АЛТЫНОРДА
Новости

Ерлан салдың үнтаспасы шықты

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасының ашылғанына биыл бес жыл толмақ. Ұлттық өнерді ұстанған кафедра Ұлыстың ұлы күніне дәстүрлі ән мен күйден арнайы тарту-таралғысын жасады. Кафедра жанынан ашылған фольклорлық кабинеттен шыққан тұңғыш ән-күй таспасы мен шетел қазақтарының еңбегі – осының айғағы. Ал осы шаңырақта дәстүрлі әннен сабақ беретін Ерлан Рысқали өзінің екінші СD-дискісін кафедраның мерейтойына шашу етті.

 

Наурыз мерекесіне арнайы концерт беруі кафедраның бесжылдық еңбегінің нәтижесі іспетті. «Әнші өз ауылының ахуа­лын жақсы біледі» деген мақсатпен ка­фед­ра тізгінін ұстауға шақыртылған ҚР ең­бек сіңірген артисі Рамазан Стамғазиев келген алты айында бірқатар келелі мәсе­лені шеш­ті. Ән мен күйдің фольклорлық каби­нет қо­ры­на жиналуына ерекше мән берген же­текші музыкатанушылар мен ор­ындау­шы­ларды да асыл мұраны зерт­теуге жұ­мыл­дырған. Дәстүрлі әншілерді баптап жат­қан бүгінгі ұлттық музыканың кіл жүй­рік­терінің әндері мен күйлері «Жай қоңыр» атты тұңғыш жинаққа топтастырылды. Екі дискі мен бір кітаптың тұсауын ректор өзі кесті.

Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры:

– Өнер саласында ерекше адамдар болғаны жақсы. Кафедра басшылығы­на келгеніне бір жыл да толмаған Рама­зан Стамғазиев бөлімнің аяғынан тік тұ­руы­на аянбай еңбек етіп жатыр. Фольк­л­ор­лық кабинетті құнды мұралармен толықтыруға талантты адамдар адал­дық­пен, ішкі тебіреніспен рахаттана кіріссе, шықпайтын биік жоқ. Баянөл­гей аймағындағы дәулескер күйшілер­дің көне туындыларын, оның ішінде Қ.Ақ­қожаның күйлерін фольклорлық кабинет жетекшісі Қайырғазы Төлен нотаға түсіріп, оқулық етіп шығарды. Ка­федра ұстаздарының ән-күй топта­ма­ларын жинақтады. Дәстүрлі өнердің бүгінгі жарқын бейнесі Ерлан Рысқали­дың да жеке үнтаспасының шығуы – ха­лық музыкасына қосылған үлес. Ка­фед­ра ұстаздары мен шәкірттерін Қа­зақ­станның бүкіл аймағына, дүние­жү­зінің ірі елдеріне паш етсек деген ойы­мыз бар. 

Рамазан СТАМҒАЗИЕВ, ҚР еңбек сіңірген артисі:

– Музыкатанудағы зерттелмей жатқан, зерттеліп, тоқталып қалған ғылыми еңбектерді әрі қарай жыл­жыту, әр ғалымның зерттеуін кітап етіп шыға­ру, ұлттық музыканың туын жық­пай жал­ғастыру – басты мақсатымыз. Биыл қазан айында кафедрамыздың бес­жыл­дығын халықаралық деңгейде атап өтіп, шеберлік сыныптарын өткіз­бек ойдамыз. Осы уақытқа дейін тек дәс­түрлі ән мамандарын дайындап келеміз, күзден бастап, Алла қаласа, күй мамандығына да талапкерлер қа­былдасақ деп отырмыз. Болашақта көне аспаптарды жаңғыртып, ор­кестр де құрмақ ниетіміз бар. Ал фольклор­лық кабинетті толықтыру үшін ұстаз­дар­ды экспедицияға жібе­ріп тұрамыз. 

Кафедраның бес жылдығы мен қазақ әнін Париж төрінде әуелеткен Әміре Қа­шаубаевтың 125 жылдығына орай Ерлан Рысқали Арқа әндерінің басын біріктіріп, ән жинағын шығарды. 60 әннен тұратын үш дискіні шығаруға Ерланның өнеріне тәнті жанашыр ағасы Базарбек Атығай көмектескен екен. Өнер иесінің да­йын­дығы мен даму кезеңдерін айшықтайтын үнтаспаның шығып тұруы әр әнші, күйшіге ауадай қажет. Қалталы азаматтар өнер­пазды құр сөзбен мақтамай, жинағын шы­ға­руына қол ұшын созса, өнерпаз мәрте­бе­сінің өскендігі емес пе? Ақын-жазушы­лар еңбегін қолдау мақсатымен кітаптарын шығарып беретін Мәдениет және ақпарат министрлігі әнші-күй­ші­лерге де демеу көрсетсе, өнер иесіне ол да медеу болмақ.

Автор: Жадыра ЖҰМАКҮЛБАЙ

 

http://alashainasy.kz/culture/41596/