Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

434_32cad83a7310c9bd69a777dcd8e1e9ccАстана. 4 шілде. Baq.kz – Білім саласына қатысты мына бір статистикаға үңілейік. Қазіргі таңда еліміздің білім беру мекемелерінде еңбек ететін қызметкерлердің, нақтырақ айтсақ, ұстаздардың 80-85 пайызы – әйелдер. Орта есеппен алғанда әр мектепте үш-төрт ер мұғалім ғана жұмыс істейді деуге болады. Сондай-ақ оқу-тәрбие мекемелері мен білім беру басқармалары басшыларының арасында да ер-азаматтар сирек кездеседі. Әсіресе, мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары қызметінде де әйел мұғалімдердің қарасы қалың. Тіпті денешынықтыру, әскери тәрбие пәндерінен де қыз-келіншектер сабақ беретініне етіміз үйреніп қалды.

Нәзікжанды азаматшалар да саналы тәрбие, сапалы білім бере алатынын жоққа шығармаймыз. Алайда балалар мен жастар тәрбиесі тұрғысынан қарастырсақ, мұның өзі айтарлықтай олқылық екенін аңғаруға болады. Әсіресе балалар үшін әке қандай қажет болса, ер мұғалімдердің де сондай маңызы бар. Бұл құр дал­баса айғай болып естілу­де. Шынтуайтында, жас ұрпақтың бойына жақсы қасиеттерді сіңіру, Отанға деген сүйіс­пеншілікті дарыту, өмірдің қыр-сырын таныту – ұстаздар қауымының ерен еңбегінің жемісі. Ұстаз еңбегін ерекше бағалап, «ұстазсыз шәкірттің тұл екенін» мем­лекеттік деңгейде жоғары көтеру кезек күттірмес мәселе болып тұр. Дегенмен «әйел бейнелі» салада ер мұғалімдердің жетіспеуін мектеп дөңгелек үстел дең­гейінде ғана талқылауымыз қалай? Міне, осыны аңғарған педагогтер мен сергек ойлы азаматтар мектептерде ер мұғалімдердің санын көбейту жөнінде дабыл қағып, мәселе қозғап келеді. Дегенмен одан еш нәтиже шықпайтын сыңайлы.

Еркектің «Тәйт!» дегені жетіспей тұр

Нұркамал МҰХТАРХАН, ата-ана әрі ауыл мұғалімі:

– Ауыл мектебінде ұстаздық еткеніме он жылдың шамасы болды. Білім беру ордамызда ер мұғалім­дердің саны өте аз. Олар денешынықтыру, алғашқы әскери дайындық, сызу сынды сабақ­тарды береді. Жолдасым­мен қызметтеспін. Ол – аталмыш мектепте дене­шынық­тыру саба­ғының мұғалімі. Тәжірибем көр­сеткендей, ба­лаларға білім һәм тәрбие беру үрдісіне ер адамдар ауадай қажет. Оқушыларға ілім-білім үйретуде нәзік жандылардың сөзі «өт­пейді». Еркек кін­діктінің «Тәйт!» деген сөзі жетіспейді. Мектептерде бо­саңсып кеткен бала тәрбиесі ол­қылықтарын тол­тыруға да олардың тигізер септігі ұшан-теңіз. Еліміздің болашағын ойласақ, мек­теп­тердегі ер ұстаздардың санын көбейту керек. Оған отағасы үшін жанұясын асырауға жалақының аздығы, басқа да әлеуметтік мәселелердің айтар­лықтай әсер еткені даусыз. Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде шешілсе дейсің. Ұстазға құрмет – ұлтқа құрмет екенін естен шығармасақ, бұл да бірте-бірте түзелері анық.

Бұдан шығатын қорытынды, бала тәрбиесіне ер-азаматтардың араласпауы дұрыс емес. Этно­тәр­бие­мізге көз жүгірт­сек, әйелдер ошақ басында болса, күйеу­лері сыртқы жұмыстарды істеп пайда тауып, отбасын асырайды. Сондықтан әйелдер, негізінен, үйде бала тәрбиесімен шұғылданады. Бірақ бұл ер-азаматтар балаларын тәрбиелеуден тыс қалады деген сөз емес. Отбасында «күйеуі – бас, әйелі – мойын» деген қанатты сөзді қаперге алсақ, мұның өзі бүкіл отбасы мүшелері әкесінің қабағына қарайды, әкесі айтқанын мүлтіксіз орындайтынын білдіреді. Сөйтіп, балалары әкесінің дегенін орындап, сөзіне құлақ асады. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пі­шер» деп халқымыз бекер айтпаған. Психологтердің айтуынша, бала әкесін, атасын мақтан тұтуға бейім болады.

Жүніс ҚАЖЫКІТОВ, балалар психологі:

– «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қа­рап қыз өсер» дейді қазақ. Қыз бала үшін де әке өнегесі, әке ақылы қажет. Қыз бала шешесімен сыр­лас. Солай болса да, әкесінің пікіріне имен­гіш, әке айтқанын мүлтіксіз орын­дауға бейім тұрады. Әке де қызын ерке­летіп, мәпелеп өсіруге бейім болса да, қыздар әкенің айтқанын сөзсіз орындау­ды парыз деп сезінеді. Қазіргі заманда жағ­дай мүлде басқа. Шаңырағы шай­қалған отбасы­лар­да тәрбиеленген ба­ла­лардың толық отбасыларда тәрбие­лен­гендердің пси­хо­логиялық жағдайын салыстыруға кел­мес. Сондықтан әкесіз өскен бала тәр­бие­сін «түзетуде» ер мұ­ғалімдердің орны бөлек. Енді мына жайт­қа назар аударайық. Балалар екі-үш жасқа тол­мас­тан балабақшаға бара­ды. Тәрбие­шілер – қыз-келіншектер. Жеті жасқа тол­ған соң мектеп табалды­ры­ғын аттай­ды. Пән ұстаздарынан бас­тап, мектеп директорына дейін – қыз-келіншектер. Тіпті сынып старосталары да – қыз оқу­шылар. Білім беру сапасы қаншалықты жақсы болғанмен, тәрбие жағы жұтаң бо­лып қалатыны жасырын емес. Әсі­ресе ұл балалар әйел мұғалім­дерден қай­мықпайды. Бұл жайт «қыз мінезді» ұрпақ тәрбиелеп жатқанымыз­дың айға­ғы болса керек. Сондықтан бо­лар, ұлда­рымызды қыздардан айыра ал­майтын халге жеттік. Балалар арасын­да корей фильмдеріндегідей шаш қоя беріп, қыздар сияқты киіну белең алуда. Бір сөзбен айтқанда, ер-азаматтарымыз мүмкін сырттай қарағанда мінез-құлқы әйелдерге ұқсап бара жатқандай. Тіпті ер-азаматтардың мінез-құлқы, жүріс-тұ­ры­сы, сөз саптаулары, ой өрістері де әйелдерге ұқсайтын болды. Жастары­мыз­дың бойында еркекке тән өжеттік, мәрттік, батылдық, кеңпейілділік, ба­тыр­лық рухы әлсіреп бара жатқаны ту­ра­лы пікірлер жиі айтылады. Ең сора­қысы сол, бұрын құлақ естіп, көз көрме­ген «көгілдірлер» де шыға бастады.

Мектептерде ер мұғалімдердің аздығы қыз бала тәрбиесіне де теріс әсер етеді. Қыз бала да кәмелетке толғанша тек әй­елдерден ғана білім, тәрбие алса, тек әйел затын ғана құрметтеуге бейімделіп, ұл ба­лаларды ғана емес, ер-азаматтарды өзі­нен, әйелдерден төмен санайтын бола­ды. Үйде әкесінің ақылын тыңдамай, ана­сы­ның ғана айтқанын орындауға дағды­ланады. Сөйтіп, қыз бойжетіп, тұрмыс құр­ғанда, жолдасына үстемдік етуге тырыса­ды. Қазір қыз-келіншектердің ер-азамат­тар­ды өзінен төмен санап, менсінбей, ол­ар­ға ұрсып-зекіп немесе сынап-мінеп тұр­ғаны үйреншікті іске айналды. Осындай біржақты тәрбиенің зардабы аса күшті бо­латынын аңғарған педагогтер оқу-тәрбие орындарында ер-азаматтар мен әйелдер­дің үлес саны бірдей болуы тиіс деген мә­селені қозғауы жайдан-жай емес.

Осындай пайымдаудан кейін, «Мек­теп­терде ер мұғалімдер санын қалай кө­бей­теміз?» деген заңды сауал туындайды.

Нұрболат ТЕМІРОВ, Павлодар облыстық дарынды балаларға арналған көпсалалы лицей-мектебінің тарих пәнінің мұғалімі:

– Еңбек өтіліме – екі жыл. Ұжымым­да 20-дан астам ұстаз бар. Олардың төртеуі ғана – ер. Олар – математика, ағылшын тілі, Қазақстан тарихы және ал­ғашқы әскери дайындық пәндерінің мұғалімдері. Негізі, еркек ұстаздар көп болса деген тілек бар. Жуырда Кере­ку­дегі Назарбаев зияткерлік мектебіне ір­іктеуден өтіп, жуырда бұл білім орда­сында еңбек жолымды жалғастырмақ­пын. Алдын ала берілген мәліметтерге сүйенсек, бүгіннің өзінде аталмыш зият­керлік мектепке 20-дан астам ер мұғалім қабылданыпты. Ер мұғалім­дер­дің санын көбейтудің кілті ынта­лан­дыру деп білемін. Үгіт-насихат та ар­тық етпес. Олардың мектепке кел­ген­нен «мансап баспалдағы» арқылы жоғары жетістіктерге жететініне көз­де­рі жетсе, мәселе шешіледі деп ойлай­мын. Оған дәлел – жоғарыдағы мысал.

Бұл мәселе тек біздің елімізде ғана емес, Ресейде, Батыс Еуропа елдерінде ше­шімі қиын болып келеді. Ресейде мек­тептерде ер мұғалімдердің азаюының зар­дабы жөнінде 1960-1970 жылдардан бе­рі педагогтер дабыл қағумен әлек. Пси­холог­тердің пікіріне сүйенсек, әйелдер бір сәттік, науқандық істерде қағылез болса, ер­кектер әр істің соңын, нәтижесін ойлауға бейім. Сондықтан еркектер әйелдерге қа­ра­ғанда байсалды, баланың болашағына баса мән береді. Қазақстан мектептерінде ер мұғалімдердің барған сайын сиреп бара жатқанына алаңдап, ер мұғалімдерді дайындайтын арнайы педагогикалық жо­ға­ры оқу орны болуы жөнінде де ұсы­ныс­тар айтылып жүр арамызда. 1950 жыл­дары Қазақстанда әйел мұғалімдер мүлде жетіспегені алдыңғы толқын аға­лар­ға жақ­сы таныс. Осыған байланысты Ал­ма­тыда қазақ қыз-келіншектеріне ар­нал­ған педагогикалық институт – Қазақ қыз­дар педагогикалық инс­титуты ашыл­ғаны белгілі. Мұның нәтижесі – көз алды­мызда.

Қазақ-түрік лицейлерінен үлгі алсақ…

Тағы бір ескеретін һәм қаперге алатын жайт бар. Жуырда ғана елімізде ашылға­ны­на 20 жыл толған KATEV Халықаралық қоғамдық қорына қарасты қазақ-түрік ли­цейлерінің педагогикадағы озық тәжіри­бе­сін алайықшы. Қазіргі таңда Қазақстанда 28 қазақ-түрік лицейі бар. Осындай оқу ор­далары оқушыларының соңғы бес жыл­дың белесінде халықаралық зияткерлік додалар мен ғылыми сайыстарда 220 ал­тын, 304 күміс, 421 медаль жеңіп алғаны әрбірімізді марқайтпайды емес пе?

Бақыт КӨБЕШОВА, Павлодар облысы, ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейі оқу ісінің меңгерушісі:

– Павлодардағы ер балаларға ар­нал­ған қазақ-түрік лицейінде еңбек ете­тін ұстаздар арасындағы ер мұғалімдер­дің үлес салмағы басым. Шамамен 70-75 пайызды құрайды. Қыздарға арнал­ған оқу орындарында да ер ұстаздар әл­де­қайда көп. Жалпы, ер мұғалімдердің білім мен тәрбие беруде маңызы зор. Се­бе­бі әйел мұғалім бірінші кезекте ана ғой. Табиғатынан жұмсақ келетіндіктен, ер адамдардың білім беру саласына кө­бі­рек араласқаны орынды. Қазіргі таң­да KATEV Халықаралық қоғамдық қорында ер мұғалімдердің аздығы мәселесін ше­шу бойынша белгілі қадамдар жасалуда. Жұмысқа қабылдарда мұғалімдердің ара­сынан ерлерді қабылдауға мүмкіндік береміз. Мәселен, біз жоғары жетістік­терге ие болған ұл оқушыларды мұғалім болуға баулимыз. Сонымен қатар, мұға­лім мамандығын игерген жас мамандар­ды Түркияға оқу курстарына жіберіп, мә­селені шама-шарқынша шешудеміз.

 

Автор: Ақмарал ЕСІМХАН, Кереку 

Алаш айнасы

Рубрика: