АЛТЫНОРДА
Новости

ЕЛІМІЗДЕГІ МИГРАНТТАРДЫҢ САЛЫҚ ТӨЛЕУ ЖҮЙЕСІН ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТЫРАМЫЗ?

6692ab27acd72c0cb2efb18a2c07b288Еліміздегі мигранттардың салық төлеу жүйесін қалай қалыптастырамыз? 

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:

– Мәселен, Ресей мигранттарға салық салмақ тұрмақ, олардың келуіне бөгет қойып, бас тартып отыр. Орта Азиялық келімсектен гөрі, орыстың мұжығы жұмыс істесін, күнін көрсін деген әңгіме көтерілуде. Бұл – өте дұрыс саясат. Бізге де осындай ұстаным керек-ақ еді. Бірақ біз «салық төлесін де істей берсін» дегенді алға тартудамыз. «Ақыры салық төлейді екенбіз, онда отбасымызбен, әулетімізбен барайық» деуі мүмкін олар. Бұл елде ұлтаралық мәселені ушықтырып жіберуі де мүмкін. Онсыз да өзбек жеткілікті. Олардың көбейюіне жол ашамыз. Отбасымен келген соң, олар ауыра қалса емдеу кере, т.б жағдайлар бар деген сияқты.

Осының бәрін ескере келсек, салықтан түсетін ақшадан береке қашады. Басымызға босқа пәле тілеп аламыз. Екінші бір мәселе, ауылдан келіп қалада жұмыс істеп жүрген жастарымыздың жұмысын Орта Азиядан келген арзанқол мигранттар тартып алады. Бұл әлеуметтік жарылыстарға алып келуі әбден мүмкін. Сондықтан мигранттарға салық салып, ақша табамыз дегеннен гөрі, онсыз да жұмыссыз жүрген жастарды еңбекпен қалай қамтуды ойлаған жөн.

 

Атамұрат ШӘМЕНОВ, экономика ғылымдарының докторы,профессор:

– Жалпы, «мигранттар керек пе, керек емес пе?» дегенге келсек, екіжақты пікір айтуға болады. Бізге еңбек мигранттары квотамен келеді. Бірақ одан тыс үйіліп-төгіліп заңсыз келіп жатқандары қаншама? Оларға тосқауыл қою өте қиын. Сондықтан салық салу мәселесі өте дұрыс. Әйтпегенде олар қаншама қаржыны заңсыз жолмен өз еліне әкетіп жатыр. Оның біраз мөлшерін салық арқылы елде қалдыру – бұл оңды шешім деп айта аламын және мұны қолдаймын. Дұрыс заңдастыра алсақ, бюджетке де біраз қаржы түседі. Ұтамыз.

 

 

Дос КӨШІМ, қоғам қайраткері:

– Бұл әлемде бар тәжірибе. Оның өзі бірнеше түрге бөлінеді. Екі-үш айға келгендерге, яғни маусымдық деп және ұзақтау мерзімге келгендерге деп бөлініп жатады. Салық төлеген дұрыс. Өйткені жыл сайын миллиондаған ақша елімізден сыртқа кетеді. Одан бюджетке бірдеңе түсуі керек қой. Бірақ бір күдігім бар. Ол қаржы мемлекеттің қазынасына емес, ортада жүрген шенеуніктердің қалтасын толтырып жүрмей ме? Бұл жерде қатаң бақылау керек. Өзге елдердің тәжірибесін қарап, керегін алу қажет. Бұл мигранттарды тонау емес, өркениетті түрде жасалатын қадам болуы тиіс.

http://www.aikyn.kz/