Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Ескі әнұранды кімдер көксеп жүр?«Алматы» және «Бейбарыс» хоккей командалары арасындағы матчтың ашылуында Қазақстанның ескі әнұраны орындалды, — деп хабарлайды «Алаш айнасы» басылымы Almaty.tv арнасына сілтеме жасап. 7 қыркүйек күні болған ойын барысындағы бұл олқылыққа Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының әкімшілігі жол берген.

Бұл бірінші мәрте жіберіліп отырған қателік емес. Тengrinews.kz сайтының жазуынша, бұған дейін осыған ұқсас жайт Мәскеуде «ЦСКА» мен «Барыс» арасындағы матчында болған еді. Ойын 2013 жылдың қараша айында «ЦСКА» мұзды спорт сарайында өтті. Бұдан кейін Мәскеу командасының өкілдері астаналық клубтан және барлық қазақстандықтан кешірім сұраған-ды. Мұның алдында осындай жағдай Тверьдегі хоккей ойыны барысында да болды. 2013 жылдың қаңтарында Ресейдің «ТХК» командасы мен қазақстандық «Сарыарқа» кездесті. Қазақстандықтар ескі әнұранды аяғына дейін тыңдауға мәжбүр болды. Жоғарғы хоккей лигасы бұл жайт үшін қожайындар командасына жаза қолданды. «ТХК» айыппұл төлеуге міндеттеліп, ЖХЛ өкілдері «Сарыарқа» клубынан кешірім сұрады. Сол кезде Ресейдің барлық хоккей клубтарына матч өткізу барысында мұндай заңбұзушылыққа жол бермеу туралы ескерту таратылды.

Ресейдің барлық хоккей клубтарына ескерту жасап жүріп, сол қателікті өзіміздің қайталауымыз ненің белгісі? 

Дәурен Бабамұрат, «Болашақ» жастар қозғалысының лидері:

– Жалпы, біз қатаң әкімшілік жауапкершілікке тарту арқылы бұл мәселені түпкілікті шеше алмаймыз. Себебі соңғы кездері мемлекеттік рәміздерді аяқ асты ететін түрлі жағдаяттар орын алуда. Өткенде туымызбен қоқыс тасыған азаматқа өте үлкен көлемде айыппұл салынды. Ол кезде де аталмыш жайтты қоғам болып талқылаған едік. Одан ештеңе өзгермеді. ҚР Рәміздер туралы Заңға өзгерістер жасадық. Меніңше, осы заңға тағы да толықтырулар енгізген жөн. Мысалы, қазір түрлі акцияларда рәміздеріміз бейнеленген баннерлер, бильбордттар жасалады. Акция біткен соң ол баннерлер ешкімге қажетсіз болып, аяқтың астында тапталып қала береді. Ескі әнұранның музыкасы да солай. Қажет емес жерде қойылып кете береді. Мұның бәрі қазақтың намысына тию үшін ұйымдастырылып жатқан шаруа емес пе? Мұны арнайы органдар тексеруі керек. Бұлай болмауы үшін барлық жауапкершілікті мемлекеттік мекемелер мойына алуға тиіс. Сонымен қатар отаншылдық рухты насихаттау, рәміздерді құрметтеу шаралары жиі өткізілгені жөн.

Нұрболат Кененбай, әлеуметтанушы:

– «Алматы» және «Бейбарыс» хоккей командалары арасындағы матчтың ашылуына қаншама адам қатысты, осы ойынды қаншама көрермен телеарна арқылы көріп отыр. Бұл — біріншіден, сол көрермендерді сыйламау. Екіншіден, қазақ халқын қорлау. Қазір күнбе-күн осындай оқиғалар орын алуда. Оның астарында түрлі саяси пиғылдар жатуы мүмкін. Менің ойымша, мемлекеттік рәміздерді өз деңгейінде насихаттай алмай келеміз. Біріншіден, осы олқылықтың орнын толтыруға тиіспіз. Екіншіден, матчтағы ескі әнұранға қатысты арнайы іс қозғалуы керек. Бұған «абайсызда орын алған оқиға» деп қарамауымыз керек. Мұндай жағдайлар байқаусызда жасалмайды. Байқамай жасалғанның өзінде ісіне салғырт қарағандар жазалануға тиіс.

«Алаш айнасының» түйіні

Мемлекеттік рәмізді қастерлеу – әр қазаққа парыз. Қолда бар ақпараттарға сүйенсек, Қазақстанның ескі әнұранын орындауға Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының әкімшілігі жол берген. Демек, бұл мәселеге Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының әкімшілігі жауап беруге тиіс.

Толығырақ: http://alashainasy.kz/politic/esk-anurandyi-kmder-koksep-jur-53763/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі

Рубрика: