Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

frezer-1Қазіргі жастардың көбі жоғары білімді дұрыс санайды. «Я сот, я адвокат, Болсам деген — бәрінде ой» деп Абай  айтпақшы, маман болғанда да, шетінен заңгер, экономист, прокурор болғысы келеді.  Сол себепті қазір заңгерлер мен экономистер жұмыс таба алмай жүрсе, керісінше, кәсіби жұмысшы тапшы.

Мамандардың бағалауынша, кәсіптік-техникалық білім берудегі кемшілік – экономика мен қоғамның заманауи және болашақтағы сұранысына жауап бере алмауында. Экс-депутат Владимир Нехорошевтің пікірінше, әңгімені кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін түбірімен өзгертуден бастау керек. Қазіргі жүйе өнеркәсіптің қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз ете алмайды. Біріншіден, бүгінде кәсіптік стандарттар жоқ. Демек, жаңа стандарт керектігі дау тудырмайды. Екіншіден, сапаның төмендігі. Ал сапаға заманауи жарақтандыру деңгейінің төмендігі әсер етеді. Экономиканың дамуы мен кәсіби жұмыс күші – маңызды әрі бір-бірімен өзара байланысты аспектілер. Ендеше, еліміздегі білім беру жүйесін осы ұстаным тұрғысынан қарастыру дұрыс.         

– Бізде әлеуметтік серіктестік қалыптаспаған. Оқу орындары есеп беру керек болғандықтан ғана өндірістік тәжірибе мен жұмыспен қамту мәселесімен айналысқан болады. Жұмыс берушілер де оны жақсы түсініп алған. Германияда, мәселен, жұмыс беруші-кәсіпорынның өндірістік тәжірибеден өту кепілдігі берілмей, жұмысшы мамандығын иелену мүмкін емес. Кадр даярлауға жұмыс берушінің қатысуы — әлемдік практика. Дамыған елдердің бәрінде кәсіпорынның табысынан міндетті шығыс бөлу арқылы жұмысшы даярлауды қаржыландыру тәжірибесі бар. Францияда – 3, Бельгияда одан аз, Венгрия – 1,5 пайыз, бірақ бәрі бөледі. Пайдаланбадың екен, бюджетке қайтарып алып, білім беру мұқтаждығына жұмсайды. Бізге керегі – IV-V разрядты маман. Заңнамалық тұрғыда кәсіпорындарда жұмысшылардың кәсіби біліктілігін көтеруге ықпал ететін оқу комбинаттарын құруды бекіткен жөн, — дейді Владимир Нехорошев.

Мәжіліс депутаты Айткүл Самақова кәсіптік білім беру жүйесіне өндіріс орындарының жәрдем көрсетуі жеткілікті емес деп санайды. Заңға сәйкес, бізде кәсіптік мектептердің материалдық-техникалық базасын қаржыландыру немесе басқа да мүліктік қайтарымсыз көмек көрсету кәсіпорынның тек таза пайдасы есебінен ғана жүзеге асады. Оның өзі бар болғаны 3 пайыз. АҚШ пен Германияда демеушілік мақсаттағы қаржы 8 пайыз және одан да жоғары.

– Менің ойымша, жұмысшы даярлау ісіне жеке бизнесті де тартуға болады. Мәселен, қызмет көрсету саласы, қонақ үй шаруашылығы, сауда, денсаулық сақтау саласына маман қажет. Сол себепті осы салалардың жұмысшы даярлауға қатысуын қолға алу керек. Жүйенің материалдық-техникалық базасын жетілдірудің бір жолы – жекелеген тауарлар мен қызмет түрлеріне, мәселен, оқу жиһазын жасау, арнайы жұмыс киімін тігу, жөндеу жұмыстарына тарту сияқтыларға мемлекеттік тапсырыс беру, — дейді Айткүл Самақова.

Оның пікірінше, техникалық және өндірістік оқыту шеберлерінің еңбегіне ақы төлеу мәселесін жеделдетіп қолға алған орынды. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында бірден бірнеше мамандық алып шығуға мүмкіндік жасаған абзал. Мысалы, Ұлыбританияда негізгі бағдарлама бойынша бірінші оқу жылы аяқталғанда үш бірдей кәсіпті иеленгендігі туралы диплом қоса беріледі.

Бүгінгі таңда елімізде 184 кәсіптік мектеп пен 610 колледж бар. Дегенмен, бір ғана мысал, қазаққа ұсақ-түйек көрінетін техника жөндеу шеберлері әлі де қат.

Қоғамдық пікірлерді анықтау мақсатымен жүргізілген әлеуметтік зерттеулер, аймақтар мен министрліктерден келіп түскен ақпараттарға жасалған талдау техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі самарқаулықты аңғартады. 208 мемлекеттік колледждің 166-ның ғана жатақханасы бар. 298 кәсіптік лицейдің 167-сінде оқитындар ғана баспана мәселесін біршама шешкен сыңайлы. Кәсіптік лицейлер ғимараты мен жатақхананың тозығы жетіп тұрғаны кім-кімге де аян. Жиһазды былай қойғанда, оқу мен зертханалық, спорт жабдығымен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібіне қойылмағалы қаш-шан. Қаладағы білім беру мекемесінің хал-күйі осындай болғанда, ауылдағысына не жорық? Аудан орталығында орналасқан кәсіптік мектептің материалдық-техникалық базасы биік мінберден айтылатын білім беру стандартына үш қайнаса сорпасы қосылар емес. Дегенмен, жағымды жаңалықтар мен ауқымды жоспарлар да жоқ емес.

2015 жылға қарай кәсіптік-техникалық білім беретін мемлекеттік оқу мекемелерінің 75 пайызы заманауи оқу-өндірістік және технологиялық құрылғылармен, сондай-ақ ақпараттық технологиялармен жаңартылады. Бұл үшін 11206,2 млн. теңге қажет. 2011 жылы осындай оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2283,2 млн. теңге жұмсалғанын тілге тиек еткен орынды.

Мемлекет басшысы ел үкіметіне Астана мен Алматы қалаларында әлемдік деңгейдегі екі колледж, сонымен қатар, Атырау, Өскемен, Екібастұз бен Шымкент қалаларында төрт өңіраралық орталық салу жөнінде тапсырма берді. Қазақстанда құрылған «Кәсіпқор» холдингі әлемдік деңгейдегі колледждер желісін құрумен қатар, техникалық-кәсіптік оқыту жүйесіне корпоративті басқарудың озық әдіс-үлгісін енгізуді көздеп отыр. Бұл қадамдар кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің екінші тынысын ашып, саланы озық стандартқа сай құруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Гүлшат Хамит

http://aynaline.kz/cайтынан алынды

Рубрика: