Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Сауалнаманы жүргізген Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ

 

Алдан СМАЙЫЛ, Мәжіліс депутаты:

– Бұл іс еліміз тәуелсіздік алған жылдардан кейін әжептәуір қолға алынып, жүзеге асырыла бастаған-ды. Өйткені еліміздің «Тіл туралы» заң­ның Ономастика бөлімінде және жергілікті билік органдарының «Өзін-өзі басқару туралы» заңында жер, су, елді мекен атауларына қатысты мәселелер бірсыдырғы көрініс тапқан болатын.

Алайда кейбір аймақтарда елді мекен атауларын өзгертудің соңы рулық түсінбеушілікке, дау-дамайға әкеп соққаны бар. Себебі әркім өзінің руының танымал деген адамдарының есімдерін ілгері тартты. Десек те, қайсыбір аймақтарда әлі күнге кеңестік кезеңнің белгісіндей болған қажетсіз, мағынасыз атаулар бар. Әсіресе, солтүстік аймақтарға бара қалсаңыз, күре жолдың бойында Ивановка, Петровка, Стахановка, Александровка тәрізді ауыл атаулары көлбеңдеп, көңіліңізді құлазытады. Ал қазір жергілікті тұрғындармен алқалы кеңес өткізе отырып, орын алған кемшіліктің орнын толтыруға болады.

 

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор:

– Біріншіден, елді мекендердің тарихи атауын қайтару – тарихи әділеттілікті қалпына келтіру деген сөз. Мысалы, сонау патшалық отарлау кезінде және одан кейінгі кеңестік билік тұсында Қазақстан аймағында көптеген ауыл-селолардың тарихи атаулары қажетті-қажетсіз өзгертілді.

Екіншіден, әрбір жердің тарихи атауы, ол – сол ауылдың немесе өңірдің төлқұжаты тәрізді. Әсілінде, ата-бабаларымыз жерге атау бергенде, сол аймақтың ерекшеліктерін қатаң ескерген. Бұған тарихтың өзі куә. Мысалы, Қызбел, Сарыарқа, Арқарлы деген атаулар халқымыздың танымы мен әдет-ғұрыптарына, тарихына етене жақын. Үшіншіден, әрбір жердің, елдің тарихи атаулары халқымыздың ерекшеліктерін өзге жұртқа паш етеді. Олай болса, тарихи атауларды қалпына келтіруді тездетуміз қажет. Өйткені бұл – өте маңызды!

Есбол ӨМІРЖАНОВ, С.Демирел атындағы университеттің кафедра меңгерушісі:

– Мәдениет вице-министрі Жанай Омаров мырза Алматы облысында ономастика мәселесіне байланысты, өткен алқалы жиында «Қазақстандағы елді мекендерге тарихи атаулары қайтарылады» деп жағымды жаңалық айтып, жиналғандарды қуантты. Бұл – орынды пікір! Осыдан біраз жыл бұрын алты облыстағы 42 қала мен елді мекеннің атауы өзгерді. Өкініштісі, сонда тек екі елді мекен ғана өзінің бұрынғы тарихи атауына ие болды.

Қазір ел аймақтарында 8 мыңнан астам елді мекен бар және осы­лардың атауының 40 пайызы күні бүгінге дейін патшалық кезең­дегі немесе кеңес дәуіріндегі атауларға ие. Мұны қалай түсінуге болады?

Егер біз жас ұрпақты, еліміздің болашағын ойласақ, онда әр ауылға міндетті түрде бұрынғы тарихи атауын қайтарғанымыз жөн.

http://www.aikyn.kz/articles/view/50573

Рубрика: