Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Қазақ ұлттық кино өнері тағы бір тың туындымен толықты. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Ер Төстік және Айдаһар» (Режиссерлері — Жәкен Дәненов пен Рустам Тұрәлиев) атты алғашқы толықметражды анимациялық фильмінің жұмысын аяқтап, жақында алғашқы болып журналистер қауымына көрсеткен болатын. Айта кетерлік жайт, аталмыш туынды – қазақ ұлттық анима­циясындағы тұңғыш, әрі сәтті шыққан толықметражды фильм. 

Отандық анимациялық фильмінің тарихы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты алғашқы қысқаметражды мультфильмнің жарық көруімен тікелей байланысты. Содан бері, міне, 45 жыл өтті. Қазақ мультипли­кациясының атасы атанған Әмен Қайдар бұл күнде шәкірттерімен бірге ұлттық нақыштағы фильмдер түсіру бойынша кеңес беріп, сүбелі үлес қосуды жалғастырып келеді. Әмен аға секілді ұлы мультипли­катордың ізін қуған шәкірттерінің бірі — Жәкен Дәненов дейтін болсақ, осы аға буын өкілдерінің жалғасы ретінде жас та болса, талпынысы зор режиссер-аниматор Рустам Тұрәлиевтің есімі де көрерменге біршама таныс.

Міне, енді бірер күнде экран­ға жол тартатын «Ер Төстік және Айдаһар» анимациялық филь­мі бұған дейін кенжелеп қалған қа­зақ анимациясының алға бірша­ма адымдағанын және өскелең жас ұрпақтың тамашалап жүрген шетелдік туындыларымен бәсе­кеге түсу қабілеттілігін дәлелдей түсетін дүние екендігіне кәміл сендім. Қазақ анимациясын­да­­ғы осынау айрықша құбылыс, әсі­ресе, балалар үшін күтпеген тосын сый болмақ.

Жалпы, қазақ анимациясына тоқталмас бұрын, бірінші кезекте бала тәрбиесі жөнінде мәселе көтеруден бастауымыз қажет секілді. Себебі қазіргі кезде ба­ла тәрбиесі – қоғамымыздағы бас­ты мәселенің бірі.

Әрине, бұл бағытта ауқым­ды жұмыстар атқарылып жа­тыр. Елімізде мектептен бас­тап балабақшаға дейін түрлі кешендерді қамтитын мемле­кет­тік бағдарламалар қолға алы­нуда. Алайда бала тәрбиесіне идеологиялық тұрғыдан келу кемшін соғып жатқанын мойын­дағанымыз жөн. Өйткені бала­л­арға арналған әдеби шы­ғар­малар, кино-мультфильмдер, сондай-ақ осы аталған бағыттар бойынша жасалып жатқан ма­ңызды жобалар жоқтың қасы. Бүгінгі таңда ел арасында ру­хани құндылықтарымызға қар­сы бағытталған ақпараттар ағы­ны өте көп. Телеарналардағы зорлық-зомбылық, батыстық  жат қылықтар, көзқарастар мен салт-дәстүрлер ұрпағымызды өз ділі­нен, тілінен бөліп, батыстық тәр­биеге икемделуге мәжбүр етуде.
Бұл мәселені шешудің тек ғана бір жолы — идеологиялық негізі мықты фильмдер арқылы тойта­рыс беру. Ұрпаққа ұлттық анима­ция керек. Осы бағытта Шәкен Айманов атындағы « Қазақ­фильм» киностудиясы түсірген «Аң­шы», «Балақайлар мен бөжекейлер», «Ақ қаз», «Қошқар мен теке», «Мо­мын мен қарақшылар», «Айка», «Зәйтүн  қарлығаш пен  құйыр­­­шық» атты анимациялық фильм­дер «Қазақстан», «Балапан», «Ал­маты», «Астана» телеарналары­нан көрсетілу үстінде.

Осы орайда, «Қазақфильм» ұсынған тағы бір жаңа тартуға тоқтала кетейін. Режиссер Жә­кен Дәненов бастаған аниматорлар тобы «Ер Төстік және Айдаһар» фильмін үш жылдан астам уақыт көлемінде түсіріп бітті. Ал­ғашқы ұлттық толықметражды анимациялық фильм мектеп жа­сына дейінгі және мектеп жа­сындағы балаларға арналған. Төл ертегіміз «Ер Төстік» және жал­пы, қазақ ауыз әдебиетінің басқа да шығармаларына негіздел­ген бұл туынды Спанжбоб, Шрек, Бен 10, Кунг-Фу Панда, Нару­то сынды шетелдік жат кейіпкер­лердің шырмауынан құтқара­ды деген сенім мол.
«Ер Төстік және Айдаһар» қа­зақ анимация тарихындағы тұң­ғыш толықметражды фильм ғана емес, ол әлемдегі соңғы анима­циялық 2D және 3D үлгідегі тех­нологиялар қолданылған жоба болуымен де құнды.Осыған дейін шетелдік анимациялық фильмдермен тәрбиеленіп келген жас ұрпақ аталмыш фильм ар­қылы қазақ ертегілерінің көне кейіпкерлерімен қауышып, хал­қымыздың рухани әлемінен нәр алады.

«Қазақфильм» киностудия­сының бұл бағыттағы қолға ала­тын іс-шаралары мұнымен біт­пек емес.  Экранға шыққан әрбір ұлт­тық анимациялық көрсетілім­дер­ді жарнамалау мәселесі жол­ға қойылып отыр. Мультфильм кейіпкерін ұлттық брендке ай­нал­дыру мақсатында ұлттық үл­гідегі қуыршақтар, ойыншық­тар шығарудың өзі үлкен жар­нама болары анық. Бұл сөзсіз, қазақ анимациясының жеңісі!  Аталмыш анимациялық
фильм сюжеті жеңіл әрі ширақ, бейнебір ертегілер әлеміне түс­кендей әсерде қаласың. Сондай-ақ, қазақтың ұлттық анимация­лық фильмдеріне сусап келген бала­лар үшін де айрықша базарлық!  Жерасты патшалығы әмірші­сі Бапы жер бетінде мәңгі тү­нек орнату мақсатында Самрұқ құстың күн бейнесіндегі жұмырт­қасын жұтудың амалын іздеп, әртүрлі айлаға барады. Алайда ол жоспарының күлін көкке ұшы­руға дәрменді батырдың да
бар екендігінен хабардар. Сөйте тұра, Бапы көмекшілері арқылы ойлаған ойын жүзеге асыру үшін тырысып бағады. Көп ұзамай дүниеге батыр келеді. Күн сайын емес, сағат сайын өскен Төстік жер бетіне тыныштық орнатып, бейбітшілік символы – Самрұқ­тың бәйтерек басына қонып, жұмырт­қа салуына көмектеседі. Қарсы­ласы Айдаһармен болған шешу­ші шайқасты жеңіп, күллі адам­зат тағдырына бақыт сыйлайды.
Жалпы алғанда, туындыда ертегі сюжетін сақтауға тырыс­қандық байқалады. Бірақ басы артық қосылған детальдар, кейіпкерлер, мәселен қазіргі за­манның жаңа технологияларын көрсету, сонымен қатар самрұқ құс, бәйтерек, құстың жұмыртқа салуы, тағысын-тағылар фильм­нің көркемдік дәрежесін асырма­са, еш кем түсірмейді. Осы тектес бірқатар символикалық элемент­терге түзілген «Ер Төстік және Айдаһар» анимациялық филь­мінің табысты да өміршең бо­лары хақ.

Фильмнің бір артықшылы­ғы — бүгінгі күннің элементтері, юморы, ондағы Төстік пен Кен­жекейдің салатын махаббат әні, жаңашыл киім киістері жал­пы мазмұнмен қабысып, үндесіп жатыр. «Аталмыш фильм, негізі­нен, компьютерлік бағдарлама арқылы жасалғанымен, әр кейіп­кердің бейнесін дайындауға көп уақыт жұмсалды. Алдымен кейіпкерлердің қағазға эскизі салынып, содан кейін қуыршақ бейнесі әзірленді. Одан кейін оларды 3D MAX және Maya сын­ды үш өлшемді графикамен ком­пьютерлік бағдарламалар арқы­­лы жетілдірдік. Сандық формат­қа көшіп, жаңа технологиялар­ды меңгеруге де біраз уақыт кетті» деген еді, фильм режиссері Жә­кен Дәненов.

Картина режиссерлерінің айтуынша, шығармашылық топ қазақ ертегісінің ішінен бала­лар аудиториясына лайық деп тап­қан сюжеттерді ғана ұсынған. Соны­мен қатар жанр заңдылықта­­­рын бұзбау, толықметражды мульт­фильмнің ережелерін сақтау мақ­сат қылып қойылған.
Басты рөлдерді дыбыстаған Дулыға Ақмолда, Димаш Ахы­мов, Күнсұлу Шаяхметова, Мерей Әжібеков, Лидия Кәденова, Нү­кетай Мышбаева, Қадырбек Де­месінов, Ақкенже Әлімжан, Бауыржан Қаптағай, Елдар Отар­баев, Бейбіт Мүслімов сынды ки­но және театр артистері фильмге ұлттық бояу бере білген.

Біле білсек, қазақтың кез кел­ген дастаны болсын, аңызы бол­сын, бәрі де дайын мультфильм. Тек сценарийге бейімдеп, ани­мацияға сәтті айналдыра білу кез келген адамның қолынан ке­ле бермесі анық. «Ер Төстік және Айдаһар» жобасы бойынша үш жыл уақыт бойы тынымсыз еңбек еткен ани­маторлар тобы көрермендер­дің ыстық ықыласына бөленеді де­ген ойдамын. Қорытындылай келе айтарым, қазақ анимациясын дамыту, қазақ мульткейіпкерлерін әлем­дік кейіпкерлермен теңестіру бүгін-ертең бітетін шаруа емес. Үлкен идеология саналатын мультфильмдер арқылы ұрпақ са­насына ғана емес, барша қазақ көрерменіне жол табуға болады. Қазақтың халық ертегілерінде бой көрсететін Ер Төстік, Жел­аяқ, Көлтауысар, Мыстан кем­пір, Шалқұйрық сынды дайын кейіпкерлерді сәтті өнімге айнал­дыра алған қазақ ани­маторлары­на «Бәрекелді!» демекпін. Ұлт­тық анимация өрлеп, дами берсін!

Жамбыл ҚЫРҒЫЗБАЙ

http://www.aikyn.kz

Рубрика: