Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Қазақтың досы – қазақ. Қазақтың Қазақстаннан басқа отаны жоқ. Сол үшін де қазақ өз елінде қожа, би болуы заңды. Билік және қоғам болып бірігіп, әуелі ұлтымыздың әлеуметтік мәселелерін оңымен шешуіміз керек. Осыдан оншақты жыл бұрын мен көптеген кісілермен кезіктім. Бұл кез қазақтардың қалалы жерлерге көшіп жатқан тұсы болатын. Бірақ кезіккен кісілерімнің көбі басқа емес, баспанадан тарығып жүргеніне куә болдым. Олардың қиналғанын көргенде, не істерімді білмедім. Ең қиыны олар бірер адам емес еді, олар тым көп еді…

Еліміздегі ең өзекті мәселенің бірі – баспаналы болу. Айлығы недәуір жоғары болса да, қуыс үйге жете алмай, тапқан айлығы шайлығы мен квартирасынан аспай жүргендер көп. Астана мен Алматыда тіптен қиын. Елімізді құрылыс алаңына айналдыру идеясы сәл кешеуілдеп тұр. Тәп-тәуір бағдарламалардың шатқаяқтап, іске асу барысы қиындап кеткенін несін жасыралық. Дүниежүзілік қаржы дағдарысы отандық құрылыс саласына айтарлықтай салқынын тигізгені белгілі. Дәл осы уақытта үлескерлер мәселесі ушығып шыға келді. Мыңдаған үлескерлердің маңдай терімен тапқандарын үптеп кеткен құрылыс компанияларының кесірінен, мемлекеттің тұрғын үй құрылысын жетілдіруге құйған қаржысы басқа арнаға төгілді, еліміз ең алдымен үлескерлердің мәселесін шешті.

Әрине, бұл елдің сенімін күшейтті. Әйткенмен, жеке компаниялардың шығынын мемлекет жабуға тиісті емес еді. Елбасының пәрменімен, алдамкөс компаниялардың аяқсыз қалдырған ісін отаншыл азаматтар жалғастырды. Біздің «АССМ-1» компаниясы да осы істен шет қалмай, Астана төрінен екі мың үлескерге арналған тұрғын-жайды бітіріп, үлескерлерге табыс еттік. Біз мұны мақтан етпейміз. Ұлт үшін, ел үшін істелген істі міндетсуге болмайтынын жанымызбен сезінеміз. Екі мың отбасының қуанышын, алғысын алудың өзі талай жылдық қажырлы еңбектің өтеуі десек болады. Әрине, адам болғасын аласы да, құласы да болады. Үлескердің де үлескері бар. Бірі тоңып, бірі тойып секіреді. Біреу сол баспана арқылы қаладағы квартира жалдап сенделген тағдырына нүкте қойғысы келеді. Біреу жалғыз ұлын үйлендіріп, бөлек отау тігіп беруді көксейді. Біреу тірнектеп жиып, маңдай терінің өтеуін енді көрем деген үмітпен ақшасын тұрғын үй алуға құяды. Тағы біреу басында әлденеше баспана болса да, ақшасын текке жатпасын деп, тағаны қаланбаған зәулім құрылысқа үлескер болады.

Біз өзіміз міндетке алған үлескерлердің жағдайымен танысып, аралап жүріп көзімізбен көрдік. Кейбірімен әжік-күжік әңгімеге де келіп қалдық. Ең бірінші кезекте шынымен де үйге қатты зәурулерді, сонан кейін келесілерін саты-саты бойынша жаңа үйге енгіздік. Шын мәнінде, үлескер болу – өзіңнің жеке ақшаңды ықтиятпен жинап, талапты жұмыс істеу деген сөз. Үлескерлер өмір сүруге белсенді, еңбекшіл азаматтар деуге болады. Олардың мүддесін қорғау өте орынды. Алайда, біз үлескерлердің мүддесін ғана емес, жеке құрылыс компанияларының жұмыс істеу тәртібін де қадағалауымыз керек. Сонда ғана өткендегідей келеңсіздіктер болмайды. Тағы бір қаперге алатын іс, құрылыспен айналысатын компаниялардың жауапкершілігі. Ғимараттардың сапасына байланысты шу көбейіп кеткені белгілі. Бір жылға жетпей тозығы жетіп, бес жылға жетпей шатыры құлап, төбесінен су тамшылап тұратын үйлердің санымен мақтану қаншалықты тиімді? Ал оларды күтіп-баптау жағын кім қолға алғаны жөн? Білесіз бе, қазір тұрғын үйлердің әлеуметтік жұмыстарын тендер арқылы ұтып алып, шаруашылығын «шалқытып» отырғандар көп. Сол үйлерден әлдебір ақау шықса, суы істемей қалса, айналасы тазаланбаса, басқа да түйткіл табылса, әлгі шаруашылыққа жауаптыларды іздеп таба алмайсыз. Біз өз тарапымыздан кім тұрғын үйді салса, солар ары қарай да тозып, бүлінбеуіне кепілдік беру керек деп шештік. Соны жүзеге асыру үшін арнайы компания құрып, өзіміз қадағалап отырмыз. Қаланың тазалығы әрбір тұрғынға, әр ғимаратты күтіп-баптайтын жұмыскерлерге, қысқасы, сіз бен бізге байланысты. Қала ешқашан зәулім ғимараттарымен емес, тазалығымен, реттілігімен, мәдениетімен сәулетті, ішкі өмірінің тиянақтылығымен дәулетті.

Ерте ме, кеш пе, қазақ қалалық ұлтқа айналады. Қазір ауылды жерлерде еліміздің 40 пайыздан астамы тұрады делінгенімен, солардың көбісі шағын және үлкен қалаларда жалданып, нәпақасын айырып жүр. Сол үшін қалалы жерлерде құрылыс салу үрдісі тоқтамайды. Ауыл – бәріміздің алтын бесігіміз. Бірақ қазақты ауылға ұстап отыра алма9+6ймыз. Дамыған елдерде ауыл шаруашылығын 5-10 пайыз халық қана жүргізеді. Бізде сол күнге қаласақ та, қаламасақ та жақындай түсудеміз. Қаланың ұлттың интелелкетуалдық қабілетін анықтайтын көрсеткіш екенін ұмытпайық. Қазақта қала болмаған дейтін қауесетке сенетін кезден кеттік, Ұлы Жібек жолы бойындағы орта ғасырлық қалалар оған нүкте қойған. Бүгінгі Тәуелсіздік кезеңінде біз Сарыарқа төсінен жаңа Астана салып, қазақ ақыл-ойының жасампаздығын тағы да көрсете білдік. Бұл қала – қазақтың өз парасат-пайымының жемісі. Елбасының ерен еңбегінің нәтижесі. Енді сол қаланы – алаштың астанасын – қазақтың баспанасына айналдыру біздің қолымызда. «Қол жетімді баспана» шынымен де қолжетімді болу үшін жанымызды салуға тиіспіз. Қазақстанның жастары тезірек баспаналы болып, үбірлі-шүбірлі болса, онда қазақтың бағы жанғаны. Демографиялық саясат – елдің негізгі бағыты. Тіл мен діннің де тірегі – демография.

Астана төрінде өтетін ЭКСПО көрмесіне біз не ұсынамыз? Қазақтың құрылыс саласындағы жетістігін қаалй көрсетеміз? Сондағы салынған ғимараттарды халықытң баспаналы болуына бейімдей аламыз ба? Осы сұрақтарға қазірден жауап іздеуіміз керек. Түптің түбінде, Астана төрінде бой көтерген ғимараттар елдің еркін дамуына ерекше ықпал етері анық.

http://www.namys.kz/?p=14789

 

 

Рубрика: