Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

©Алаш айнасы иллюстрациясыБүгінде «доллар жүрген жерде қауіп бар» деп таныған әлемнің біраз мемлекеттері көк қағаздан бас тарта бастады. Өйткені бұл ақшаның бағамы тұрақсыз болуы көп жағдайда өзге елдің экономикасына кері әсер беруде.

Әрі өзге елдің ақшасына тәуелділік һәм оны резервте ұстау тиімсіздігін көрсетуде. Ең бастысы, экономикаға төнер қауіп үлкен. Содан болар, Қытай, Ресей бастаған мемлекеттер тобы арадағы сауда-саттық, келісімшарттарды тек ұлттық валюталары арқылы жүргізуге тырысып бағуда. Иран мемлекеті бұдан былай сыртқы саудасын тек риалмен ғана жүргізетінін мәлімдеді. Демек, доллармен қош айтысты деген сөз. Бұл мәселе Ресейде де қаралып жатқаны белгілі. Мемлекеттік Думаның депутаты Евгений Федоров: «Алдағы уақытта экономиканы аман сақтап қалу үшін, біз долларизациядан бас тартуымыз керек. Сондықтан сырт тұрмақ, ішкі есеп айырысудың бәрін тек рубльмен жүргізген жөн. Өкінішке қарай, қазір барлық несие, инвестиция тек доллармен жүзеге асуда. Ал рубльді тек сауда-саттықта ғана қолданудамыз. Біз осыны реттегеніміз оңды болар еді» дейді.

Батыстың салған санкциясымен мұнай бағасының құлауына төтеп бере алмаған рубль айдан-айға, күннен-күнге құнсызданып жатқанын көріп отырмыз. Бұл өз кезегінде халықтың ұлттық ақшаға сенімсіздігін жоғалтуда. Содан болар, қазір ресейліктер жаппай доллар сатып алуда. Өткен жылы бұл елден 151 миллиард доллар сыртқа жылыстаған. Осының өзі-ақ Ресей экономикасына айтарлықтай әсер берген. Сондай-ақ соңғы бірнеше айда шетелдік валютамен салынған депозиттер күрт өскені жөнінде нақты деректер бар. «Биыл долларизация тіпті үдей түсуі тиіс. Өйткені қара халықта, кәсіпкерде, ірі компанияларда жиған-тергенін тек доллармен сақтауға тырысуда. Себебі, ұтылмайды. Тіпті үстіміздегі жылы ел экономикасының долларизациялануы 50 пайызға жетіп қалуы ықтимал. Рубльдің құнсыздануы, оған сенімнің жоғалуы, америкалық көк қағазға сұранысты тым арттырып отыр. Өйткені басқа жол жоқ» деседі экономистер. Тіпті доллармен есептесу Еуразиялық экономикалық одақ елдерін де қалыс қалдырып отырған жоқ. Мәселен, Беларуссия Ресеймен арадағы сауда-саттық тек доллармен ғана жүргенін қалайды. Бәлкім, қазіргі кезде ол дұрыс та болар. Ал өз елімізде долларизация мәселесі қалай шешілуде? Өйткені Қазақстан – долларға пәрмен беріп, ішкі-сыртқы сауда-саттықты сол көк қағазға байлап отырған елдердің бірі. Мұндай жағдайда алпауыт елдің ақшасын алқымнан алу оңайға соқпасы анық. Десек те, өткенде Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев 2015 жылы Қазақстан экономикасы долларды ығыстыруға кірісетіндігін мәлімдеген. Демек, Қазақстан да кейбір мемлекеттер тәрізді доллардың пәрменінен құтылуға талпыныс жасамақ. Бұл қаншалықты тиімді? «Елде айналымда ең көп жүрген валютадан тез бас тарта салу мүмкін емес. Оған біз тек банк жүйелерімізді дамыту арқылы ғана келе аламыз. Бұл мәселелердің барлығы бір-бірімен тығыз байланысты, сол үшін олар бірлесіп шешілуі тиіс. Әйтпесе елдің қаржы нарығы қосымша турбаленттілікке ұшырауы мүмкін. Жалпы, долларды біртіндеп жергілікті қаржылық нарықтан ығыстыру көптеген елдерде басталып кеткен. Бірақ әлемдік келісімшарттардың 23-і доллармен жасалады және бұл жүйені бірден өзгертіп жіберуге ешкімнің күші келмейтіндігін түсіне білу керек» дейді еліміздегі экономистер.

Ілияс ИСАЕВ, қаржыгер-сарапшы:

– Бұл мәселені ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та көтерген. Тіпті Үкіметке жүктеді. Бұл үлкен мәселе. Өйткені еліміздегі ақша массасының 50 пайызы доллар. Ал мұнымен күресуге Ұлттық банк дәрменсіз. Не істеу керек? Демек бір ғана жол бар. Ол – долларды бірте-бірте ығыстыру. Қайрат Келімбетов Ұлттық банктің төрағасы болып келісімен бірден осыған кірісті. Коммерциялық банктердің сыртқы активтерін шектеуге күш салды. Теңгемен сақтайтын депозиттердің үстеп қоректендіру мөлшерлемесін 10 пайызға көтерді. Ал доллармен сақталатынды 4 пайызға түсірді. Мұның өзі теңге рөлінің күшеюіне жол ашу еді. Өте дұрыс қадам. Сондай-ақ доллармен депозит сақтауға да шектеу қойылды. Бір банкке 500 мың доллардан артық депозит сала алмайсың. Бұл да теңгені қолдау болып табылады. Доллардан құтылатын болсақ, экономика тұрақты болады. Қаржы саласы тұрақтанады. Сондай-ақ әлемдік қаржы жүйесінде туындаған валюталық спикуляциядан құтыламыз. Отандық өндіріс доллардан ада болған кезде дамуы да артпақ. Ешқандай әлемдік қаржылық дағдарыста елімізге әсері болмайды. Қысқасы, долларды ығыстыру арқылы біз көп мүмкіндікке ие боламыз.

aikyn.kz

Автор: Сейсен Әмірбекұлы


Толығырақ: http://alashainasy.kz/economica/dollardyi-yigyistyira-alamyiz-ba-61881/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі

Рубрика: