Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Былтыр жыл аяғында Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен «Астана – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының жабылуы рәсімінде елордамыз эстафетаны Түркияның Эскишехир қаласына тапсырған болатын. Өткен аптада ТҮРКСОЙ ұйымы мен қала губернаторының шақыруымен Түркі әлемінің мәдени астанасын арнайы аралап қайтқан едік.


Түркі тілдес елдердің журна­листерін Қазақстанның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі Асқар Тұрғанбаев әуелі Эскишехир туралы негізгі мәліметтермен таныстырды. Түркияның солтүс­тік-батысында, Порсук өзенінің жағалауында орналасқан Эски­шехир – атынан белгілі болып тұрғандай, «көне қала» деген мағына береді. ХІV ғасырға дейін жас Осман империясының аста­насы болған. Түркі мәдениетінің ортақ ақын Юнес Эмре мен күлдіргі әңгімелердің кейіпкері Қожа Насырдың отаны. Хал­қының саны – 750 мың. Бүгінгі таңда дәулеті шалқыған байлы­ғы­мен, ұлысты ұйыстырған ынты­мағымен аты шығып отыр. Эко­номикасы мен әлеуметтік жағ­дайы, мәдениеті мен білімі қарыштап дамыған үлкен орталық саналады. Сұлулығы көз тар­татын, қолөнер шеберлері еріксіз таңдай қақтыратын киелі мекен мен Анкараның арасы жеңіл көлікпен үш сағаттық жер екен. Шаһарға кіре берісте бізді жол полициясы мен гид мамандар күтіп алып, бірден археологиялық мұражайға алып барды. Мұнда қойылған заттардың барлығы ті­келей қала тарихымен байланыс­ты. Осман империясы кезінде тұтынылған бұйымдар мен қару-жарақ түрлері, сондай-ақ әшекей бұйымдарды көптеп кездестіруге болады. Алтын-күмістен жасалған сырға-сақиналармен қатар, ұқып­ты шебердің қолынан шыққан қыш ыдыстар қала тұрғында­рының 5-6 ғасыр бұрын өркениет ауылынан алыс болмағанын көр­сетеді. Құнды жәдігерлердің ба­сым бөлігі тас табыттардың іші­нен, кейбірі жанынан табылыпты. Мұражайдың іші-сырты – толы жүре­гіңді дір еткізетін бейіт белгілері. Олардың беттеріне әртүрлі таңба басылған. Кейбіріне аң-құстар­дың бейнесі қашалыпты. Бір күн бұ­рын Анкара қаласындағы Ататүрік мұражайында суретке түсіруге мүлде рұқсат берілмеген. Ал Эскешехирде келушілерге мұндай тыйым салынбайтын көрінеді. Тарихи-археологиялық дерек­терге қаныққан соң, қала губер­на­торы Кадир Кочдэмирдің қа­был­дауында болдық. Шаһар басшысы «Эскишехир – 2013. Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ашылу рәсіміне қызу дайындалып жатқанын, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында үлкен ша­ралар өтетінін жеткізді. «Эс­ки­шехир – 2013. Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылын жоғары дәрежеде өткізу мақсатында арнайы агенттік құрылыпты.

Ай сайын «Той» журналы жарық көріп, онда атқарылған шаруалар жарияланып отырады.
– «Былтыр Астана қаласында болып, Қазақстан мемлекетінің атаулы жылды бүге-шігесіне дейін асқан жауапкершілікпен ұйым­дастырғанын өз көзімізбен көріп қайттық. Астана қаласының тәжі­рибесіне сүйене отырып, біз де лайықты деңгейде өткіземіз деген ойдамыз. Қазақстанның Түр­киядағы елшілігі және ТҮРКСОЙ ұйымының бастамасымен былтыр алғаш рет Наурыз тойын сән-салтанатымен атап өттік. Оған көрші мемлекеттерден мыңдаған қонақтар келді. Мерекенің маңызын түсінген халықтың әсерін­де шек болмады. Сондықтан «Эскишехир – 2013. Түркі әле­мінің мәдени астанасы» жылының ашылу рәсімін Наурызбен тікелей байланыстырып отырмыз. Оның үстіне, бізде өкінішке қарай, Астанадағыдай халық көп сиятын жабық ғимараттар жоқ. Қыс және күз мезгілдерінде, аптап ыстықта бүкілхалықтық шаралар ұйым­дас­тыру қолайсыздау. Сондықтан ескінің жаңарып, күн мен түн теңесетін Ұлыстың ұлы күні ел болып, көшеге шығып, ашық аспан астында тойламақпыз. Жыл бойы жүзеге асатын шаралар тек той тойлаумен ғана шектелмейді. Біз жыл аясында түркі тілдес мемлекеттердің ортақ мәдениеті мен тарихи құндылықтарын насихаттап, тілі мен салт-санасы­ның дамуына күш саламыз. Ғы­лыми зерттеулер жасалып, келелі кеңестер, тұшымды талқылаулар, әдеби басқосулар өткіземіз. Оған түбі бір түркі елдерінің барлық азаматтары атсалысады. Бірақ болашақ – жастардыкі болған­дықтан, негізгі басымдық 8-18, сондай-ақ 18 бен 35 жас аралы­ғындағы қыз-жігіттерге жасалады. Оларға көңіл көтеріп қана қой­май, туысқан халықтардың мәде­ниетімен танысуға мүмкіндік беріледі. Ең басты көздеп отырған шаруамыздың бірі – күзге дейін бірқатар тарихи ескерткіштерді қалпына келтіріп, кейбірін күр­делі жөндеуден өткіземіз. Бір сөз­бен айтқанда, Эскишехир – Түркі әлемінің мәдени байлығын толық­тырып, жаңғырта түседі, – дейді Кадир Кочдэмир мырза.

Эскишехир қаласының қадірлі қонақтарға ұсынатын ұлттық тағамдары біздің назарымызды ерекше аударды. Губернатордан білгеніміздей, 1783 жылы Қара теңіз бойындағы Қырым татар­ларын Осман империясына жер аударады. Тұтқынға алынған­дар­дың барлығы Эскишехир аумағы­на орналастырылады. Олар осы жерде өздерінің ұлттық тағамдары «чибурекиді» жиі әзірлеп, кең таратып жібереді. Нәтижесінде, түрік ұлттық асханасының негізін қалаушы Дюндар Денизер көп­теген зерттеулер жүргізіп, ақыры 2012 жылы 17 наурызда «чибуреки» Эскишехир қаласының ұлттық тағамы болып бекітіледі. Ту биені әп-сәтте жығып, қазанға салып, ат үстінен табақ тартатын біздің халық үшін түскі асқа екі «чи­буреки» ұсыну тосын көрінері сөзсіз.

Сонымен, журналистер тобы губернатордың қабылдауынан шыққаннан кейін түрік халқының атақты ақыны Юнус Эмре көзі тірісінде өмір сүрген ауданға аял­да­дық. Ресей Федерациясы Баш­құртстан Республикасы Мәдениет министрлігінің ТҮРКСОЙ-дағы өкілі Ахат Салиховтың айтуынша, жергілікті тұрғындар бұл топы­рақты ақынның табаны тиген деп ерекше құрметтейді. Юнус Эмре – түркі дүниесінің ұлы ғұламасы, ойшылы, ағартушы Қожа Ахмет ЙассауидыңТүркиядағы ізбасары, рухани мұрасын жалғастырушы шәкірті болып саналады. Бірақ қазақ-түрік ғалымдарының мәлі­метінше, оның қай жылы туып, қанша жыл өмір сүргендігі туралы нақты мәлімет жоқ. Тек артында қалған мұраларына қарап, XIII ғасырдың соңы мен XIV ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген деген болжам бар. Кіндігінен тараған ұрпақтары жайлы мәлімет те әлі күнге кездеспейді. Тек оның өлеңдеріне қарап, араб, парсы тілдерін жетік білгендігін, барлық ислам халқы үлгі тұтқанын білуге болады. Біздің елімізде 2010 жылдан бері Эмре Юнус атындағы Түрік мәдени орталығы жұмыс істейді. Мұндағы мақсат – екі елдің мәдениетін, әдебиетін жақындастыру. Бұдан кейін біз аралап шыққан балалар саябағы, ғашықтар аллея­сы, шыны ойыншықтар өндірісі, Порсук өзенінің жағалауы сұлу­лығымен тәнті етті. Қорыта айт­қанда, экономикасы мен мә­де­ниеті қатар дамыған қалада­ғы бір күніміз тағылымға толы болды.

http://www.aikyn.kz

Рубрика: