Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

tfcҚазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған дәрісінде Астанада Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы Шартқа қол қойылған күнді «Еуразиялық интеграция күні» деп белгілеуді ұсынған еді. «Егер бәрі біздің ойлағанымыздай болса, Шартқа мамырдың аяғында қол қоямыз» деді Елбасы. Яғни, 2014 жылдың 29 мамыры Еуразияның тарихында аса маңызды оқиға болатын күн ретінде жылнамаға жазылады. Жаңа экономикалық бірлестікті құратын үш ел: Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің басшылары жақында Минскіде бас қосып, қазірге дейін шешілмеген үшжақты мәселелерді кеңінен талқылады.

Онда Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко «үштік» арасындағы тауарлардың еркін айналымы жүзеге асырылуы үшін толық форматтағы Кеден одағын құруға тоқталды. Оның айтуынша, Кеден одағына мүше елдердің арасында тауар қозғалысында ешқандай шектеулер болмауы тиіс. Осылайша, Беларусь басшысы Ресейден алатын мұнайға салынатын баж салығын шегеріп тастауды астарлап жеткізді. Қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, орыстың мұнайы беларусьтық зауыттарда қайта өңделеді. Өңделген өнім Беларусьтың ішкі нарығында қалса – баж салығы алынбайды, ал Кеден одағынан тыс нарыққа шығарылса – әр тоннасына 387 доллар төленеді. Баж салығын шегеруге Ресей келіспей отыр. Себебі, беларусьтар бажын төлемесе елдің бюджетіне жылына 30 млрд доллар түспей қалады.

Жалпы алғанда, бұл мәселені шешудің нақты жолын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев нұсқады. «Біз кез-келген мәселені шешуде әрқашан бір мәмілеге келіп жүрміз. Бүгін де солай істейміз»,- деді Елбасы. Түптеп келгенде, Александр Лукашенконы алаңдатқан жайды ресейлік және беларусьтық тарап бірлесіп шешетін болды. Басқосу барысында Ресей президенті Владимир Путин үш елдің үкіметтерінің деңгейінде үлкен сараптамалық жұмыстар жүргізілгенін, соның нәтижесінде 600 беттен тұратын аса көлемді, негіздемелі құжат пайда болғанын атап айтты.

Шетелдік және отандық сарапшылар үш елдің Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы Шартқа бірауыздан қол қоятыны айтады. Ресейдегі экономика мектебінің сарапшысы Наталья Волчкованың пікірі бойынша, Беларусь президенді халықаралық санкцияларға сүйене отырып, Мәскеудің әлсіз жерін көріп, саудаласқысы келеді. «Сонымен қатар, Ресей мұнай тасуға берген квотасын шегере алмайды, себебі бұл экономикаға жағымсыз жағынан әсер етеді. Бірақ, бұл мәселеге қатысты Минскіге белгілі бір жеңілдіктер ұсынылады. Ең бастысы, Ресей де, Беларусь та ЕЭО құру туралы Шартқа қол қоядан бас тартпайды»,- дейді Н. Волчкова. Қазақстандық экономист Петр Своик интеграциялық үдерістің бір орында тоқтамайтынын ескере отырып, жаңа бірлестіктің құрылуына Еуразия құрлығының маңдайына жазылған тағдыры ретінде қарауға баса назар аударады. Оның пайымдауы бойынша, жаңа құрылым Еуропалық Одақ, АҚШ-тың құрылуы немесе Қытайдың экономикасының өрлеуі сияқты қалыпты үдеріс.

Саясаттанушы Айгүл Омарова Қазақстан көшбасшысы үшін еуразиялық идеяның шынында да жаһандық мақсат екенін талдай отырып, біздің еліміз тек осындай одаққа кіру арқылы өзінің аумақтық тұтастығын, мемлекеттік егемендігін сақтап қалады деген қорытындыға келеді. «Н. Назарбаевтың Кеден одағына мүше елдердің интеллигенциясының форумын өткізейік деп ұсыныс жасауының өзі жайдан-жай емес. Қазіргі кезде әлемде, соның ішінде посткеңестік кеңістікте қалыптасқан ахуал идеологиялық мазмұнсыз, мәдени жақындасусыз экономикалық көрсеткіштер мықты мемлекет құруға негіз бола алмайтынын көрсетті»,- дейді сарапшы.

Еуразиялық интеграция институтының экономикалық зерттеулер бөлімінің меңгерушісі  Владимир Тельнов еуразиялық ықпалдастық мәселесін еліміздің бәсекелестік мүмкіндіктерін өсіру тұрғысынан қарастырады. «Не интеграция, не егемендік дейді кейбіреулер. Олардың ойынша, интеграцияға қосылсаң – егемендіктен айрыласың. Н. Назарбаев керісінше, интеграция жолымен жүрсек, егемендігімізді нығайтамыз дейді. Өйткені, бәсекелестік мүмкіндіктерімізді ұлғайтамыз. Егер біз интеграция жолымен жүрмесек, егемендігімізді сақтаймыз, бірақ, іс жүзінде әлемдік еңбек бөлінісіне қосылмағандықтан толыққанды дамыған елге айнала алмаймыз»,- дейді ол. Сарапшының пікірінше, Н. Назарбаев Мәскеудегі дәрісінде «Қазақстан кіммен ықпалдасады?» деген сауалға нақты әрі айқын жауап берді. Елбасының қадап айтқаны – біздің бәсекелестігімізді арттыратын мүмкіндіктің бірі – жақын көршілеріміз. Бірақ, бұл көршілермен ғана шектелеміз дегенді білдірмейді. «Біз ЕуроОдақпен де, Қытаймен де және басқа елдермен де сауда-экономикалық байланыстарымызды одан әрі нығайта беруіміз керек. Ресейден импортты көп алатын болсақ, керісінше экспортымыз ЕуроОдаққа кетіп жатыр. Минералдық шикізаттарымыздың 70 пайызын Еуропалық Одақ тұтынады. Қытаймен де солай. Яғни, бір жерде ұтылсақ, екіншісінде ұтамыз. Сайып келгенде, бұдан экономикамыз бәсеке қабілеттілігін арттыра түседі»,- дейді В. Тельнов.

ЕурАЗЭҚ институтының бас директоры Владимир Лепехин болашақта құрылатын Еуразиялық Парламент бір параллельде орналасқан Астана мен Омскіде болуы керек деп есептейді. Оның пікірінше, Астана мен Омскінің арасына жүрдек автокөлік және темір жол магистралі салынатын болса, депутаттар екі астанада бір мезгілде жұмыс істей алатын еді. ЕЭО-тың сот органдарын Минскіден, инвестициялық орталықтардың бірін Ереваннан ашуға болады.

 

Әмірлан Әлімжан.     

Рубрика: