Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Бүгінгі қазақстандық қоғамда ұлттық идеология бар ма? Tгер бар болса ол қандай деңгейде жүзеге асырылуда деген сауал көптің көкейінде жүргені анық. Жалпы ұлттық идеология жайлы сөз қозғалғанда ең алдымен ойға оралатыны кеңестік кезеңде іске асырылған қарымы кең  социалистік идеология. Ал қазіргі қоғамға тірек болар нақты ұлттық идеология жайлы сөз қозғалғанда көпшілік авторлар оның бар екендігіне күмән келтіріп жатады. Жалпы, ұлттық идеология жайлы жазылған әртүрлі еңбектермен таныса отырып менің түйгенім, ұлттық идеологиясыз қоғамның алға дамуының тек жартыкештік күйде болатыны. Сондай ақ, қоғам қаншалықты экономикалық және әлеуметтік жағынан жетістіктерге қол жеткізгенімен мемлекет құраушы ұлттың ұлт ретіндегі мүдделерінің сыртта қалатындығы. Ұлттық идеологияны біз көбінше ұлттың бірлігі мен рухани тұтастығы және ұлт мүддесінің қоғамдық өмірдің барлық саласында басымдығы турасындағы қағидаларға негізделген көзқарастар мен ойлардың жиынтығы ретінде қарастырамыз. Сонымен қатар, ұлттық идеологияның қалыптасуының басты кілті ұлттың өзін-өзі тану арқылы ұлттық санасының деңгейінің көтерілуі екендігін де жиі ескертеміз.  Мұндағы басты мәселе жеке тұлғаның өзін саналы түрде өзі өмір сүретін қоғам қабылдаған жалпыға ортақ құндылықтар мен идеяларға  бағындыруы болып табылады.  Ұлттық идеологияның басты мақсаты ұлттың ұлт ретінде сақталуын, нақты мақсаттарға ұлт ретінде қол жеткізуін қамтамасыз етіп, ұлтты ішкі және сыртқы қатерден қорғап, оның дамып, гүлденуіне ықпал ету болып табылады.

Ұлттық идеологияның негізгі ерекшелігі оның жеке адамды үлкен мақсат жолына бағыттап, осы жолда өзін, өз өмірі мен мүмкіндіктерін сарп етуге үндеуінде. Яғни жалпы қоғам үшін айқындалған құндылықтардың жеке адам санасына сіңіріліп, оның сол мақсаттарды өмірінің мәніне айналдыруына ықпал жасау мүмкіндігі оның қарымын көрсете алады. Жеке адамның өз өмірінің мәні жайында ойланып, өмірдегі негізгі мақсат-мүдделерін айқындауға ұмтылатындығы оның әу бастан құдай берген артықшылығы деп қарастыратын болсақ, сол бағытта оған нұсқау беруші ретінде мемлекетті немесе сол ұлтқа жанашыр саяси ұйымды немесе жеке тұлғаны атап көрсетуге болады. Идея ұсынушы көпшілік мүддесі жолында жекелік мүддені бағындыра отырып, жеке адамның сол көпшілік ұстанған бағытта өз мақсат-мүддесін ұштастыруына ықпал етеді. Ұлттық идеологияның басты ерекшелігі оның жалпылық сипатында, яғни ол жасына, жынысына, әлеуметтік жағдайына қарамастан адамдарды бір идея жолында жұмыла қызмет етуге шақырады. Ортақ идеяға бет бұрғызу арқылы жеке тұлғаны дербес мүдделерінен бас тартуға жетелеуді оның құқықтарын шектеу деп ұғуға болмайды, себебі, адам өз еркімен кей мүмкіндіктерінен бас тартуы мүмкін, осы тұрғыдан алғанда ол саналы түрде таңдау жасайды. Сонымен қатар, ұлттық идеология адамдарды әлеуметтік алшақтаудан сақтаудың бірден-бір құралы, демек, нақты идея жолында адамдар бірігуге ұмтылады, соның әсерінен, бір-бірімен әлеуметтік жағдайына қарамастан жақындаса түседі. Бұл өз кезегінде әлеуметтік жауапкершіліктің артуынан өз көрінісін тауып жатады. Кей кездері ұлттық идеологияны қалыптастыруда бір ұлттың артықшылықтарын насихаттаушылыққа бой алдыру кері нәтижелерге де алып келуі мүмкін. Бұл өз кезегінде бір ұлт өкілдерінің басын біріктіргенімен олардың өзге ұлт өкілдерімен ара қатынасына сызат түсіріп, тіпті, әсіре ұлтшылдыққа ұрындыруы да мүмкін. Сондықтан, көпұлтты мемлекеттің ұлттық идеологиясы мемлекет негізін қалаушы ұлт мүддесіне негізделгенімен сол ұлттың артықшылықтарын насихаттауға бағытталмауы тиіс. Яғни, азаматтардың теңдігі қағидасына сүйеніп мемлекет негізін құраушы ұлт мүддесіне өзге ұлт диаспораларының мүддесін ұштастыра отырып, ұлттардың өзара кірігуіне қызмет етуі тиіс. Бұл өз кезегінде мемлекеттің әртүрлі  ұлт өкілдерін мемлекеттік тілді меңгеруге үндеп, олардың өз болашағын автохтонды ұлтпен байланыстыруына жағдай жасауынан көрініс табары сөзсіз.  Сонымен қатар, ұлттық идеологияның басты мақсатының бірі ортақ діл қалыптастыру екендігін негізге ала отырып, автохтонды ұлттың ұлттық ерекшеліктері негізінде жалпы халыққа ортақ мәдени, рухани, білім салаларында айқын саясат жүргізу де халықтың біртұтастығына оң ықпал ете алады. Белгілі бір деңгейде ортақ діл қалыптастыра алған жағдайда мемлекеттің құқық жүйесін де автохтонды ұлттың ұлттық ерекшеліктеріне сай өзгерістерге ұшыратып, азаматтардың құқықтық санасының да ұлттық өзгешеліктермен қамтылуы бағытында жұмыстар атқаруға болады.

Адамның тұлға ретінде қалыптасуында орта мектептің алатын орнының зор екендігін басшылыққа ұстап, ел азаматтарының арасында мемлекеттік тілді меңгеруге деген құлшынысты арттыра отырып, елдегі қазақ тілді орта мектептерде өзге ұлт өкілдерінің көптеп білім алуына жағдай тудыру да ортақ діл қалыптастыруда өзінің оң нәтижесін берері анық. Жалпы елдегі қазақтардың да, өзге ұлт өкілдерінің де  мемлекеттік тілді меңгеруге ынтасын арттырудың басты тетігі мемлекеттік қызметке тек мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін адамдарды қабылдау екендігі көптен бері айтылып жүр. Ал, күнделікті өмірде әртүрлі деңгейдегі шенеуніктердің мемлекеттік тілді білмесе де нақты лауазымдарды иеленіп жатуы мемлекет тарапынан заңды бұзушылық болып табылатынын қарапайым адамдар түсінеді және соған қарай мемлекеттік тілді үйренудің ешқандай мүмкіндік тудырмайтындығына көзі жеткендіктен оны үйренуден саналы түрде бас тартып, өз балаларын өзге тілдегі мектептерге беруде. Бұл мысалдан да біз мемлекет тарапынан ұсынылған идея болсын, қабылданған заң болсын, егер ол мемлекеттің тарапынан орындалмаса қоғам үшін жай айтылған сөз ретінде қабылданатынын көре аламыз.

Ақпараттық кеңістікке мемлекеттің қатаң бақылау жасау арқылы өзге елдердің халық санасына өз идеологиясын сіңіруіне тосқауыл қоя білу де мемлекеттің басты міндетінің бірінен саналады. Халыққа көзбояушылық үшін жалған жетістіктер мен толағай табыстар туралы ақпарат таратуды ұзақ уақыт бойы жалғастыру қарапайым азаматтардың билікке сенімін бәсеңдетіп, олардың бойында нигилистік көзқарастардың жандануына әсер етеді. Ақпараттық салада ұлттық идеолгияны насихаттауда ең алдымен шыншылдық қажет, әрине, қарапайым адамды сендіру үшін кей кездері жағымды жалған ақпардың да қажеті боларын жоққа шығаруға болмайды. Десе де, мемлекет жүзеге асырып жатқан шаралардың шынайы сипатын көрсету, сол арқылы қоғамда пікір қалыптастыра білу ұлттық идеология қалыптастыруда оң ықпалын тигізе алары сөзсіз. Бұқаралық ақпарат құралдарының халық санасына әсерінің зор екендігін ескеріп, ұлттық идеологияны қалыптастырумен байланысты ақпараттарды қоғамның қабылдау ерекшеліктерін ескере отырып тарату да жақсы нәтижеге әкеле алады. Бұл бағытта тек саяси үгіт-насихат емес, эфирден көрсетілетін материалдың барлығының дерлік ұлттық идеологияға сай болуы басты назарда болғаны абзал.

Әрине, халқының басым бөлігі бір ұлтты құрайтын мемлекеттерде ұлттық идеологияны қалыптастыру негізгі ұлт басым көпшілік болып табылмайтын мемлекеттерге қарағанда анағұрлым жеңілірек деп пайымдауға болады. Себебі, ондай қоғамда ұлттың басын біріктіру ісіне тек саяси идея ғана емес дін, діл, тіл сияқты негізгі компоненттер басты роль атқарады, ал саяси идеяны ұсынушы халықтың бұрыннан келе жатқан құндылықтары мен басты ұстанымдарын бір арнаға бағыттап, қоғамды жұмылдыра түсетін жол іздестіреді. Ал, дәл біздің еліміздегі жағдайда ұлттық идеология қалыптастыруда тек идея ұсыну ғана емес сол идеяны қоғамда орнықтыру үшін нақты іс-қимыл да қажет етіледі. Яғни, жалпы халықтың басын біріктіретін идея ұсына отырып, сол идеяның халық санасына сіңірілуі үшін мемлекет тарапынан болсын, нақты саяси ұйымдар тарапынан болсын іс-әрекеттер жасалынуы тиіс. Мысалы, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін халыққа арналған жалаң лозунг емес, мемлекеттік жоғарғы лауазымды тұлғалар тарапынан мемлекеттік тілдің тәжірибеде кең қолданыста болуы, немесе, тілдік ортаны қалыптастыру үшін қазақ тілді адамдардың санын арттыруда шет елден қазақ халқының өкілдерін тілдік орта қалыптастыруды қажет ететін өңірлерге көптеп қоныстандыру, болмаса, халықтың билікке деген сенімін арттыруда нақты бір салада реформа жасап оны соңына жеткізе алмаған саяси мемлекеттік қызметкерді сол үшін жауапқа тартып, болашақта саяси қызметкер лауазымына жібермеу, сыбайлас жемқорлықпен күресте көрсеткішке негізделген саясаттан бас тартып, себепті байланысқа негізделген нақты әрекеттерге бару және т.б. Жалпы алғанда, ұлттық идеология мемлекеттегі билік тарапынан қоғамға кіріктірілуі тиіс, жалаң идея немесе айтылған ой қоғамдағы әрбір тұлғаға жетпейді, тіпті, жан-жақты насихатталып, адамдарға таныстырылғанымен оның іске асырылуына адамдардың мүдделі болуын қамтамасыз ете алмайды. Сол себепті, мемлекеттік билік қоғамды өзіне жақын ұстап, онымен біріге әрекет етуге ұмтылуы тиіс, сонымен қатар, ел болашағы үшін маңызды шешімдерді қабылдауда қоғамдық пікірді басты назарда ұстауы қажет. Олай болмаған жағдайда, мемлекет тарапына ұсынылған ойлар мен идеялар тек сөз жүзінде қалып, қоғам тарапынан ешқандай қолдауға ие бола алмайды, тіпті, қоғам биліктен алшақтап, онда әртүрлі билікке қарсы көзқарастардың өрістеуіне алып келуі мүмкін. Кез-келген мемлекеттің негізін ұлттық идеология құрауы тиіс, яғни, ең алдымен саясат содан кейін ғана өзге басымдықтар орнықтырылуы қажет. Олай дейтін себебіміз, қоғамды құраушы жеке тұлғалардың мемлекеттің болашағы үшін жауапты болып, өз әрекетін ел мүддесі шегінде жүзеге асыруға бейім болуы мемлекет болашағы үшін аса   маңызды. Яғни, кез-келген адам ұлттық идеологиямен қаруланып, сол бағытта өзін қалыптастырса, ол кез-келген салада ұлттық мүддені басқадан жоғары қоя біледі, сәйкесінше, оның қызметінің нәтижесі ұлтқа, мемлекетке пайда әкелуімен өлшенеді. Ұлттық идеологиямен қаруланған адамда дербес мүддеге қызмет ету, өз мүддесі үшін өзгенің барлығын құрбан ету болмайды, керісінше, ұлттық мүдде жолында өзінің дербес мүддесін құрбан ете алу қабылеті басымдыққа ие болады.

Ұлттық идеология мемлекеттің баянды болашағының кепілі болып табылады, сондықтан, мемлекет ұлттық идеологиясыз даму бағытынан бас тартып, жедел түрде осы мәселені қолға алуы тиіс. Себебі, ұлттық идеология мемлекеттегі әрбір жеке адамның  өзін сол мемлекеттің ажырамас бөлшегі ретінде сезініп, өз өмірі мен болашағын сол мемлекетке бағыштауын қамтамасыз ете алатын айрықша күш. Сонымен, біздің еліміздегі ұлттық идеология қандай болуы тиіс деген сұраққа жауап іздеп көрелік, ол қандай болуы тиіс? Ұлттық идеологияның қоғамдық санаға орнығуының басты кепілі мемлекеттегі биліктің кәсібилілігі мен құқыққа бағынушылығы, мемлекеттің өз қызметтерін жүзеге асыруының қоғам үшін жағымды сипаты, билік пен қоғамның тығыз байланыста, өзара жауапкершілікте болуы.  Жоғары тоқталып өткеніміздей, ұлттық идеология тек бір ғана қатып қалған формуладан тұрмайды, ол ұлт болашағына қатысты көптеген ойлар мен идеялардың, көзқарастардың жиынтығы. Сондықтан, біз ұлттық идеология туралы сөз қозғағанда көптеген ойлар мен көзқарастардың өзегіне айналатын негізгі идеяны айрықша бөліп қарастыруымыз қажет. Бұл тұрғыдан алғанда, негізгі идея әр адамның және жалпы қоғамның алдында нақты айшықталған арман мен мұрат болуы керек, соған қарай қоғам біріге алға ұмтылады. Мұнда басты орынға экономикалық құндылықтар басты орынды иеленбеуі қажет, негізгі мақсат адамның рухани құндылықтары ретінде танылуы тиіс. Бүгінгі күні ол арман қазақ халқының мүддесі мен ұлттық ерекшеліктерін негізге алған, біртұтас қазақстан халқы болып басы біріккен, қоғаммен өзара жауапкершілікте болатын кәсіби мемлекетте өмір сүретін жеке адамның өз мүмкіндігіне сай жетістікке қол жеткізе алуын қамтамасыз ете алатын азаматтық қоғам құру идеясы болуы тиіс. Мұндағы басты акцент даралыққа емес қоғамдық мүддеге сай өмір сүруге жасалынуы қажет.

Abai.kz

Рубрика: