Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

esengaziii1Тарих ғылымының кейбір маңызды мәселелерінің ақиқаттан алшақтауы,    лауазым иелерінің ғылымға көлеңкелі жолдармен ықпал етіп, өз қалауынша билеп-төстеуі, олардың  сыбайластыққа жол берген әрекеттері, бүкіл қоғамға зиянды вирус болып  таралуда.

Білім,  ғылым саласындағы коррупция жеке адамдармен ғана шектелмей  тұтас мемлекеттік жүйенің өмір сүру тетігіне айналып, оның өркениетке  барар  бағытына  қатерлі  қауіп төндіруде.  Коррупцияның  негізгі  мақсаты – барлық  билікті, оның ішінде ғылым мен білім беруді де  өзіне  бағынышты ету. Осылай  жеке бастың пайдасына қызмет ету  жолында коррупция астыртын әрекет етуге мәжбүр болады.  Өйткені ол өз әрекетінің заңсыз екенінен жасқанады.  Енді ол осы әрекетін қоғам алдында жең ұшынан жалғасу арқылы «заңдастырып» жаман атты болмаудың   сан-алуан түрін  қолданады. Соның бірі  республикадағы ғылыми атақ алу жолындағы коррупциялық  әрекеттер Білім және ғылым министрлігінің өз тарапынан заңдастырылып келеді.

Мысалы, 2010 жылы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі бір университеттің жанындағы диссертациялық кеңестің өзінде,  бір жыл ішінде 25 кандидаттық,  11 докторлық  диссертация қорғалды. Ал республика бойынша тарих ғылымынан мұндай  диссертациялық кеңестердің саны 15  шақты болды. Егер әр диссертациялық кеңесте дәл осындай мөлшерде  ғылыми диссертациялар қорғалса, онда қаншама ғылым докторы мен кандидаты ғылыми жұмыс «қорғағанын» байқауға болады.

Сөйтіп тарих ғылымдарының докторлары  тамыр-таныстық арқасында «қолдан» жасалынды,  ал олардың  аты-жөні аталар болса, биліктегі  сыбайластары  мансабын пайдаланып, шындықты айтқан адамды қуғын-сүргінге салар… сондықтан    «самопал ғалымдардың»   жұрт алдында өздері-ақ  масқара болатынын уакыт еншісіне қалдырайық.

Диссертациялық кеңесті «жеке меншігіне» айналдырып алған кеңес төрағалары  жұртқа өздерінше «жақсылық» жасаған болып, оның үстінен пайда табуға әуестенгендерге, ғылымда алаяқтық жасағандарға соңғы жылдары жолды кеңінен ашып берді.

Тарих үрдісін зерттеуде саяси детерменизм — қоғам мен табиғаттағы барлық құбылыстардың өзара байланыстылығының себептері ашылып, объективті заңдылықтары сақталып,  тарих  шынайы жазылып  қазақ ұлтына қызмет етуі қажет екендігіне әлі жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. Алайда, республикада керісінше қоғамға, мемлекеттің дамуына, тіпті тарихтың өзі үшін де өзекті емес мәселелерді докторлық, кандидаттық диссертацияларға тақырып етіп беріп «қорғату» етек алып барады.  Тек бір университеттің жанынан құрылған тарих ғылымдары 07.00.02. мамандығы  бойынша докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғайтын   Кеңесте қорғалған мына докторлық диссертацияның тақырыбына қарап отырып-ақ үлкен ой түюге болатын шығар: «Қазақстанның далалық облыстарының аграрлық келбетінің өзгеруі: тарихи-географиялық талдау (XIX ғ. II жартысы- XXғ. басы)» Бұл докторлық диссертацияның жетекшісі – кеңес төрағасы. Біріншіден, аталған тарихи мәселемен    ол жетекші  ешуақытта айналыспаған, ғылыми жетекші болатындай ол саладан білімі жоқ.Екіншіден, әлгі диссертация мазмұнының тарих 07.00.02. мамандығына шифры келетіндігі үлкен күмән туғызады. География ғылымын тарихқа әкеп теліп, тауыққа үйректің жұмыртқасын басқызғандай сорақы жағдай болды. Бұл жерде оған дауыс берген әріптестерім тарих ғылымының болашақ ұрпаққа жол көрсететін саналы ұлттық тәрбие беретін ғылым екендігін біле тұра оны жағымпаздыққа айырбастай салды Диссертант өзінің авторефератында көрсеткен тізімдегі 38 еңбектің 5-уін соавторларға «мінгесіп» жазған да, диссертациялық жұмыстың негізгі мазмұны жариялануға тиісті тізімдегі1,2,4,5,10,18,19,20,21,22,24,28,30,33,36 аталған нөмірдегі 15 мақала диссертацияның тақырыбына сәйкес емес, яғни ЖАК-тың (ВАК) талабына да сай болмады. Бұл жерде диссертант ғалым деген атқа жат, ғылми әдепсіздікке барған. Ал жетекшісі өзінің қызметтік лауазымын асыра пайдаланып, сыбайластық әрекетке жол беріп, докторлық диссертация дәрежесіне лайықты емес еңбекті «заңдастырған», сөйтіп мемлекетке, қоғамға  зиян келтірді 

Осы кеңес жұмысын басқару барысында  Кейбір ректорлар ғылымға қиянат жасап, өз мүддесін жоғары қойып қоғамға зиянды талай «жаңалық» енгізіп  тастады. Бұрын Қазақстан көлемінде болмаған «тәжірибе» тарихтан докторлық диссертацияны үш тараумен қорғатты. Ол диссертанттың   тақырыбы: «Репрессивная политика Советского государства в 20-50-е годы  ХХ века» екен.

Байқап зерделесеңіз, Қазақстан бойынша тарих пен саясаттану ғылымынан қорғалған диссертациялардың тақырыптарының 80 пайызы қазіргі кезеңде сондай бір өзектілігі, ғылымға қосар пайдасы жоқ қоғам дамуының қажеттілігін де өтей алмайтын,  әбден «жауыр» болған зерттеулер. Міне, осындай  «зерттеулерден» соң мектеп  пен жоғары оқу орындарының оқулықтары да сапасыз болып шығуда.

2010 жылы 26 қарашада осы кеңесте   «Языковая проблема в казахстанском образовательном пространстве: история и перспективы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясы «қорғалды», оған екі адам қарсы дауыс берді. Тақырыптың аталуының өзі диссертацияның тарих екені, әлде,  тіл мәселесіне арналған мақала екені белгісіз – тақырып сауатсыз алынған, өзекті мәселе қатарына жатпайды. Ал екінші тарау толығымен партия мен үкімет қаулыларын сол қалпында өзгеріссіз, ешбір талдаусыз тізіп, көшіріп қана қойған. Барып тұрған сауатсыздық, масқара жағдай! Диссертант жетекшісінің, сараптама мүшесінің   қолдарын сырттай рұқсатсыз қойып алғандығы да белгілі болды. Алайда,  Кеңес төрағасы  өз лауазымын   асыра пайдаланып, өзі іріктеп алған кеңес мүшелеріне «қылмыс» жасатты.

2010 жылы 22  желтоқсанда   «Түркістандағы этносаралық қатынастар тарихы» — деген тақырыпта докторлық диссертация «қорғалды». Болашақ «доктордың»   кандидаттық диссертациясын қорғағанына екі жылдай ғана уақыт болған екен. Авторефератында   «өзім жаздым» деп көрсеткен 31 мақаланың 2-уі ғана  2009 жылдың соңында жарық көрсе, қалған 29 мақала 2010 жылы 8-ай ішінде  жазылған.  Сөйтіп диссертант 10 ай ішінде, тіпті бір жылға жетпейтін мерзімде 31 мақала жариялаған.  Жарық көрген мақалалардың мазмұнында ешқандай жаңалық байқалмайды, бірін-бірі қайталаған, мазмұны ұқсас мақалалар.Автореферат тізіміндегі 10,11,12,13,14,15 нөмірлі 6 мақала тұтасымен «Поиск/ Ізденіс» журналының  2010 жылғы №3 санында бір-ақ жариялануы әлемдік тарихта болмаған құбылыс. Осылай ғылымды «ойыншық» еткен адамның артында, қандай көкесі, қандай лауазым иесі тұрғандығы да белгілі.   Көкесіне сүйенген диссертант диссертациялық кеңестің басшыларымен сыбайластыққа барып мемлекетке, тарих ғылымына қиянат жасап отыр. Диссертанттың «дайындаған» диссертациясы бұрындары жарық көрген монографиялар мен мақалалардан қазақшаға аударылып, көшіріліп алынған жұмысқа көбірек ұқсайды. Тарихқа ғылыми жаңалық емес, алаяқтық жасаған…    Ал «антиплогиаттан» алған анықтамасы бұл ұрлықты ақтай алмайды, өйткені ол диссертациялардың өзара ұқсастығын салыстырудан аса алмайды. Осы шикі  диссертацияларды,  экс-министр Жұмағұлов заңдастырып, бекіттіріп  диплом бергізді.

Ал, мына диссертация тақырыбына, яғни: «Әмір Қанапин – ғалым-педагог, мемлекет және қоғам қайраткері» —деген тақырыпқа келсек, аталған  адам ешуақытта мемлекет және қоғам қайраткері бола алмайды. Біраз жыл мәдениет министрі болу – мемлекет қайраткері дәрежесіне олқы келеді. Партия тарихы институтында қызмет істегендердің, диссертациялық кеңеске мүше болғандардың бәрі тарих ғылымына үлес қоса бермейді.  Ал Қанапин жазған монография«Мәдени революция туралы Лениндік ілім» деп аталады. Қазіргі кезде қоғам дамуында кеңестік жүйедегі жаңсақ көзқарастан арылу үрдісі жүріп жатқанда, осы аталған еңбек қаншалықты құнды?  Тағы бір диссертанттың жұмысы  «Қазақстан банктерінің қайта құру кезеңінде қалыптасуы және даму тарихы» деп аталады. Бұл тақырыптың тарих ғылымына қатысы қаншалықты, тақырып тарих ғылымы үшін өзекті  ме?

Ал мына қорғалған диссертацияға айрықша тоқталуға тура келді.

 

Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ–дің институт директоры — Бердібаев Рәт Шындалыұлының негізгі базалық мамандығы техника саласы бола тұра, ретін тауып  саясаттану ғылымынан кандидаттық диссертация «қорғаған». 

Ғылыми жетекшілері:  Саяси ғылымдарының докторы  Андиржанова Г.А.

Философия «ғылымдарының докторы», профессор Сыдықов Ұ.Е.

 (Садықов Ұ.Е. өзінің заңды құжаты — дипломы болмаса да ғылым докторымын деп жазады).

Қазақстан Республикасы,  Алматы- 2010 ж.

 

Диссертация 124 беттен  тұрады. (қосымшасымен 135 бет)

Пайдаланылған әдебиеттер саны тек 132 ғана. Аталған диссертацияның көлемі мен қолданылған әдебиеттер тізіміне  келсек, диплом жұмысындай ғана, талапқа сай емес.

Жарияланған мақалаларының барлығы өзінікі емес,  дипломы жоқ «доктор» Сыдықовпен бірігіп  жазылған. Сондай-ақ, барлық 18 мақаланың  15-сі  Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дің Ғылыми практикалық конференцияларының материалдарында ғана  жарияланған. Бұл – ЖАК-тің міндеттеген жариялынымдарында басылуы қажет деген талапты орындамаған деген сөз.

Жалпы ғылыми еңбек диссертацияларға тән хронологиялық шегі анықталмаған, ол мүлде жоқ, қай кезең, қандай қоғам, қандай саяси биліктің өмір сүрген кезеңі  зерттелгені белгісіз.

Саясаттану оқулықтарына көп сілтеме жасалған, ол зерттеу құндылығын төмендетеді. Ғылыми зерттеудегі басты талаптың бірі хронологиялық шегі көрсетілмеген, кезіккен фактілерді тіркей берген. Ғылыми зерттеу болған соң автор міндетті түрде белгілі бір хронологиялық  кезеңді қамтуы керек еді. Ондай кезеңге сүйенбесе, диссертация  ғылыми зерттеу бола алмайды.

38 сілтемедегі 2 – схема Ресей ғалымдарынан көшірілген, ол автор Бердібаевтың зерттеуі емес, дайын  пікір және Қазақстанға қатысы жоқ пікір.

Осы Жоғары аттестациялық комитеттің талабын  сақтамай  «қорғалған» мүлде сауатсыз диссертацияны қалай бекіттіңіздер деп жазған хатыма Жұмағұлов басқарған министрлік  дәлелі қауқарсыз жауаппен шектелген еді. Және бір айта кетерлігі  хатыма министрден  емес,  департамент директорының орынбасары Г. Көбенова ханым қол қойған,   «бас десе  құлақ» деген масқара жауап алдым. Жауабында Көбенова ханым Бердібаевті жатып мақтапты да,   көрсетілген кемшіліктерге жалған  сырғытпа жауап  беріп шектеліпті.

Ол жауап хатында: «Бердібаев Р.Ш. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың  Алғыс хаттарымен (2005, 2012), ҚР Білім  және ғылым министрлігінің (2004, 2008), Алматы қаласы әкімінің (2008, 2009), Бостандық ауданы әкімінің  (2008, 2012),  «Нұр Отан» ХДП орталық  комитетінің (2009) …. ең соңында «Нұр Отан» ХДП Алматы қаласы Бостандық ауданы бойынша саяси кеңестің және сыбайлас жемқорлықпен күрес кеңесінің мүшесі» — деп  «шаң жуытпай мақтап»-жауап жазған. Ол алған марапаттары туралы сөз болған емес,  кемшілік оның кандидаттық диссертациясының    қолданыстағы талаптарды бұзып қорғалғаны туралы болған.  Әрбір беттегі нақты көрсетілген дәлелді кемшіліктерді жоққа шығара алмаған Г.Көбенова ханым  осылай мақтауға кірісіп, сауатсыз жауаппен шектелген (суретте жауап пен автореферат қоса беріліп отыр).

Ал осындай әдіспен ғалым атанғандар 50 өркениетті елдің қатарына жеткізетін ұрпаққа былайша білім беріп жүр.

Алматыдағы ұлттық университеттің бірінде  бір тарихшы, ғылым кандидаты студенттер мен мамандардың көзінше «Сақтар аттан түспей жүрген, тіпті аттың үстінде дәретке отырған» деп соқты. Кейін талдау кезінде ол сөзін орыс ғалымдарына жауып,  солар солай жазған деп ойқастап шықты. «Орыстар жазса, жазған шығар,  сен түп-тегімізді  кемсітіп, жас ұрпақтың рухын жасытып тұрсың» деген сынға ол қарсы шығып, ақыры сол университеттегі жерлесі — проректор арқылы студенттерге ондай сөз айтпаған деп ақтау-құжат жазғызып,   70- ке жуық студентке қол қойғызып, ақталмақ болды. Ал осындай  ғалымдардан оқыған жастарды өз отанын сүйетін патриот етіп тәрбиелеп  көр…

Сол университетте қазақ тілінде – өзінің ана тілі ғой, екі ауыз қазақша білмейтін бір ханым тарих ғылымдарының докторы болып шыға келді.  Ол онымен қоймай басқа тарихшыларға ақыл айтатын кафедра меңгерушісі болып алып елдің еңбегіне жиендік жасап, ұрлап оқу құралын жазып шығарды.

«Бүгінгі Қазақстан-қалыптасқан мемлекет. Біз мемлекет құрудың жаңа белесіне шықтық. Мемлекет басшысы ұсынған «Қазақстан-2050» Стратегиясы қоғам дамуының жаңа бетіндегі басты сұрақтарға, атап айтқанда,  «біз қайда барамыз?» және «2050 жылы қайда болғымыз келеді?» деген сұрақтарға жауап береді»,-деп мемлекеттік хатшы өзінің 5 маусым 2013 жылы Елордадағы Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген алқа отырысында атап өткен еді.  Мемхатшының бұл сөзіне ішім жылып ләйім солай болып,  біз де өркениетті елдер қатарына тезірек жетсек деген ой мені де мазалауда. Алайда жоғарыда аталған ғылымдағы  сыбайластық әрекеттер өзінің тиісті «бағасын» алмауы,  тағы да ары қарай өзімізді өзіміз алдайтын,  адастыратын жолға  ғана  түсіретін сияқты. Бізді мәселенің осы жағы қапаландырады.

Сол жиында мемлекеттік хатшы Марат Тажин мырза тарих ғылымының күн тәртібіне шұғыл қойылуын былай пайымдады: «Тарихқа  арқа сүйемегеннің болашағы  бұлыңғыр. Жер шарында мән-мағына мен құндылықтардың мылтықсыз майданы күн сайын жүріп жатқан қазіргі  кезде тарихи жадыны сақтап қалу –жалпы өзіңді  — өзің  сақтап қалудың жалғыз жолы,-дей келіп, —  мына жаһандану заманында  ұлттық өзгешелігімізді  шайып бара жатқан  тосын оқиғалар біздің  ұлттық бірлігімізді ірітіп ыдыратпайтын болуы  тиіс.  Керісінше олар ұлттың қалыптасқан мәдени дәстүрін: тілді,  рухани құндылықтарды, әдет-ғұрыптарды, мәдениетті  сақтап  дамытуы қажет».

Ал осы тарихтың зерттелу деңгейін оның маңызы қандай екендігін алаштың ардақты азаматы Міржақып Дулатов кезінде айрықша  атап көрсетіп, дәлелдеп кеткен.  Ол: «Күні бүгін дүниеде ешбір нәрсенің асылы білінбей қалған жоқ. Әр нәрсенің түбі тексерілді, асылы білінді. Білімі артық, көзі ашық жұрттар дүниедегі адам баласының асылын, нәсілін тексеріп болып, барлығын кітапқа жазды.  Бөтен жұрттар қатарында ала бөтен біздің қазақ халқының асылы тексеріліп, тарихы толық жазылған жоқ. Бүгін Азия картасының төрттен біріне ие болып тұрған қаншама миллион қазақтың тарихы көмескі қалып та тұрған жайы бар.   Тарих ғылымында қанша тарих жазушылар шығып, қаншама кітап жазып шығарды. Солардың арасында қазақтың асылын анық қып айтатыны жоқ. Арабша, түрікше, орысша біз көрген кітаптарда қазақ турасында жазылған сөздердің бәрі де хақиқатқа хараб, шіп-шикі өтірік». — деп сынап   қазақ тарихының өз дәрежесінде  зерттеліп жазылмағанына өкініш білдіргендігінен біз сабақ ала-алдық па?

(М.Дулатов. Түрік баласы. «Қазақ», 1913ж. №2, №7)

Егер мемлекеттік хатшының жоғарыда аталған жиында айтқаны шын болса, онда,  Диссертациялық кеңестер жабылғанға дейінгі (2011ж) соңғы 4-5 жылда қорғалған диссертацияларға сараптама жасалып, тарих ғылымына жаңалық қоса алмаған тақырыптарды, сыбайластықпен Жоғарғы аттестациялық комитет бекіткен диссертациялардың күшін жою қажет. Мұндай қадам болашақта өз тарихымызды жоғалтып алудан, жалғандықтан құтқарады.

Ал өз тарихын жоғалтқан халық қандай күйге түсетінін қазақтың маңдайына біткен асыл азаматтарының бірі Міржақып Дулатов:  «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Егер бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады. Дүниеде өңге жұрттар қатарында кем, қор болмайтын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін иманы дәрежесінде ұғып білуге тиіс» — деп өсиет етіп айтып кеткен болатын  (Түрік баласы.»Қазақ», 1913ж №2).

Ардақты қазақ жұрты, «ештен кеш жақсы», енді етек -жеңімізді жинап, өткендегі кемшілігімізді түзеп, төл тарихымыздың жоғалмауына барынша ат салысайық. Қазақ тарихы туралы теледидардан, аннан-мұннан сөйлеуді модаға айналдырғандар жұрт алдында  айтқан сөздерінен жаңылмай, одан тиісті қорытынды шығаруы тиіс.

Есенғазы Қуандық, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Abai.kz

Рубрика: