Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Мартин О’Хара, PhD докторы, ҚМЭБИ университетінің академиялық істер жөніндегі вице-президенті:

 

Наурыз мейрамы күнтізбе бойынша әл­деқашан аталып кетсе де, еліміздің түк­пір-түкпірінде осынау ұлық мерекені атап өту көктем мезгілі жазға ойысқанша жал­ға­сатын жазылмаған дәстүріміз бар. Осы орай­да, таяуда республикамыздың алдың­ғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі, Қазақ менеджмент, экономика және биз­нес институты шаңырағында Наурыз мер­е­кесі кең көлемде атап өтілді. 

Әлемдік деңгейдегі сапалы білім бере­тін бұл оқу орнында бүгінде көптеген шет­елдік ғалымдар дәріс беріп, әр елден жи­налған студент жастар да заманауи білім мен ғылым саласын игеруде. Аталған білім ша­ңырағындағы мерекелік шараға уни­вер­ситеттің оқытушылар құрамы мен сту­дент­терінен басқа, есімдері елге белгілі ғалым­дар, ақын-жазушылар, танымал өнер­­паздар мен ақпарат құралдары өкіл­дері арнайы қонақ ретінде шақырылды. Оқу орны ұйымдастырған шара барысында қонақтар қазақтың қасиетті киіз үйінен наурызкөже сынды ұлттық тағамдардың дәмін татып, түрлі ұлттық спорт ойындары мен университеттің талантты студенттері ұйымдастырған мерекелік концертті тама­ша­лады. Наурыз мейрамының осы білім ша­ңыра­ғында барынша салтанатпен атап өтілуі­не университеттің Тілдер орталығы ма­мандары бар ынта-жігерлерін жұм­саған­дығын да айта кетуіміз керек. Әр ұлттың өкілдері бір дастарқанда бас қос­қан мереке сәтінде біз ҚМЭБИ универ­си­тетінің академиялық істер жөніндегі вице-президенті, PhD докторы Мартин О’Харамен аз-кем әңгімелескен едік:

 

– Сіз Еуропа жоғары оқу орындары­мен қатар, ұзақ жылдар Африка же­рін­дегі Уганда, Кения сияқты елдердің уни­верситеттерінде жетекші қызмет­тер атқарған ғалымсыз. Бүгінде қазақ же­рінде жастарға білім беру ісінде өз тә­жірибеңізді бөлісіп келесіз. Қазақ­стан сізді несімен қызықтырды?

– Мен әлемнің барлық құрлығында болып, көптеген елде қызмет етіп, ғы­лым­мен айналысқанмын. Жұмыс орным мен тұрғылықты жерімді жиі ауыстыруға әбден бойым үйренген. Осы қалпым мені тың идеялар мен бастамаларға жетелейді. Десек те, Қазақстандағы білім беру сала­сын­­дағы қызметімді жуық арада өзге ман­саппен айырбастағым келмейді. Бұл елде мені қызықтыратын, маған таңсық дүние­лер көп екен. Бұған дейін Қазақ елі туралы то­лыққанды, жан-жақты терең білмейтін­мін. Өзім көп уақыт қызмет істеген Афри­ка­ны айтпай-ақ қояйын, жалпы, бүгінгі Батыс­та қазіргі Тәуелсіз Қазақстан туралы әлі де болса оңтайлы көзқарас қалыптасып үл­герген жоқ. Меніңше, жылт етпе ақпа­рат­тар мен әлдекімдердің айтқанына сүйе­не салып, белгілі бір мемлекет, халық тура­лы атүсті ойлауға болмайды. Оған өзімнің көзім әбден жеткен. Мен Қазақстанға ша­қырту алғанда, бұл елдің Орта Азиядағы көш­басшы ел екендігін, посткеңестік кеңіс­тіктегі қарқынды дамушы елдердің алдың­ғы қатарында екендігінен аздап хабарым бар еді. Қазақтың дәстүр салты мен өмір сүру қалпын, түсінік-пайымы мен ментали­те­тін өзімше ұғынып, өзгелермен салыс­тыр­ғым келді. Кейін келе осында қызмет істеп жүріп қазақ халқының ерекше кең­пейіл, дарқан екенін, жастары бүгінгі заман көшінен қалмауға тырысып, алға ұм­тылатын, ғылым мен білімге икемді еке­ніне көз жеткіздім. Бір қуанғаным, қазақтар өз­дерінің ұлттық салт-дәстүрлерін берік ұста­нады екен. Бұл жерден де тамаша әріп­тес, достар таптым. Күллі әлем қауымда­сып, араласып өмір сүріп жатқан қазіргі за­манда әр ұлттың тамырлы дүниесін сақтап қана қоймай, оны уақыт талабына орай жетілдіріп отыруы маңызды.

– О баста сіз ғылымның геология саласына ден қойып, бірқатар елдерде арнайы зерттеушілер экспедициясына жетекшілік еткеніңізден хабардармыз. Бұл бағыттағы зерттеулеріңіз әлі де жалғасын таба ма?

– Уақыт өткен сайын ғылымға жастар көптеп келуде. Енді кезінде жинақтаған мол тәжірибемізді солардың бойына сіңіруіміз қажет. Соңғы жылдары ғылыми-тәжірибелік жұмыстарды шегере тұрып, академиялық басшылық қызметтерге ойысуымның бір себебі де – сол. Менің ҚМЭБИ оқу орнындағы қызметім өзіме ұнайды. Мұндай үлкен университетте жұ­мыс істеу әрі қызықты, әрі қиын. Менің мақ­сатым – осындағы қалыптасқан қағи­дат­тарды бұзбай, керісінше әлемдік үрдіс­тер­ді енгізе отырып, білім алуға жаңаша сер­пін беріп, университеттің дамуына өзіндік үлесімді қосу. Осы университеттің басшылық құрамына келгеніме көп уақыт бола қоймаса да, біршама жобаларды іске асыруға атсалысып жүрмін. Бүгінде Қазақ­стан­дағы білім жүйесі Болон үрдісі талап­та­рымен сәйкестендірілуде. Бұл ретте біраз сер­пілістер бар. Қай елде болмасын, білім са­ласы өте бір қиын сала болып табылады. Көп нәрсе ұйымдастырушылық жұмыстар­ға келіп тіреледі. Егер де біз жан-жақтан алған тәжірибелерімізді, өзімізге қажетті де тиімді жағдайда үйлестіре білсек, онда алға қойған мақсаттарымызға жеткеніміз.

– ҚМЭБИ-дің еліміздегі өзге оқу орындарынан ерекшелігі неде?

– Бұл университет солтүстікамерикалық білім моделі бойынша жұмыс істейтін ТМД-дағы жетекші жоғары оқу орны болып табылады. Бүгінгі таңда бұл оқу ор­нында құқықтану, журналистика, әлеумет­тік ғылымдар, ағылшын тілін оқыту сала­ла­рының алты әртүрлі бағдарламасында төрт мыңдай студент оқиды. Әлемдік дең­гейдегі оқу курсы халықаралық стан­дарт­тарға сәйкес құрастырылған; барлық са­бақ­тар ағылшын тілінде жүргізіледі. Сту­дент­тер мен оқытушылар сабақта, сон­дай-ақ жұмыста институттың заманауи оқу-әдістемелік және материалдық-техни­ка­лық базасын пайдалана алады. Олардың қатарында жоғары дәрежелі тілдер орта­лығы, ТМД-дағы аса ірі ағылшын тіліндегі кітап­хана, қазіргі заманғы үлгідегі спорт орта­лығы бар. Осының бәрі жастардың то­лық­қанды білім алуына жағдай туғызады.

– Ұзақ жылдардан бері дүниенің төрт бұрышын аралап, ғылым-білім игеріп жүрсіз. Өзіңіздің тегіңіз шыққан Ұлыбритания елін сағынасыз ба?

– Шынында да, жас кезімнен Англия, АҚШ, Канаданың белді жоғары оқу орындарында білім алып, кейін ғылымның соңына түсіп, әлемді шарлап кеттім. Әри­не, кез келген адам өз отанынан жырақ кет­се, өз үйін, отбасы, жақындарын сағын­бай тұра алмайды. Еуропаға барғанда қа­зақтың қымызы мен қазы-қартасын сағы­натын шығармын…

– Әңгімеңізге рақмет!

Автор: Алмат ИСӘДІЛ

 

http://alashainasy.kz/culture/41817/

Рубрика: