АЛТЫНОРДА
Новости

«Джульеттаны ойнау үшін он келі салмақ тастадым»

Нұржанның өнер жалына қол артқанына да жиырма жылға жуықтапты. Жаңа спектакльдердің бәрінен жарқырай көрінбесе де, ол ойнаған рольдің қай-қайсысы да есте қаларлық. «Мәңгілік бала бейне» спектакліндегі бір ғана Ләйләнің ойынын көру үшін Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Нұржан Бексұлтанова қатысқан үшінші құрамның ойынына қайта-қайта келген күндерімізді қайтіп ұмытайық. Ол осы образбен есте қалды, осы бейне көрермен көңілінде жатталып қалды, осы рольді көрген адамның ішінде күйік-күйзеліс оянды, қоғамның дертті екенін таныды. Бұл –Ләйлә-Нұржанның жеңісі еді. Үлкен сахнадағы ең алғашқы осы ролі Нұржанның өнердегі жолын айқындап берді. «Жастық шақ» дейтін шекпенді үстінен сыпырып жатқан Нұржанның азамат ретінде қалыптасқан кездегі көзқарасы мығым, ойы да бөлек…

– Ол кезде драма театрында Қайрат Сүгірбеков деген жас режиссер бар еді, ерте қайтыс болып кетті. Соған Болат Атабаев ағамыз: «Қуыршақ театрынан кішкентай қара қыз көріп едім. Іздеп барсам, жұмыстан шығып кетіпті. Сен сол қызды қайтсең де тапшы, спектакльге шақырайын деп едім»,-депті. Қазіргідей ұялы телефон жоқ, үйсіз-күйсіз, пәтерден пәтерге көшіп, босып жүрген бізді Қайрат қайдан тапсын? Сөйтіп Қуыршақ театрынан кетіп, жұмыссыз жүргенімде, көшеден кездейсоқ көріп қалып, Қайрат мені театрға шақырды. «Нұржан, режиссер саған тектен-тек сенім артып отырған жоқ. Сенің қолыңнан келеді»,- деп қайрады Қайрат марқұм.

– Сіздің Дулығамен жұптасып ойнаған «Ромео-Джульеттаңыз» есімізде. Кішкентай Ләйләдан кейін сыртқы пішін-кейпіңіздің көрермен түсінігінде қалыптасқан ұзын бойлы, сұлу да сымбатты Джульеттамен үйлеспейтінін байқады…

– Басқа режиссерлер қойса, Джульетта болмайтын ба едім, мен Қайраттың көзқарасындағы Джульеттасы болдым, шамасы. Қайраттың Джульеттасында мен алғаш ғашықтық дертіне ұшырап, ұшып-қонған сезім билеп, байыз таба алмаған балаң баланы іздедім. Өкінішке қарай, Қайраттың қазасына байланысты ол Джульетта сахнаны көре алмай, кейін Салимов келіп: «классикалық, классикалық Джульетта» дей берген соң бала ғашықты ұмытып, оның сырт келбетіне, яғни пішін жасауға ден қойдым. Өйткені жұрттың: «саған қалай Джульеттаны берген?», «Джульетта анандай болуы керек, мынандай болуы керек» дегендей сынын көп ести бастадым. Тағы да өзімнің «рамкада» емес екенімді сезіндім. Бұл жолы героиняма балет тұрғысынан келдім. Көрерменнің қалай қабылдағанын білмеймін, қолымды созғанда, қалықтап жүргенде, кербез қарағанда балет бишісі секілді жеңіл, нәзік сезінуім өзімді өзгеше масаттандырды. Джульеттаны ойнай жүріп он келі салмақ тастадым. Сын көп айтылды. Қабылдамады. Бойымды тағы да өзіме-өзім сене алмайтын сезім билей бастады. Ақыры шыдамадым да, өзі де өнер адамы болғандықтан, «бір айтса шындықты осы айтар» деп күйеуімді театрға шақырдым. Тек соның пікірінен кейін елді де қинап, өзімді де алдамай, ауыр да болса рольден бас тартайын деген шешімге келдім. «Сен сырт пішініңді қатты өзгертіпсің. Басқа рольдеріңдегі Нұржанды бұл жолы көре алмадым. Сенің өзің емес, денең сөйледі, бәрін пішінің айтып берді. Қимылың, ишараң мені таң қалдырды. Сен маған балет билегендей әсер қалдырдың. Өзіңді басқа жағынан іздепсің. Біреу түсінеді, біреу түсінбейді. Әркімнің біліміне, тәрбисіне, өскен ортасына қарай өз Джульеттасы бар. Қанша тырыссаң да әрқайсының Джульеттасы бола алмайсың. Сен актриса ретінде маған енді ғана ашылдың»,-деді. Осы сөз маған қанат байлады. Сондықтан мені басқа актрисамен алмастырғанша, мен өз ролімді адал ойнадым деп есептеймін.

– Көңіліңіздегі рольдің бәрін ойнауға мүмкіндік берілді ме?

– Бәріне емес. Он пайызына ғана қол жеткіздім-ау деймін. Бірақ қанша стандартқа сай болмасам да, бағым бар екен, көп рольдерді ойнадым. Бізде артистер көп қой, бәріміз бәрін ойнай алмаймыз. Нинаны бергенде де айтып жатты: «Ойбу, бұл Нина емес қой, бұдан қайдағы Нина?» деп. «Құбылыста» Греттаны бергенде де, осы сөз, осы сын. Ал Дуньяшаны ойнағаным өз көңіліме қонады. Әр қойылым кезінде көрерменнің мені күтіп отыратынын сезетінмін. «Мүмкін, өзіме солай көрінетін шығармын» деп ойлағанмын. Бірақ «Сіздің басқа сахнаңыз жоқ па, біз сіздің роліңізді күтіп отырамыз» деп көрерменнің өздері айтты.

– Сахналастарыңыздың ішінде бірге ойнағыңыз келіп тұратыны кімдер?

– Партнер болып Дулыға Ақмолдамен бірге ойнаған ұнайды. Оның ішкі қазынасы, мүмкіндігі мол актер. Ерлан Біләлмен сахналас болған қызық. Бақтияр Қожа да болмысы бөлек актер. Үшеуімен бірге көп ойнадым. Ғазиза апаймен бірге ойнау керемет. Көп жыл Торғын апа Тасыбековамен бірге ойнадық. Ол кісінің ана ретіндегі қамқор көңілі,өз анаң сияқты ерекше мейірлене алатыны ұнайды. Өз буынымдағы көп құрбыларыммен бірге түспедім де, партнер ретінде біле бермеймін. Атауға да сол себепті қиналып отырмын. Қазір Бауыржан Қаптағай, Шынар Асқарова, Гүлшат Тұтова, және Еркебұлан Дайыровпен бірге ойнап көрсем деген қызығушылық бар.

– Бітіміңіздің нәзіктігіне қарамастан, ішкі күштің көп екені аңғарылады. Бұл қайрат қайдан бітті? Оқумен келген бе, тәрбиемен сіңген бе, әлде өмірлік тәжірибе жемісі ме?

– Қазір жас драматургтердің шығармаларын жинап Неміс театрына жіберіп жатырмын. Ұнағанын Гете институты арқылы ақысыз аударып, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің әлеуетін таныстыру мақсатында Германияның театрларына ұсынбақ. «Өтіп кетсе екен» деген ниетпен мейлінше көп жіберіп жатырмын. Маған Әнәстің шығармалары, Мәдина Омардың «Кофе қосылған коньягы», «Торы» ұнады. Біздің Әуезов театрында жүріп жатқан «Таңсұлудың» адалдықты ту еткен тақырыбы ұнады. Өзін құрбандыққа шалып, ұрпақ үшін жанталасатын қайсар мінез әр күні айтылып отыруы тиіс. Қазір ең аяулы идея үшін өзін құрбандыққа шалу ұғымы тұтастай мағынасын жойды. Бүгінде тек өзі үшін, өзінің бір тойғаны үшін, баюы үшін ғана адам бас көтеруі мүмкін. Бүгінгі мынау аморальды қоғам бізден бұрынғы ұрпақтың тәрбиесінің жемісі. Келесі алмасып келетін кезең ол біз тәрбиелеген қоғамның нәтижесі болып шығады. Біреудің қате ісіне кесіп төрелік айтар алдында «солай болмауы үшін өзім не істедім?» деп әуелі ойлап алу керек. «Ол кезде ақша қуып жүрдім ғой, атақтың соңынан кеттім ғой, мансаптың құлы болдым ғой» деп кім ойлап жатыр? Бұл адамдар бәрін де белінен басып, бәріне түкіріп жатыр. Кейде біреу өзінің бақытсыздығы немесе әлденені күйініп, ренжіп айтып тұрса, ішімнен «ол сіздің өзіңіздің жіберіп алған қателігініз ғой, сіздің берген тәрбиеңіздің жемісі ғой» деп ойлап тұрамын. Темегі шегетін әкесі 8 сыныпта оқитын баласының темегі шегетінін, яки студент баласының арақ ішетініне күйінеді. Не үшін? Неге өзіне күйінбейді? Баласы басқа не көріп еді әкесінің бойынан? Бала бойындағы бүгінгі осы елеусіз кемшіліктер, ертең үлкен қылмысқа, заң бұзушылыққа дейін өспей ме? Еш нәрсенің алдында өзін жауапты сезінбейтін осындай замандастарымды көремін де, кейде мынау ұлан ғайыр жерден айырылып қалмас па екенбіз деген қорқыныш билейді мені. Бір баланы туып, бір баланы асырап алатын орыстың жағдайы мен 6-7 баласын қалай асыраймын-ай деп жүрген қазақтың жағдайы екі басқа. Оқудың бәрін ақылы етіп қойды. Алайда неге бір бала тапқан ана мен көпбалалы ана сол ақылы оқудың ақшасын бірдей етіп төлейді? Тегін оқытпай-ақ қойсын, бірақ көпбалалы анаға осы елге қорған болатын азаматтың санын өсіріп отырғаны үшін неге жеңілдік жасалмайды? Сөйтіп қатар-қатар өскен балаларының бірі оқыса, бірі оқи алмай қалып жатыр. Егер Ресей, Түркия, басқа шетел барып оқып жатса, мен түсінемін, төлеу керек болады. Ау, біз өз жеріміздеміз ғой. Өз адамы біліп беріп жатыр. Өз жері өз баласына неге қамқор болмайды? Жақсы оқып, бітіріп жатса, балалардың іздейтіні шет ел. Өйткені оның ата-анасының қалтасындағы ақшасын қағып алғаннан басқа, оның отанға деген сүйіспеншілік сезімін тәрбиелей алмадық. Оның бойында Отанға деген асқақ сезімнен гөрі, «не болсаң, о бол» деген немқұрайлы сезім басым. Осы құқайды көрген қазақтың баласы ертең «халқым менің» деп айта ала ма? Арғы жағындағы кек айтқыза ма? Сол себепті болар, мен теледидардан жаңалықтарды қарай алмаймын, жетім балалар үйіне бара алмаймын. Жүрегім ауырады, жылап шығамын. Мен де адаммын ғой, өмірім қуаныштан, жақсылықтан ғана тұрса екен деймін. Солай болуы үшін еңбектенемін, сол үшін тіршілік етемін.

– Әңгімеңізге рахмет!

сұхбаттасқан А. Аханбайқызы

Толығырақ: http://alashainasy.kz/culture/djulettanyi-oynau-ushn-on-kel-salmak-tastadyim-58639/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі