Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

6ddb693df8a296a9b2d9ca1ae17e3ed4 (1)Тәуелсіз дамудың бас­тап­қы ке­зінде-ақ кеденде қытайдың ала сөмкесіне толтырып, тең-тең жүк арқалаған адамдар қалыпты көрініске айналғаны мәлім. Енді Қазақстан жер-жаһанға өзін «қалыптасқан мемлекет» ретінде танытуда.

Сондықтан ескі көріністер өзгеретін болады. Кеше «Үкімет сағаты» аясында Парламент алдында есеп беруге келген Қаржы министрі Болат Жәмішев бұдан былай «үлкен буыншақ-түйіншектер» көтерген жеке азаматтардың қатарын сиретуді қолға алатындарын мәлім етті.

Базардағы, тіпті үлкен сауда үйлеріндегі коммерсант азаматтар өз тауарларын өздері тасиды. Дамыған елдерде мұндай жоқ көрінеді. Қазақстанның Қаржы министрі оларға сол тауарларын орталықтандырылған түрде жеткізіп беретін алып құрылымдардың құрылуына ықпал еткенді жөн санайды. Оның мәліметінше, қазіргі уақытта министрлік «тура кедендік және салықтық әкімшілендіру» жүйесін әзірлеуде.
– Бұл үшін уәкілеттік берілген «экономикалық операторлар» жүйесін дамыту керек, сонда ұсақ бизнес үшін тауарлар әкелуді және солардың экспортын, жақсы бақыланатын және өздерінің барлық міндеттемелерін кепілді түрде орындайтын ұйымдар жүзеге асырады, – деді Б.Жәмішев. Ол осындай ұйымдардың қызметін реттеу үшін жаңа заң жоба­ларының жазылатындығын білдірді. Осы шаралардың барлығы, оның байламынша, жеке тұлғалардың сыртқы экономикалық қызметке қатысуға деген ынтасын жоюды және ел заңнамасының өзгеруін қарас­тырады.
Қаржы министрі бұл ретте Қазақстанда «тауарлардың коммерциялық партиясы» деген ұғымын ендіру керек деп табандауда. Қазіргі кезде әбден ысылған, әккі сау­дагерлер Қытайдан, Қырғызстаннан және басқа жерлерден тауарларды жеке пай­далану үшін деп, рұқсат етілген салмақтарға бөліп, тасиды. Қаржы министрі бұл қулықтың «құйрығын бір тұтам» етпекші: «Егер базбіреулер «жеке пайдалану үшін» деп мың тәпішке тасыса және оларды күн сайын қап-қабымен әкелсе, әрине, мұның әлгілердің тәпішкені мыңдап киетіндігін білдірмейтіні түсінікті, – деді Болат Бидахметұлы. – Ендеше мұндай жағдайда әлгі жеке тұлға 50 келі ме, әлде, одан жеңіл ме, соған қарамастан, бұл жүгін толық ауқымда декларациялауға тиісті!»
Бұл заң Парламенттен өте ала ма, әлде жоқ па, әзірге беймәлім. Бұл мәселенің басқа жағы да бар: біріншіден, қарапайым бұқара үшін қолжетімді болуын қойып бара жатқан базарлар мен сауда орындарындағы тауарлар құны тіптен қымбаттауы ғажап емес, бұл инфляцияның өсіп, қымбат­шылықтың күш алуына ықпал етпек. Екіншіден, саудадан нәпақа тауып отырған жүздеген мың «өзін-өзі жұмыспен қамтушылар» зардап шегуі ықтимал. Сонша халықтың наразылығы кімге қажет?!.
– Біз тыйым салу туралы айтып отырған жоқпыз! – деп қазірден бастамасын қорғауға көшті министр. – Біз эконо­микалық іс-қимылдар арқылы жеке тұлғалардың бұл тұрғыдағы қызметін ынталандырмау туралы айтып отырмыз. Олар кеденде жай адам емес, кәсіпкер ретінде тіркеліп, шекарадан тауар өткізуге тиісті. Біз уәкілетті экономикалық опе­раторлар қызметін жетілдіру керектігі туралы мәселе қойып отырмыз.
Қаржы министрі тағы бір дәлелді алдан тартты: «Тек осы жағдайда, үлкен-үлкен буыншақ-түйіншектер көтерген мыңдаған азаматтардың шекара арқылы әрлі-берлі ағынын ынталандырмай, бұл іске маман­дандырылған ұйымдардың шектеулі санының қатысуын ынталандырғанда ғана шекарадағы тәртіпке қол жеткізуге болады!»
Кеден арқылы жыл сайын өтетін тауарлар мен құнды заттар ауқымы  –  алапат. Оны толық бақылауда ұстау  –  осы министрлікке қарасты құрылымның арманы. Министр Б.Жәмішев кеден органдарының тек былтыр ғана 6,2 миллиард теңгеге пара-пар көлемде контрабандалық валюта мен тауар тәркілегендерін мәлім етті. Тағы қан­шасының кеденшілердің қалтасында «тұнып» қалғандығы айтылмады. 2012 жылы кеденде 537 қылмыстық және 12 мың 612 әкімшілік істер қозғалыпты. Кеден органдарының лауазымды тұлғаларына қатысты 87 қылмыстық іс қозғалған, 34 коррупциялық құқық бұзушылық әшкереленген көрінеді.
«Заңсыз айналымнан» 422 келі әртүрлі есірткі түрлері, соның ішінде ең ауыры  –  47 келі героин алыныпты.  Болат Жәмішев 2013 жылдың аяғына дейін Қазақстанда «экспортты электронды декларациялау» ендірілетіндігін хабарлады. Ал екі жылдан соң барлық кедендік процедуралар қағазсыз, электронды күйге көшірілуі мүмкін.
– Біз сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларынан қаптаған рұқсаттар мен құжаттар сұрату қажеттігі мәселесін шешу үшін электронды рұқсат беру және электронды лицензиялау жүйесіне ендігі қосылдық. Енді оларға ешқандай құжат ұсыну қажет болмайды, өйткені бұл құжаттардың барлығы деректер базасында болады, – деді қаржы министрі. Оның айтуынша, «е-лицензия беру» базасында қазір бар құжаттарды кеден «онлайн-режимде» алуда екен. «Бұл жерде енді осындай құжаттар беретін барлық мемлекеттік органдардың электронды рұқсат беру жүйесіне толық ауқымда көшуі маңызды» деді Б.Жәмішев.

 

Айхан ШӘРІП

 

Айкын

Рубрика: