Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Тегеранда күрес түрлерінен ерлер арасындағы командалық әлем кубогы аяқталды. Әуелі грек-рим күресі шеберлері белдессе, одан соң еркін күрестің майталмандары боз кілем көрігін қыздырды.

Еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасы соңғы жылдардағы командалық әлем кубогында әрқилы өнер көрсетіп жүр. Мысалы, 2009 жылы үшінші орынға қол жеткізсе, 2010 жылы үздіктер қата­рына мүлде ілікпей, әлем кубогына қатысқан жоқ. 2011 жылы 7-орынды қа­на­ғат тұтса, былтыр 5-орынға ие болды.

Биыл Қазақстан балуандары әлем кубогында белдесетін дүниежүзінің ең үздік 10 құрамасының сапына ілігіп, әуелі «А» тобында бақ сынады. Осы ретте айта кетейік, жеребе тартылып, Қазақстан, Ресей, Түркия, Әзірбайжан және Беларусь балуандары «А» тобына түсті де, Иран, АҚШ, Жапония, Грузия және Болгария құрамалары «В» тобында бақ сынады.

Өкінішке қарай, біздің жігіттер алғашқы кездесулерінде Ресей балуандарынан 0:7 есебімен оңбай ұтылды. Бұл кездесуде Шоқан Шыңғысов та (55 келі), Дәулет Ниязбеков те (60 келі), Азамат Өміржанов та (66 келі), Нұрлан Бекжанов та (74 келі), Аслан Кахидзе де (84 келі), Әлихан Жұмаев та (96 келі), Дмитрий Попов та (120 келі) өз қарсыластарынан ұтылып қалды.

Бұдан кейін біздің балуандар Әзірбайжан құрамасынан 5:2 есебімен басым түсті. Шоқан Шыңғысов (55 келі), Саятбек Оқасов (60 келі), Дәурен Жұмағазиев (66 келі), Семён Семёнов (84 келі) және Дәулет Шабанбай (120 келі) өз белдесулерін жеңіспен аяқтап, Олжас Шыңғысбаев (74 келі) және Әлихан Жұмаев (96 келі) өз қарсыластарына есе жіберіп алды.

Бапкерлер осы кездесудің нәтижесіне дән риза болған болулары керек, келесі белдесуде боз кілемге осы жігіттерді қайта шығарды. Бірақ Түркия тарландарымен кездескен жігіттеріміз 1:6 есебімен ойсырай ұтылып қалып, алып-ұшқан көңілімізді су сепкендей басты. Бұл жолы Әлихан Жұмаев (96 келі) жеңіске жетіп, қалғандары ұтылып қалды. Нақтырақ айтқанда, түрік балуандарынан ұтылғандар – Шоқан Шыңғысов (55 келі), Саятбек Оқасов (60 келі), Дәурен Жұмағазиев (66 келі), Олжас Шыңғысбаев (74 келі), Семён Семёнов (84 келі) және Дәулет Шабанбай (120 келі).

Руслан Өмірәлиев жаттықтыратын ұлттық құрамамыз «А» тобының соңғы турында Беларусь балуандарымен кездесіп, 3:4 есебімен есе жіберіп, үшінші рет жеңілістің кермек дәмін татты. Өз қарсыластарынан айлаларын асырып, басым түскендер – Дәурен Жұмағазиев (66 келі), Аслан Кахидзе (84 келі) және Дәулет Шабанбай (120 келі). Беларусь балуандарынан ұтылып қалғандар – Шоқан Шыңғысов (55 келі), Азамат Өміржанов (66 келі), Нұрлан Бекжанов (74 келі) және Семён Семёнов (84 келі).

Бірден айтайық, бұл топта Ресей балуандарының шоқтығы бәрінен биік болды. Қалғандарының бір-бірімен деңгейлес екендері байқалды. Түркия мен Беларусь екі рет, ал Қазақстан мен Әзірбайжан бір кездесуде жеңіске жетті.

Сөйтіп, Қазақстан құрамасы «А» тобында төртінші орынға ие болып, ақтық сында 7-орын үшін Жапония жігіттерімен кездесті. Өкінішке қарай, бұл кездесуде де біздің балуандар 3:4 есебімен ұтылып қалды. Өз қарсыластарын жеңгендер – Нұрлан Бекжанов (74 келі), Аслан Кахидзе де (84 келі), Дмитрий Попов (120 келі). Ұтылып қалғандар – Шоқан Шыңғысов (55 келі), Саятбек Оқасов (60 келі), Дәурен Жұмағазиев (66 келі) және Семён Семёнов (84 келі).

Қазақстандық еркін күрес шеберлері Иран астанасына аттанарда екі апта Талдықорғанда жаттығып, дайын­дықтарын пысықтаған болатын. Оның алдында Махачкалада жаттығу жиынын өткізген. Әлем кубогына аттанарда еркін күрестен Қазақстан құрамасының бас бапкері Руслан Өмірәлиев: «Әрине, былтырғы жетістігімізді қайталауға тырысамыз», – деп әлем кубогында боз кілемге шығатындардың бәрі сайдың тасындай іріктелген, дүниежүзінің маңдайалды он құрамасы екендігін баса айтқан. Яғни бас бапкер әзірше біздің бесінші орыннан жоғары көтеріле алмайтынымызды білгендей. Өкінішке қарай, сол бесінші орынның өзі бұйырмай, былтырғы жетістігімізді қайталай алмадық.

«А» тобы:

Ресей – Әзірбайжан – 6:1, Беларусь – Түркия – 4:3

Қазақстан – Ресей – 0:7, Әзірбайжан – Беларусь – 4:3

Қазақстан – Әзірбайжан – 5:2, Ресей – Түркия – 4:3

Қазақстан – Түркия – 1:6, Ресей – Беларусь – 6:1

Қазақстан – Беларусь – 3:4, Түркия – Әзірбайжан – 5:2

«В» тобы:

Иран – Жапония – 7:0, АҚШ – Грузия – 5:2

Иран – Болгария – 6:1, АҚШ – Жапония – 5:2

Иран – Грузия – 7:0, Жапония – Болгария – 6:1

Иран – АҚШ – 6:1, Грузия – Болгария – 6:1

АҚШ – Болгария – 7:0, Грузия – Жапония – 4:3

9-орын үшін: Әзірбайжан – Болгария – 7:0

7-орын үшін: Қазақстан – Жапония – 3:4

5-орын үшін: Түркия – Грузия – 6:1

3-орын үшін: АҚШ – Беларусь

Финал: Иран – Ресей

Соңғы ақтық кездесулер газетіміздің осы саны қатталып жатқанда басталды.

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

 

http://alashainasy.kz/sport/40609/

Рубрика: