Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

229917855653de20aa882964f7e7d783Мысалы, орыс частушкалары, татар, ноғай шумақтары, тіптен, қазақтардың осы тілдердегі музыкалық-поэтикалық айтыстарға қатысуы, орыс гармонының (саратовтық және кавказдық гармондар) жиі қолданысқа түсуі. Сондай-ақ шетелдегі қандастардың аға, орта буын өкілдері татар әндерін орындағанда сол ұлттың әуеніне тән нәзік мелизмдерді (иірімдер) соншалықты таза интонациялауы, ырғақтық ерекшеліктерін дәл орындауы көңіл аударарлық болды. Осындай информатордың бірі Қ.Якудаева репертуарында татар жырларының жиырмаға жуық айтыс шумақтары бар. Ол жас кезінде бір тойда татар жігітімен айтысқанын алға тартты. Бірер мысал келтірсек, татар балаларымен мектепте бірге оқып, үйлері көрші де болғанын алға тартқан Мағауия Әлекешова  мына шумақ әуенімен жазылып алынды:

Ойнасаң, ойнамасаң да

Гармон тілі он екі.

Ойласаң, ойламасаң да

Жас өмір келмес екі.

Астрахань облысы Володар ауда­нының Сахма селосының тұрғыны М.Құрманғалиева  орындаған «Частушка»:

Су төгілгән йоландардың

Солар микән биләрі

Әркімнің дә өзінә йақшы

Туып өскән илләрі.

Ресейдегі татар тойларында мін­детті түрде гармонь ойналады дейді ақпараттандырушылар, олармен қоян-қолтық араласатын жергілікті қазақтар да осы аспапта жиі ойнауымен көзге түсті. Сонымен бірге Астрахань облысында тұратын тоқсанға жуық этнос өкілдерінің музыкалық мәдениетінің ықпалы мұндағы қазақтардың репертуарынан көрініс тапқан.  Ұйғыр тіліндегі «Анам» деген әнді Мариям Досумова  орысша нұсқасымен бірге («Мама милая») орындады:

Жигәрим анам жүригәмдә сән   /Мама милая, в сердце ты одна/

Еки көзимниң бир қарғуғу сән.  /Очи карие разгораются/

Анам, жан анамәй толун айдәк   /Мама милая словно месяц ты/

Чачисән нуриңни, соқар жүрәк   /Ясно светишся, улыбаешся/.

Ресейлік қазақтардың музыкалық өміріндегі тағы бір өзгешелік – олардың ХХ ғасыр ортасындағы кең тараған орыс әндерін қазақ тіліне аударып, екі тілде бірдей шырқауы. Мұндай үрдісті Түркиядағы қазақтардың музыка мәдениетімен салыстырар болсақ, оларда ішінара кездескенмен, жаппай халықтық сипат алмағандығы байқалды.

Бұл бағытта, әсіресе астрахандықтар көзге түсті. У.Бисемалиева  әйгілі сазгер Б.Макроусовтың «Хороши весной в саду цветочки» (сөзі: С.Островский) әнімен бірге осы композитордың «Жди солдата» әндерін қазақ тілінде орындап берді. Жергілікті қазақтар «Жди солдата» әнін «Ой, красивы на Волге закаты» деген алғашқы жолымен атап кеткен, сонда ән «Еділдің кештері қандай көркем» деп аударылып, халық арасына екі тілде өте кең тараған. Ауызекі тарайтын халық фольклорына тән, бұл өлкелерде әуеніне басымдық беріп, бұларды жиын-тойларда орыстың халық әні, немесе орыс әні деп қана авторсыз хабарлайды.

Еділдің кештері қандай көркем  /Ой, красивы над Волгой закаты…/

Солдатқа жөнелтті мені еркем   /Ты меня провожала в солдаты./

Қолын берді, «қош бол» деді     /Руку жала, провожала,/

Қолын берді, «қош бол» деді     /Провожала, провожала…/

Келесі бір информатор К.Якудаева композитор Б.Мокроусовтың «Хороши весной в саду цветочки» әнін (сөзі: С.Алымов) жас кезінде татарша да айтқан. Бізге қазақ тіліндегі нұсқасымен бірге орындап берді. «Қандай жақсы көктемнің гүлдері» /немесе «Тамаша ғой көктемнің гүлдері»/ деген ана тіліндегі нұсқасы:

Тамаша ғой көктемнің гүлдері  /Хороши весной в саду цветочки,/

Одан жақсы жастар көктемде  /Еще лучше девушки весной./

Айлы кеште кез боп /Встретишь вечерочко/

Бақ ішінде сөз боп /Милую в садочке – /

Сені көріп өзгеріп кеткенде  /Сразу жизнь становится иной./

Еділ бойындағы қазақтар арасында екі тілде кең танымал әннің бірі – орыстың халық әні «Ах, Самара городок». Оны жиырмаға жуық адам екі тілде орындап берді. Аға буын қазақтардың балалық кезі соғыс жылдарында өткендіктен болар, олардың репертуарында осы кезеңде туған шығармалар міндетті түрде кездеседі.

1942 жылы М.В.Исаковский жазған «Голубой огонек» өлеңінің (әуені  белгісіз автордікі) қазақша нұсқасын самаралық Әмина Мұхамеджанова орындады. Мәтінін аударған кім, кімнен үйрендіңіз деген сауалымызға: «Осы ауылдың қызы Әлима деген келіншек география пәні мұғалімі еді. Оралдан институт бітіріп келген кезде үйреткен. Бәлкім, өзінің аудармасы шығар. Баламыз ғой, сұрамаппыз», – деді.

Бақытқа аттандырды

Ғашығым қарындас.

«Қош бол», деп қолын берді,

Көзінен ағып жас.

Қоштасып ақырғы рет,

Екеуі салып ән.

Ғашықтан жарқырайды,

Үйдегі жаққан шам.

Өз кезінде бүкіл Кеңес Одағына тарап, әлі күнге дейін посткеңестік елдерде халықтың аузынан түспей келе жатқан әннің бірі – композитор В.Соловьёв-Седойдың (сөзі: М.Матусовский) «Подмосковные вечера» әні. Бұл туындыны шетелдегі бауырларымыз қазақша «Мос­ква маңы кештері» деп аударып, орындайды екен. Қабира Якудаеваның орындауынан жазылған әннің қазақша нұсқасы информатордың осы ән аудармасына байланысты айтып берген әңгімесімен толықты: «16 жасымда Астраханьға Алматыдан бір топ артистер келді. Мен алдарында өлең айтқанымда солармен келген бір жас жігіт маған ғашық болды. Ол «мен саған осы әнді қазақшаға аударамын, сен ертең концертте екі шумақ орысша, екі шумақ қазақшасын айтасың», – деді. Ертесіне Астраханьда өткен концерт менің осы әніммен жабылды. Сыйлық алдым. Мені артистер Қазақстанға әкетпек болды, бірақ анам жібермеді. Сол жігіттің аты есімде қалмапты».

Сол секілді М.Блантердің «Катюшасын» (сөзі: М.Исаковский) самаралық қазақ Ә.Мұхамеджанова  қазақ тілінде жеткізді.

Осындай музыка өнерінде белең алған үрдіс кейде керісінше, қазақ әнінің орысша аудармасымен айтылуы да кездесті. Мәселен, Д.Сүлеевтің «Той жыры» алтынжарлық Ғ.Байзуллаевтың репертуарында орыс тілінде домбыра сүйемелдеуімен орын алған. «Той жыры» Астраханьдағы үйлену тойларында әлі күнге дейін айтылып жүр. Әннің «Ойна, ойна осы тойда, биле, биле осы тойда…» деген қайырмасын қазақтар қазақ тілінде қалдырған.

Сонымен, Еділ бойындағы қазақтар музыка мәдениетінің заңдылығындай болып қабылданатын үрдіс – міндетті түрде орыстың өткен ғасыр танымал әндерінің шырқалуы. Келесі мысалды ұсынсақ, тұрғылықты жерінде танымал әнші Марфуға Лұқманова  Г.Ф.Пономаренконың «Полюбил моряк волжанку» (сөзі: А.Скоромыкин, 1953 жылы шыққан) әнін орыстың «Волжанка» деген әні деп орындады. Бұл информатордың тойларда өте жиі орындайтын тұрақты шығармасы (коронная песня). Өз ортасында одан «Волжанканы» жиі сұрайды. Сол секілді ХХ ғасырдың орта кезіндегі Одаққа танымал әндерді білмейтін орта буын өкілдері кездеспейді десек қателеспейміз.

Жалпы қазақ тойларында әртүрлі этностар тіліндегі ән-жырлар шырқа­латындығына куә болдық. Сонымен бірге Т.Мұхамеджановтың «Ің­кәрім», Д.Сүлеевтің «Той жыры», Б.Байқадамовтың «Водовоз» әндері қазақ және орыс тілдерінде қатар шырқалады. Қазақтың халық әндері («Әдемі қыз», «Елім-ай»), Қ.Дүйсеннің «Ай да, күн де жақсы ғой», Ә.Еспаевтың «Маржан қыз», С.Сейфуллиннің «Тау ішінде», «Кербез сұлу», Абайдың әндері, Ш.Қалдаяқовтың «Қайықта», «Ана туралы ән», И.Жақановтың әндері, М.Омаровтың және т.б. шығармаларды жиі қолданыста болса, Ә.Алпысбаевтың «Ауыл тойы» әні қазақ тойының Тойбастары ретінде қабылданады. Ал жастардың арасында ең кең тараған ән – С.Бәйтерековтің «Атамекені». Бұл шығармаға қойылған қазақ жастар ұжымының билері де бар.

Саратов облысы, Новоузеньск поселкесінің (36 мың халықтың 30 пайызы қазақтар) тұрғыны Асқар Мәтикенов  кәсіби музыкант болмаса да домбыра, баян, гитара аспаптарында еркін ойнап, қазақтар арасында құрметті музыкантқа айналды. А.Мәтикенов Шымкент облысынан көшіп келіп, 1993 жылы «Сәуле» атты мәдени орталық ашып, сол жылдардан бері қазақ әндерін, музыкасын насихаттап келеді. «Тойларда 80-жылдарда беташар болған жоқ. Атажұрт Егемендік алған соң әр этнос өз негізіне үңіле бастаған кезеңде оның әсері Ресейдегі қазақтар арасында анық байқалды. Нәтижесі де айтарлықтай. Қазір жастар домбыра үйренуге көп келеді. И.Жақановтың «Еділ мен Жайық» әні ресейлік қандастарымыздың гимні есебінде қабылданып, С.Бәйтерековтің «Атамекені» де хормен орындалады. Соңғы 20 жыл ішінде Абайдың әндері, Ш.Қалдаяқовтың вальстері, Т.Базарбаев «Ауылым» әндері үлкен сұранысқа ие болып отыр», – деп шетелдік қазақтардың мәдени өмірінен хабар берді.

Самара қазақтарының бүгінгі мә­дениетіне тоқталсақ, мұнда «Ақ Жол» орталығы қызмет атқарып, жергілікті қазақтар өмір тынысынан хабар беретін журнал және қазақ тілінде облыстық газет те шығады. Өткен 90-жылдардың ортасында мұнда қазақ дәстүрі жаңғырып, шығармашылық ұйымдар құрыла бас­тады.

Самарадағы «Ақ Жол» қазақ қоғамы 2003 жылы құрылып, екі жылда аймақтық ұлттық-мәдени орталыққа айналды. Қ.Дүсенбаев басқаратын бұл орталық  Қазақстанмен тығыз мәдени қарым-қатынаста екен. 2007 жылы Самара қаласының Ресей қазақтарының астанасы болуының себебі де осы «Ақ Жол» орталығымен байланысты. Ол Ресейдің 26 ауданындағы 35 қазақ ұйымының жетекші орталығы болып қалыптасты. Қаладағы Достық үйінде «Қайрат» атты жастар ұйымы бар. Мұнда бас қосатын жастар қазақ тілін, өнерін, дәстүрін көріп,  қазақша ән шырқауды үйренеді. Бір-бірімен жақын танысып, бауырласып, ұлт мәдениетін жақын білуге ұмтылады.

Автономияның басты міндеті – қазақ халқының тілі мен мәдениетін, дәстүрін сақтап, жалғастыру, өзге ұлттарды сыйлау және этносаралық толеранттылықты насихаттау. Орталықтың Ресей көлемінде тойлайтын ең жарқын мерекесі – Наурыз (Қамал Айт) мерекесі болып табылады. Шетел қазақтарының Қамал Айт мерекесі Самара, Волгоград, Саратов, Астрахань, Түркменстан қазақтарында да осылай аталып, үлкен мәнге ие болып тойланып келеді.

Самара қазақтарының кезекті бір Қамал Айт мейрамы облыста «Еркем-ай» балалар ән-би фольклорлық ансамблінің ұйымдасуына түрткі болып, ұжым 1994 жылы наурыз мерекесінде ұйымдастырған алғашқы концерті ел көңілінен шығып, үлкен қолдауға ие болады. Талай марапатты иеленген ансамбль 2002 жылы Самара облысының халықтық ұжымы мәртебесін алды. Осы өңірдегі танымал ұжымның бірі болып, репертуарына қазақ және орыс классиктерінің шығармаларын енгізді. Бұдан кейін құрылған «Мейрам» театр ұжымы, «Айгүл» би ансамблі және «Маржан» сән театрлары да қазақ балаларының халықтық мәртебесін өсірді. Бұл Самарадағы қазақ жасөспірімдерінің бүгінгі ахуалын аңғартатын үлкен жетістік.

Өткен тарихы мен мәдениетіне үңілген жастар қазақ өнерін ән, би, сахналық қойылым, сән салаларында ұлттық нақышпен, дәстүр иірімдерін жаңғыртумен белсенді айналысуда. Осындай ұлттың салтын, дәстүрін, тілін, дінін білуге ұмтылып, сайысқа түскен жастар 2008 жылдан бастап Самарада алғашқы облыстық «Жігіт сұлтаны» сайысында өнер көрсетті.

Жалпы ресейліктер арасынан домбырамен ән айтатындар сирек кездеседі, көбіне осы жерлерде қазақтың дәстүрлі әншілік өнерін насихаттап, әртүрлі мәдениет үйлерінің жанынан балаларға арналған ән, күй, би үйірмелерін ашып жүргендер – Қазақстаннан келген, оның ішінде Батыс Қазақстаннан көшіп келгендер. Ресейдегі қазақтардың орта буын арасында Атажұрттан барғандар қазақ музыкасының өркендеуіне белсенді атсалысып келеді. Мәселен, Самара қаласында Г.Асимова дәстүрлі халық әні бағытында, ал осы облыстың  «Қазақ» ауылында Салауат Сұлтанов пен Айгүл Жәлелова өскелең ұрпаққа ән-терме үйретуде, бірнеше би ұжымдарымен таныса келе жетекшілердің «Атамекен», «Аққу» секілді музыкаларға қазақ биінің қойылымдарын енгізген. Мұндағы «Айгүл» би ансамблі қала сахналарында «Қара жорға» биін билеп жүр.

Саратов қаласында «Қазақстан» қоғамдық орталығы жанынан Жазира Жақсыбаева  «Саратовские домбристы» деген балалар ансамблін ашқан. Бұл жас ұжымның репертуарында Құрманғазының «Адай», Махамбеттің «Жұмыр Қылыш», Ж.Еңсеповтің «Әке толғауы» және т.б. күйлер мен жеке орындаушылар халық күйі «Ақсақ құлан», Құрманғазының «Балбырауын», «Не шуми, не кричи» күйлерін ойнап сахналарда өнер көрсетіп жүр. Сонымен бірге Жазира өз үйірмесінде қала балаларына домбырамен  «Майраның әні», С.Сейфуллиннің «Біздің жақта», Абай әндерін, басқа да көптеген халық әндерін үйретіп табысты қызмет атқарып келеді.

Ресейде соңғы жиырма жылда дәстүрлі музыканың дамуы жолға қойылып, дәлірек айтқанда кіші буын қазақтарға арналған қазақстандық кәсіби музыканттардың домбыра және домбырамен ән айту дәрісханалары ашылып, әртүрлі өнер бағыттарын тоғыстыратын, алға жетелейтін балалар мен жастар ұжымдары құрылды. Сонымен бірге жаңғыру процесінде үйлену тойы ғұрпында орындалатын беташар, тойбастар әндері қайтадан оралды. Мұнымен бірге шетелдегі қандастарымыздың дін исламға бетбұрысы әсерінен мешіттер салынып, Ораза Айт, Құрбан Айт мерекелері де халықтық сипат ала бастаған. Кіші буынның арасында бүгінгі қазақстандық танымал орындаушылардың («Ұлытау» тобы, «МузАрт» триосы, «Жігіттер» квартеті, А.Жорабаева, Қ.Әбділдина, М.Сәдуақасова, Айқын, т.б.) репертуарындағы шығармалар жайыла бастаған.

http://www.turkystan.kz

Рубрика: