Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото) Әбдікерім Мәметұлы (ортада) шәкірттерімен

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» демекші, сонау ықылым заманнан бері қасиетті қара домбыра қазақпен бірге жаса­сып келеді. Шүкір деп айтайық, халқымыз әнші-күйшіден де, домбыра жасайтын хас шеберлерден де ешқашан кенде болған емес. Со­лардың бірі дәстүрлі әнші, термеші әрі домбыра жасау шебері – Әбді­кәрім Мәметұлы. Бүгінгі тақырыпта республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты, Ә.Қашаубаев атындағы конкурстың дип­ломан­ты Әбдікерім аға өзінің дәстүрлі ән өнеріне қалай келген­дігі жөнінде және домбыра жасаудың қыр-сыры туралы өз ойлары­мен бөлісті.

– Менің дәстүрлі ән өнеріне келуім балалық шақтан басталды. Сонау Семей өңі­рінің қойлы ауылында мал бағып жү­ріп, радиодан Манарбек Ержанов, Жүсіп­бек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев­тар­дың ән салғанын тыңдап өстім. Соның әсері болар, домбырамен ән салу менің ар­маныма айналды. Ауылдың бас шопаны болған әкеме Балтабай, Болат сынды азамат­тар көмекші болды. Екеуі де домбы­ра­мен керемет ән айтатын. Солардың қа­сын­да жүріп домбыра тартуды үйреніп, мек­тепке келгенде бес-алты әнді нақышы­на келтіріп орындайтын әнші бала атан­дым. Ауыл клубының сахнасында ән сала бас­тадым, – деп сол жылдарды еске ала­ды Әбдікәрім аға.

Осылайша, Семейдің Шұбартау ауда­нын­дағы бұрынғы Калинин, қазіргі Айқыз ауылының мектебінде оқыған Әбдікәрім Мәметұлы сегізінші сыныптан кейін Семей қаласында орналасқан Мұқан Төлебаев атын­дағы музыкалық училищеге құжатта­рын тапсырады. Алайда ол оқу орнында дом­бырамен ән салуды үйрететін бөлім жоқ болғандықтан, ұстаздардың бірі оны об­лыстық филармонияға жібереді. Өстіп жү­ріп ол Семей өңірінің саңлақ әншілері: Мәдениет Ешекеев, Болат Сыбанов, Бақыт Үдербаева, Тұрсынғазы Рахимов, Келден­бай Өлмесеков сынды дәстүрлі ән мектебі­нің майталмандарымен қатар ән салу ба­қы­­тына ие болады. «Өнер-өмір мектебін мен осы Семей облыстық (ол кезде жеке об­лыс болатын) филармониясында қыз­мет еткен жылдары үйренген едім», – дей­ді ол.

Әбдікәрім Мәметұлы 1981 жылы Ал­ма­тыдағы республикалық эстрада-цирк өнері студиясына оқуға түседі. Онда халық әртістері Кәукен Кенжетаев, Гүлжиһан Ға­лие­ва, Ғарифолла Құрманғалиев, Құбаш Мұхитов сынды ұлы тұлғалармен қатар Жәнібек Кәрменов, Еділ Құсайынов секілді қазақтың біртуар талантты ұл-қыздарынан дәріс алады. Ұстазы Жәнібек Кәрменовтің класына түсіп, халық композиторлары: Бір­жан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбы­рай, Балуан Шолақ, Естай әндерін ор­ын­даудың қыр-сырын меңгереді.

– 1982-83 жылдары күйші-сазгер, ҚР Халық Қаһарманы, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің жетекшілігіндегі «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық ұлт-аспаптары оркестрінің солист-әншісі бо­лып жұмысқа алындым. Бұл өнердегі ең ба­қытты шағым еді, – дейді Әбдікәрім аға.

Бұдан кейін әкесі ауырып, қайтадан туып-өскен ауылына баруға тура келген. Өстіп үлкен астана сахнасын аудан-ауыл­дың мәдениет үйі мен клубына айыр­бас­тайды. «Бір үйдің сенім артқан үлкен ұлы бол­ғандықтан, бауыр-қарындастарым үш­ін өнермен жартылай қоштаса баста­дым. Бірақ бұл әрекетіме еш өкінбеймін», – дейді ол. Әбекең 1986-1995 жылға де­йін Семейдің Аягөз аудандық мәдениет бөлі­мінде қызмет атқарады. Әнші-термеші ретінде көптеген сайыстарға қатысып, жүл­делі орындарды иемденеді. 1987 жылы «Ән-домбыра» атты концерттік бри­гада құрып, талантты әншілермен бірге рес­публиканың әр аймағын аралап, ха­лық­қа өнер көрсетеді. 1995 жылы заман­ның өзгергеніне байланысты Алматы қа­ла­сына қоныс аударып, әртүрлі салада жұ­мыс істеп, ақыры қазақтың қара дом­бы­расы оны өзіне қайта тартады.

– Мен өзім бала кезден кішкентай дом­быраларды ашып-жаба беретінмін. 95 жылы Алматыға келгенде дәстүрлі әнші Ж­оламан Құжымановтың інісі Нұрлан ма­ған домбыра жасаудың қыр-сырын үйрет­ті. Ол домбыраны жақсы жасайды, бірақ ән­ші емес. Сондықтан мен оған домбыра­ның үнін, даусын шығаруға көмектесетін­мін. Не­гізін үйретсең, домбыраны кез кел­ген адам жасай алады. Бірақ екінің бірі дом­бы­раны сөйлете алмайды. Қазақстан­да домбыраның үнін жақсы шығаратын ше­бер­лер саусақпен санарлық қана. Шүкір, тәубе, қазір Қазақстанның барлық әнші­лері домбыраны, басқа аспаптарды да ме­нен алғысы келеді. Өйткені мен өзім ән­шімін әрі домбыраны өзім жасаған соң, оның үніне ерекше мән беремін. Сосын қай әншіге қандай домбыраның үні қажет екенін білемін, – дейді ол.

Есімі жұртшылыққа тек дәстүрлі әнші ға­на емес, домбыра жасаушы шебер ре­тін­де де танылған Әбекең табиғи дарын мен шеберлік ұштасқанда ғана жақсы дом­быра шығатынын айтады. Қазір ол 15 жылдан бері домбыра, сандық, жетіген, қалқан, найза, тіпті теріден домбыраның сыртқы қабына дейін жасаумен айналысып келеді. Кезінде оған Қазақстанның халық әртістері Қайрат Байбосынов, Алтынбек Қо­разбаевтар шеберхана ашып берген. Енді қазір ол өзінің жеке цехын ашып, шә­кірттер дайындауда. Жастарды өнерге бау­лып, домбыра жасауды үйрететін ше­бердің білген-түйгені де аз емес. «Дом­быраны кез келген қатты ағаштан жасауға болады. Ал дауысы оның бет тақтайына бай­ланысты. Біз оның қалыңдығын, ішін­дегі екі тақтайшасын, серіппені жұқарту ар­қылы дыбысын шығарамыз. Ал бет тақ­тайын тек шырша немесе қарағайдан жа­саймыз. Суық жерде өсетін қарағайлардан жасалған домбыраның дауысы жақсы шы­ғады», – деп шебер ойымен бөлісті.

Әбдікәрім МӘМЕТҰЛЫ, дәстүрлі әнші, шебер:

– Егер бір домбыраны сапасыз жа­са­саң, осымен-ақ өзіңнің ортаңда қа­дір-қасиетіңді жоғалтып алуың мүмкін. Сон­дықтан өзіме де, шәкіртте­ріме де талап­ты өте жоғары қоямын. Бір өкі­ніштісі, бүгінде қолөнер шеберлерінің бар­лығы әр жерде шашырап, күнкөріс­тің қамы­мен кетті. Ұлттық өнердің мұр­тын бұзбай ұрпаққа қалдыру үшін ше­бер­лер­ге мем­лекет тарапынан қамқор­лық қажет-ақ. Сонымен қатар шебер­лер­ді бі­рік­тіретін, домбыраның қоңыр үнін шы­ғаруды одан әрі жетілдіру үшін бізге ғылыми ор­та­лық керек. Сонда ғана бұл саладағы мә­се­лелер ретімен шешілетін болады. 

Қалай десек те, ұлттық қолөнеріміз­дің, домбыраның, қазақи болмыс-бі­тім­нің мерейін үстем етуге тырысып жүрген Әбекеңнің бұл айтқаны көп­ші­лікке ой саларлық пәтуалы сөз екені дау­сыз. Әрине, өз ісіне жетік, білікті маман бұл реттегі мәселелерді айтып, одан шығу үшін ғылыми орталық құру қажеттігін тілге тиек етуде. Ал оны іс жү­зінде жүзеге асыру, қазақтың дом­бы­ра­сының қоңыр үнін ұрпақтан-ұр­паққа қалдыру үшін құзырлы органдар маманның айтқанына құлақ асып қол­дау білдірсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Автор: Серік ЖҰМАБАЕВ

http://alashainasy.kz/culture/41254/

 

Рубрика: