Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Жаһандану дәуірінде қазақ халқын үлкен сын күтіп тұр. Ол – халқымызды ұлт ретінде сақтап қалу және Қазақстанды әлемдегі отыз озық мемлекеттің қатарына қосу. 

Ұлттық рухсыз ұлтты сақтап қалу мүмкін емес. Ал ұлтымызды сақтағымыз келсе, ұлттық патриотизмді мықтап дамытуымыз қажет. Ұлттық патриотизм арғы тамыры терең тарихтан, бай мәдениеттен мейлінше нәр алғанда ғана қуатты түрде дамиды.

 

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдар­ламасы қолға алынып, іске асырыла бас­тағалы биыл тура он жыл. Елбасының тікелей қолдауымен дүниеге келген мұн­дай жоба дүниежүзінің басқа елдерінде бұрын-соңды қолға  алынбаған екен. Та­­лай нәрсе түгелденді, ауыз толтырып айтар іргелі істер істелді, іргеміз бүтінделді. Бі­рақ бұған тоқмейілсуге әсте болмайды. «Мәдени мұра» бағдарламасы мейлінше жалғаса беруі тиіс! Өз қазағымызды, өз ата-бабаларымызды зерттеумен шектел­мей, тағдыр-тамырымыз бір болған түркі халықтарын да қоса зерттеуіміз керек. Сонда ғана көшпенділер өркениетіндегі өз орнымызды нықтай аламыз. Қазақ­тың көшпенділер өркениетінің бірден-бір мұрагері, қара шаңырағы екенін дәлел­дей аламыз. Көшпенділер өркениетінің тарихында қазақ халқының мәдени, тари­хи, фольклорлық, этнографиялық үлесі­нің қаншалықты маңызды рөл атқарға­нын жарқыратып көрсете аламыз. Қытай­дың бес мың жылдық жазба тарихы болса, біздің жазбаша болмаса да соның жар­тысындай тарихымыз түптеліп-түгелде­нуі тиіс. Біз соған ұмтылуға тиіспіз.

 

Көшпенділер қандай ел болған? Олар қандай мемлекет құра білді? Нені білді, нені меңгерді? Қысқасы, жер көлемі жө­нінен әлемде тоғызыншы орында тұрған қазақ елінің түп негізі болып табылатын көшпенділер әлемі адамзат баласы ақыл-ойының дамуына не қосқанын төрт­күл әлем білуі тиіс. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының көшпенділердің әлемдік тарих­тағы рөліне тоқтап, қазақ жерінің Еуразия кеңістігінің мәдени мәйегі, ру­ха­ни түп қазығы болып келгенін талай алқа­лы жиында таратып айтып жүргені белгілі. – Қазақстанды ұлы дала өркениетінің қара шаңырағы ретінде халықаралық деңгейде танытып, қалыптастыруымыз қажет, – деген-ді Президент.

Сонымен, көшпенділер әлем өркение­тіне не қосты? Ғалымдардың айтуынша, өркениет үш түрлі фактордан тұрады: мемлекет, қала және жазу-сызу. Отырық­шы халықтарға тән осы үш нәрсені Батыс жұр­ты көшпенділерде болмағандай көреді. Бізде осы үшеуі де болды. Римді жаулаған ғұн патшасы Еділ (Атилла), Кирдің басын алған Томирис ханшайым, түркі дүниесінің төріндегі Бумын, Тоныкөк қағандар, Мы­сыр билеушісі Сұлтан Бейбарыс, Үнді жеріне иелік еткен Бабыр, Шыңғыс хан құрған мемлекеттерді атасақ та жетер. Отырар, Сығанақ, Сайрам, Сарайшық сынды қалаларымыздың қираған қабыр­ғасы әлі күнге сақталған. Египеттің пира­мидалары болмағанмен, соған бергісіз Қожа Ахмет Йассауи, Арыстан бап, Жошы хан мовзолейі бар. Қазақ тілінің түп атасы – түркілердің сына жазуы славян-кирилл жазуынан 15 ғасыр, грузин және армян жазуынан 10 ғасыр бұрын пайда болған. Алғашқы транспорт – атқа мінуді, жарғақ шалбар киюді, темір игеруді, қару-жарақ түрлерін жасауды Еуропа бізден үйренді.

Бұл айтылғанның бәрі жалпы түркіге ортақ өшкен, өлген, жоғалған тарих, оны енді келіп жалаулатып қайтеміз, одан да бәрін «қазақ» деген атауға ие болған, қа­зақ мемлекетінің құрылған кезінен бастап түгендесек те жетер дейтіндер де табы­лар. Жоқ!  Біз Қазақстан – ұлы дала  өркение­ті­­нің қара шаңырағы екенін әлемге мойын­датуымыз керек. Мұндай идеология Қазақстанның болашағы үшін, қазақ ұлтының келешегі, ертеңгі ұрпақтың ба­баларының мемлекеттігі мен жерінің тұтастығын сақтап қалған қайсар да жауынгер, кемел де кемеңгер халық бол­ғанына  мақтана  білуі үшін,  жаһанда­ну­дың тозаңына жұтылмай, бәсекеге қабі­лет­ті ел болуы үшін керек.

Енді не істемек лазым? Көне түркі ес­керткіштерінің көшірмесін Астана тө­рі­не қондырдық. Ол үшін рақмет! Кезінде бабаларымыздың тасқа таңбалаған осы мұраларын бізге Батыс ғалымдары оқып берді. Енді оны өзіміз оқуымыз керек. Біз өз мұрамызға өзгелердің көзімен қарап үйренгенбіз. Сол әдеттен арылып, бұл мәселеге өзіміз шындап кірісетін уақыт жетті. Өз ұлттық құндылықтарымыз­ды адамзаттық мұраға айналдыруға өзіміз күш салуымыз қажет.

Қазақша ет асуды қырғыздар, қымыз­ды немістер патенттеп алыпты десіп жүр. Ал біз айтысымызды, киіз үй жабдығымызды ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізуге енді ғана талапта­нып жатырмыз. Біз осылай маң-маң басып жүргенде, Қытай қазақтары ұзындығы 213 метр, салмағы 1 тонна 256 келі болатын алып қазы мен он мың адам бір мезетте орындаған «Сарыарқа» күйін Гиннестің рекордтар кітабына енгізіп жіберді. Бұған бір мезетте 13 мың адам қатысқан «Қа­ражорға» биін қосыңыз. Атап айтар жай, мұның бәрі Гиннеске қазақтың аты­нан емес, Қытайдағы аз ұлттардың атынан еніп отыр, яғни бұл Қытайдың атынан деген сөз. Осы Қытайда айтыспен қоса қазақтың 32 мәдени мұрасы республика­лық деңгейде қорғалады екен. Айтысты қорғау мен насихаттауға жыл сайын миллиардтаған юань бөліп отыратын көрінеді. Ертең қысық көз көршінің атынан айтысымыз әлемдік мұра тізіміне енгізіліп жатса, таңғалуға болмайды.

Қымызға иелік етіп жүрген немістерге қазақта бес биенің терісінен жасалатын сабаның болғанын дәлелдеу керек. Баяғыда байлардың сабасына 35-40 шелек қымыз сыйған екен. Арқада шұбыртпалы Ағыбай батырдың бес биенің терісінен жасал­ған сабасын екі түйе көтеріп жүрген дейді. Мұндай сабаны киіз үй жабығынан атқа мініп тұрып піскен екен. Сабаның одан үлкен «Тайжүзген» деген түрін 10 жылқы терісінен істепті. Мұндай сабаларды арнаулы қос доңғалақты арбаға салып, бірнеше атпен тартқан. Сыйымдылығы 100 шелек. Сарыарқада қымызды әбден тұз сіңіп сүрленген жылқының жаясы­мен ашытқан, қымыздың түсі сары болсын деп жылқының тобығын, Шығыс Қа­зақстанда айрықша дәмді болсын деп бай­лар құйма күміс – тайтұяқ салған. Қымыз­ды күміс ыдысқа құйса, дәмі бал татиды де­ген сөз бар халықта.

Қысқасы, қымызды шындап қолға алатын кез жетті. Кеше ғана қазақ сту­денттерінің әлемде тұңғыш рет қымыз­дан сабын жасағаны туралы айтылып жа­тыр. Мұндай жобалар мен бағдарламалар­ды қолға алсақ, қымыздың пайдасы ұшан-теңіз, айтып тауыса алмайсыз!

Қазақтың жылқы тарихы, жылқы мә­дениеті ғасырлардың терең қойнауына кетеді. Ағылшындар жылқыны бұдан бес мың жыл бұрын алғаш рет  қазақтың ар­­ғы бабалары қолға үйреткенін дәлелдеп шықты. Оған дәлел – әлемге әйгілі Бо­­тай мәдениеті. Бұл ғажайып қоныс Солтүс­тік Қазақстан  облысының  Айыртау  ауда­нында орналасқан. Біздің ғасырымыз­ға дейін­гі V-IV ғасырларда бұл жерде жыл­қы өсірушілердің ғажайып қонысы болғаны анықталды. Осы 15 гектар алаңды алып жатқан жерден жүз мыңдаған жылқы­лардың сүйектері мен қымыз қалдықтары табылды. 133 мыңға жуық жылқы сүйегін зерттей келе, ғалымдар бұлардың жа­байы жануарлар емес, қолға үйретілгенін дә­лелдеп шықты. Осылайша, қымызды ал­ғаш шығарған да, жылқыны бірінші болып қолға үйретіп, мініске, күш-көлікке пай­даланған да – өзіміздің ата-бабаларымыз екен. Әлем ғалымдары осылай деп отыр. Қымыздың шығу уақытын бұрын Ге­родоттан бастап келсек, Ботай мәдениеті арқылы оның шығу уақыты 3,5 жылға кеңейді. Ботайлықтардың киіз үй пішіндес дөңгелек келген, ағаштан, тастан жасал­ған баспаналарының еденінде жан-жағы  тас­­пен шегенделген қамбалардың болуы да қы­зық. Тереңдігі жарты метрден асатын бұл қамбаларда жылқы еті сақталыныпты. Ең қызығы, кешегі ХХ ғасырдың басына дейін Арқа қазақтарында дәл осылайша жасалған жылқы етін сақтайтын қамбалар болып келіпті.

Ер түріктің қара шаңырағы өзбекте де, түрікте де емес, қазақта! Құдайға шүкір, ұлан-ғайыр даланы ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен сақтап қалдық. Ары қарай сақтай аламыз ба?! Ол өзімізге байланысты. Ол үшін экономикаға ба­сымдық бере отырып, мәдениет саласын қар­жыландыруды да жетілдіруге тиіспіз. Бай тарихы мен бай мәдениеті бар халық­ты жалмауыз болса да жаһандану жұта алмайды. «Мәдени мұраның» көздеген асуына жетсек, Еуразия кеңістігіндегі түркітекті халықтар түбі қазақтың маңына топтасатын болады.

 

 

Төреғали ӘЛІПҰЛЫ

 

http://www.aikyn.kz

Рубрика: