Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

ЫСТАМБҰЛ. 3 наурыз. Baq.kz — Саясатта тосын мәлімдемелер жасап, тосылмай сөйлейтін Түркияның премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған бұл жолы да түрік қоғамын ғана емес, әлемдік алпауыттарды дүрліктіріп қойды. Өткен айдың соңында жергілікті «канал 24» арнасындағы «Цензурасыз» деп аталатын бағдарламаға қатысқан ол «Еуроодаққа елпеңдей бермей бұдан былай Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше болуға бейіл» екенін айтты.
Түрік елінде қазір бұл тақырыптың «қаны жерге тамбай» тұр. БАҚ-тар «геостратегиялық бомба» деп айдарлады. Саясатшылардың бір тобы премьердің ұсынысын құлай құптады. Екіншілері болса, қарсылық айтып, шабынып шықты. Жақтаушылардың уәжі мынау: «Түркия бетін тек батысқа бұрып, Еуропалық Одаққа мүше боламын» деп көп дүниелерге көз жұма қарауда. Бұл үлкен ағаттық. Аталған ұйымға кіреміз деп титықтап өлетін болдық. Ұлттық болмыстан айырылмай «христиандық клуб» бәрібір бізді қабылдамайды. Еуроодақтың болашағы да анау айтқандай жарқын емеске» саяды. Ал Еуроодақты жақтаушылардың ойынша, «Орта жолға келіп шегіну жөн емес. Ұйым Түркияға қатысты қандай да бір әділетсіздіктер жасаған жоқ. Керісінше, Түркия қос стандарттарды қолға алу, адам құқықтары сынды бірқатар мәселеде самарқаулық танытуда. Демократиялық өлшемдер Еуроодаққа қарағанда өте төмен. Осындай түйткілдермен күресудің орнына ешқандай стандарттарды сұрап бас қатырмайтын қайдағы жоқ бір Шаңхай Ынтымақтастық Ұйымына кіріп, құтыла салғысы келеді. Түркия Еуропа емес, Орта Азия мен мұсылман мемлекеттерімен байланысты арттыруда».

Батыстың байламы
Ердоғанның аузынан шыққан сөз батысты да елең еткізді. Батыстың біраз саясаткерлері мен басылымдары: «Түрік үкімет басшысынікі дұрыс. Түркиядан айрылып қалмайық» деп қауіптенсе, екінші топ: «бар болғаны –Еуроодаққа тездетпесең кетіп қаламын»- деп қыр көрсету» деп бағалады. Австралияның «Пресс» газеті «Ердоған Еуроодаққа мүше елдерге шынымен ашулы. Ол ешқандай қоқан-лоққы көрсетіп отырған жоқ, расын айтып отыр. Еуроодаққа балама іздеп, ШЫҰ-ға мүше болуға ниет етуде» деп жазды. Мәселен, Анкара 2005 жылдан бері Брюсселмен келіссөздер жүргізуде. Нәтиже мардымсыз. Түркия Еуроодаққа кіруге қатысты отыз бес келіссөздің он үшін ғана қолға алып үлгерді. Тек Кипр мәселесіне қатысты сегіз амборгасы бар. Сөзбұйданың Түркия үкіметінің көңілін қалдырғаны сөзсіз. Еуропа дипломаттарының басқа бір тобы болса, Ердоғанның сөзін шыбын шаққан құрлы елемеуде. «Ырылдайсың қаппайсың, менен артық таппайсың» көзқарасында. Олар елу жылдан астам Еуропаға қарап көш түзеген елдің бір күнде жалт береріне инанбайды. Ал Еуропа Кеңесінің бас хатшысы Торбжорн Жагланда Түркия сияқты алып бір елдің бір бағытқа қана байланып қалмай жаңа ізденістер жасауын оң бағалай келе: «Түркиядан айырылып қалсақ, Еуроодақ үлкен қате жасайды деп ойлаймын» деді.

Ердоған Еуропаны ойландырып тастады
«Түркия Еуропаның бөлігі емес» дегеннен танбайтын Саркози кезінде Еуроодақ пен Түркия арасына біраз сызат түскен болатын. Ал жақында жанданған әңгіме «Түрік елінің Батыспен ат құйрығын шорт кесуге әкелуі» мүмкін деген алыпқашпа әңгімені маздата түсті. Оның үстіне осы ақпан айының бесі күні Прагада Режеп Тайып Ердоған Чек Республикасының үкіметбасы Петр Нечаспен кездесті. Баспасөз мәслихатында «Бүгінде Түркияға Еуроодақ емес, керісінше Еуроодаққа Түркия қажет» дегенді бірақ айтты. Оның негізі де жоқ емес. Еуропалық Одақ соңғы үш жылда экономикалық күйзелістерден көз ашпауда. Ұлыбританияның өзі мүшеліктен шығып кетуі мүмкін. Өмір сүру деңгейі мен білім жағынан әлі озық болғанымен одақ демографиялық дағдарыстан құтыла алмауда. Халқы жас Түркияны мүшелікке алмаудың бір себебі, түріктену мен мұсылманданудан қорқу болуы да мүмкін. Түркияның экономикасы да қарқынды өсуде. Германияның сыртқы істер министрі Гидо Вестревелле «Еуроодақ жуық арада Түркиямен келіссөз үдерсін қайта жолға қояды» деді. Германияның жасылдар партиясының теңтөрағасы Жем Өздемір болса, Түркияның ұсынысын құп көрмейтінін білдірді. Оның ойынша, Түркия Еуропалық Одаққа кіру мақсатынан бас тартпау керек. Француз басшысы өзгерді, алдағы қыркүйекте болатын сайлауда Германия басшылығы да өзгереді деген үмітте. Себебі, Түркияның Еуроодаққа кіруіне ұйымға мүше 27 елдің ішінде негізгі қарсы екі мемлекет бар. Германия мен Франция. Франция да Саркози кезінде Түркияның алдына қойылған кедергілерді біртіндеп алуға дайын екенін байқатты. Бұл жай францияның сыртқы істер министрі Лоран Фабиус түркиялық әріптесі Ахмет Дауытоғлымен Париждегі кездесуінде мәлім болды. Былтыр Түрік үкіметбасшысы Режеп Тайып Ердоғанның Германияның Бундесканцлері Ангела Меркелге «Егер Брюсселмен арадағы келіссөздер 2023 жылға дейін аяқталмайтын болса, Түркия Еуроодаққа кіруден бас тартады» деп айтқан қатқыл мәлімдемесі де бар.

Орыстың ойы
Өткен жылдың шілде айында Түркия премьері Ресей президенті Владимир Путинге: «Бізді ШЫҰ-ға мүше ретінде алсаңшы, Еуропалық Одаққа мүше болудан бас тартайық» деп қалжынға сүйеп бір ауыз сөз айтқаны бар. Бұл жолғы мәлімдемесі Ресейдің саясаттанушылары мен БАҚ-тарына да «азық» болды. Түркияның өзіне қарсы құрылған НАТО мүшесі болуы Кремьлдің көңіліне жақпайтыны рас. Оның сыртында Түркия қарсы шығып отырған Сириядағы Башеа Асад режимін Қытай мен Ресейдің жақтап отырғаны және бар. Бірақ, Ресей үшін бұл Батысты мұқатуға, сағын сындыруға таптырмас мүмкіндік. Түркия сынды әлеуеті артып, ширыға түскен «күшті» ұйымның өз төңірегенде ұстау орыстар үшін оны елеусіз қалдырып, «қарсыластар» жағын күшейтуден әлдеқайда тиімді. Сонымен бірге, бір ұйымға мүше бола тұра Қытайдың қаупін қатты сезе түскен Ресей ұйымды кеңейтуге мүдделі. Мәселен, Ресей арадеңгейді сақтау үшін Үндістанды да мүшелікке алуды күн тәрбіне енгізді. Ресей бұл тұрғыдан да Түркияның мүше болғанын қалайды. Орыстар қауіптенетін және бір фактор бар. ШЫҰ аясында түркітілдес елдер интеграциясы қарқын алуы мүмкін. Әсіресе, Қазақстанның белсенділігі қатты байқалуы ықтимал. Былтыр Ыстамбулда Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі бірлігіне қатысты жасаған өткір мәлімдемесін солтүстік көршіміз ешқашан ұмытпақ емес. Ұйымға мүше айыр қалпақты ағайындар да түріктердің мүше болуына қатысты мәселелерде белсенділік танытуда. Ал Өзбекстан мен Түркия арасында салқындық әлі де бар. Қайбір жылғы арада болған кірбің әлі ұмытыла қоймады.

Қытайдың қауіпі
ШЫҰ-ға Түркияның мүшелігін қабылдатпауға барын салатын Қытай болары сөзсіз. Аспан асты елі Орталық Азиядағы «май шелпекке» тағы бір ауыздың ортақтасқанын қаламаудың сыртында «Шығыс Түркістан» мәселесіне қатысты да түріктерге секемдене қарары сөзсіз. Яғни Батыстың НАТО-сынан шығып шығыстың НАТО-сы саналатын қарама-қарсы ұйымға «мүше болам» деп келуін түсіне алмай дал болуда. Оның үстіне жуырда ғана Түркия Сириядан қорғайды деп НАТO-ның әуе қорғаныс күші жүйесін шекарасына орналастырған болатын. Түркияны «Американың ығына жығылып, ықпалымен жүреді» деп санайтын Қытай оны арнайы тапсырмамен келген «Троя арғымағы» деп санайды. Қытайлықтар тіпті, екі жаққа да мүше болуға ұмтылған түріктерге қатысты «екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» деп те жорамал жасаған. Мәселен, ұйымға 2007, 2009 және 2010 жылы «қонақ мемелекет» болып қатысуға Түркия рұқсат сұрап, нәтижелі жауап ала алмады. 2011 жылы тағы да өтініш жасап, былтыр ғана ШЫҰ-ның диалог әріптесі болып қабылданды. Қазір бақылаушы мәртебесін алу бағытында жұмыс істеуде.
Түркияның ШЫҰ мүше болуға ұмтылысы біраз әріде жатыр. 2005 жылы Ердоған Ресейге барған сапарында президент Владимир Путинге ШЫҰ-ға мүше болғысы келетінін жеткізген болатын. В.Путин Қазақстан Президенті Н.Назарбаевпен бұл жөнінде сөйлескен еді. Ресей президенті оң қабақ танытып, Нұрсұлтан Әбішұлы да Түркияны жандарынан көрсе қуанатынын жеткізген. Сол жылы Түркия Президенті Абдулла Гүл Қытайға сапар жасап, оның ШЫҰ-ға мүше болу жайындағы ұсынысы Қытай басшысы Вен Жиябоаның құлағына жеткізілген болатын. Бірақ, дәл сол кезде бақылаушы болуға өтініш берген Иранның ұсынысы қабыл етілді де, Түркияның өтініші жауапсыз қалдырылды. Ресей мен Қазақстанның сөзі желге ұшты. Қытай бұдан гөрі Түркияның Еуропалық Одаққа мүше болып кеткенін қалайды. «Аш құлақтан тиыш құлақ». Сол себепті, ШЫҰ-ға мүше болам десе түріктер ең алдымен қулығы құрық бойламайтын Қытаймен жемісті байланыс орнатуы керек.

Еуропа ма Еуразия ма?
Анкара Еуразиямен де, Батыспен де, Шығыспен де тіл табыса алатынын көрсетіп келеді. ШЫҰ ұйымына кіретін болса ұтпаса ұтылмайды. Бірақ, Түркияның қазіргі саясаты «өгізді де өлтірмеу, арбаны да сындырмау». Яғни НАТО-ға мүшеліктен шықпай, Еуроодаққа кіру жұмысын да жалғастыра беру және де ШЫҰ-ға да мүше болу. Бұрын тек батысқа бағытталған Түркия саясаты соңғы кезде көп векторлы болуда. 2000 жылдан бері жан-жаққа ашыла бастады. Түркия — Азия мен Батыс арасындағы нағыз алтын көпірге айнала алады. Азиядағы энергетикалық жобаларды қолға алуға мол мүмкіндік туады. Күрд мәселесі, террор ұйымымен бетпе-бет келген Түркия үшін ШЫҰ тиімді болуы мүмкін. Орта Азия энергетикалық ресурстарға өте бай. Бірақ, түріктер мүшелікке өткен күннің өзінде Қытайлар «НАТО-дан бас тарт» деп шарт қоюы мүмкін. Ондай жағдайда, Түркия бас тарта алмауы ықтимал. Өйткені, ШЫҰ әскери қорғау жағынан әлсіз. Ұйымға Орта Азия елдері мүше. Оңтүстік Азия елдері Ираннан Индияға дейін бақылаушы. ШЫҰ жер қойнауы байлыққа толы әлемнің маңызды аймағын қамтиды. Қауіпсіздік пен, мәдениет, энергетикалық саясатта Түркияның олжасы көп болары сөзсіз. Бірақ ШЫҰ мүше елдер Еуропалық одаққа қарағанда демократия өлшемдері, адам құқықтары, кәсіподақ құқықтары, аз топтардың мүддесі, әйел мен еркек теңдігі, табысты бөлісудегі әділдік, пікір алуандығы, ашықтық мәселесенде көп ақсап жатыр. Түрік премьері Режеп Тайып Ердоған айтпақшы, «бұл екі ұйым бір-біріне балама емес. Біріне мүше болу екіншісіне кедергі келтірмейді». Жуық арада ресми Анкара Еуропалық Одаққа мүшілігі шешілмесе де, ШЫҰ-на мүшелікке өтіп қалуы мүмкін.
Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ
Ыстамбұл

Жебе

Рубрика: