Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Ілгеріден қазақ халқы балалы үйді базар санайды. Шынында, шаңырақ шаттығы шыр еткен шарана емес пе? Бұрын әрбір отбасында кем дегенде 9-10 баладан болушы еді. Қазақтың басым бөлігі көпбалалы болатын. Соның арқасы шығар, қазақ талай нәубеттен аман қалды. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы зауал біздің ұлттың басына қара бұлт болып үйірілді. Сол кезеңде ұлан-ғайыр даламызда бар-жоғы 2-3 млн. қазақтың қалғанын ұмыта қойған жоқпыз. Есесіне алтын құрсақты аналар арқасында басымыз қайта көбейді. Ішкі және сыртқы қазақты қосқанда 15 млн. екенбіз. Әрине, оған шүкірлік етеміз. Десе де қазіргі таңда бас ауыртатын тақырыпқа айналып келе жатқан мәселе бар. Ол – ерлердің бедеулігі. Оны да ұлттың басына төнген қатер десек те артық емес. «Алаш айнасы» осы тақырып төңірегінде ой қозғайды.

 

Басты себеп – экология ма?

Бұл ауру туа бітті де бола береді. Дегенмен оған қоршаған ортаның да әсері аз емес екен. Күнделікті тіршілікті көріңіз. Арақ пен темекі, есаірткіге әуестенгендер баршылық. Салауатты өмір салтын ұстанушылар тым аз. Ол да проблема. Ер азаматтар арасындағы бедеулік осындай жағдайлардан туындайды. Сондай-ақ жүйкеге түскен салмақ та бедеулікке алып келеді екен. Дәрі-дәрмекті шектен тыс пайдалана беруге де болмайды.

Рас, қазір түрлі жағдай орын алады. Бір-ақ күнде жұмыссыз қалуың ғажап емес. Айналып келгенде, отбасының асыраушысы болғаннан кейін бұл жағдай да ер жігітке оңайға соқпасы анық. Қысқасы, күйбең тіршіліктің соңы ерлер бедеулігіне итермелеп отыр. Дәрігерлер жүйкесіне салмақ түскен жігіттердің гармондары әлсіріп кететінін айтады. Медицинада физиологиялық жағдайда еркектердің гармондары 45-55 жасқа барып қана азаю керек екен. Өкінішке қарай, қазір мұндай жағдай өрімдей жастардың арасында да белең алып барады.

Осы тұрғыда ойланатын жағдайлар аз емес. Барлығын күйкі тірлік пен экологияға жауып отыра береміз бе? Бәлкім, оның басқа да салдары бар шығар? Мәселен, ас-ауқат дегенді алайықшы. Ертеде ата-бабалар табиғи өнімді тұтынды. Қымыз-қымыран ішті. Ет жеді. Жазда жайлауда, қыста қыстауда мекен етті. Ешқандай экологиялық жағдайға ұрынған жоқ. Ал қазір не жеп жүрміз? Қымыз бен қымыран қол жетпестей. Базарға барсаң, оның бағасынан басың айналады. Бұрынғыдай жылқы байлап жүргендер санаулы. Түйенің түстеп те танымайтын ұрпақ өсіп келеді.

Әрине, шеттен келген өнімдердің сапасына сын айтуға әбден болады. Олар бізге қандай өнімдерін жіберіп жатыр? Бұл тек бір Аллаға ғана аян нәрсе. Барын бардай қылғытып жатырмыз. Оның сапасына үңіліп жатқан ешкім жоқ. Мәселен, Қытайда адамның ұрығына әсер ететін ас өнімдері бар екенін талай естіп-білдік. Қазақтың тұтынып жүргені сол өнімдер емес пе екен?

Жастардың белсіздігі де ойлантады..

Рас, ерлер арасындағы бедеулік күннен-күнге көбейіп барады. Өкініштісі, оның жасарып бара жатқаны да қайсыбір қуанарлық жағдай? Сол себепті бұл мәселені әркімнің өз еркіндегі шара деп қарағанымыз дұрыс болмас. Оған билік басындағы атқамінерлер назар аударса деген ой бар. Еліміздегі урология ғылыми орталығына ат басын бұратын ағайынның қатары көбейіп бара жатқаны ойлантады. Әрине, қазақтың көп бөлігінің экологиялық ахуалы ауыр екені белгілі. Семей полигонының салдары аз болмай тұр. Ілгеріде орталыққа сол полигон аумағындағы азаматтар жиі келеді екен. Өкінішке қарай, қазір олардың ауқымы кеңейіп кеткен көрінеді. Атап айтқанда, Ақтау, Атырау, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Маңғыстау өңірлерінен келетін жандар бар. Неге?

Рас, кейде ауыра қалғанмен, жазылып кетер деген ой болады. Бұл – біздің қазаққа тән құбылыс. Ертең-ертеңмен талай таңды атырамыз. Солай жүргенде осылайша есеміз кетіп қалып жүр. Қазір орталыққа барушылардың біршамасы 30-40 жастағы соқталдай жігіттерді құрайды екен. Ойланып көрелік енді…

Жігіттер жарап тұрса…

Сонымен, қазір ер азаматтардың қанша пайызы сол дерттің құрбаны болуы мүмкін? Бұл тұрғыда болжам әртүрлі. Ертеректе белсіздік ауруына шалдыққандар 5-10 пайыздан аспаған екен. Қазіргі таңда әрбір 5-ші әйел, әрбір 6-шы еркек осы аурудың құрбаны болып тұр. Батыс ғалымдарының зерттеуінше, соңғы бір ғасырда ер азаматтар ұрығының белсенділігі орта есеппен 90 пайыздан 35-40 пайызға дейін төмендеп кеткен.

Қазір қазақ үшін демография ділгір мәселе. Алып даламызда бар-жоғы 17 млн. шамасында халық өмір сүріп жатыр. Қайсыбір кезеңде саны бізбен қатарлас болған өзбектер қазір бізден 2 еседей артып, 30 млн. адамның ол жақ-бұл жағына барып қалды.

Сол себепті бұл мәселеге бей-жай қарай қоймалық. Жігіттер жарап тұрса, келіндер де ұрпақ өрбітуден басын алып қаша қоймас. Содан кейін әрбір қазақтың шаңырағында бұрынғыдай болмаса да, кем дегенде 6-7 баладан ойнап жүрсе қандай ғажап көрініс дейміз.

Ұлт тағдырына селсоқ қарамайық. Бұл тұрғыда ойланатын мәселе көп-ақ…

Автор: Әділ ТҰРСЫНБЕК, Қызылорда облысы.

 

http://alashainasy.kz/society/48867/

Рубрика: