Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Былтырғы жылдың соңына дейін арзандаумен болған евро, жаңа жылдың басынан бері құнын жоғалтқан рубль қайтадан қымбаттауға ұмтылды. 

Осыны білген Еуроодақ орталық банкінің жетекшісі «бұл экономикалық дамуды тежейтін жағдай, қазір евроның үстеп қоректендірілуі 0,25 пайыз мөлшерінде, егер аймақтық валютаның қымбаттауы жалғасса, онда мөлшерлемені теріс санға ауыстырамыз» деп шыға келді. Яғни қымбаттау жалғасса, Еуроодақ орталық банкі оны үстеп қоректендірмей, керісінше «салық» салатын болады.

Ал рубль жағдайына келер болсақ, ол арзандай бастағанда-ақ сырттағы сарап­шылардың «бұл елден халықаралық валюталарды сыртқы инвесторлардың көптеп алып кетуінің салдары» деуіне қарамастан елдің орталық банкінің бас­шылары мен Экономикалық даму ми­нистрлігі экономиканың ырғақты да­муына жол ашылды деген пікір білдірген. Соңғы форекс сатылымдарында евро да, рубль де қымбаттауға ұмтылды. Еу­ропаның орталық банкі Германия жа­ғының «қас-қабағын» бағып отырса да, евроны құнсыздандыру шарасы өндіріске енгізілуі қажеттігін тағы да қайталады. Ал Ресей жағы биыл ішкі жалпы өнімнің өсімі болмауы да мүмкін деген пікірді айтып шықты. Ресей билігі рубльді құн­сыздандыра алады. Бірақ елдегі алтын-валюталық сақтық қордың мөлшері 80 миллиард долларға кеміп, қазіргі таңда ол 471 миллиард долларға дейін түскендігі қолбайлау болып тұрғандай. Десек те соңғы фьючерстік сатылымдарда мұнай баррелі 110 доллардан асып кетті. Бұл енді жалғасар болса, Ресей жағы да рубльді қолдан құнсыздандыруға баратын шығар.

Сонымен, евро мен рубль қымбаттай ма? Әңгіменің ашығы керек, евроның табиғи жолмен қымбаттауы әлі жалғасады. Егер орталық банк евроға қатысты «са­лықтық» ауыртпалықты жүктемесе, бұл аймақтық рецессияны қамтамасыз етуі мүмкін. Рубль табиғи жолмен «қымбат» емес. Оның үстеп қоректендіру мөлшер­лемесі жоғары болып тұр. Егер осыны бір пайызға түсірсе де рубльдің әлсіреуі та­биғи түрде басталары сөзсіз. Көңіл ау­даратын тұс, аймақтық валюталардың қымбаттығы ішкі жалпы өнімнің бәсе­келестігіне, яғни өсіміне кері әсер етеді. Мұны еуроаймақ пен Ресей билігі жаңа білгендей.

Орайы келгенде айта кетейік, бұл жағынан алғанда Қытай мен Жапония дұрыс істеді. Қытай юаньды қымбаттатқан жоқ. АҚШ жағынан қанша қысым болса да юанды халықаралық валютаға қа­рағанда баяғы қалпында ұстауы Қытай тауардың өтімділігін қамтамасыз етіп тұр. Ал иенаға келетін болсақ, бұл валюта ел басшылығының о бастан-ақ дұрыс бағыт ұстануының нәтижесінде экономиканың рецессияға ұшырамауын ақиқатқа айналдырды. Ескерте кетейік, Жапония билігі 2009 жылдың өзінде дағдарысқа қарсы күрес шарасы ретінде «үш сатылы зымыран» бағдарламасын қабылдап, жүзеге асырған болатын. Ол бойынша ел тұрғындарының сатып алу қабілетін көтеру бірінші кезекке шығарылды. Яғни жапондардың сатып алу қабілетін көтеру арқылы билік айналымға бюджет кіріс­терімен қамтамасыз етілмеген иенаны мол мөлшерде шығарып, ұлттық валю­таның құнын түсірді. Бұл өз кезегінде ішкі жалпы өнімнің рецессиясына тежеуіштей әсер етті. Десек те, жапон билігі мем­лекеттің ішкі берешегін молайтып алды. Қазір ол мемлекет ішкі жылдық жалпы өнімінің 100 пайызынан асып кетті. Яғни Жапония «у ішсең, руыңмен» дегендей, АҚШ билігі не істесе, соны жасап, «тай-таласты» майданның барлық шебінде жалғастырып бағуда. Бұдан не шығады, оны уақыт көрсетеді. Біздің білетініміз, АҚШ мүмкіндігіне қарағанда Жапо­нияның қыспақтан құтылу мүмкіндігі молырақ.

Біз әрқашанда және негізінен үш валютаға (доллар, евро, рубль) «кінді­гімізден байланған» елміз. Ресей рублі құнсызданып еді, теңгемізді де құнсыз­дандырдық. Әлемдік нарықта біздің негізгі экспорттық тауарларымыздың бағасы қалыпты екеніне қарап жатпадық. Ал енді евро мен рубль қымбатшылыққа ұмтылып жатқанда не істейміз? Бұған ешкім біздің ойлағанымыздай жауап беруге дайын емес екенін білеміз. Дей тұрсақ та айналымға теңге массасын көптеп шығару абыройлы іс емес екенін ескерткіміз келеді. Әрине, ұлттық ва­лютамызды құнсыздандырып, тауар экспорттаушыларды қолдау жақсы. Бірақ мұндай қолдау «соңғы шара» ретінде қарастырылғаны дұрыс. «Дәріге бойын үйретіп алғандар» ауруынан айықпай өледі. Бұл – табиғи заңдылық. Тауар экспорттаушыларымыз осындай «жаман әдетке» бой алдырса, олардың бәсекелес­тікке қабілетті болу мәселесін ғылыми жолмен шешуге ұмтыла қоюы екіталай. Демек, біз «экспорттаушыларды қол­даймыз» деп олардың күрескіштік қа­білетін жойып жатқан жоқпыз ба деп ойласақ, шындыққа сонда көз жетеді. Күшті қару әрқашан да «басқа қиындық төнген кезде» ғана қолға алынғаны жөн.

Жұмабек ЖАНДІЛДИН

http://www.aikyn.kz/articles/view/49570

Рубрика: