Мұқаңды сомдауда Бақыт Ту­шаев­қа әлі де болса іздену керек екендігін қойылымды талқылауға жиналған зиялы қауымның біршамасы айтты. Себебі Ілияс пен Біләл ертеректе атылып кетсе, Мұқаң бертінге дейін өмір сүрді. Ендеше, көз­көр­ген­дер әлі бар болуы заңды және қазақтың қайсыбірі болсын Әуезов бейнесіне жіті қарары сөзсіз.

Тағы бір елең еткізген кейіпкер – НКВД қыз­­меткері. Жендет – Тажал… Осы ретте ре­­жис­сердің тапқырлығы ма, әйтеуір, сәтті бір шешім болғаны сол жендетті жалғыз көз­ді, ақырып жетіп келіп, өзі жүрген жеріне қайғы-қасірет пен өлім уын себетін Тажал іспетті көрсеткені ұтымды шешім болған. Ал ең ке­ре­меті – сахнаның безендірілуі. Перде ашы­лысымен көрермен көзі бірден ком­пью­тер­лік графиканың көмегімен парақталған кітапқа түседі. Кейіпкерлер сол кітаптан бері шығып, оқиғалардың да сол кітап бетінен өрбіп, астасып жатуы керемет. Төбеден төн­ген темір тор, тіпті өлі-тірісін бірдей таптап өте­тін буль­до­зер – барлығы да – қоюшы суретші Ин­ди­ра Ихсанның шығарманы жүрек сүзгісінен өт­кізе білгендігінің айғағы.

«Тағдыр мұзы еріген сәт өлемін…»

Сонымен не керек, қысқасы, Біләл Сү­леев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов және Фа­тима мен балалары төңірегінде өрби оты­рып, қазақтың ХХ ғасыр бойына бастан кеш­кен зобалаңдарын қамтыған «Фатима» қа­сі­рет­намасының бір ғана түйіні сондағы ке­йіпкердің, жаңылыспасақ, Мұхтар Әуе­зовтің аузымен айтылған мына сөзге сый­ған­дай: «Қазақтағы бұл қайғы: жылқыдағы – жа­манат, сиырдағы – қорасан, қойға тиген жұт болды». Алайда автор менен режис­сер­дің ше­шімі бізге ұнады, яғни қыс артынан көк­тем ке­летін тіршілік заңына сәйкес, сон­дай зұл­маттың соңында Фатима болашақтың ие­сі – ба­лаларымен гүлге көмкеріледі.

Автор: Мәриям ӘБСАТТАР

 

http://alashainasy.kz/culture/40324/

Рубрика: