Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Гүлнұр ӨМІРБАЕВА,  педагогика ғылымдарының кандидаты, Мәдениет қайраткері


– Гүлеке, қазақ қауымына сізді таныстырудың өзі артық болар еді. Сіз атақ іздеп жүрген жоқсыз, атақ сізді іздеп жүр. Әуезді де әдемі, назды да жағым­ды, жұрт­тың жүрегінен орын ала­тын көркем әндеріңізбен, келісті дауысыңызбен жұрттың жүрегін жаулап алдыңыз. Сіз­дер­ге еліктеген қаншама ұрпақ өсіп келеді. Осы орайда мазалайтын бір мәселе – бо­лашақ ұрпақтың қазақ мә­де­ниетін қаншалықты дамы­та­тындығы.Қазір бесіктен белі шықпай жатып әнші болғысы келетіндер көбейді. Тез танылып, елді аузы­на қаратуға тырысады. Бұл да бір сиқыр. Ал кейбір ата-ана бала­ларына шын талант ретінде танылуды емес, ақша табудың жолын үйрететін секілді…
– Рас, барлық мәселе отба­сы­нан басталады. Нарық жұрт­ты имандылық иірімдерін қалып­тастырудан бұрын қалай бол­ғанда да тез баюға ынтық­тырып жіберді. Сахнаға шығу – отбасылық жағдайды оңал-тудың оңай әрі жедел жолына айналды. Жұлдыздар санатын-дағы әншілердің той-томалаққа барып, қыруар қаражат тауып жүргенін екінің бірі жақсы біледі. Отбасындағы әңгіме баланы да осындай ұшқыр ойға жетелейді. Елдің ықыласы өнер­ге ерекше ауа бастады.Қабырғасы қатып, буыны бекімеген балаларын ән айтуға баулиды, үлкен сахнаға шығар-ғысы келеді. Олар өнерден өз жолын тауып кетсе, тұр-мыс­та­рын түзеуден әр отбасы үмітті.
Ата-ананы айтпағанның өзінде балалардың психоло­гиясы өзгерді, қалайда ақша табуға тырысады. Олардың бай­қауларға қатысуы бары­сында ән таң­дауының өзі есею­ге асық­қандарын байқатады. Ұл-қыз­дар өз жастарына қара­мастан махаб­бат, күйдім-сүйдім деген секіл­ді әндерді шыр­қағанда алғашында ұялушы едік, қазір етіміз үйреніп қалған секілді. Негізі әр бала кішкене кезінен патриоттық ән айтар бол­са, ол өнерге деген көзқарас қалыптастырып қана қоймай, отаншылдық сезімді де оятады. Бұрын солай болды ғой.Білім ор­да­­сында тек өз жасымызға ла­йық­ты әндерді айтқызды. Өз басым Көкдөнен ауылындағы мектепте білім алғанда (Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы) балалар композиторлары Иб­рагим Нүсіпбаев, Өмірбек Бай-ділдаевтың әндерімен бойжеттік қой. Әкем – Шәкен мен анам Келісгүл де балалар әндерін айту-ды қатаң қадағалайтын. Мұғалім­дер қоятын талап та күшті еді. Ба­уыр­ларым музыка мектебіне барып жүргенде соларға еліктеп, домбыра ойнауды үйрендім. 4 сыныпта оқып жүрген кезде Мәдениет үйінің сахнасында Мақпал Жүнісоваға еліктеп, «Дариға, домбырамды берші маған» әнін орындадым. Ешкім үйретпесе де домбыраны тың­қыл­­датып композитор Кеңес Дүй­се­кеевтің «Жау, жау, жаңбыр» деген әнін де үйреніп алғанымды ұмыт­қан жоқпын. Мұның сөзі де жеңіл әрі мазмұны жағынан да ерекше еді. Балаларға ең алдымен осын­дай әдемі әндерді үйрету қажет деп ойлаймын. Бала – ба­ла­ша ер жетуі тиіс. Осы жаста бе­рілген білім де, тәрбиеде оның бола­ша­ғына үлкен жол ашады. Өкінішке қарай, соңғы кездері мағынасыз өлеңдерге жазылған ән көбейді. Сазгер мен ақынның арасында байланыс үзіліп қалған секілді. Өзі сазгер, өзі әншілер де баршылық. Жеңіл ырғаққа құрыл­ған әндерді орын­дау оңай болған­дықтан балалар да соларды айтуға құштар. Десек те, сол балалардың бойында та­лант тулап жатыр ма, әлде санасы уланып жатыр ма? Бұл ата-ана­лар­ды да, ұстаздарды да ойлан­дыруы керек.

– Кемшілікті мүмкін оқулық авторларынан іздегеніміз жөн бе екен?
– Оқулық авторларында кем­шілік бар деп айта алмаймын. Өйт­­кені әр сыныпқа арналған оқулық балалардың жасына ла­йық­ты жазылған. Мәселе оқыту­шыда болып тұр. Яғни балаларды ән өнеріне баулитын ұстаздар мен байқауларды ұйым­дасты­рушылар ұл-қыз­дарды қазіргі дең­гейге жет­­­кізді шамасы. Олқы­лықты оқу­лық­тан емес, оқы­ту­шы­лардан іздеген жөн. Әнші болу – екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Ән айту бірінші кезекте баланың пси­холо­гиясына жақсы әсер етеді, кемелдендіреді, тіпті ден­сау­лы­ғын жақсартуға дәнекер. Алайда олардың жасын ескермеу, ауыр әндер айтқызу – тыныс жолын зақым­дайды. Сол себепті, ән таңдау да – өнер. Осы орайда балалар әндері олардың жасына, ұғымына, ойлау деңгейіне лайық­талып жазылуы керек. Алғашқы кезекте ескерілетін мәселе осы.

– Осы балалар өнерін шоу-бизнеске айналдырып алған жоқпыз ба?
– Өзі де солай болды-ау дей­мін. Қазір ақшасы бар балалар елі­міз түгілі шетелдердегі байқау­ларға қатысып, бақ сынап жүр. Мұның бәрі ұл-қыздарды жақсы­лыққа тәрбиелеп, рухын оятып жатса қуануға болар. Керісінше болса ше? Мәселен, олардың түрлі байқауларда төмен балл алып, жылап тұрғанын көр­ген­де, жүрегің ауырады. Бала­лар­дың фонограммаға үйірсектігі де жанға батар жағдай. Әрбір бала жанды дауыспен ән айтқанда ғана нағыз дауысы қалыптасады. Сондықтан бала тәрбиелеуші әр маман болашақ әншінің тағды­рына жанашырлықпен қарағаны жөн. Менің айтарым, ән сабағында бағдарламада  ауытқымағанымыз дұрыс. Бала­лар байқауларында осыны ескер­сек, тәрбиелік жағы­нан да тәлімі мол болар еді. Көңіл­шектікпен болашақ ұрпақтың тағдырына балта шабуға бол­майды. Бала  жасын ескеру ар­қы­лы біз жас әншілердің өздеріне тән әндерін наси­хаттаумен қатар, олардың табиғатқа, жануарларға, адам­дарға деген сүйіспен­шілік­терін де оята аламыз.

– Гүлнұр Шәкенқызы, қазір жұрт «Сағындырған әндер-ай» атты ән кешін тамашалауға құш­тар. Бәлкім, ата-аналар бала ке­зінде айтқан әдемі әндерді іріктеп, «Тамсандырған әндер-ай» деген атпен концерт ұйым­дас­тыруға қа­лай қарайсыз? Мүм­кін бұл балалар әндерін жаңғыртуға да септігін тигізер…
– Болады, мұны продюссерлік орталықтар қолға алып жатса, оған тек қуану керек. Біз балалар әндеріне сүйіспеншілікті оятып қана қоймай, өмірін балалар әндерін дамытуға арнаған атақты сазгерлерімізді де еске алар едік. Айтпақшы, кезінде жұрт жүре­­гінен орын алған кейбір бала­­лар әндерінің сөзін қайта жазу керек шығар. Өйткені заман өзгерді, бірақ әлгі әндердің әдемілігі аға буынның санасында қа­лып қойды. Оны қазір де тың­дай бергің келеді. Айталық, маған «Батыр бала Болат­бек» әні қатты ұнай­ды. Оның кемшілігі – пио­нерлер әні болған­дығы. Осын­дай әуезді әндерге мәтінді қай­та жазу арқылы көне әндердің көсегесін көгертер едік. Қалай десек те, өнер жолын аттаған қазақ баласының қада­­мына тек сәттілік ті­лейік. Олар­дың арас­ынан мықтыларын уа­қыт­­тың өзі електен өткізеді. Тыңдаушылар іріктеген әнші­лер ғана бүгінгі танымал аға-апа­ла­рының қатарын толық­тыра­тыны даусыз.

– Қазір көгілдір экрандардағы концерттер мен бейнебаяндарды кө­ресіз бе? Қандай ой түйіп жүр­сіз?
– Жалпы, телеарналарды айт­­пағанның өзінде «Музон», «ХитТВ» арналары қазақша ән­дерді сирек болса да жарнама­ла­майды. Олардың қызметі ақы­лы. Тіпті қазір Алматыдағы сауда орын­дары мен дәмханаларға бас сұқсаңыз да үлкен экрандарда жарнамаланып жатқан дүние­лердің бәрін жақсы ән деп айта алмайсың. Арасында ыңғайсыз клиптер де көрсетіледі. Тиісті орындардың бейне­баяндарды көрсетуде, насихат­тауда өз талаптары бар шығар. Дегенмен Қазақстанда тұратын­дығын, қазақ өнерін насихаттау басты мақсат екендігін олар әр­дайым естен шығармауы тиіс. Әрі елімізге келген шетелдік қо­нақ­­­тардан да ұят болмау жағын ұдайы қарастырып отыруы тиіс. Бұл мәселе телеарнадан бастап, жарна­­маны жақсы көретін сауда, мәде­­ниет орталықтарын да ой­лан­­дырғаны жөн.

– Бүгінгі әндер көңіліңізден шыға ма? Қазақ болмысына ла­йық­­ты әндер бар ма?
– Бар, көңілді баурайтын әндер баршылық. Заттыбек Көп­босынов орындап жүрген Ержан Серікбаевтың «Әдемі» атты әні көпшіліктің көңілінен шығары даусыз. Бейнебаяны да жара­сымды. Мәдина Сәдуа­қасованың орындауындағы «Айтамын мен сырымды» атты ән де жақсы. Сазгер­дің өз қолтаңбасы бар. Тек осындай әндер көбейе берсе дейміз…
Қалай  десек те, Әсет Бей­сеуов, Шәмші Қалдыаяқов, Нұрғиса Тілен­диев секілді сазы бөлек саз­гер­­лерді шын мәнінде сағына­мыз.Сол кісілердің жолын қуа­тын жастардың көп­теп шық­­қа­нын қалаймын…

– Сіздің бойтұмарыңызға ай­нал­ған «Қыздар, қыздар…» әні қа­­­зір өнер әлемінде хитке айнал­ған. Өз қолтаңбаңызды жоғалтып ал­мау­ды ойлайсыз ба?
– Әрине, әр сазгердің бой­тұмарына айналған әні бар. Өзім қазақ қыздарының көңіл-күйін дөп басатын ән жазғаныма қуанамын. 2000 жылы ҚызПУ-дың өнер және педагогика факуль­тетін бітіріп, аспи­рантурада қа­лып, «Томирис» ансамблінде әнші болып жүрген едім. Ұстазым Гали­на Қара­молдаева бір күні «Қазақ қызы­ның болмысын ашатын ән жазсаң қайтеді?» деді. Ақын Сай­лау­бай Тойлыбаев қазақ қызының әдемілігін сипат­тайтын өлең жазып, 19 қаңтар күні осы ән дүниеге келді. Ән ұста­зымның көңілінен шықты. Халық ерекше қабылдады. Қазір 20 шақты әнім бар. «Қыздар, қыздар» деген эстра­далық жанрдағы және «Ән еркесі» атты фольклорлық әндер топтас­қан екі үнтаспам жарық көр­ді. Бұл жинақтардағы 14 ән­нің оншақтысының әні өзімдікі. Бола­шақ­та да ұл­тымыздың жанына жақын әндер дүниеге келеріне даусыз сенемін. Олар­дың барлы­ғынан қолтаң­бамды сезіне ала­сыз­дар.

– Патриоттық әндеріңіз бар ма?
– Бар. Домалақ анаға арнал­ған «Нұр дидарлы Нұрила», «Бекзат», «Батыр Бауыржан» әндері жұрт көңілінен шықты деп айта ала­мын. «Бекзат» әні үшін Елбасы даяр­лаған «Алтын домбыра» жүл­десін алсам, соңғы ән респу­бликалық байқауда бірінші орын алды. Оны халық артисі Роза Рымбаева орындап жүр. Астанаға арнап бір ән жазып едім, ол тартпамда әлі күнге жа­тыр. Негізі асықпайтын адаммын. Ән әбден піспейінше жұрт наза­рына ұсын­баймын. Шығармашылық кеш өткізуге де асықпаймын. Елмен сағын­дырып барып жүздескім келеді. Негізі патриоттық әндердің көп болғаны жақсы. Ол ұрпақты отан­шылдыққа тәрбиелейді. Тіпті осындай әндерді жеке кі­тап, дискі етіп шығарса да дұрыс болар еді. Мысалы, бізде туған жер, қалалар, ауылдар туралы жүрекке жылы ән көп. Соларды жинастырып, ән кеш­терін өткізіп жатсақ, жастар­дың бойында елге, жерге деген сүйіспеншілікті оятар едік.

– Сіз әнші, сазгерсіз әрі ұстаз­дық­пен де танылдыңыз. Өзіңіз бас­қаратын факультет музыка мамандарын қаншалықты дең­гейде даярлап жатыр?
– Өнер және мәдениет факу­ль­те­тінің күндізгі және сыртқы бөлімінде «Музыкалық білім», «Хореография», «Мәдени тынығу жұмысы», «Дәстүрлі музыка өнері», «Кәсіптік білім», «Бейне­леу өнері», «Кітапхана және биб­лио­­графия» мамандықтары бо­йын­­ша кәсіби мамандар да­­­­йын­­далады. Өнер саласындағы  ма­мандықтарға құжаттар 1-шіл­деге дейін қабылданады. 1-7-шілде аралығында шығар­ма­шылық емтихан жүргізіледі. Сіңлілерім осы жайды ескерсе.  2009 жылдан бері «Музыкалық білім» мамандығы бойынша магистрлер даярланады. Универ­ситетте «Ұлар» фолькл­о­р­лы-этно­графиялық, «Айгүл» вокал­ды-аспаптар және «Томи-рис» ән-би ансамбі, «Өнер жастан» опера студиясы, «Жан са­райы» театры өнерлі жастардың шығар­машылықпен айналысуына мүм­кін­дік жасап келеді. Осы орайда университет рек­торы Динара Жүсіпәліқызы Нөке­­­таева­ білім ордасының мәртебесін көтеріп, рухани құн­­­­ды­­лықтарымыздың қадірін арт­тыруға бар күш-жігерін жұмсап жатыр. Ауылдан келген талантты қыздар үшін берілетін ректордың арнайы гранты алдағы уақытта да жал­ғасады.Осының барлығы халық қазы­насын молайтып, ұлтымыз­дың ұлы дүниелерін ұрпақ сана­сына сіңіруге, олардың мәде­ниет­тің мәйегі тереңде жатқанын жүрек-пен сезінуіне ашылған даңғыл жол деуге бола­ды. Енді  деңгей мәселесіне кел­сек, білім бекітілген стандартқа сай беріледі. Ереже – ортақ. Дегенмен біздің университетте болашақ музыканттардың өзін-өзі таны­туына мүмкіндік мол. Бірнеше ансамбль бар. Концерт­терге жиі барамыз дегендей. Өз басым ғылыми жұмысымды «мектеп оқушыларының қазақ әндері арқылы сыныптан тыс жұмыс барысында патриоттық құнды­лықтарын қалыптастыру» деген тақы­рып­та қор­ғаған­дықтан, болашақ ұстаздарға осы мәселені тереңірек үйретуге күш саламын. Себебі ұстаз патриот болса, бала­лар да шетінен ұлтжанды болады.

– Сахнада сирек көрінетін ән­шісіз. Жаныңызға жақын, қайран қалдыратын не нәрсе?
– Уақыттың жылдамдығына қай­ран қаламын. Жыл өткен са­йын көрген, естіген, куә болған көп жағдай сағынышқа айналып барады. Осындайда сонау 1925 жылы  Парижде өткен бүкіл­әлемдік зергерлік өнер көрмесі аясын­дағы этнографиялық кон­цертте Әміре атамыз орындаған «Ағаш аяқ», «Қана­пия», «Жалғыз арша» секілді інжу-маржан әндердің сирек орындала бас­та­ғаны, жастардың эстраданы бі­рін­ші орынға қойып, жеңіл музы­каға әуестігі артқанына қина­ламын. Біржан, Ақан, Жарыл­ғап­берді, Мәди тәрізді халық ком­позиторларының әншілік дәс­түрі біртіндеп жойылып бара жат­қандай көрінеді. Олардың ізба­сарларын бүгінгі сахна 100 пайыз сүйіспеншілікпен қабыл­дамай­тын секілді. Бірде Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Қазақтың рухани төл өнері өзінің бүгінгі биігіне, қазіргі өре­сіне бір күн­де жете салған жоқ. Талай асу-қиялардан, талай бел-белестерден өтті. Бірнеше жүзде­ген жылдар бойы сан қилы тари­хи оқиғалар­дың сәулесін бойына сіңіріп, өткен күн, озған дәурен, қадым заманның куәсі болды. Осылайша қазіргі күні бүгінгі буын, яғни біз бен сіздің еншіміз­ге тиіп отыр. Сондықтан да, осынау бабалар ама­­натын наси­хат­тап, келер ұр­пақ­қа аман-есен жеткізуді басты мақсатымыз деп біле­мін» деген-ді. Осы сөз бәрі­мізге сабақ болса игі еді.

ХІХ ғасырда орыс ғалымы  А.Алек­торовтың: «Қазақ даласы маған ән салып тұрғандай кө­рінеді» деген сөзін Сұлтанмахмұт Торай-ғыров: «Халықтың әні кетсе, сәні де кетеді, әдебиеті жетім қалады» деген сөзімен толықтырғым келеді. Бұл әнге берілген аса жоғары баға. Жеке өзіме халық әндері жақын, мен сияқтылар көп те болар. Әйтсе де, олардың барлығы бірдей рухани құндылықтары­мыз­ды наси­хаттап жүр ме? Барлық мә­селе осында.  Әл-Фараби бабамыз «Музыка – уақыттың ырғағы» деген екен. Қазір музыка уақыт ырғағынан бұрын күшті идеологияға айнал­ды. Мұны жастарымыздың шетел­дік музыкаға тым әуестеніп ке­туінен байқаймыз. Бұдан са­наны сақтандыратын бір ғана нәрсе халық музыкасы, әндері, күйлері. Демек, балабақшадан мектепке дейінгі аралықта ұлт­тық құндылықтарды үйрету – басты міндетіміз болуы тиіс. Кезінде Мұстафа Кемал Ата­түрік мәдениет пен өнер туралы «Біздің бәріміз парламент депу­таты бола аламыз, министр бола аламыз, тіпті республика прези-денті бола аламыз, бірақ еш­қайсымыз өнер адамы бола ал­маймыз. Сондықтан да өнер ада­мы біздің емес, біз өнер адамының қолын сүйеміз» деген екен. Бұл сөз қазақ ұлтының да жанына жақын өсиет. Өскелең өнерге құрмет көрсете отырып, осы салады жүрген жандардың жас ұрпақ тәрбиесіне атүсті қарамауын тілеймін.

Сұхбаттасқан
Жолдасбек ДУАНАБАЙ

http://www.aikyn.kz

Рубрика: